ЭКСПО-2017 • 01 Тамыз, 2017

ЭКСПО көрмесіне келушілер екі миллионға жуықтады

241 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

10 маусымнан 30 шілдеге дейінгі аралықта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 1 794 132 адам келіпті. «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 24-30 шілде күндері елордадағы мамандандырылған шараға 309 832 адам келген. Яғни, орташа есеппен күніне 44 261 қонақ көрме табалдырығын аттаған.

ЭКСПО көрмесіне келушілер екі миллионға жуықтады

Көрме жұмысының алғашқы аптасында күніне 23 мың адам келгені есімізде. Ал 10 маусымнан 30 шілдеге дейінгі он күн ішінде шара көрермендерінің саны 1 794 132 адамды құрады. Бұған дейін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне  келушілер саны – 2 000 000, ал кіріп-шығу көрсеткіші шамамен 5 000 000 болады деп болжанған еді.

Есепті кезеңде көрме кешенінің ең көп тамашаланған нысандарының көшін тағы да «Нұр әлем» павильоны бастап тұр.  Екінші орында – коммерциялық павильондар, үшінші – «Шелл» балалар зертханасы, төртінші – Балалар паркі. Бестікті тақырыптық С3.5 павильоны түйіндейді. «Дю Солей циркінің» ғимараты – алтыншы орында. Амфитеатр, тақырыптық С 2.4 павильоны, шығармашылық энергия аймағы және АРТ-орталық алғашқы ондыққа кіреді.

Келушілер ең көп тамашалаған павильондардың қатарында ең алдымен «Африка плазасы» ауызға ілігеді. Екінші – Үндістан, үшінші – Египет, төртінші – Түркия, бесінші Ресей павильондары тұр. Таиланд, Жапония, Өзбекстан, Әзербайжан, Сауд Арабиясы Корольдігі павильондары келесі бестікті рет-ретімен еншілейді.

Биоөндіріске 45 миллион еуро бөлмек

Италияның «Бионет ЭсЭрЭл» компаниясы елі­мізде ашылатын био­өн­­діріске 45 миллион еуро көлемінде инвестиция сала­ды. ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көрме­сі­нің кең­сесінде екі жақ ке­лі­сімге келіп, құжат­тарға қол қойылды. 

Шара барысында Италия павильонында «Бионет» ком­па­ниясының өнімдері көр­сетіліп, «Болашақ энергия­сы­мен» үндесетін жаңа бас­­-
т­амаларының тұсауы кесіл­ді. Бұл ұжым осыған дейін био­­органикалық қалдықтарды өң­­дей отырып, жаңа баламалы қуат көзін өндірген. Енді осы жо­баны олар біздің елде ұй­ым­дастыруды көздеп отыр.  

«Біз қазір зауыттың орнын анықтауымыз керек. Содан кейін басқарушы компаниялармен келіссөздер жүреді. Ал соңғы жылдары бұл компа­ния 10 жоба жасаған. Қазір со­ның үшеуімен жұмыс істеуде. Сондықтан, италиялықтарға сенім артуға болады», дейді «KAZNEX INVEST» ҰК төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Жиенбаев.

«Аспан корольдігі» – Астанада

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі төрінде Лесото Корольдігінің ұлттық күні мерекеленді. Әлемге «Аспан корольдігі» деген атпен белгілі ел Африканың Басуто үстіртінде орналасқан. Мұнда алмас, жүн, бидай мен көкөніс экспорты дамыған. Лесото әлемде алмас өндіруден 9-орында тұр. 

Салтанатты жиында Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Қайрат Балықбаев сөз сөйледі. «Лесото – Африкадағы таулы аймақта орналасқан жалғыз мемлекет. Туристер мұнда әсем таулы шатқалдары мен көз сүріндірген сарқырамаларын көруге барады. Бұл елдің балық аулау әдісі де әлем халқының назарын аудартып отыр», деді ол.

Лесотоның сауда және өнеркәсіп министрі Тефо Мапасела мемлекеттің ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесіне қатысуына мүм­кіндік берген Қазақстанға шынайы ризашылығын білдірді. «Бізге көр­сетілген материалдық-техникалық қол­дау­дың арқасында әлем халықтарына энергетикалық сектордағы инновациялық мүм­кіндіктерімізді, сонымен қатар, «Ас­пан корольдігінің» әдемілігі мен кө­рік­ті орындарын көрсетудеміз», деді өз кезегінде Тефо Мапасела.  

Лесото өкілі ЭКСПО қонақтарын еліне туристік сапармен келуге шақырды. «Сіздер онда бес жұлдызды қонақ үйге немесе туристерге арналған жайларға орналаса аласыздар. Базото – әсерлі табиғи көріністерімен және мәдени мұраларымен танымал. Ол жақта атпен серуендеуге, құстарды бақылап, балық аулауға, шаңғымен сырғанап, таулы аймақтарға қыдыруға болады», деген африкалық мейман қазіргі уақытта Лесото тау-кен қазба өнеркәсібінде алмас өндіруден 7-орынға көтерілуді мақсат тұтқанын айтты. «Біз әлемде жоғары бағаланатын үздік, ең үлкен, сапалы алмастардың бірін өндіреміз. Лесотода өндірілген алмастардың ірілері де бар. Қазіргі таңда «Лесото уәдесі» – 603 каратты, «Браун Лесото» – 601 каратты, «Лесото мұрасы» – 493 каратты және «Лесели ла Леценг» 478 каратты құрайды. Лесото жақұтының 1 караты шамамен 2 500 долларға тең», деді Тефо Мапасела.

Лесото ұлттық күнінің ресми ашылу рәсімінен кейін африкалық әртістер баянның сүйемелдеуімен ән салып, өздерінің ұлттық билерін биледі.

Топтаманы әзірлеген

Асхат РАЙҚҰЛ, 
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсіргендер

Орынбай Балмұрат,
Ерлан Омар,

«Егемен Қазақстан»