Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Архив адам

564 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ендігі бір әңгіме қаржыгер Болатбек Нәсеновтің архивке, сол арқылы қазақтың тарих ғылымына қалай келгендігі хақында. 1939 жылы жазықсыз сотталып, бір жылдан кейін ұрып-соғу, ауыр жұмыс азабынан Сахалинде өлген кеңестік қызыл қуғын-сүргін құрбанының тұяғы Болатбектің алдынан үнемі «халық жауының баласы» деген кемсіту, қорлық шыға береді. Сол үшін мектеп бітірерде озат оқушы алтын медальдан қағылады.

Архив адам

Қазақта архив қазынасын ақтаруға жан-тәнімен берілген жанкешті кім десеңіз, әлбетте, әуелі әйгілі абыз ғалым Әлкей Марғұлан есімі ауызға алынса керек. Архив ісінің қызығы да, шыжығы да көп деседі. Азабы да мол, жанға қуаныш сыйлайтын ғажабы да жетерлік. Міне, осы азап пен ғажапты өз басынан қатар кешіріп, қаптал арқалап жүрген қаранар қажырлы қазіргі қазақ қаржы-салық саласының ардагері, тарих ғылымдарының докторы, құрметті профессор Болатбек Жарылғасынұлы Нәсенов деп айта аламыз. 

Ал енді бұған айғақ қайда дейсіз-ау, жайшылықта аңғал да сенімпаз, тек осындайда жоқ жерден күмәншіл бола қалатын айналайын ағайын. Айғақты да алдыға жайып салайық. Ол дегеніңіз – қазақтың соңғы екі, үш ға­сыр­лық қатпарлы қым-қи­ғаш та­ри­хын қопарған, мұрағат де­рек­терінің қазаққа, ұлтымыздың ұлық тұл­­ғаларына қа­тысты мәйек-маржанын сүзіп қотарған, қазақ және орыс тілдерінде шығарылған қалың-қалың 28 том! Мұның сыртында жанкештілікпен барабар ғаламат еңбек жатқанын дүлей дәлдүріш қана ұқпас. Бұл томдарға енген мұрағаттық материалдар, құжат-деректер соңғы жиырма шақты жыл бойы үзіліссіз Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Новосібір, Барнаул, Алматы, Семей, тағы басқа қалалардың 20-дан астам архивтерінің айлар бойы шаңын жұтып, көз майын тауыса отырып тірнектеп жиналды. Ең ғажабы сол, бұл күндерде сексеннің сеңгіріне шыққан Болатбек ағамыз осы жаны сүйген жұмысты соншалықты ықы­лас-ынта, құштарлықпен әлі де әрі қарай жалғастыруда. Қиындығына қара­майды. Артық-кемі жоқ, архив адамы. Архив – ағаның екінші үйі. Қазақтың нөмір бірінші архивариусы демеске, толайым толассыз тау қопарған әрекетіне таңданбасқа әддіміз жоқ.

Тәйір-ай, біздің таңданысымыз асса жай адами эмоция, інілік ілти­пат, пенделік көңіл күйі болар. Біз емес, бұл кі­сі­нің еңбегі елеулі екен­дігін, қазақтың тарих ғылымына ай­тар­лықтай үлкен үлес қосқандығын, қаншама жаңалықтар ашқандығын ардақты абыз академиктеріміз, ғұ­ла­ма докторларымыз, құрметті про­фессорларымыз, ақын-жазушы зиялыларымыз айтып, мойындап, ақыр ая­ғын­да, танып, бағалап қойған екен. Жай ауыз­екі сөзбен емес, қол­да­рын қойып, мөрлерін басып, жазбаша пікірлерін білдірген. Осы қа­тар­дан Са­лық Зиманов, Рабиға Сыз­дықова, Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасов, Шот-Аман Уәлиханов, Еренғайып Шайхутдинов, Аманжол Қошанов, Төлтай Балақаев, Сағындық Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мекемтас Мырзахметов, Нәбижан Мұқаметжанұлы, Мақаш Тәтімов сынды ғылым саңлақтарын, Әзілхан Нұршайықов, Кәукен Кенжетаев, Кәкімбек Салықов сынды әдебиет-мәдениет ақсақалдарын көрер едік. Олар Бөкеңді басқа ғалымдардың қырық жылына барабар, бір өзі бір институттың еңбегін атқарыпты дей­­ді. Осын­дай әйгілі адамдар тарапы­нан зор ырзашылықпен жоғары баға­лан­ған еңбек шын мәнінде де татымсыз, арзымайтын дүние болмаса керек-ті.

