Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Шарғы қазақтарының шытырман тарихы

1023 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Үрейлі қазақтар». Қазіргі таңда еліміз шека­ра­сы­нан тыс жерде 5 млн қанда­сымыз өмір сүріп жатыр. Соның ішінде 1 миллионнан астам қазақ көрші Ресей территориясында. Осылардың бір парасы – Ресей Федерациясы Алтай Республикасының Усть-Кан ауданы (Кан-Оозы) Шарғы ауылының қазақтары. Шарғы елді мекенінің орысша атауы – Черный Ануй.

Шарғы қазақтарының шытырман тарихы

Бұл өлкеде қазақтар қалай пайда болды? Әрине, бұл сұрақ бізді де қызықтырмай қоймады. Өткен күзде шарғылық қандас­тарға арнайы ат басын бұрдық. Бар­дық, көрдік, тағдыр-тарихы­на назар аудардық...

Шарғы қазақтары туралы көлемді зерттеу жасаған ғалым Ресей Ғылым академиясы Фи­ло­логия институтының этногра­фия секторының ғылыми қыз­меткері И.Октябрская ханым. Осы кі­сінің 2005 жылы Ново­сібірде жа­рық көрген «Кре­щеные казахи Алтая. Конфес­сиональный фактор в этнический истории ХІХ-ХХ веков» атты еңбегінде Ануй өзенінің бойындағы Шарғы жеріне қа­зақтар ХVІІІ ғасырдың екінші жар­тысында, яғни 1760-70 жыл­­дары қоныстанғаны жайлы ай­тылыпты. Сол сияқты, 1990-шы жылдардың соңында Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі Филология инсти­тутының аспирантурасында оқы­­ған жас ғалым Ти­мур Ко­зе­ревтің 1997 жылы «Шал­қар» газетінде жарық көрген «Тұ­раты қазақтары» атты зерттеу еңбегі бар. Осындағы деректе – Шар­ғы өңіріне қазақтар қо­ныс­танғанына 250 жылдан асты делінген.

Жоғарыдағы құжаттар Шар­­ғы қазақ­тарының қоныс­та­ну т­арихы тым тереңде жат­қа­­нын көрсетсе, жергілікті қандас­тарымыздың айтуы бойынша, сонау ерте кезде бір жігіт көңілі жарасқан қызды айттырып қойған жерінен алып қашып, осында келіп тығылған-мыс. Бұлардың соңынан ұлықтардан жәбір көрген немесе барымта-сырымтаға байланысты елден қашқан, ХІХ ғасырдың басында патша үкіміне қарсы келіп жандаралдың кәріне ұшыраған қазақтар келіп қосылып, уа­қыт өте келе бір қауым елге ай­нал­ған. Әкімшілік жағынан Том губерниясы Бийск уезіне қараған.

Бұл қазақтар өте бір шұрайлы қонысқа иелік еткендіктен, әрі пат­шалық Ресей саясатына қар­сы­­лық танытушы адамдар тобынан болғандықтан орыстың бар­­лаушы-саяхатшылары­ның (Ф.М.Краев, Г.О.Оссовский, С.П.Звягин, Н.В.Томашкевич т.б.) на­зарында болған. Өйт­кені, бұл батыр қазақтар маңа­йын­дағы қалмақ-хакас тектес­терді қойдай өргізіп, қозыдай жусататын болған. Тіпті  кейбір жазбалардан Ануй бойында «үрейлі қазақтар» өмір сүретіні жайлы деректі көруге болады.

Қазірдің өзінде шарғы­лық­тар­дың бойынан байыр­ғы батыр аталарының міне­зін аңғаруға болады. Біз жолық­тырған бір қария бала күніндегі хикаяларын айтып еді, расында адам таңданарлық ерлікке толы екен.

