Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Тегеран Оралдан 1 500 тонна ет алады

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы «Батыс Марқа Ламб» ЖШС дайындаған 18 тонна жаңа сойылған бағлан қозы еті Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранға жөнелтілді. Ақтауға дейін автокөлікпен апарылған алғашқы партия әуежайдағы алғашқы рейспен Тегеранға жеткізіледі.

Тегеран Оралдан 1 500 тонна ет алады

Ақжайық ауданының орта­лығынды орна­лас­қан «Батыс Марқа Ламб» ЖШС өкілі Рақымжан Смағұл­ұлы­ның айтуынша, қазақ­стан­дық өндіріс орны Ирандағы ет өнімі бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен келісімшарт жасасқан.

– Біз Иран еліне тұңғыш рет экспортқа ет шығарып отырмыз. Ирандық әріптестерімізбен жасасқан келісімшарт бойынша алдағы бір жыл ішінде 1500 тонна тоңазытылған қозы етін жеткізуіміз керек. «Санайе» ком­па­ниясының басшылығы етті апта­сына үш рет жөнелтуімізді талап етіп отыр. Бұған біз де тех­ни­калық тұрғыдан дайынбыз, – дей­ді Рақымжан Смағұлұлы.

Жылына 5 мың тоннаға дейін тоңазытылған қозы етін дайындай алатын қуаты бар кәсіпорын 2015 жылы іске қосылған болатын. Жалпы құны 2,8 млрд теңгеге бағаланған кәсіпорында 1,6 млрд теңгенің құрал-жаб­дығы орнатылған. Бес гектар ау­мақ­ты алып жатқан өндірістік ке­шенде бәрі де толығымен ав­то­маттандырылған. Мал сою жә­не ет өңдеу желісінде қой союд­ан бастап ет өңдеуге дейінгі жо­ғары технологиялық талаптар сақ­талады. Ауысымына 1 400 бас қой сойылады. Дайын өнім тапсырыс берушіге тоңазытылған түр­де немесе жіліктеліп, қорапқа салынған күйінде жеткізіледі. Мұнда 3 айдан 1 жасқа дейінгі қозы сойылып, етін мұзда қа­тыр­май, тоңазытып қана вакуум­ды қап­тамада сақтайды. Мұндай тә­сілмен сақталған жас ет та­би­ғи құндылығын жоймай, өте дәмділігімен тұтынушы тал­ғамынан шығады екен.

Әу бастан-ақ өнімінің кемінде 70 пайызын халықаралық на­рық­қа, шетелге өткізуге бағыт­таған «Батыс Марқа Ламб» кәсіп­орны бүгінде етті тұрақты түр­де Ресейге жеткізіп отыр. Соны­мен қатар, Қытай Халық Рес­пуб­ли­ка­сымен ұзақмерзімді ке­лі­сім­шарттар жүргізіліп жатыр екен. Ке­ліссөздер ойдағыдай болса, қыр­күйектің соңына қа­рай Қы­тай­ға да ет экспорты бас­тал­мақ.

– Қазақстандағы мал еті өте құнарлы. Сондықтан екі ел ара­сын­дағы достық байланысты пай­даланып, әріптестік қатынас орнатып отырмыз. Алғашқы өнім жіберілді. Енді аптасына үш мәр­те марқа етін қабылдауды жос­парлап отырмыз. Бұл жұмыс жыл бойына жалғасады. Мұндай әріп­тестік екі жаққа да тиімді деп ойлаймыз, – дейді ирандық ком­па­нияның өкілі Хади Хададзе.

Ирандық комиссия құра­мын­да келген ветеринар дәрігер мен арнайы имам мал сойылатын жерде болып, мал сойылған кезде мұсылмандық шарттардың сақталуын да қадағалауына алған.

– Өткен жылы Иран еліне сапарымызда жоғарыда аталған иран­дық белді компаниямен ке­лі­сімге келген болатынбыз. Әри­не, бұған Елбасының Иранға барып, сол елдің басшылығымен кездесуі, соның нәтижесінде екі ел арасындағы қатынастың одан әрі бекуі себеп болды. Екін­ші жағынан, біздегі мал ша­руа­шылығы жақсы дамыған. Ет өнімдеріміз экологиялық таза, сапалы. Бізге тек тұрақты тұ­ты­нушы керек еді. Жыл бойы­на ауқымды жұмыс атқарып, ен­ді алғашқы өнімді жөнелтіп отыр­мыз. Бұл үлкен жұмыстың нә­тижесі. Бұл – өңіріміздегі шаруа қожалықтары үшін үлкен мүм­кіндік. Енді отандық өнімді шет­елдерге тұрақты экспорттау үшін барлық тиісті шаралар­ды ұйымдастырып, жан-жақ­ты қолдау көрсететін боламыз, – дей­ді Батыс Қазақстан об­лы­сы­н­ың әкімі Алтай Көлгінов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген

Айбатыр НҰРАШ