Енді сол еңбектердің атын атап, түсін түс­теу­дің кезегі келгендей. Әр­қай­сы­сы қорғасын салмақпен қол тарт­қан кет­пек­тей кітап­тардың атау­ла­­ры­ның өзі-ақ қазақ тарихының байырғы қара орманына жетелеп кіргізіп жібергендей. Аралай бергің келеді. Қызықтап, көріп, танысып, жемісін тере бергің келеді, ата-баба, ел мен жер тарихының бұрын бел­гісіз болып келген, жаңа табылған қа­зы­на-деректеріне, қою сырларына қаныға бергің келеді. Ол алтын көмбелі, рухыңды атқа қондырар ашамайлы кітаптар: «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі», «Тәттімбет – Мәди», «Кенесары – дала маршалы», «Абыралы көтерілісі», «Халық жаулары», «Билер», «Батырлар», «Хандар», үш томдық «Абылай хан», үш томдық «Әбілхайыр хан», «Шапы­рашты Наурызбай батыр», «Тұң­ғыш Президент – Нұрсұлтан», «Барақ сұлтан сатқын емес, нағыз батыр», «Жанқожа батыр», «Кәмпес­келенгендер» (130 адам), үш томдық «Алаш», тағы басқалары 15 жылдан бері бірер жыл аралатып, жүйелі түрде үздіксіз шығып жатыр. Күні бүгінге дейін барлығы 28 томы жарық көрді. Оларды кітап етіп бастыру мен тарату бөлек хикая. 

Бір таңқаларлығы, Болатбек Нәсе­нов зерттеушілікпен шұғылдан­ған 18 жылдың ішінде Ресей мен Қазақстан архив­терінде та­бан аудар­май 12 жыл жұ­мыс істеген. Соның ішінде Алматы­дағы мемлекет­тік архив­те ұзын-ырғасы 5 жыл, қауіпсіз­дік коми­те­тінің архивінде – 4 ай, Мәс­кеудің 7 архивінде – 2 жылдай, Санкт-Петербургтің 3 архивінде – 3 ай, Новосібір архивтерінде – 2,5 жыл, Омбы мұрағаттарында – 4 ай, Семейдің облыстық, қауіпсіздік басқармасы, түрме және қалалық милиция архивтерінде  1,5 жыл отырып, аса бағалы деректерді жинауынан да асқан табандылығы танылып тұрған жоқ па. Сөйтіп, осы табандылықтың арқасында ғалымдарымыздың қолы жетпей, ал баз біреулері жай бетінен қалқығанына мәз болып бос домбытып жүрген мыңдаған құжаттарды қолымен көшіріп, қаншама құнды фотосуреттер алады, жүздеген хат­тар­дың араб әліпбиіндегі, көне орыс-­славян тіліндегі хаттарының көшір­мелерін алып, оларды орыс және қа­зақ тіл­деріне аударады. Мұндайда қызғаныш етерлік қызыл иттен ада, көңілі кең дала Тұрсынбек Кәкішев аға сияқты ірі ғалымдар Бөкеңе: «Қа­ра­ғым, біздің архивтерде қырық жыл тырбанғанымыздан әлдеқайда артық іс бітіріпсің» деп қуаныш-разылығын да білдірмей қалмаған-ды. Ал енді архив құжатын оқу үшін қиналғанда өзінше алфавит түзіп, ескі славян тілінен орыс тіліне, одан қазақ тіліне 10 мың беттен артық аудармалар жасауы да ғылымға берілгендіктің бір үлгісі емес пе.