Шоқындыру науқаны

Тарих үшін айта кеткен жөн шығар, патшалық Ресей өз ота­рындағы халықтарды шоқын­дыру ісін қолға алып, 1719 жы­лы Сенат бұратаналарды шоқын­дыру арқылы орысқа айнал­дыру мәселесін мемлекеттік дә­ре­­жеде күн тәртібіне қойды. Сөй­­тіп, 1731 жылы Сенаттың қасы­нан «Шоқындыру кеңсесі» құрылып, 1846 жылы Қазан қаласында руханият (духовный) академиясы ашылды. 1861 жылы академияның «Мұсыл­маншылыққа қарсы күрес» кафедрасы пайда болды. 1864 жылы 20 желтоқсан күні Сібір қазақтары әскери губернаторы тарапынан Батыс Сібір генерал-губернаторына «қазақтар арасына христиан дінін тарату жайы» дейтін құпия жоспар ұсынылды. 1865 жылы наурыз айында І Александр патша қазақ­тарды шоқындыру һәм орыс­тандыру құжатына қол қой­ды. Бұл құжат бойынша шо­қындыру және орыстандыру ісі асықпай жүйелі жүргізілуге тиіс болды.

Осы шоқындыру әрекеті ең әуелі Шарғыда шалқып жат­қан қа­зақтарды шарпыды. Осы мақ­сатта шоқындырудың «Алтай миссиясы» құрылып, орталығы ретінде Бийск қаласы таңдалды. Сөйтіп, 1870 жылдардан бастап Шарғының қазақтарын шоқын­дыру ісі қарқынды жүргізілді.

ХХ ғасыр басында халықтың көз-құлағы саналған «Қазақ» газе­тінің 1917 жылғы №235 са­нын­­да Том губерниясы, Бийск уезі, Шарғы ауылында тұратын Иван Семенович Кусков деген қазақ­тың (қазақша аты-жөні – Са­ғындық Тұяқұлы) мақаласы жарияланған. Онда: «Біз 100 үйден астам қазақ бармыз. Ата-бабамыз орысқа кіріптар болып шоқынып кетті» деп мұңын шағып, барша қазаққа хат жолдапты (Мәмбет Қойгелдиев. Алаш қоз­ғалысы. Алматы, «Санат», 1995 ж. 76-б).

Жоғарыдағы Алтай миссия­сы негізінде 1882 жылы Се­мей облысында қазақтарды шоқын­дыратын «Қазақ миссия­сы» құрылып, Ямышевка (Тұз­қала) бекінісінде жұмысын жүр­гіз­ген. Осы іске шарғылық ағайындарды тартқаны бай­қалады. Қалай десек те, қазақ тари­хында алғашқы шоқынған бауыр­ларымыз осылар болғаны анық.

Шарғы қазақтарының діни ахуалын ұзақ жыл зерттеген И.В.Октябрская ханым мына бір қызық деректі келтіреді. Оның айтуынша, қазақтар хрис­тиан дінінің негізі икондарға бір сыйынып алып, артынан қо­лын жайып өздері білетін аят-дұғаларды оқып, тәңірден қазақша медет тілейтін болған. Осыған қарағанда мұндағы қан­дастарымыз қос дінді қойырт­пақ құлшылықта болған тәрізді. Жалпы, ресейлік шоқындыру саяса­тының ұстанымы – жат дін­дегілер христианды қабыл­даған жағдайда олардың аты-жө­нін орысшалау болатын. Бұл үр­діс Шарғыда толық жүзе­ге асты деу­ге болады. Қазіргі таң­ның өзінде бұл қандастардың құжаттық аты-жөні негізінен орысша.

Шарғылық қазақтардың бір­лі-жарымы болмаса, түгел­дей шоқынбаған сыңайлы. Қар­сылық танытқандар көп бол­ған. Яғни, шоқынғысы келме­гендер Шарғыдан түп қопа­ры­лып көшкен. Олар тым ұзап кет­пей, қозыкөш жерге қоста­рын тігіп, жаңадан тағы қазақ ауылының іргесін қалаған. Ол қазіргі Тұраты ауылы. Осында олар тірлігін түзеп, үйір-үйір жылқыларын күзеп, күллі Том губерниясын қымызбен қамдап отырған. Том архивтерінде бұлар­дың қымызы жайлы жақсы мәлі­меттер сақталған.

