Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Тарих тұнған өлке

646 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында кезек-кезегімен өтіп жатқан өңірлердің мәдени күндері аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» атты көрмесі елорда төріндегі әсем ғимарат «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының «Ғашықтар» саябағында ұйымдастырылды.

Тарих тұнған өлке

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі 1931 жылы ашылған, қазына қорында 65 мыңнан астам жәдігер жинақ­талған, өте бай, мұ­ра­сы мол мекеме. Музей қыз­меткерлері қордан іріктеп, елеп-екшеп елордаға 400-ге тарта экспонат жеткізген екен. Осылардың іші­нен тарихи маңызы зор, құнды жәдігерлерді көрермен көзайы­мына ұсы­ныпты.

Атап айтқанда, көне Тараз шаһарының тарихынан сыр шер­тетін артефактілер, әр жылдары облыс аумағына жүр­гізілген қазба жұмыстары нәти­жесінде табыл­ған сақ дәуірі­нің мұрасы –  алтын бұйым­дар, қола қазандық, жануар мүсіндері, садақ-жебенің ұштары, сон­дай-ақ, ежелгі түркі, караханид, саманид теңгелерінің аса бағалы топтамалары, үлкенді-кішілі шырағдандар көрме сөресінен  орын алыпты.

Әсіресе, Талас өзені бойынан табы­лып, тарихта «Талас жазу­лары» деген атпен белгілі V-VII ғасырлар үлесіне жататын көне түркі жазуының тасқа бәдізделген көшірмесі көрме төрінде тұр. Бұл жазуды алғаш 1876 жылдары Әулиеата уезінің басшысы қыз­метін атқарған шығыстанушы ғалым Василий Андреевич Каллаур тауып, пат­шалық Ресей түрко­логиясын тәнті еткен. Кейін бұл мәтінді белгілі кеңестік түркі­танушы, ленинградтық ғалым С.Кляш­торный оқып, ғылыми айналымға енгізген болатын.

Жалпы, Жамбыл облысы жері­нен бұған дейін түркі-қарлық дәуірі­не жататын 30-ға тарта балбал тас табылған. Олардың алды Эрмитажға жетіп тынса, соңғы жылдары бір-екеуі Алматы және Астана қалаларындағы үлкен музей­лер қорына қабылданған жайы бар. Ал бұл реткі көрмеге Меркі ауда­ны жерінде тұрған ірі-ірі 9 бал­бал тастың көшірмесі әкеліп қойылыпты.

Бұлардан басқа Жуалы, Бай­зақ ауданы жерінде орна­лас­қан Жетітөбе обасына жүр­­гізіл­ген қазба жұмысы кезін­де табылған қыш құмыра­лар мен алтын бұйым әшекейлер коллекциясын және Қаратау қаласы маңындағы  палеолит дәуірінде өмір сүрген адамдар қонысы – Тәңірқазған мен Бөрі­қазған  нысандарының ар­найы жасалған үңгір-қоныс макеті бір көруге тұрарлық дү­ние­лер екені анық.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерде: Тәңірқазған мен Бөріқазған  нысандарының арнайы жасалған үңгір-қоныс макеті;  балбал тастар