Медицина • 01 Тамыз, 2017

Ғасыр ғұмыр. Ұзақ жасаудың сыры неде?

1021 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Нәрлі тағамға көкөніс, же­міс-жидек, дәнді дақылдар, бұр­шақ тұқымдас өнімдер және адам денсаулығына қа­же­т­­ті дәрумендер мен ми­не­рал­­ды заттарға бай басқа да азық-түлік жатады.

Ғасыр ғұмыр. Ұзақ жасаудың сыры неде?

Кімнің болсын ұзақ өмір сүруді қалайтыны айдан анық. Бірақ жасырып қайтеміз, күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп көбіміз көп жасаудың қарапайым ғана қыр-сырына жеткілікті мән бермейтініміз жасырын емес.  

Таза ауа мен судың, жалпы, қоршаған ортаның адам өмірінің ұзақ болуына әсері бар екендігі даусыз. Бірақ, мұнымен қоса көп жасау өзімізге тікелей байланысты екеніне көңіл бұра қоймайтынымыз тағы бар. Осыны Астанада өткен геронтологтардың ІІ Еуразиялық съезіне қатысқан ғалымдар баса айтқан еді. 

Ұзақ жасау – қазіргі кезде жер шарындағы барлық дерлік мем­лекеттердің бас қатырып отыр­ған мәселелерінің бірі. Мұ­­нымен арнайы ғылыми-зерт­­теу институттары айналысып отыр. Қазір осы саланың жай-жапсарын жақсы білетін ға­­лымдар мен мамандардың шо­­ғыры қалыптасты. Қазақ­стан­да да солай.

Ұзақ өмір сүретіндердің алдыңғы легінде – жапондар. Бұл елдің 50 мыңнан астам тұр­ғыны жүз жастан а­сқан. Мұнд­ай дерек басқа еш­қандай мем­лекетте тір­ке­ліп отырған жоқ. Рас, ға­сыр жасағандар қай мемлек­ет­те бол­са да бар. Бі­рақ, сон­ша­лық­ты көп емес. Мә­се­лен, Қазақстанда олардың қа­тары сау­сақпен санарлықтай ғана. Еуропа мемлекеттерімен са­лыс­тырғанда, біздің елдегі ор­таша өмір ұзақтығы ең соңғы орын­да. Бұл көрсеткіш бойын­ша да жапондар бірінші орында – ондағы орташа жас – 83. Мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстандағы қазіргі орташа жас – 72. Ал, Швейцария тұрғындарының жартысына жуығы сексеннің сеңгіріне шыққан қарт адамдар. Бірақ, олар кәрілікке мойынсұнып отырған жоқ, ұзақ өмір сүруге деген құлшыныс-жігерлері жоғары екенін байқатып отыр. Саламатты өмір салтын ұстанған белсенді іс-қи­мыл адамдары қоғамның бар­лық саласына етене араласа­ды. Олардың ұзақ жасау­ы­ның себеп-салдары неде? Қазақ­стан­дықтардың да осындай дең­гейге жетуіне мүмкіндік бар ма? Бар. Ол үшін, бірінші ке­зекте, осы саланың жай-жап­­сарын жан-жақты зертте­ген ғалымдардың пікіріне қа­­ра­­­ғанда, тағамның нәрлі, ден­­саулыққа пайдалы, бой­ға сіңімді болғаны жөн. Осы­ған жете мән берілсе, тіп­ті жүз жастың өзі шек болма­уы мүм­кін. Мәселен, Қазақ­стан мен Ресей ғылым акаде­мия­ла­рының академигі, медицина ғы­лы­мының докторы Төрегелді Шар­мановты білмейтін жан кем­де-кем шығар. Ол кісі 87 жасқа қадам басып отыр. Өте ширақ, сергек. Жүріс-тұ­ры­сына қарасаңыз елудің айналасындағы жігіт ағасы ма дер­сіз. Академик ағамыз үшін де 100 жасыңыз шек емес. «Мен де ұзақ өмір сүруді қа­лайтын адамның бірімін. Оны сөз жүзінде ғана емес, күн­делікті ісіммен дәлелдеп жүр­мін», дейді Т.Шарманов.