Мұхтар Мағауиннің «Архив хикаясы» атты ертеректегі әңгімесінің мұрағатпен мидай араласқан бір кейіп­кері: «Менде бәрі бар!» деп кет­кен екен. Сол айтқандай, біздің Болат­бек ағамызда да бәрі бар, архивтен тап­паған, көшіріп, суретке түсіріп, не бол­маса өзінің ақшасына сатып алма­ған нәрсесі кемде-кем. Бір ғана айырмашылығы, Мағауин кейіпкері тапқанының бәрін жұмыртқасын қызғанған күрке тауықша қорып бауырына басып, ешкімді жолатпаса, ешкімге көрсетпесе, Бөкең архивтен ашқан бар қазынасын, құнды құжат-деректерін, мәйекті мәліметтерін түгелдей ел игілігіне, қазақ ғылымы­ның игілігіне жарқыратып жайып са­лып отыр, «Қарақтарым, алың­дар, оқыңдар, зерт­теңдер, еңбек қор­ғаң­дар, осы ме­­нің тап­қан­дарымды ғы­лым игі­лі­гіне жаратыңдар» деп қан­ша­ма бай мұ­раны қаттап-шоттап, өз қаржысына кітап қып шығарып, қолымызға беріп, елдің бар өңірлерінің кітапханаларына таратып отыр. Қараулық жасап, қызғаныш ету ойында да жоқ. Ғалым іні-қарындастарға, балаларына шын ықыласпен риясыз рұқсатын беріп отыр. Әйтеуір қазақ ғылымының көсегесі көгере берсін дейді. Міне, нағыз алғаусыз адалдық, ақсақалдық!

Тұрсынбек Кәкішев: «Нәсенов шы­ғар­ған әрбір томды докторлық дис­сер­та­цияға лайықты реферат, мо­но­графия деп санауға болады» де­ген па­­йымды пікірін жазып қал­дырған екен. Ендеше, келешекте Бөкең кітаптарында жинақталған, әлі зерт айналымына түспеген қыр­уар тың материалдар негізінде док­торлық, кандидаттық диссертация­лар қорғалып жатса құба-құп. Ал Болатбек Жарылғасынұлының өзіне ғылыми жұртшылықтың өтініш-тілегі мен осыншалық ұлан-ғайыр ең­бегі  ескеріле отырып, Білім және ғылым саласындағы қадағалау жә­не аттестаттау комитетінің 2005 жыл­ғы 26 наурыздағы шешімімен тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі беріліп қойылған. Сонымен бірге, ол кісі Семейдегі Шәкәрім атындағы және М.Әуезов атындағы университеттердің құрметті профессоры. Әрине, еңбектің осылай еленгені де бір ғанибет.

Енді бір мезет Нәсенов мұрағат­шылдығының қаузаған тақырыбы, қозғаған сеңі, ашқан мағлұматтарына зер салып байқайық. Олар ХVIII ға­сыр­дың бас кезінен бастап ХХ ғасыр­дың 60-шы жылдарына дейінгі екі жүз елу жылдық бірнеше дәуірлік уақыт кезеңдерін, осы кездегі елеулі тарихи оқиғаларды қамтиды. Жұрт­шылыққа бұрын беймәлім болып келген мың­даған хат, құжаттар. Қа­зақ даласында хан­дықтың жойылуы, алғашқы округ­тік приказдар, аға сұл­тандардың сай­лануы, болыс-тар, Ресейдің отар­лық саясатының қитұрқылары, қара­шекпендердің келуі туралы қан­шама жаңа мәліметтерді айналымға қосты. Меккеге барушылар, аға сұлтан Құнанбай, Тәттімбет, Мәди, Абай туралы бұрын-соңды белгісіз құжаттарды тапты. Сондай-ақ 1916 жылғы көтеріліс, 1928 жылғы кәмпеске, 1931 жылғы көтерілістер, 1937 жылғы «халық жауы» атанып, жазықсыз құрбан болған боздақтар туралы еш жерде кездеспеген құжаттарды тұңғыш жариялады. Мұның көпшілігі тарихшы қауым үшін жаңалық еді.

