Қазақстан • 02 Тамыз, 2017

Біртектілік пен бірлік

518 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруінің жоспары ретінде белгіленген «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы сараптамалар топтамасын біз одан әрі жалғастырамыз. Кезекті тақырыпқа халқымыздың ынтымағы мен келісімінің берік кепіліне айналатын біртектілік пен бірлік реформасының бүгінгі жай-күйі негіз болып отыр.

Біртектілік пен бірлік

«Қазақстандықтар – бола­шағы бір­тұтас ұлт. Қазақстандық  бір­тектілікті одан әрі нығайту қажет. Барлық азамат­тар құқық­тың бір көлемін пайдалануы, жауап­кершіліктің бір жүгін арқа­лауы және тең мүмкіндікке қол­же­тімділікті иеленуі керек. Біз өзіміздің тұрақтылық және ке­лісім моделін дамытуда ай­тарлықтай табыстарға жеттік», деген еді Елбасы Н.Назарбаев. Осы та­лапты іс­ке асыруға ық­пал ете­тін аталмыш  ре­­форма тү­бе­­гей­лі өзгертулердің төр­­тінші бағы­ты болып табылады. Мұн­­да жал­пы­адам­заттық құндылық­тар шең­берінде барлық қазақ­стан­дық­тарға ортақ «Мәңгілік ел» идеясына ерекше мән берілген. Соның ішінде Қа­зақстан халқы Ассамблеясының «Үл­кен ел – Үлкен отбасы» жобасы халық арасында кеңінен таралып, қазақ­стан­дықтардың қолдауына ие болуда. Осы бағытта ұйым­дас­тырылып жүр­ген барлық шаралар Қазақ елінің сәу­лелі шаңырағының астында Ел­ба­­сының болашақтың біртекті ұлтын құру туралы талабының орындалуына ықпал етеді.  Оған биылғы шілде айында Астана қаласында өткізілген Қазақстан этностық театрларының V рес­публикалық фестивалін де ен­гізуге болады. Бұл іс-шараның мақ­саты елдегі эт­ностардың бір­тектілікті құруына ық­пал ететін мәдени және тілдік алуан түр­­­лі­лігін сақтау, этносаралық төзім­ділікті нығайту, Қазақстан халқының мәде­ниетаралық байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталды. 


Фестивальға қа­тысқан қа­зақ­­стан­дық этностық театрлар­дың қатарында рес­публикалық академиялық неміс драма театры, республикалық ака­де­миялық корей музыкалық коме­дия театры, Қ.Қо­жа­мияров атын­дағы республикалық ұйғыр ака­демиялық музыкалық-ко­ме­дия театры, Астана жастар театры, Ақмола облыстық орыс дра­ма театры, Оңтүстік Қазақ­стан облыстық өзбек драма театры, Астана қаласы әкімді­гінің М.Горький атындағы Мем­ле­кет­тік академиялық орыс драма театрлары болып, олар Ә.Кекілбаевтың, А.Островс­кий­дің, Л.Со­ловьевтің, И.Гете­нің, Цой Ен Гын­ның шығар­маларын сахналады.  


Адамдардың біртекті болып ұйы­суына, бірегей мақсатқа жұмылуына әсер ететін ортақ табыс, ортақ жеңіс еке­ні белгілі. Бүгінгі қазақстандықтар тола­ғай табыстарға қол жеткізіп жүрген спорт­шы­ларымызды жаппай мақтан етіп, олардың есімдерін жас ұрпақтың жүректеріне түйіп жүргендерін көргенде де қуаныш сезіміне бөленесің. Мәселен, күні бүгінге дейін кәсіби бокста жойқын жеңістерімен танылған атақты жерлесіміз, барлық қазақстандық жас жеткіншектердің кумирі – Геннадий Головкиннің А­с­сам­блеяның ХХ сессиясында айтқан: «Менің әкем – орыс, шешем – корей, өзім – қазақпын, ал бар­­лық жеңістерімді мен өзім­нің еліме, халқыма, Прези­ден­тіме арнаймын», деген сөз­де­рі жұрттың бәрінің де жү­ре­гіне жылы тиді. Осындай ортақ мақтаныштарымыздың қата­ры­на аспан асты еліндегі миллиард­тардың жүрегін жаулап алған атақты әншіміз Димаш Құдайбергенді де қосуға болады. 


Бүгінгі күні оның есімін де барлық қа­зақстандық жеткіншектер мақтан тұтып, жүректеріне түйіп алған. Астанада бол­ған концертіне қазақстандық барлық этностардың өкілдері де таласа-тармаса барып жатқандарын көріп, ұлттық біртектіліктің көрінісі осындай-ақ болар деп қуандық.  
Ұлттың ұйысуы жетістік пен жеңісте ғана емес, ортақ қайғы мен ортақ қа­сі­реттерде де көрінеді. Ондайлардың бетін аулақ қылсын десек те кей-кейде от пен судан, зілзала мен жол апаттары­нан келетін кеселдер халқымыздың басы­на ауыр қасіреттер төндіріп кетеді. Міне, осындайда да қазақстандық біртұтас­тық­­тың көрінісін айқын көріп қаламыз. Суға батып бара жатқан қазақ баласын құт­қарған орыс жігіті немесе жалын­даған өрттің ортасында қалған орыс не­­месе басқа этнос бүлдіршіндерін басын бәйгеге тігіп құтқарған қазақ жігіті және т.б. туралы естіп-білгенде ерек­ше қуа­нып қаласың. Бұл да сол – бір-бірі­мізді бөлмей, бірегей ұлт болып ұйыса бас­тағанымыздың көрінісі сияқты. 