Ол адамның ұзақ жасау мүм­кіндігі шексіз екендігін дәлел­деп келе жатқан ғалым. Геро­нтологтар адам өмірін мей­­лінше ұзартуға бола­тынын ғы­лыми тұрғыда тұжы­рым­дау­мен бірге, бұл мәселеде өз­дері үлгі көрсетіп отыр. ТМД ел­де­рінде де осындай мысал көп. Айталық, Украинаның ме­ди­цина ғылымдары ұлттық ака­демиясының құрамында Чеботарев атындағы Герон­тология институты бар. Осы саланың білікті маманы С.М.Кузнецованың ақ­па­ра­ты­на қарағанда, институттың бас­шылығында болған герон­то­логтардың барлығы да 90 мен 100 жас аралығында өмір сүрген. Олар адамдардың ұзақ өмір сүруіне болатындығын дәлелдеді. Өздері үлгі көрсетіп, осы мақсатта аянбай тер төге еңбек етті. Сөздері мен ісінде алшақтық болған жоқ.

Академик Шарманов та осы сапта. Адамдардың өмі­рін ұзарту мен жақсарту жо­лын­да терең білімі мен мол тә­жірибесін сарқа жұмсап, еселі де өнегелі жұмыс жасап келе жатқан геронтолог Шарманов ұзақ жасаудың сы­ры дұрыс тамақтану екенін айтудан шаршаған емес. Ол бие сүтінен дайындалатын тағамдар балалардың да, ере­сек­­тердің де ағзасына өте пайда­лы екенін тәжірибе жүзін­де дәлелдей білді. Қарттар үйіндегі 200 адам бие сүтінен дайын­далған тағамдарды тұ­рақ­т­ы пайдаланғаннан кейін ден­сау­лықтары айтарлықтай жақ­сарған. Қымыздан дайын­дал­ған балмұздақтың да өте пай­далы екенін тағамтану академиясының мамандары дәлелдеп берді. Өйткені, оның құрамында қант жоқ. «Сиыр сүтінен дайындалған бал­мұздақ адам ағзасында х­о­лес­териннің көбеюіне әке­луі мүмкін. Оның адам ден­сау­лығына қаншалықты зиян­ды екенін өздеріңіз де бі­ле­сіз­дер», дейді академик Т.Шар­ма­нов.

Қымыз ақуызға және дәру­мендерге бай өнім екені әл­деқашан дәлелденген. Амин­қышқылы жеткілікті, өте сіңімді тағам түрі. Оның құ­рамында түрлі дәрумендер мен фолий қышқылы бар. Яғни, бір сөзбен айтқанда, қымыз табиғи байытылған таза өнім. Сондықтан оның емдік қасиеті өте жоғары. Қымыз түрлі созылмалы дерттерге қарсы күресуге тиімді, ши­палы әрі қышқылтым сусын. Сол себепті де оны үз­бей, ұдайы пайдалану адам ден­сау­лығының жақсы болуына мүм­кіндік береді. Шұбат­тың да пайдасы осындай. Араб­тар шұбатты мәңгілік жас­тық элик­сирі, қуат көзі санайды. Бұл тегіннен тегін емес. Шұ­бат­­т­ың әсіресе, бауыр мен ұй­­қы безі ауруларын емдеуге пай­дасы өте зор.

Әр адам күн сайын 2 келі кө­ле­мінде тағам қабылдайды екен. Кей жағдайда бұл мөл­шерден де асып кететіні жасы­рын емес. Мамандардың есеп­теу­інше, орта есеппен ал­ғанда адам өзінің өмір сүруі ке­зінде 70 тонна тағамды ішіп-жейтін көрінеді. Әрине, осын­­шама тағам сіңімді болса жақ­сы. Асқазан-өт, ішек жолдары арқылы өтетін азық-түлік дұ­рыс қорытылмаса, оның пайда­сы­нан зияны көп. Сондықтан та­ғамның адам ағзасына пайдалы, сіңімді болғанын ойлаған жөн. Осыған мән бергенде ғана адам артық салмақ қоспайды. Өйткені, семіздік түрлі ауру­лар­ға шалдығуға әкеледі. Сон­дық­тан тағам түрлеріне, оның пай­дасы мен зиянына күн­де­лікті өмірде маңыз берген жөн.