Бөкеңнің ізденісі одан әрі тереңдей берді. Мұрағаттарда Абылай хан, Әбілхайыр хан, Барақ сұлтан, Төле би, Қазыбек би, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Шақшақ Жәнібек тархан, Бөкенбай батыр, Есет батыр, Кенесары хан, Жанғожа батыр, тағы басқа ардақтыларымыз туралы көптен-көп белгісіз жайлардың бетін ашты. Солар жайында шұғыл мақалалар жариялады, кітаптарына енгізу арқылы халыққа жеткізді. Әсіресе, Төле би мен Қазыбек бидің 10 шақты хатын, Рыс­құлов пен Жандосовтың тер­геу­шіге берген жауаптарын, Шәкә­рімге байланысты құпия істерді табуы, ел кітапханаларында жоқ 22 кі­таптың көшірмесін әкелуі, Абайдың Петербургтен келген архиереймен пікірталасы – бәрі де қазақ ғылымына Бөкең салған олжалар, құнды ғылыми жаңалықтар деп қабыл алынды.

Әрине, бір мақалада мұрағатшы Нәсеновтің жиған-терген мүкәммалын түгел шолып шығу мүмкін емес. Теңіз дәмі тамшыдан біліне жатар деп үміттенеміз. Ал бұдан әрі біз Бөкеңнің тек жинаушы, жадағай мұрағатшы еместігін баса айтқымыз келеді. Ол сонымен қатар архивтерден тапқан аса құнды мағлұмат-деректерін зерде көзінен өткізіп, зейінге жеткізген, пайымды пікір-тұжырымдар айта білген іргелі ізденуші, зерделі зерттеуші деңгейіне де көтеріле алды. Бұл – өмір бойы қаржы-салық саласында істеген Болатбек Жарылғасынұлының бұралаң-қылтасы көп, тайғақ кешулі ғылым жолындағы тағы бір ерлігі деп санағанымыз абзал. Өзге емес, өз маңдай терімен шаң қауып өзі жи­наған аса бай деректердің негізінде жазылған салиқалы ғылыми танымдық мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әде­биеті», «Ана тілі», «Айқын», «Прези­дент және халық», т.б. газеттерде, «Мысль», «Ақиқат», «Алаш», «Дара­боз» жур­налдарында он бес жыл бойы жү­йелі жарияланып келеді. Мұн­дай мәйекті, ғылыми тұрғыдан дәйек­ті мақалаларының саны 200-ден асқан, тек дерекпен сөйлейтін ақиқатшыл архивші ғалымның әрі ғылыми, әрі азаматтық белсенділігі еш күмәнсіз. Айталық, Әбілхайыр ханды өлтірген Барақ сұлтан емес, бәсентиін Сырымбет батыр екендігін Б.Нәсенов бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп, тарихшылар арасындағы ұзақ жылғы сан-саққа жүгіртілген дау-дамайға нүкте қойды. Қабанбай батырдың қайда жерленгені туралы қисындары құлаққа қонымды. Сонымен бірге, Абылай ханның Ресей империясымен 2 рет, Қытай боғдыханымен 2 рет келісімшарт жасасып, қоластарыңыздамыз деп есептегені сол заманның халықаралық талап-шартына сәйкес «Әскери одақта болдық» дегені екендігін де біздің автор өзіне тән табанды ықтияттылықпен дәлелдей білген. «Жай архивші ғой» деген желеумен Бөкеңнің тарихшы ғалымдығын мойындағысы келмей­тін кейбір ғалымдардың өздері жаңа­ғыдай тың деректерді одан бұрын тауып, жаңалықты бұрын ашса қайда қалыпты деген базынамызды да осы арада айтпай тұра алмадық. Ал қайран Тұрсекең Кәкішев ағамыз: «Оның ғылымға қосқан жаңалықтары өте мол. Ғалымдар дұрыс пайдалана білсе, Болатбек мұрағаттардағы көптеген құжаттарды Омбыдан, Мәскеуден, Санкт-Петербургтен қазақ жеріне, әрбір ауылға көшіріп алып келді десек те қателеспейміз» деп бір-ақ қайырып турасын айтып, Нәсеновтің шын ғалым ретіндегі әділ бағасын береді.