Қазақ автономиясына артылған үміт

 Ресейдегі патшалық би­лік­тің іргесі сөгіліп, қабыр­ға­сы қа­қы­раған 1917 жылдары бұрын­ғы бодан халықтар еркіндікке ұмтылды. Осылардың қатарын­да қазақ оқығандары да ел болу­дың қамын күйттеп, 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда жалпы қазақ съезін шақырады. Жиынға Самарқан облысы мен Алтай губерниясы (бұл губерния 1917 жылы Том губ. бөлініп, жаңадан құрылған) атынан – 58 өкіл, әртүрлі қазақ ұйымдарынан – 8 өкіл, арнайы шақырумен – 15 адам, барлығы  81 адам қатысқаны жайлы тарихтан жақсы білеміз.

Осындағы мәртебелі жиында шар­ғылық өкілдер атынан сөз алған Сағадат Шағимар­да­нов деген азамат Алтай губер­ния­сы Бийск уезіне қарас­ты қазақ­тарды Қазақ автономиясының құрамына алу жайлы ұсыныс айтып, онысы бірауыздан мақұлданған көрінеді.

Сөйтіп, Қазақ автономиясы құрамына – Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстары, Амудария, Закас­пий облыстарындағы қазақ уездерімен қатар Алтай губер­ниясындағы шарғылық қазақтар да кірген.

Бұл деректен біз шарғылық ағайындардың ұлт мәселесінде қырағылық танытып, сонау итар­қа­сы қияндағы Алтайдан алты мың ша­қырымдық жол Орын­борға келіп, жиынға қаты­сып, бүтін қазақтың құрамынан орын алуға деген талпынысын аңғаруға болады. Бірақ Кеңес өкіметі орнауына байланысты Қазақ автономиясы жұмысын тоқтатып, бұл үміт ақталмады.

Тұратылық тұрғындар

Жоғарыда атап өткеніміздей, Шарғы­дағы шоқындырудан қаш­қан қазақтар Туғанбай жә­не Еле­уіс деген адамдардың бастауы­мен қозыкөш жер Тұра­ты өзенің бойына келіп қоныс­танып, байырғы ата кәсібі жыл­қы саудасымен айналысып, қы­мыз өндірісін жолға қойған.

Кеңес өкіметі орнап, кол­хоздас­тыру жүргізілген тұс­та өңірдегі ең бай шаруа­шылық осы Тұраты болыпты. Бұлардың шат-шадыман өмі­рін 1937 жылғы репрессия талқандап кеткен сыңайлы. Бұрында «барымташы немесе үрейлі қазақтар» деген аты бар ағайындарымызды қынадай қырған. Осы жылдары тек Тұратыдан 61 адамды «халық жауы» деп ұстаған. Осылардан 2 ер, 1 әйел адам ғана тірі келіп, 58-і атылған. Қалған еркек кіндіктілерді 1941 жылы Ұлы Отан соғысына айдаған. Соғысқа Тұратыдан 74 адам аттанып, осылардан 4 адам ғана еліне оралыпты.

Бір қызығы, алақандай Тұ­ра­­тыдан соғыс жылдары 3 Кеңес Одағының Батыры шық­қан. Олар шоқындыру шарасы­на қарсы шығып, елді бастап көш­кен Туғанбай мен Елеуістің неме­ре­лері – Қадыран мен Жәні­­бек және ұлты алтай Иван Шуклин.

Қадыран Туғанбаев 1942 жылы майданға алынған. Кеңес армия­сының 333-ші дивизия­сы, 1116-шы атқыштар полкін­де жауын­герлік міндетін атқара­ды. 1943 жылы Кеңес ар­миясы Днепрге келіп тіреледі. Неміс­тер өзеннің арғы жаға­лауына өте күшті қорғаныс шебін орна­­тып, Кеңес әскеріне қар­сы соқ­қы беруге көп уақыт дайын­да­лады. Ұлы Отан соғы­сы тари­хындағы ең шешуші шайқас­тардың бірі осы. Әскер­лер­дің арғы жағалауға аман-есен өтуін қамтамасыз ету 333-ші дивизияға жүктеліпті.

Арғы жағалауда биікте орна­ласқан жау пулеметі Кеңес әс­кер­­­леріне оқ бүркіп, аттап бас­тырмай қинайды. Жаудың пулеметіне қарсы шапқан қазақ Қадыран граната лақтырып, тажалдың үнін өшіреді. Өзі де ауыр жараланады. 1944 жылы 19 наурызда Қадыран Туғанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Жәнібек Ахатұлы Елеуісов 1925 жылы туған. 1942 жылы 17 жасында майданға сұранады. Оның өтінішін 1943 жылы қа­был­дап, 6 айлық мергендер курсы­на жібереді. Кешікпей Воронеж майданының 6-шы гвар­диялық дивизиясының 25-ші пулемет полкіне командир бо­лып барады. 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие бо­ла­ды.

Жәнібек Ахатұлы 1946 жы­лы майданнан аман-есен оралып, туған ауылы Тұратыда орта мек­теп директоры болады. 1954 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Батырдың балалары қазір әртүрлі әскери салада ойдағыдай қызмет етіп жүр.

Қандастардың қазіргі ахуалы

Қазіргі таңда Шарғы елді ме­ке­ні (Черный Ануй) ауыл­дық округтің орталығы. Оған бағы­нышты Тұраты және Қарақол бөлімшелері бар. Округке қа­рас­ты 8000-ға тарта тұрғын бар. Осылар­дың 30 пайызы қазақ, 30 пайы­зы орыс, 30 па-йызы алтайлықтар. Шарғыда Қ.Туғанбаев атындағы 10 жыл­дық орта мектеп жұмыс істеп тұр. Онда 109 оқушы білім алып жатыр. Осылардың 30-ы қазақ. Оқу бағдары түгелдей орыс­ша. Мектеп директоры Татьяна Кусакова деген қазақ қызы. Ауыл әкімі де (глава) Күни­па Александровна дейтін қазақ әйелі.

Тұратыда Жәнібек Елеуі­сов­тің атында мектеп бар. Бұл білім ошағы бұрын 8 жылдық әрі қазақша білім беретін мектеп болған. Соғыстан кейін сонау 1950-ші жылдары Семей өңірінен арнайы мұғалімдер келіп, қазақша сабақ берген. Бұл ұстаздар отау көтеріп, осында қалып қойған. Қазір «азғана үй арғын» деген атаумен ұрпағы өсіп-өніп жатыр.

Соңғы жылдары бұндағы қандастар арасында мұсыл­ман­шылыққа бет бұру сияқты жақсы үрдістер жанданып келе­ді. Бұрын мәйіттерді табытқа салып жерлейтін болса, қазір бұл іс тиылған. Кәдімгі мұсыл­манша жаназа оқылады, өлікті кебіндеп жерге тапсырады.

Тұраты ауылында бірнеше жыл бұрын мешіт салыныпты. Мақаланың басында айтып өткеніміздей сонау 1917 жылы «Қазақ» газетіне мақала жіберіп, шоқындыру жайын ай­тып жар салған Сағындық Тұя­құлы дейтін адамның шөбересі Жолдыбай Тұяқов ақсақал мешітте имамдық етіп жүр.

Бір қуанарлық жағдай, мұн­­­дағы қандастарымыз бір-бірі­мен өте тату-тәтті тұрады. Мұн­да ру-жүз деген ұғым жоқ. Тіп­ті он­дай сөздерді естімеген. «Руың кім?» десеңіз түсінбеуі мүм­­кін «сүйегіңді айтшы?» десеңіз біліп тұр. «Керей», «Бу­ра» немесе «Сарыжомарт» деп тақ еткізеді. Аман-саулық сұрасқанда «жақсысыз ба?», «жақсымысыз?» дегенді көп айтады. Бұл әрекеттері дәл Қобда (Моң­ғолия) және Қосағаш қа­зақ­­тарына қатты ұқсайды.

Шарғы орта мектебінде та­рих пәнінен сабақ беретін Татья­на Елеуісова (Жәнібек ба­тыр­дың немере қарындасы) дейтін қандасымыз мұндағы қазақтардың фольклорын және ру­­лық тегін қағазға түсі­ріп, жи­нап жүр екен. Осы Татьяна­ның қолындағы деректерде айтыл­ғандай, Шарғы мен Тұратыда тұратын қазақтар арасында ең көп сүйек (бізше ру) – бура екен. Бура сүйекті адам саны – 420, керей – 310, жарынбет – 300, сары­жомарт – 270, тырыс-тамба – 240, төртқара-керей – 200, ма­тай – 130, арғын – 60, әже – 60, дәулет – 40, керей-себанда – 30, жәнібек – 25, уақ – 30, тертол – 25, керей-әже – 20, ке­рей-құттыбай – 20, керей-тақ – 15, көнек – 15, сарғалдақ –10.

Түйін

Шарғы мен Тұраты қазақ­та­ры­ның әзірге қарны ашатын түрі жоқ. Әрбір үйде жүздеген жылқы бар. Өлкенің шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Бірақ, бұнымен мәселе шешіл­мейді. Ендігі күрделі дүние – тіл және оқу мәселесі. Соңғы жылдары Тұраты тұрғындары әкімшілік орталық Шарғыға көп­теп қоныстануына байланыс­ты Тұраты орта мектебі жабылуға шақ тұр. Қазір мұнда оншақты ға­на бала оқиды.

Екінші бір аңғарғанымыз, қандастарымыздың біз сияқты жолшыбай журналистерге өк­песі бар. Келіп-кеткендер мұн­­дағы жақсылықты айтпай­ды, «ойбай, шоқынған қазақ­тарды көр­дік» деп жарты әлем­ге жар салады. Өткен жыл­да­ры Тұра­ты ауылында мешіт­тің ашылу рәсіміне барған кереку­лік тілшілер «Шоқынған қазақ­тар мешіт салды» деген тақы­рыппен ақпарат таратты. Осыған рен­жу­лі. Өз басым екі ауыл­дан шо­қы­нып жатқан қа­зақ­ты көрме­дім. Бұрын­ғы шір­кеу ертеде құла­ты­лып, оның орнында қазақ­тың қос батырына арнап аллея ашылған.

Шарғы бойын жағалап жүр­­ген бізге жолай кездес­кен Тау­лы Алтай қаласында тұратын Аман­­келді Қоб­дабаев деген аза­­­мат бы­­лай деп аманат айтты: «Бұл қан­­­дастар баяғыдан бері өз беті­­мен өмір сүріп үй­рен­ген жан­дар. Сырттан кө­мек-қол­­дау кү­тіп, қол жая­тын­дар қата­рынан емес. Сон­дық­тан да болар Қазақ­станда бо­лып жат­­­қан жақ­сы­лық-жа­ңа­­­лық­­тардан бейхабар. Егер сізде­р жақтан (Қазақстанды айтады) демеу­шілер табылып, Отау ТВ немесе Алма ТВ-нің оншақты табақшасын әкеліп, 10 үйге орнатып кетсе болғаны. Сол арқылы «Ұлттық арна», «Балапан» т.б. рухани-ағартушылық хабар тарататын арналарды бір көрсетсе жетіп жатыр. Он жылдан кейін шарғылықтар таза қазақ боп шыға келер еді».

Ендеше, халқым дегенде, түн ұйқысын бөліп, қазақ дегенде, қабырғасы қайысатын азаматтар болса бұл соншалық қиын шаруа емес секілді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»