Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Ұлттық экономиканың жетекші күші

433 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ынта зор. Соның бір дәлелі – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы. Бұл кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, тынысын кеңейтуге жасалған тиімді тетіктердің жиынтығы.

Ұлттық экономиканың жетекші күші

Ресми мәліметке сүйенсек, шағын және орта бизнес кәсіпорындары өткен жылы жалпы сомасы 17 трлн теңгеге тауар өндірген. Бұл мұнай өндіру көрсеткіштерінен де біршама асып түседі. Ал еліміз ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 23,1 пай­ызды құрады. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпорындарда 3 млн адам жұ­мыс істейді екен. Ұлттық экономика ми­нистрлігінің мәліметінше, шағын және орта кә­­сіпкерлік өнімін шығару халықтың жан басына шаққанда әр адамға 1 млн теңгені құраған. Кәсіпорындардың көбісі Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында шоғырланыпты. Жалпы, 2016 жылы еліміздің ІЖӨ-сі 46 трлн теңгені құрады. Ал халықтың жан басына шаққанда ІЖӨ 2,6 млн теңге болды. ІЖӨ-нің 25 пайыздан астамы өнеркәсіпке тиесілі. Әрине, бұл көрсеткіштерге қол жеткізуде кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының үлесі зор.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту халық шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік проблемаларды шешуге, жұмыспен қамтылған қызметкерлер санын ұлғайтуға айтарлықтай әсер ететіні анық. Сондықтан да болар кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау әрдайым өте өзекті мәселе. Осы мақсаттағы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы Елбасының «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген болатын. Бағдарлама екі кезеңге жоспарланды. Бірінші кезең 2010-2014 жылдар аралығында өтті. Мұндағы алғашқы 2010 жыл бағдарлама міндеттемелерінің шешілуі, яғни жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты үш бағыт бойынша іске асырылған қанатқақты жыл болды. 2011-2014 жылдары міндеттемелердің шешілуі жаңа бағдарламаларды қолдау, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты екі бағытты қамтыды. Ал 2015 жылы басталған екінші кезең 2020 жылға дейін жалғасады. Бұл жаңа бағдарламаларды қолдау, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты екі бағытты көздейді.

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келе жатқаны жайлы мәліметті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының деректері де дәйектей түсетіндей. «Даму» қоры­ның төрағасы Абай Сарқұловтың ай­туын­ша, 2016 жылдың өзінде ғана «Да­му» қорының қолдауын көрген кәсіп­орындар 4 трлн теңгенің өнімін шы­ғарған. Кәсіпорындардан түскен са­лық көлемі жылына 253 млрд теңгені құ­райды.

«Біздің шағын және орта кәсіпкерлік саласын қолдауға бағытталған бас­та­ма­ларымызды «сапа» және «сан» деп си­­паттауға болады. Болашақта қыз­мет­терді автоматтандыру деңгейін кө­теріп, ұсынатын өнімдер санын арттырып, шағын және орта кәсіпорындар үшін қаржы супермаркетін құрып, мик­ро­қаржыландыру көлемін арттырып, бей­қаржылық қолдау көрсету аясында кәсіпкерлерді оқытуды жоспарлап отырмыз», – дейді басқарма төрағасы А.Сар­құлов. Жалпы, аталған қор арқылы 1997-2007 жылдар аралығында 2,6 мыңнан ас­там жобаға қолдау көрсетіліп, берілген несие сомасы 27,5 млрд теңге болған. Бұл кезеңде Қазақстандағы ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 10,7 пайызды құраған. «Даму» қо­рының филиалдары да осы кездері құ­рыла бастаған еді. Ал 2008-2009 жылдар аралығында екінші деңгейлі банктерге шарттасып қаржы салу бағдарламасы енгізілді. Соның арқасында 10 мыңнан ас­там жоба қолдау алып, берілген несие сомасы 521 млрд теңгені құрады. Қазақ­стандағы ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 17,7 пайыз болды. Сондай-ақ, 2010-2015 жыл­дар аралығында «Даму» қоры «Биз­нестің жол картасы-2020» мемле­кет­тік бағдарламасында пайыздық мөл­шер­лемені субсидиялау және кепіл­зат жетіспеген жағдайда кепілдік беру құрал­дары бойынша оператор болды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясын­да өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіп­орын­дарды 6 пайыздық жеңіл несиемен қам­тамасыз ету қолға алынды. Осы уақыт аралығында 27 мыңнан астам жоба қолдау алып, берілген несие сомасы 2,1 трлн теңгені құраған.

Шамамен 3,2 млн адам ша­ғын және орта кәсіпкерлік са­ласына келген екен. Елдің ішкі жалпы өніміндегі ШОБ үлесі артты. Барлық облыс ор­та­­лықтарында «Кә­сіп­кер­лер­ге қызмет көрсету ор­та­лық­та­ры» ашылып, аудандар­да кә­сіп­к­ер­лерге қызмет көр­се­те­тін 14 мобильді орталық құ­рыл­ды.

2015 жылы Үкімет «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағдар­ла­масын жетілдіріп, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қол­дау мен да­мытудың бі­ры­ң-
ғай бағдар­ла­масы» болып бекітілді. «Даму» қоры қар­жы­лық агенті болса, «Ата­мекен» ұлт­тық кәсіпкерлер па­латасы мен әкімдіктер – опера­торлары. 2016 жылы «Даму» қоры өңір, ауыл, моно және шағын қала­лар­дағы кәсіпкерлерді белсенді түр­де қаржыландыра бастады. Бұл – Алматы мен Астана қа­ласы және басқа да облыс әкім­ші­ліктерімен бір­лесіп жылына 8,5 пайыздық же­ңіл­дікпен несие­лен­діру бағ­дар­ламасы болатын. Мик­ро­қар­жы­ландыру, факторинг, фран­чайзинг бағдарламалары да іс­ке қосылды. Кәсіпкерлерге қыз­­мет көрсетуде жаңа әдістер қол­­­даныла бастады. Атап айт­­қанда, «Да­му Блиц» тех­но­ло­гия­сы іске қосы­лып, ке­пілдік беру құралы бой­ынша өтінішті автомат­тандыру іске қосылды. Осы уақыт­тан бас­тап 2017 жылдың шілде айына дей­інгі аралықта 45 мыңнан астам жоба қолдау алды. Берілген несие құны 3,4 трлн теңгені құрады. Осы­лайша, 1997 жыл мен 2016 жыл аралығында «Даму» қоры ак­тивтері 4,2 млрд теңгеден 349,4 млрд теңгеге дейін өсті. Осы уақыт ішін­де жеке капитал 119 млн теңгеден 98,7 млрд теңгеге дейін көтерілген.

Ал күні кеше ғана, Астанада «Ұлы дала елі» III форумы аясында 28-30 шілде ара­лығында ұйым­дастырылған отандық тауар өнді­рушілердің республикалық көр­месіндегі сан алуан отан­дық тауар­лар­­дың өзі елдегі кәсіп­кер­ліктің көр­кей­іп, өркен жайып келе жатқанын тағы бір айғақтады. Онда қордан қолдау алған 350-ден астам кәсіпорын бас қосты. «Қазақстанда жасалған» деп атал­ған көр­меде тамақ өнер­кә­сібі, құрылыс сала­сы өнімдері, жи­һаз шығару, киім-кешек, арнайы техника мен құрал жаб­дықтар, зергерлік бұйым, кә­десый мен полиграфиялық өнім дей­сіз бе, бәрі бар. Бұл, әрине, кә­сіп­керлікке жасалған қам­қор­лық­тың шынайы көрі­нісі.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»