Олай болса, біз де көңілде кіршік қалдырмай, ақырына дейін әділін айтып бағайық. Бөкең осы істі бастаған кезде: «Бұрынғы қаржы-салық маманының қолынан мұндай, тарихқа қатысты талыстай кітаптарды шығару қайдан келеді, мұның түбінде бір шикілік бар» деген сыңайдағы неше саққа жүгірткен сенбестік, күмән-күдік туғызарлық әңгімелер де қоса шыққан. Бірақ Тұрсынбек Кәкішев сынды біртуар азамат ағалар Нәсеновтің жалған емес, атақ-даңқ үшін жүрген көлденең көк атты емес, нағыз қара терін сыпырып еңбек етіп жүрген шын ғалым, адал архивші екенін әдейілеп тексеріп анықтаған. Тіпті, ғылымдағы тазалықты әркез қызғыштай қорыған Тұрсекеңнің дүмпуі қатты болған осы мәселеге ден қойғаны соншалық, Бөкең Қазақстан елшілігіндегі бір бөлмеде тұрып Мәскеу архивтерінде жұмыс істеп жатқан кезінде іздеп барып кездесіп, Нәсеновтің ғылымдағы нәмарт емес, мәрт екендігіне, архив ісіндегі адалдығына, архивтің өз адамы екендігіне көзін әбден жеткізген соң шын көңілден разылығын айтып, ақсақалдық, абыздық ақ батасын берген ғой. Осы Тұрсекеңдей ақниет ағалардың ақ батасы, сенімі мен қолдауы Бөкеңді әу бастағы әзиз мұратына жеткізіп те келеді деуіміз керек.

Ендігі бір әңгіме қаржыгер Болат­бек Нәсеновтің архивке, сол арқылы қазақтың тарих ғылымына қалай келген­дігі хақында. 1939 жылы жа­зық­сыз сотталып, бір жылдан кейін ұрып-соғу, ауыр жұмыс азабынан Саха­линде өлген кеңестік қызыл қу­ғын-сүргін құрбанының тұяғы Болат­бектің алдынан үнемі «халық жауының баласы» деген кемсіту, қорлық шыға береді. Сол үшін мектеп бітірерде озат оқушы алтын медальден қағылады. Ташкенттің қаржы-экономикалық институтында оқып жүргенде де әкесінің «халық жауы» екендігі алдынан шығып, жандәрмен жоғарыға жазып ізденіп, ақталған қағазын әкеліп көрсеткенше оқудан шығып қала жаздайды. Осы жағдай кейін партияға өту кезінде де кедергі болғанға ұқсайды.

Осылай әке тағдырына, оның не үшін «халық жауы» атанғанына қызығушылығы туады. Әкесі Жарылғасын Нәсеновке «жапон агенті, жасырын ұйым мүшесі» деп тағылған абсурд айыптың ақиқатын ес біліп, етек жапқан кезде Семейдегі, Алматыдағы ҰҚҚ архивтерінен анықтайды. Соған қоса туған жері Абыралыдан «халық жауы» деп сотталған 118 адамның ісін тік көте­ріп көшіріп алады. Сол арқылы Абыралы көтерілісінің жай-жапсарын қопарады, жеке кітапқа қотарады. Одан әрі барған сайын иіріміне тартып, еліктіре құлшындырған қазақтың басқа да қилы тарихына тереңдей берген екен. Сол еңбектің 28 томдық толайым түйінін, міне, көзбен көріп отырмыз.

Сөз соңында Бөкеңнің өмір бойы қаржы-салық саласында абыройлы қызмет істегенін, жоғары лауазымдарда болғанын, кандидаттық диссертация қорғағанын, 1989 жылы Қазақстанның тұңғыш Салық заңының жобасын дайындауға жетекшілік еткенін айтқан лазым. Алпысыншы жыл­дардың ортасында бірер жыл Семей­дің облыстық газетінде әдеби қызмет­кер болып, журналистикаға да ат ізін салады. Сол тұста қаладағы шұ­ға комбинатының қазақ қыз-келін­шектерін жұмысқа алмайтын шови­нист директорының кежірлігін тойтарған күрескерлігі де бір үлгілі тәмсіл. Иә, Бөкеңнің тектілігі тамырда, қанында жатыр. Архивке де алып келген сол күрескерлігі, қия­нат­қа төзбестігі, зияттылығы. Қазір­де Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы мұрағаттарынан азапты еңбекпен олжалап алған құжаттарды сөйлетіп, Қазақ мемлекетінің Керей хан заманынан бергі салық саясатын, одан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін зерттеп, зерделей келе, сол тақырыптарда бірнеше том кітап дайындау үстінде. Иә, Болатбек Нәсенов архивтің де, ғылымның да өнегесі мол өз адамы...

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»