Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Өндірісті жаңғырту соқпағы

279 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанда қазір мыс өндіретін кәсіпорын көшін бастап тұрған Жезқазған мыс қорыту зауыты әлемге әйгілі, алғашқы ондықтың бел ортасынан ойып орын алған. Ол Одақ кезінде-ақ төрткүл дүниеге танылған. Кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған байытушының құнарлы концентратынан металлург әрқайсысының салмағы 60 килодай тартатын шақпақ мыс шығарады.

Өндірісті жаңғырту соқпағы

Ізденіс ізі

Әңгімені шихта дайындау буынынан бастайық. Өйткені, байыту фабрикасынан келген концен­трат осында мыс алатын ши­кізатқа – шихтаға айналып, одан әрі балқыту цехына жө­нел­ті­леді.

Кәсіпорынның табалдырығы іспетті шихта дайындау цехында кон­центратты кептіру үдерісін жақ­сартуға және жабдықтың бей-берекет бұзылуын болдырмауға мүм­кіндік беретін бірқатар тех­ни­калық шара жүзеге асырылуда. Жалпы, келешекте мұндағы тех­нология түбегейлі өзгертіледі.

Өндірістік буында күкірт қыш­қылы цехының өзіндік орны бар. Конвертор мен рудо­тер­мия­лық пештен бөлінген газды тұ­ту мен осы цехқа жеткізгенге дейінгі аралықтағы үдеріс толық ав­томаттандырылған. Газды ба­рын­­ша кәдеге жарату арқылы ай­на­лаға таралуын азайтуға қа­тыс­ты көлемді қайта құру жұ­мы­сы жүр­гізілуде.

Біреуі анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай үш бөлімшеден тұратын балқыту цехын «металлургиялық өндірістің өзе­гі» деп әспеттесек, артық емес. Зауыт өндірісіндегі өркенді өз­­геріс балқыту буынынан бастау алып жататыны да сондықтан.

Көпшілік көзбен көрмесе де, көңілінде берік ұялаған кү­рең қызыл балқыма осында алы­нады. Одан анод негізін құй­ып, электролиздеу цехында өң­деу­ден өткеннен кейін барып Ар­қадағы Жезқазғанды әлемге та­ныт­­қан саф алтындай сары мыс тұ­тынушыға жол тартады.

«Анау-мынау өндірістік бу­ы­­ныңды он орап алатындай» ай­тулы үшеудің алғашқысы – элек­тр пе­ші бөлімшесі. Онда әр­қай­сы­сы 168 шаршы метр ау­мақ­ты алып жатқан үш фазалы, алты электрод­ты, биіктігі – 4,5, ені – 7, ұзындығы 24 метрлік қуат­ты екі пеш тұр.

Қызуға төзімді бетонмен қап­талған, төңірекке бейберекет газ таралмауы қарастырылған оған ти­елген шихта мен кремний диоксиді (флюс) оттегі айдау арқылы қорытылып, құрамында мыс, темір мен күкірт бар штейн пеш­тің түбіне шөгеді. Ал, флюспен біріккен қалғанынан шлак түзіледі.

Әдетте құрамында 40%-60% мыс болатын штейн конвертерде балқытылып қара мыс алынады, ол анод пешінде одан әрі тазартылады. Тұнған шлак өн­дірістік қалдық қоймасына жө­нел­тіледі. Балқыту буынын­да­ғы конвертер мен анод бөлімшесі бүгінде бі­рік­тірілген.

Қуатты кәсіпорында алатын өзін­дік салмақты орны бар бұл ұжым шуақты шақты да, қиын кез­еңді де көрді. Дағдарыстың дүр­белеңін қажымас қажыр-қай­ратпен, үздіксіз ізденіспен жең­ді. Жаңашылдыққа ұмтылды, же­тіс­тікке жігерленді. Өндіріс мә­дениеті көтерілді, қолмен ат­қа­рылатын жұмыс көлемі кеміді.

Түпкі өнімнің тұсауы кесі­ле­тін тұс – электролиз­деу цехы. Мұн­да шақпақ мыстың сапасын арт­тыруға бағытталған электролит температурасын реттейтін жә­не оның құрамындағы бел­сен­ді затты бақылайтын автомат­ты желі өндіріске енгізілген. Бұл электролизші жұмысын ай­тар­лық­тай жеңілдетеді.

Соны соқпақ

Тегі темірдің түбі тозатыны түсінікті. Оның үстіне өндірістегі технологияның табандап тұрып қалмай, жетілдіріліп отыратыны тағы мәлім. Демек, уақыт талабына сай заманауи жүйелі жаңғыру – табиғи заңдылық. Жез­қазғандық металлургтердің де мақсаты – өндірісті жаңғырту жо­­лымен жаңа жетістікке жету.

2013 жылы қыркүйекте «Қазақ­мыс» басшылығы Жез­қаз­­­ған мыс қорыту зауы­ты­ның жұ­­мы­­сын тоқтатты. Ма­ман­­дар­дың мәлімдеуінше, мұн­дай шешім мыс балқыту қуа­тын дамыту келешегін зерттеу қорытындысына сүйеніп қа­был­данды. Дегенмен, осы «кон­с­ервациялау» кезінде көп­ші­ліктің көңілін күпті қылғанын білеміз. 

Бірақ босқа алаңдапты. Кә­сіп­орынның уақытша тоқтап тұруы жұмысшы жалақысына кесірін тигізбеді. Өйткені қай­та құру кезінде оның әлеу­мет­­­тік әсерін әлсіретпеу үшін «Қазақмыс» басшылығы пәр­мен­­ді қолдау көрсетіп, орташа жа­лақы кәсіпорын қайта қатарға қо­сылғанша сақталды.

Зауыт шақпақ мыс шы­ғар­ма­ған шақта жұмыс күші­нің бір бө­лігі концентрат тиеуге тартылды. Күкірт қышқылы цехы Бал­­қаш­тан келген шикізатты байыту фаб­рикасына айдап, за­лал­­сыздан­дырумен айналысты. Қал­ғаны кәсіпорынды қаңтаруға қа­тысты шараны атқарды.

Бір жылдың көлемінде зауыт қайта қатарға қосылды. Оған бірнеше фактор ықпал етті. Со­ның ең бастысы – мемлекет та­ра­пынан көрсетілген қолдау. Со­­сын металл нарығындағы әлем­­дік жағдаяттың жақсаруы. Осы­­ның негізінде тиісті шешім қа­­былданды.

Өндірісте оңай шаруа жоқ. Дегенмен, маман біліктілігіне зауытты қайта қатарға қосу кезінде кез­дескен ағымдағы қиындық ке­дергі келтіре алмады. 2014 жылы 15 қыркүйекте №2 пеш қыз­дыруға қойылып, 18 қазанда қа­ра мыс алды. Қарашаның ал­ғаш­­қы аптасында шақпақ мыс шы­ғарылды.

Қысқасы, кәсіпорынды қайта қатарға қосу кестеге сай жүрді.

Қазір кәсіпорын бұрынғы пирометаллургиялық тәсілмен тау­арлы өнім шығарады. Тү­сі­нік­ті тілмен айтсақ, алдымен мыс концентраты электр қуатымен балқытылады, сосын алынған балқыма отпен және электролит ертіндісімен одан әрі тазартылып, сосын шақпақ мыс шығарылады.

Құнарсыз шикізат өңдейтін гидрометаллургиялық технологияны өндіріске енгізу жұмысы одан әрі жалғасуда. Кенді ке­шен­ді өңдеудің тиімді техно­ло­гиясын жасаған – ресейлік «РусРедМет» ҒЗБ-мен білек бі­ріктірген «КазГидроМедь» ком­паниясының ғылыми-зерттеу орталығы.

Келешекте құнарсыз кеннен алынған қара мысты гидро­м­е­тал­­лургиялық өңдеудің техн­о­логиясын тексеретін әмбе­бап қондырғы монтаждалып, өнім­­ділігі сағатына 5 тонна кон­­центрат шығаруға жететін тә­­жірибелік зауыт салынады. Оның жобасын ресейлік «РИВС-про­ект» жасады.

Гидрометаллургиялық өңдеу технологиясын «соны соқпақ» десек орынды. Ол, ең алдымен, баланстағы және балансқа алынбаған кенді, бұрын есептен шығарылған қорды, ұзақ жыл жиналған өндірістік қалдықты аз шығынмен өңдеуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғаяды.

Жезқазған аймағында жұмыс істеп тұрған кеніш ғұмыры ондаған жылға ұзарады, эколо­гия­лық жағдай жақсарады. Шақ­пақ мыстың өзіндік құны 1,6 есе арзандайды. Келешегі ке­лісті кәсіпорынның ұжымы бо-
л­а­ша­ғына селкеусіз сеніммен қарайды.

Әлібек ӘБДІРАШ,
журналист