Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Берелдегі қорғаннан табылған адам ақсүйектер әулетінен шыққан

694 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркінің төрі, алаштың атажұрты болған Төр Алтайдағы әйгілі Берел жазығынан тағы да құнды жәдігерлер табылды.

Берелдегі қорғаннан табылған адам ақсүйектер әулетінен шыққан

Осындай ақжолтай жаңалықты ең бірінші болып белгілі тарихшы, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали өзінің фейсбугтегі парақшасында: «Көне дәуірдің көзіндей болған құнды жәдігер! Сақ дәуіріне тән түрлі дүниені бүгінге бүтіндей жеткізген Алтай таулары маңындағы Берел қорымынан Зейнолла Самашев бастаған экспедициялық топтың қазба жұмыстары нәтижесінде тағы бір Алтын адам табылды. «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысына іссапарға барып, осындай айтулы жаңалыққа куә болдым», деп сүйіншілей хабарлаған болатын.

Бұл жаңалықты ести сала біз де елмен бірге елең етісіп бірден Зейнолла Самашевпен байланысқа шығып, ұялы телефон арқылы аз-кем тілдескен едік.

«Жұрттың бәрі «Алтын адам табылды» деп шулап жатыр екен. Олай деуге келмес. Мұнда жерленген адамның сақ кезеңіне жататыны, ақсүйектер әулетінің өкілдерінің бірі екені анық. Бірақ ханшайым немесе патшайым деуге келмейді. Олардың жерлеу рәсімдері басқаша. Қорғаннан шыққан адамның жанынан бас киімнің бірнеше әшекей бөлшектері табылды. Сәукелеге ұқсайды. Соған қарағанда қорғанда жерленген кісі әйел адам деп болжап отырмыз. Бұл адам жерленгеннен кейін бір-екі жылдан соң аяусыз тоналған болуы керек. Мәйітті сүйреген кезде сәукеле бөлшектері қалып қойған секілді. Үстіндегі ішік тоны да көптеген жұқа алтындармен безендірілген болуы керек, оны да түк қалдырмай тонап, алып кеткен. Мәйіт жанынан құмыра сынықтары мен қойдың құйымшағының қалдықтары табылды. Сонымен қатар қорған ішінен екі ат таптық. Қос аттың бірінің басындағы жүгеннің бөлшектері жақсы сақталған екен. Жалпы, бұл қорған қатты тоналған. Әйел адамның сүйектері быт-шыт болып, жан-жаққа шашылған», деген археолог қорғандағы қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын, алдағы уақытта бұл жерді де музейге айналдыру қажет екендігін айтты.

Осы қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген Берелдегі қорық-музейдің директоры Жангелді Ахмадиевтің айтуынша, бұл қорымдағы, яғни №5 қорғандағы қазба жұмыстары Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен осы жылдың маусым айының басында басталған екен. Қорғаннан табылған адам қарағайдан жасалған табытқа жерленіпті. Табыттың ұзындығы – 2,5 метр, ені – 2 метр шамасында. Ал қорғанның биіктігі 7 метр, диаметрі 20 метр екен.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы

(Суреттер Берік Әбдіғалидің фейсбуктегі парақшасынан алынды)