Нәрлі тағамға көкөніс, же­міс-жидек, дәнді дақылдар, бұр­шақ тұқымдас өнімдер және адам денсаулығына қа­же­т­­ті дәрумендер мен ми­не­рал­­ды заттарға бай басқа да азық-түлік жатады. Ал, нәрсіз та­ғамдар жоғары температу­рада өңделгендіктен оның құра­мындағы пайдалы заттар жой­ылып, тіпті зиянды, уытты азық-түлікке айналады. Рас, мұндай өнімдер дәмді. Тез тойындырады. Бірақ, оның адам денсаулығына пайдасынан зия­ны басым. Бұл – тағамтануды зерттейтін қазақстандық қана емес, шетелдік ғалымдардың да тұжырымы. Олар ұсынып отырған денсаулыққа пайдалы өнімдер – көкөніс, жеміс-жидек, майлылығы төмен сүт тағамдары. Көкөністердің кө­бінде май мен калория аз. Хо­лес­терин жоқ. Сондықтан да оны күн сайын пайдаланған өте пайдалы. Бірақ, өкінішке қарай, ғалымдардың осындай кеңестеріне құлақ аспай, «қа­зақ­тар шөп-шаламға жоқ» де­ген ұстанымда болатындар аз емес. Иә, қазақ ешқашан ет­тен бас тартпайтыны анық. Де­ген­мен де диетологтардың да ұсы­ныс-пікірлерін ескерген ар­тық болмас еді.

Күнделікті өмірде байқап жүрміз, басқа жақты қайдам, қазақстандық тұтынушылар май­лылығы жоғары сүт өнім­де­рін алуға тырысады. Сауда орындарының да мамандары бұл сөзімізді растай алады. Тіп­ті шайға қату үшін де көбіміз қою, майлылығы жоғары сүт пен кілегейді қалайды екенбіз. Әдет­те майлылығы жоғары сүт өнімдерінің құрамында қа­нық­қан май, холестерин мол бола­тынын ғалымдар дәлелдеп қойған.

Мамандар ұнтақ түріндегі сүт­ті мүлдем пайдаланбауға ке­ңес береді. Себебі, өңдеуден өтк­ен құрғақ сүтте дәрумендер мен микроэлементтер жойылып кететін көрінеді.

Жасырып қайтеміз, осының бә­рін көп адамдар біледі. Біле тұра осыған аса мән беріп жат­қ­ан­дар шамалы. Біз калориясы жо­ғары, ас қорыту органдарына ауыртпалық түсіретін ет, ұн-нан тағамдарына бейім еке­німіз рас. Оны күн сайын мөл­шерден тыс пайдаланамыз. Аста-төк ет тағамдарын тоя жейміз. «Жақсы ет қалғанша, жа­ман қарын жарылсын» дейтіндер де бар. Көп адам­дар­дың созылмалы сырқат түр­леріне, қан-тамыр, жүрек ауру­ларына шалдығуының түп төр­кіні осында.

Қазақстанның қай қа­ла­сында болсын, аттап бассаң, хот-дог, гамбургер, пицца си­я­қты адам денсаулығына зиянды тағам түрлерін сататын сау­да нүктелері көп. Көрсең көзің қызығатын бұл тағамдар адамды тез семіртеді, адамның ас қо­рыту жүйесін түрлі сыр­қат­қа шалдықтырады. Дәрі­гер­лер де, мамандар да дабыл қағып, бұл жайлы сан мәр­те айтса да, етіміз үйреніп кет­кен бе кім білсін, бәрібір осын­дай тағамды пайдалану­шы­лар қатары көбеймесе, азаяр емес. Оның салдары тез арада ба­й­­қалмағанымен, уа­қыт өте ке­ле көрініс береді. Әри­не, еш­кімнің де ауырмауына ті­лек­­теспіз, бірақ соның ал­дын алу­ға қам жасағанымыз жөн шы­ғар.

Бір сөзбен айтқанда, дұ­рыс тамақтану мәдениетін қа­лып­тастырған жөн. Бұл ден­сау­лығымыздың жақсы болып, ұзақ жасауымызға жол ашады.

Жүз жасағыңыз келеді ме? «Әлбетте» дейтініңіз анық. Ен­деше жоғарыда айтылған мәселелерге ерекше мән беріп, тиіс­ті қорытынды шығар­ға­ны­мыз абзал.

Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»