Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Үшінші жаңғыру аясындағы ауқымды жұмыстар

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Қазақ­стан­ның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бә­секеге қабілеттілік» атты биылғы Жол­дауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында аймақта ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр.

Үшінші жаңғыру аясындағы ауқымды жұмыстар

Жаңа кәсіпорындар, жаңа еңбек орындары

Ежелден өндірісі өркен жайған өңірде соңғы жылдары өндірістің тұрақты  өсімі анық байқалады. Өткен жылы Аягөз ауданында Ақтоғай кен байыту комбинатының құрылысы аяқталған болатын. Индустриялық дамудың жарқын үлгісі болып табылатын бірегей кешенде бүгінде 715 адам еңбек етеді. Сонымен қатар, заманауи, жаңа технологияларды қолдану арқылы Бақыршық кен байыту кешенінің алтын кен орнын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Он жылға жуық уақыт қараусыз қалған кен орны 2018 жылдың соңына қарай іске қосылады деп жоспарланған. Бұдан бөлек 434 млрд теңгенің 11 индустриялық жобасы ағымдағы жылы облыстың дамуына өз үлесін қоспақ, бұл өз кезегінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік бермек.

Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірде отандық ғылымның әлеуетін арттыруға да ерекше мән беріліп келеді. Осы ретте облыс­та төрт мақсатты ғылыми-технологиялық бағдарлама әзірленіп, оған құны 7 млрд теңгені құрайтын 10 жоба енгізілген екен. Қазіргі таңда жоғары ғылыми-техникалық комиссия жеті жобаны 3 млрд теңгеге қаржыландыруға шешім қабылдаған көрінеді. Қалған үш жоба кәсіпорындар (Казцинк, ТМК, ҮМЗ) және «НАТР» АҚ қаражаты есебінен іске аспақ. Бұлардың арасында танталды облыстың медицина саласында кеңінен қолдану жобасы да бар.

38 қанатқақты кооператив құрылады

«Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген еді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында. Бұл бағытта да аймақта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр деуге болады. Биылғы жылдың 6 айында өңірдегі жалпы өнім көлемі 7 млрд теңге өсіммен 106 млрд теңгені құрады. Облыс сүт өндіруден республикада көш бастап келеді. Енді әлемдік тәжірибені ескере отырып сүт қабылдау пункттерінің негізінде кооперация құру жұмыстары қолға алынбақ. Бұдан бөлек жеке қосалқы шаруашылықтарда отардың өнімділігін арттыру, тауарлы-сүт фермаларын дамыту мақсатында шағын несиелер берілуде. Несиелеу сомасы 6 млрд теңгені құрап отыр. Сүт қабылдау зауыттарының жүктемесі 2015 жылы 29 пайыз болса, өткен жылы 40 па­йыздан асты. Ендігі меже – алдағы біржарым жылда 60 пайыздан асыру. Ол үшін қалалар мен аудандарда ағымдағы жылы 38 қанатқақты кооператив құрылуы тиіс. Сонымен қатар, биыл құрамына 16-дан кем емес жеке қосалқы шаруашылық кіретін 132 кооператив құру жоспарланған. Осы жылы 18 тауарлы-сүт фермасын салу және қайта құру, 10 сүт қабылдау бекетін ашу қарастырылған. Қазіргі кезде облыста 53 сүт қабылдау пункті жұмыс істеп тұр. Алғашқы жартыжылдықта 8386 тонна сүт жиналыпты.

Инвестиция игілігі

Экономиканы дамытудың басым ба­ғыт­тары инвестиция тарту, бизнес ортаны кеңей­ту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге ынтымақтастықты арттыру және елі­міздің өзге өңірлерімен алыс-берісті нығайту екені белгілі. Бұл бағытта облыс Алматы қала­сының, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Алматы облыстарының бизнес қауымдастықтарымен кездесулер өткізіп, меморандумдарға қол қойды. Мәселен, Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2015 жылы 967 млн теңге болса, қазіргі уақытта 3,2 млрд теңгеге дейін жетіп, өзара алыс-беріс үш есеге артыпты. Облыс бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандан­ды­рып, мегаполис халқын ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Өңірдің тауар өндірушілері үшін Қазақстанның барлық облыстарының және шекаралас мемлекеттердің нарығына шығуға мүмкіндік бар. Шекаралас мемлекеттер демекші, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізге шетел инвесторларын тарту үшін «KAZAKH INVEST» деп аталатын ұлттық компания құрылған болатын. Құрылғанына 2-3 айдың жүзі ғана болған бұл компания Қазақстанға инвестиция тарту мақсатында шетелдік 22 компаниямен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойыпты. Ал ұлттық компанияның Өскемендегі өкілдігі Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялы районына барып, сондағы бизнесмендерге Шығыс Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырыпты. Нәтижесінде сол елдің «Huahe in­ternational» атты консалтингтік компания­сымен Қытай инвесторларын өңірге тарту жөнінде келісім жасасып қайтыпты. Облыс орталығындағы өкілдік осындай жұмыстарды басқа да елдермен жүргізбек ойда.

Әуе көлігінің әлеуеті артады

Президент биылғы Жолдауында логис­ти­калық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де ерекше тоқталған еді. Қазіргі уақытта аймақта жол­дармен қатар әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту бойынша үш жоба іске асырылуда. Се­мей әуежайының ұшу-қону алаңы, басқару жо­лы, ал Өскемендегі әуежайдың сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсететін терминал құ­рылысы мен халықаралық әуежайдың аэровокзал кешенін қайта жаңғырту жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Облыс орталығындағы әуежайда біржарым айдан соң бүкіл әлемде қолданылып жатқандай қол жүктерін беретін айналмалы автоматтандырылған жүйе іске қосылады. Өңір аумағы арқылы 1243 шақырымды құрайтын темір жол желісі өтеді, олардың бойында 24 вокзал орналасқан. Аталмыш саланы дамыту үшін былтыр 323 миллион теңге субсидия бөлінген. Әуе көлігін қолдауға облыстық қазынадан биыл 182 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Семей мен Өскеменнен бөлек Зайсан мен Үржардағы әуежайларға да жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы