Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Түмен топырағындағы торқалы той

512 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжар Ресейдің шекаралас аймақта орналасқан облыс­тары­мен, оның ішінде Түменмен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас өңір саналады. Осында тұратын қандастарымыз құрылтай өтетіні жайлы сауын айтқаннан кейін қатысуды жөн көрдік. «Бармасаң ағайын да жат болады» деп атамыз қазақ біліп айтқан.

Түмен топырағындағы торқалы той

Құрылтайдың эстафетасын әр аудан кезекпен қабылдай­ды екен. Бұл жолы Бердюжье ауданы­ның әкімшілігі мен осында жұ­мыс жасайтын қазақ диаспора өкіл­дігі құшақ жая қарсы алып, ерекше қонақ­жайлылық танытты. Алқалы басқосуда сөй­леген чешендер Түменнің тор­қалы топырағында осымен 21-ші рет өтіп отырған құрыл­тайдың ел мен елді бай­ла­ныстыратын, халық пен халықты жақындастыратын, жас буынды ана тілі мен ұлттық салт-дәс­түрлерін, әдет-ғұрып­тарын ұмыт­пауға, танып-білуге ұмтыл­дыратын игі шара екенін атап көрсетті. Түмен облыстық қазақ ұлттық-мәдени авто­номиясының төрағасы Есімхан Жантасовтың жалынды сөздері жиналғандарды сүттей ұйытты.

– Жат жерде жүрсек те, еш кем­дік көріп отырған жоқ­пыз. Қазақ­станның, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетте жүрген ағайындарға жасап отырған жан-жақты қам­қор­лығына шексіз ризамыз. Бұрын жастарымыз ана тілінде сөйлеуге ұялатын. Қазіргі та­лап­тары зор. Біз өз тара­пы­мыз­дан түрлі байқаулар, кон­курс­тар өткізіп, қал-қадірімізше мұрын­дық болып келеміз, – деді ол.

Теріскейлік делегацияны бастап барған облыстық ассамб­леяның хатшылық меңгерушісі Наиль Салимов екі өңірді шекара бөліп тұрғанымен, мәдени-рухани тұтастық тереңде жат­қанын, қай салада болмасын берік ынтымақ орнағанын айта келіп, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов беріп жіберген ар­найы сыйлықты салта­натты түрде табыс етті.

Осында «Регион Тюмень» телеарнасының аға редакторы Александр Лищенкомен таныс­тық. Сөйтсе, ол Қазақстанда дүниеге келіпті. Қазақ елі жай­лы айтқан жылы сөздері жаны­мызға май­дай жағып, бардың қадірін біл­мей, парқына жет­пей жүрген жер­лестерімді еске алдым. Саша кішкентай кезі­нен Абайдың өлеңдерін жат­тап, Құрманғазының күй­лерін тыңдап өсіпті. Балалық шағы мұнартып қалған ортасын, құлын-тайдай тебісіп өскен дос­­тарын сағынғаны бірден айтой­лап тұрды. Бірде-бір құрыл­тайдан шет қалмапты.

Түмен төріндегі қазақ тойы­ның ажарын балуандардың күресі, аламан бәйге, дәстүрлі әндер бай­қауы, қыз сыны одан әрі аша түсті.

Жырақта жүрсе де, жүрегі ата­мекен деп соғатын, тілегі де, тілеуі де ортақ ағайын­дарымыздың тұрмыс-тіршілігі­не қанығып қайттық.

Сағындық МАУҒАЗИН,
журналист

Солтүстік Қазақстан облысы