01 Тамыз, 2017

Қайымның хаты

175 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың еш жерде жарияланбаған хаты табылды. Бұл хат өзінің шәкірті Шаймардан Хайруллинге жазылған екен.

Қайымның хаты

Хатта: «Қадірлі інім Шаймардан! Семей. 30 март 1984.

Сенің 6 мартта жазған ха­тың­ды, одан кейінгі екінші хатың­ды және Бәтен келіннің сәлем­демесін де алдық. Бір кездегі ұстазыңды ұмытпай хат жазып, хабарласқаныңа рақмет!

Бәтен келінге, балаларыңа сәлем айт. Мен сені ұмытқаным жоқ. Жақсы оқитын шәкіртім болдың. Келешегіңнен үміт күтіп, әдебиетші-ғалым болар деп ойлайтын едім. Абай му­зейінде ғылыми қызметкер болып істей бастағаныңды да ұмыт­қам жоқ. Оған да 34 жыл болып қалыпты. Біз де есен-сау­мыз. Өзім сол институттамын. Екі балам пединститутта, бір балам педучилищеде сабақ береді. Үшеуі Семейде бас­қа қызметте. Енді үш баламыз Алматыда. Бәрінің жоғары дәре­желі білімі бар. Бір ортаншы ұлы­мыз осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған. Қарлығаш – ең кен­жеміз. Жеңгең – Фархинұр.

Міне, біздің қысқаша хал-ахуалымыз. Абай музейінде істеген адамдарды ұмытпапсың. Борис Александрович Акерман үлкен ғалым адам еді. Ол кісі қайтыс болған. Сәулет Дөнентаева (Сәбит Дөнентаев ақынның қызы) Совет қыз­мет­кері болып кеткен еді. Алматыда тұрады. Қазір пенсияда. Әдеби зерт­теу ісімен шұғылданады екен­сің. Оныңа қуаныштымын. Жаз­ған мақала, жинаған мате­риал­дарыңды мүмкін болса маған жібер.

Хабарласып тұрарсың.

Ағалық көңілмен – Қайым Мұқамедханов.

Р.S. Ескерткіш болсын деп

Мұхтармен бірге түскен су­ре­тімді жібердім» – делінген екен.

Қайым ұстаз шәкіртіне: «Мен сені ұмытқаным жоқ. Жақсы оқи­тын шәкіртім болдың. Келе­шегіңнен үміт күтіп, әдебиетші-ғалым болар деп ойлайтын едім» – дегені сайып келгенде үлкен көрегенділік, талантты тани білу қабілетінің бой көрсеткендігі болғаны даусыз.

Сөзіме дәлел: облыстық «Қы­зыл ту» газетінде (қазіргі «Сары­арқа самалы») 1988 жылы 22 мау­сым күні Шаймардан Хай­рул­линнің «Ақын Бақы» атты мақа­ласы жарық көреді. Атал­мыш мақаласын: «Ел аузында сақталып қалған көпшілікке белгісіз шешендер мен ақын­дардың сөздерін жинауда кейінгі кезде батыл қадамдар жасалып жүр. Мен де өз тарапымнан осы бір игілікті іске әдебиетші ре­тінде үлес қосу ниетімен ақын Бақы Сартаевтың ел аузында сақ­талған шығармалары туралы бірер сөз жазбақпын», деп бас­таған екен. Мақалаға қарулы көзбен зер тастамасақ та, жер­гілікті фольклор екені бесе­неден белгілі. Ақын Бақы Сар­таевтың қай жерде туып, қай жерде жерленгені жайлы да Шаймардан ағамыз өз мақаласында сөз еткен екен. Әлі де ізденіс үстінде жүр­ген­дігін тілге тиек етіп, ақын хақын­да біле­тін адамдар болса, ма­қала авторы­на хабар беруін де сұраған. Оған қоса, Май аудан­дық «Шамшырақ» газетінің 1984 жылғы 4 тамыз күні жарияланған нөмірінде «Шешендерден сөз қалған» мақаласы да заты бө­лек әдебиетшінің жұмысы.

Шаймардан Хайруллин Павлодар облысы, Май ауданы «Қызыл құрама» ауылында (қазіргі Баскөл) бірнеше жылдар төңірегінде мұғалімдік қызмет атқарған. Әдебиетке деген ерекше махаббатының арқасында болар, көптеген әдеби кітаптарды том-томымен жинастырған екен. Сол кітаптардың арасы­нан 1940 жылдары жарық көр­ген, латын әліпбиімен жазыл­ған кітаптар да жолықты. Әр кі­тап­тың арасынан сол жылдар­дағы басылымдардың, атап айт­қанда, «Лениншіл жас», «Қа­зақ әдебиеті», «Қазақстан мектебі», «Қазақстан пионері» сияқты газет, журнал бет­терін­дегі әдебиетке қатысты мақала­лардың қиындылары көптеп кездеседі.

Қайым Мұхамедхановтың: «Әдеби зерттеу ісімен шұ­ғыл­данады екенсің. Оныңа қуа­ныш­тымын. Жазған мақала, жина­ған материалдарыңды мүм­кін болса маған жібер. Хабар­ласып тұрарсың» деген сөз­деріне қарағанда ұстазы мен шә­кірті хәл сұрасқан хаттар жазысып қана қоймай, әдеби зерттеу жұмыстары жөнінде талай сырласқан көрінеді.

Жазған мақалалары өзі туған өңірінің алып тұлғалары жа­йында болғандықтан болар, Шаймардан ағаның бойынан асқақ патриоттық сезім бай­қа­лып-ақ тұр. Тіпті, Елбасы­мыз­дың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сын­да «Ту­­ған жерге деген сүйіспен­ші­лік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұла­сады.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген тармақтардың кездесетінін ескерсек, осындай ақын ағамыздың ғылымға деген, туған жерінің әдебиеті мен тарихына деген сүйіспеншілігі, ізденімпаздығы қазіргі жастарға ғана емес, аға буын өкілдеріне де үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Бәкіжан КӘКІМ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық басқармасының мүшесі