Ортақ қасіреттердің қатарына өткен ғасырдың 30-шы жылдары мың­да­ған адамдарды жазықсыз жазаға ұшырат­қан репрессияны да атауға болады. Қа­зақ­станда ғана емес, бұрынғы КСРО қолас­тында тұрған жүздеген халықтардың ұлдары мен қыздары жазықсыз жазаға ұшырап, қанды империяның нығаюы үшін, жеке адамның билігінің беки түсуі үшін құрбан болып, азаппен өлтірілді немесе ұзақ жылдар лагерьлерде азап шекті. Соның біршамасы Қазақ­стан аумағында орналасқан «Кар­лаг», «Степлаг», «АЛЖИР»-де болды. Сондай-ақ, тұтас халықтар туған жер­лерінен көшіріліп, ауыр да азапты сапар кешіп, Қазақстанға жүк вагондарымен жеткізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы қуғын-сүргін мен ашар­шылық құрбандарын еске алу мақ­сатымен жыл сайын халықаралық «Тарих­тан тағылым – өткенге тағзым» атты форум өткізіп, онда құрбандарды еске алып, олардың рухтарына тағзым етуді ұдайы ұйымдастырып келеді. Халық­аралық деңгейде өтетін бұл шара­лар да қазақстандықтардың ұйыса түсуіне ықпал етіп, қасіретті зұлматтың зардаптарын еске алып, енді қай­та­лан­бауын тілеген ортақ ниеттестік өзара ұйыстыруда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зоба­лаң да зұлмат ғасыр болды. Біз тарих­тың сабағын айқын түсінуіміз керек», деген сөздерін басшылыққа алған фо­румды ұйымдастырушылар өздері­нің үндеулерінде: «Тарихи зерде ха­лықтың қоғамдық санасының негізгі құрамдас бөлігі болып табылаты­нын атап айтамыз! Еске алу күні – Қазақ­станның көпэтносты жасампаз халқы­ның ортақ тарихын құрметтеуі және есте сақтауы. Еске алу күні – миллиондаған адамдардың өмірін құрбан еткен то­талитарлық режімнен шығудың символы. Қазақстан халқы үшін Еске алу күнінің мағынасы терең. Әрбір этнос, әрбір отбасы тоталитарлық жүйенің зауалына ұшырады. Әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы – сол қасіретті ке­зеңнің тарихи тағылымын өскелең ұр­пақтың санасына жеткізу, бірлік пен келісімді қастерлеуге баулу» деп атап көрсетті. 


Сол зобалаң жылдарда қазақ халқы жер аударылған 1,5 млн неміс, поляк, корей, чешен, түрік, грек және басқа да этностардың өкілдерін бауырына басты. Содан бері біздің қасиетті жері­мізде барлық этностардың татулық пен бірлікте өмір сүруінің негіздері қаланды. Бүгінгі күні Қазақстанға сол нәубетпен келген этностардың ұрпақтары қазақ халқына ризашылығы мен алғысын айтып жатады. Бұл да болса біздің ұлттық біртектілігімізге қызмет етіп отырған толымды фактор. Қазақ «таспен ұрғанды аспен ұр» деп жүріп, өзінің болашағына, келер ұрпағына ежелден жайлы өмір, бейбіт тұрмыстың негізін қалаған. Кекшілдікті көпшілдікке, ашуды ақылға жеңгізуінің және осындай кеңпейілінің арқасында қазақтың несібесі де молайып, елі аман, жұрты тыныш болып, болашаққа батыл қадам басып келеді.


Айта кететін жайт, осы реформаны заң­намалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Қазақстан Парламенті біршама заңдар қабылдады. Соның ішінде «Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы» туралы заң­ға ұйымның институттық рөлін кү­шейтетін, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік үшін жағдайлар жасайтын түзетулер енгізілді. Сондай-ақ, «Қайырымдылық туралы» жаңа заң ілеспесімен бірге қабылданды. Он­да Ұлт жоспарының осы қадамын жүзе­ге асыруды көздеп, қайырымдылық істер­ді жүзеге асырудың құқықтық негіз­дері халықаралық стандарттарға сәйкес­тен­дірілді.  


Біртектілік пен бірлік қадамын іске асыруға берік құқықтық негіз болатын өзгеріс «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңға енгізілген толықтыруларда айқын көрінді. Мұнда Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіндегі құзыреті нақ­ты­ланған. Сондай-ақ, заңда Қарулы Күш­тердің құрамаларында, әскери бөлім­дер­де Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны пай­далану (орнату, орналастыру) тәрті­бі жалпы әскери жарғыларға сәйкес айқын­далатыны және т.б. көрсетілген.


Сөйтіп, Ұлт жоспарының төртінші ба­ғы­тын іске асыру бірізділікпен жүр­гізіліп келеді. Оның нәтижелері бүгін­гі күні жаппай көрініс беріп, елдің тұтас­тығы мен тыныштығына елеулі үлес қо­сатындығын көрсетуде.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»