Аймақтар • 01 Тамыз, 2017

Маңғыстау экологиясы: мәселе және міндет

13005 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таза ауа мен табиғаттың, қоршаған ортаның жайлылығы әркім үшін де алаңсыз өмір сүруде ең басты қа­жет­тіліктердің бірі. Технологияның қа­рыштап дамып, өндірістің қарқыны артқан бүгінгі күні әлемде экологиялық ахуал­дың ақсап тұрғаны жасырын емес. Тіпті басқаны айтпағанда, кең қол­даныстағы және қолайлы сана­латын полиэтилен ыдыстардың өзі табиғатқа қаншалықты зиян әкелетіні белгілі. Біз мұндай жағдайда қоршаған ортаны қалай қорғап, өзімізге және болашақ ұрпаққа алаңсыз өмірді қалай сыйлай аламыз? Бұл – бүгінгі күннің басты мәселесі.

Маңғыстау экологиясы: мәселе және міндет

Жер асты байлықтарымен қуантып, жер үсті сұлулығымен сүйсінтетін Маң­ғыстаудың экологиялық ахуалы қан­дай? Әрине, жер жүзінде бар мәсе­леден сырторай, жұмақта өмір сүріп отырмағанымыз белгілі, демек эколо­гиялық проблема түбекті айналып өтіп кете алмайды.

Маңғыстаудағы экологияны ауыз­ға алғанда, алдымен тілге оралатын тұс – «Қошқар ата» улы көлі – ра­диациялық қалдықтар қоймасы. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қар­тайды» демекші, бұл тақырып Маң­ғыстауда маңыздылығы жағы­нан да, аңыздылығы жағынан да ба­рын­ша танымал тақырып. Кеңес одағы кезінде «Ұйқылыдағы» уран кенішін игеру салдарынан пайда болған улы көл көлемінің өсуі Одақ тараған соң тоқтаған өндіріспен бірге тоқтады. Жыл сайын көлге өндірістен құйылатын 25 миллион текше метр су тоқтаған соң, көл көлемі тартылып, жан-жағы жалаңаштана бастады. Бұл өз кезегінде топыраққа сіңген, құрғаған улы, зиянды тұнбалардың желмен бірге ұшып, ауаға, ауа арқылы қоршаған ортаға тарауына ұласты. Тек 90-шы жылдардың орта тұсындағы Азот-түк зауытынан әкелінген фосфат қалдығы зиянды топырақтың біраз жерін жауып, жағдайды біраз оңалта түскен. Алайда, зиянды қалдықтардың алдын алмаса арты ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін екенін аңғарған елі­міз көлді залалсыздандыру, тұмшалау жұ­мыстарын қолға алғанына да он­шақты жылдың жүзі болды. Төрт бір­дей бағдарламаны жүзеге асыруды мақсат еткендер алдымен зауыттың қалдықтары жатқан, радиациялық фон аса жоғары болып тұрған 24 гек­­тар жердегі қалдықтарды көміп, сыр­тынан қалыңдығы 25 сантиметр ар­ма­тураланған бетонмен, оның үстінен таза топырақпен 1 метр қалыңдықта жапты. Келесі жылы мұндай жұмыстар тағы да 31 гектар жерге жүргізілді. Екін­ші бағдарламада көлдің суы тар­тылып, жалаңаштанған 2700 гек­тардай жерін рекультивациялау болса, қаланың тұрғын аймағынан шық­қан қалдық суларды тазалап, «Қош­қар ата» көліне айдау шараларын жүргізу үшінші бағдарламаға жүк. Ма­мандар, жылына 8,5 миллион тек­ше метр су айдалып тұрса, көл суы­ның табиғи булануының орнын тол­тырады деп есептейді. Улы көл айна­ласындағы топырақ құрамына ау­қымды мониторинг жүргізу төртінші бағдарламаға міндет болған. 2015 жылдан бастап улы қалдықтар мен ауыр металдардың жан-жаққа тарамауы үшін 8 гектар аумаққа жыңғыл мен сексеуіл егілген.

Осынша жұмыстар жобаланып, жасалғанмен улы көл өзінің зияндылы­ғын, қауіптілігін жойды ма? Мәселе осында.  Жойған жоқ, себебі көлден шыққан жағымсыз иіс жүректі айнытып, басты айнал­дырады. Соңғы кездері экологтар ол өңір­ге мал жайылатынын, ол жердің шөбіне сіңген радиациялық элементтердің малдың еті мен сүтіне дарып, ол арқылы адамға берілуі мүмкін екендігін айтып, дабыл қағуда. Мамандар енді көлдің 50 шаршы шақырым аумағын қиыршық тас араласқан топырақпен көму қажеттігін айтады. Ол үшін уақыт та, қаражат та керек екен.

Маңғыстау өңірінде қазір обыр ауру­лары, қалқанша без – иод жетіспеу­шілігі дерті, өзге де сырқат түрлері көбейіп кетті. Аурудың көбеюіне «Қош­қар ата» улы көлінің әсері бар шығар, кім білген?..

Эколог мамандар өңірде «экология­лық ахуалды ойдағыдай деп айтуға ауыз бармайтындығын» айтады. Айту­ларын­ша, атмосфералық ауадан алын­ған бір­қатар  сынамаларда ауада азот қышқылы­ның концентрациясы анықталса, 3 рет фенол мен метан көлемі шамадан жоғары болған. Топырақ сынамасында оның мұнай өнімдерімен, ауыр металдармен бүлін­ген фактісі кезіксе, суға жүргізілген сынамалардың біреулерінен мұнай өнім­дерінің жоғары көрсеткіші, марганец, темір, никель, мырыш байқалған.  Су дегенде,  Каспий теңізі көз алдыңа келе қалады. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, теңіз қауіп­сіз болса, итбалықтар қырылып, «суицид» жасап несі бар?! Осы орайда, елі­мізде  жалғыз теңіз – Каспийді түбегейлі зерттейтін бірде-бір ғылыми-зерттеу инс­ти­ту­тының жоқтығы жан ауыртады. Ал көрші Ресейде басқа суларын қоспағанда, бір ғана Каспийдің флорасы мен фауна­сын, кемелердің қозғалысын, тағы басқа да теңізге қатысты барлық жағдайды зерттеп-қадағалаумен  6 бірдей ғылыми-зерттеу институты айналысып келеді...

17 қап, 11 екі жүз литрлік бөшке мұ­най сіңген майлақы  топырақ, 130 тон­на және 500 тонна балластық мұнай сіңген су астының қиыршық тасты топы­рағы секіл­ді мұнай қалдықтарын тиеген ресей­лік «Аракс» кемесінің Маңғыс­тау­ға келіп ұзақ уақыт аялдауы көп­ші­­лік­ті алаңдатты. Кеме тұрған жер­ден су­дан алынған сынама қалыпты бо­лып танылғанмен, кемеден алынған сы­нама метанның қалыпты деңгейден көп­тігін байқатқан. Өңір басшысы Е.Тоғ­жановтың күн ысыған сайын жарылу қаупі жоғарылаған кемедегі мұ­най қал­дық­тарын залалсыздандыру жұмыс­тарын жүргізуге дереу шешім қабыл­дауы  тұрғындарды қуантып тастады.

Экология – өмір, экология – болашақ. Оны қорғау, келеңсіз жағдайлардың алдын алу – өмір мен болашаққа жасал­ған қамқорлық. Сондықтан, экология, қоршаған орта мәселесіне  немқұрайлы қарамау қашанда негізгі міндет, басым бағыт  болуы тиіс.  

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы