02 Тамыз, 2017

Қызыларай қазылығы

1440 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ата-жұрт: Аңызға айналған атаулар

Қызыларай қазылығы

Беғазы биігі туралы

Орталық Қазақстанда, дәлірек айт­сақ, Ақтоғай ауданындағы Жы­лан­ды тауының етегінде туып, өткен ғасыр­дың сексенінші жылдарына дейін өмір сүрген Ысқақ Сүлейменұлы деген боқ­тампаз адам болған. Тентек адам­ды жұрт «жынды Ысқақ» атап кет­­кен. Оның боқауыз сөздерін жұрт таң­­сық көріп, реті келсе өткен-кеткен адамдарды сыбатып алып отырған. Мар­құм Ақселеу Сейдімбек ағамыз да өзі тіленіп барып, жынды Ысқақтың боқтығын естіп қайтқан деседі. Кейін әңгі­месіне кейіпкер де қылған. Ысқақ қария үй-ішінен бөлек, ел ішіндегі қи­сық-қы­ңыр, телі-тентектерді сол бо­қауыз сөзі­мен тыйып отырған. Тарихшы ғалым Тұр­сын Жұртбай «Құнан­бай» атты кіта­бында жазғандай,  қыр басын­да бала­лармен ойнап тұрған Қиясбай­дың ерсі қылығына Абайдың ренжіп айта­тын әңгімесіне Қиясбай ақылды кейіп­те қарсы ренжіп: «Мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба?» дей­­тіні бар. Біз айтып отырған жынды Ыс­­қақ та сол Қиясбай сияқты кер за­ман­­ды келістіріп сынап-сыбап алған­дар­­­дың бірі. 

Иә, жынды Ысқақты не үшін еске алдық? Түнеу күні Арқаның алтын қа­зығы Ақтоғай ауданына қарасты, құт қонған Қызыларай дейтін ауылдың тор­қалы тоқсан жылдық дүбірлі тойы өтті. Бір топ қаламдас достар сол дүбір­лі асқа бардық. Текті топырақта кімдер тумады де­сеңізші!.. Арқадағы бес қазылықтың бірі са­налатын Қызыларай қазылықта туған елдің азаматтары тұлғаларын былай түгендейді: Алаш арыстары Әли­хан Бөкейхан, Әлімхан Ермекұлы, Ақ­байдың Жақыбы туған, әйгілі ақын-әнші-сазгер Әсет Найманбайұлы дүние есігін ашқан, баяғы Лена қырғынына қатысушы Угар Жәнібеков, xалық ақыны Ғабдиман Игенсартовтың кіндік қаны тамған, Қарағанды өңірінде 1939 жылы бірінші болып Ленин орденімен марапатталған ұстаз Әбдірахым Сма­ғұлұлы, асылдың сынығы, атақты ғалымдар Мағауия мен Мүсілім Ерме­ковтер, атақты суретшілер Сахи Рома­нов пен Қалқаман Тілеуханұлы, сондай-ақ, қазақ поэзиясының бірегей өкілі Ақ­сұңқардың Серігі түлеген текті төңі­рекке келе жатырмыз. Ондайда жол-жөнекей арғы-бергі тарих таразыға тар­тылып, тау-тас түгенделіп қалады.  Әңгі­ме-дүкен қызған тұстың бірінде Ақ­то­ғайға апара жатқан сара жолдың сол қап­талынан Жыланды тауы көрін­ді. Біз айтқан жынды Ысқақ та осы ал­­қаптың алыбы. Жынды Ысқақты жы­ры­мызға қосуымыздың се­бебі де сол, бара жатқан Қызыларай тау­лары­мыздың бір сілемі, атақты Беға­зы биігіне осыдан шамамен 1947-1952 жылдар аралығында атақты ар­хео­лог ғалым Әлкей Марғұлан қазба жұ­мыстарын жүргізген. Тура сол уа­қытта бүкіл Еуразия аумағына тара­ған Беғазы-Дәндібай мәдениеті қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататыны анықталып, осы мәдениеттің ескерт­кіш­терін Ақтоғай ауданында алғаш рет Әл­кей Марғұлан ашқан екен.

Қазба жұмыстары кешенді түрде зерттеуге алынған тұста ғалымдар ауыл­дың көнекөз қарияларын, білгір та­рих­шыларын, сөзге шешен ауылдың айтқыштарын сөйлетеді. Сондай бір қазба жұмыстары үстінде Әлкей ғалым жынды Ысқақты кездестіріп, атақты боқтампаз сықақшы екенін алдында естіген болса керек, Ысқақ шалға әдейі тиісіп: – Сіздің арғы аталарыңызда орыс­қа шатыс ешкім жоқ па? Шашыңыз шикіл сары, көзіңіз тұздай көк екен, – деп қағытып өтіпті. Сөйтсе, сөзден сүрін­ген Ысқақ болсын ба, салған жерде: – Әй, Әлкей! Менің арғы тегімді біл­гің келіп бара жатса, ақыры мола ақтарып жүрсің ғой, көрде жатқан шешемді қазып алып, өзінен сұра! –деген екен.

Иә, біз әуелден-ақ әңгімемізді Әлкейден бастағымыз келген. Себебі, біз бара жатқан Қызыларай, Қаратал ауылдарына Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның нұсқауымен Әлкей Марғұлан бірнеше мәрте барып, ондағы таңбалы тастарды, көне қорымдарды, әсем табиғат пен өркениет ошақтарының орындарын өз зерттеуіне алып, ол қасиетті топырақты әлемдік тарих ғылымына Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген атпен айқын таңбалаған болатын. Есімізге Беғазы аңызы мен ақиқаты туралы бірнеше әңгіме қатар келді. Өз зерттеуінде Әлкей Марғұлан атақты Манас батыр Арқаға келгенде Беғазы тауының бөктерін жайлағанын жазады. Әуелде Беғазы – жауға шапқан батыр қыздың есімі екен. Таудың аты сол батыр қыздың ерлігі құрметіне қойылған деген аңыз бар ел аузында. Және бір әпсанада Беғазы тауының басында Манас батырдың Аққұла тұлпарының тас ақыры болған делінеді. Қасиетті мекен жайлы сол топырақтың сом алтыны Әлімхан Ермековтің қыл өтпес қимас дос­тары Григорий Потанин мен Федор Усов та қойын дәптерлеріне қомақты құжат боларлық түрлі аңыздарды түртіп алған. Біреулер «Ақтоғайға темір жол тартылмай, өркениет көшінен кейін қалған» деп қалады. Біз сонда шамданып «Ақтоғай – нағыз өркениеттің өрінде тұрған өте мәдениетті аймақ» дер едік. Түптеп келгенде мәдениеттің атасы осы Ақтоғайдағы Беғазы тауынан бастау алып отырғанын бүгінгі тарих ғылымы әбден дәлелдеп қойды. Қазіргі таңда осы Еуразия құрлығын жайлаған Беғазы-Дәндібай мәдениеті Еуропа жерлеріне, сонау Ауғанстан, Иранға дейін созылған. Зор мақтанышпен айтатынымыз, соншалықты алып аймақты алып жатқан ұлы өркениеттің ошағы – біздің Беғазыдан бастау алатындығы. Қайбір жылы археолог ғалым Сағындық Жауымбаев бастаған ҚарМУ-дың жас тарихшылары Германиядан келген археолог ғалымдармен бірлесіп, аталмыш аймақты зерттеген болатын. Оның нәтижесінде әлгі ғалымдардың  таң қалғандығы, Беғазы қорымынан табылған металл сынықтарының түрі Еуропа жерлерінен табылған қолдан жасалған бұйымдардың металымен сәйкес болып шыққан. Тіпті Беғазыдағы көне бұйымдардың жасалу тәсілі ертеректе қолмен құйылғандығымен озық тұр. Бұдан жасалған болжам – Беғазы-Дәндібай дәуіріндегі адамдардың Азия мен Еуропаға жаугершілік жорықтар немесе сауда-саттық қатынастарын жиі жасап тұрғандығы. Бұл – өркениет емей немене?! Сондай-ақ, Беғазы қорымдарын аралаған уақытта, оның заманында алып мавзолей болғандығына көз жеткізуге болады. Бертінгі тарихтан білетініміздей, қазақтан шыққан атақты тұлғаларды Түркістанға жерлеп келген болса, сол заманның ұлы көсемдері мен даңқты патшаларын Беғазы қорымына жерлеп отырған. Оны Әлкей Марғұлан зерттеулері де растайды. Аумағы кішігірім ауылды қамтитын алып қорымның тура ортасында құрылыс сәулеті өзгеше алты көсемнің бейітін анық көруге болады.

Осы деректермен сабақтас ақтоғайлық өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан айтқан тағы бір әңгіме бар. Әлихан Бөкейхан жазбаларында өзі туып-өскен Қаратал өзені мен Желтаудан әрі Жамбай деген балуанның бейіті болған. Қозы бағып жүрген жас Әлихан сонда әлгі балуанның бейітіне барып, жеті қарыс саптыаяғын көргенін жазады. Айтпағымыз, сонау алыстағы атақты Жамбайдың бейітін көрген Әлихан қозыкөш жердегі Беғазы тауларын, ондағы таңбалы тарихты көзі шалмауы мүмкін емес еді.  Желтаудың екі беті толған таңбалы тастар. Олардың қалғаны бар, қирағаны бар, бүгінгі таңда бес жүзге тарта таңбалы тастар тарихтың тілсіз куәгерлері болып ғасырларды ғасырларға жалғап жатыр. Әлихан туған Желтаудан бастап, Қарашоқыны өрлей Қарқаралының Аппаз ауылына дейін қырыққа тарта адам кейпіндегі түрік дәуірінің балбал мүсіндері және сілейіп тұр. Бары бар болғанымен, ауыл ақсақалдары кейінгі уақытта ол тарихи жәдігерлерді кейбір жеке кәсіпкерлер жаңа салынған тойханалары мен қонақ үйлерінің алдына орнатуды әдетке айналдыра бастағандығын ренішпен айтып қалды. 

Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы зерттеуінде көрсеткендей, академик Әлкей Марғұланның естелігіне сәйкес, 1926 жылдың жазында КСРО ҒА-ның антропологиялық экспедициясымен  барғанында Адай елі Әлиханды зор құрметпен, қошеметпен күтіп, үстіне жарғақтан шапан жапқанын айтады. Әлихан мен Әлкейдің сол сапарда бірге түскен суреттері де бар. Оны айтып отырған себебіміз, сол уақыттарда Алаш көсемі Әлиханның ізбасар інісі Әлкей Марғұланға Ақтоғайдағы Қызыларай, Ақсораң, Әулиеата, Тесіктас, Беғазы тауларын зерттеуді бірінші кезекте тапсырма қылып бермесіне кім кепіл? Ол солай болған да еді... Тарихты сөйлетер болсақ, 1947 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция құрамы жасақталып, оған Әлкей Марғұлан басшылық жасайды. Ол басшы сол уақытта неге бірден иесіз дала Ақтоғайдан қазба жұмыстарын бастайды деп ойлайсыз? Демек, осы жерден-ақ, Әлкей ғалым Әлиханның ұлы мұраттарын тікелей жалғастырушы тұлға болып отырғандығы айқындалады. Одан бергі тарихта да Әлиханның туған інісі Смахан төремен Әлкей отыз жылдай араласып, хат-хабар үзілмеген. Смахан төренің баласы Балабаршын сол кездерді есіне алып, Әлкей мен Смахан әкесінің төргі үйдің есігін жауып алып ұзақ әңгімелесетінін айтқан болатын. 

Тағы бір дерек, сол Беғазыға жапсарлас жоғарыда да айтылған Әулиетау деген қасиетті биік бар. Онда неолит дәуірінің таңбалары бар жақпар тастар да өз зерттеушілерін күтіп жатқаны шындық. Ондай таңбалар осы уақытқа дейін Қазақстанның бір-ақ жерінде, Шығыс Қазақстан облысының Ақбауыр деген жерінде ғана болып келген. Ол суреттерді зерттеушілер биік тақта тастарға жосаны итмұрынға езіп таңбалағанын анықтапты. Өкініштісі сол, қыдырып, демалуға барған туристер ол суреттерді аяусыз шимайлап жатыр. Біріншіден, әрине, Ақтоғайдың Қызыларай сілемдерін тамашалаған адамның назары тоймауы, жазары таусылмауы заңды. Сондықтан, ол аймақтарға туризмнің туы тігіліп, алты құрлықтың назарын аудару қажет. Сәйкесінше, қымбат мекеннің әрбір жәдігерін көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа бүлдірмей табыстау борышымыз екенін де ұмытпаған дұрыс.

Әлімхан тұғыры

Жоғарыда да айтып кеткеніміздей, Ақтоғайды алаштың рухани астанасы десек, сол Ақтоғайдың қасиетті тұрақтары Желтауда Әлихан Бөкейхан, Бөріктаста Әлімхан, Төңіректаста Жақып туыпты. Барлығы бір-бір биікте дүние есігін ашып, өмірлері де биік-биік мінбелерде өткен есіл тұлғалар. 
Қызыларайдың тойына келе жатып тағы бір сүйіншілі хабарды Қаратал жұртынан естідік. Бүгінде Шабанбай би ауылы аталатын Қараталдағы орта мектептің алдында Алаш алыптарының бірі һәм бірегейі Әлімхан Ермекұлының бюсті ашылыпты. Айтулы оқиға Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Аталған мектеп Әлекең есімін иеленген. Сондықтан, баба бюстінің ғимарат алдынан орын алуы – заңды. Мектеп директоры Теңдік Қарашолақов бастаған білім ордасының ұжымы ұлағатты іске ұйытқы бола білген. Салтанатты рәсімге аудан әкімі С.Әбеуова, баба ұрпақтары – Ф.Ысқақова, О.Ермеков, мектеп түлектері мен ауыл тұрғындары қатысыпты. Салтанат Мірәсілқызы қатысушыларды қайраткер бюстінің ашылуымен құттықтап, бұл шараның жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталған жиын өтіпті. Профессор, осы ауылдың тумасы Жандос Смағұлов Ермеков еңбегін, тағылымды өмір жолын жан-жақты қамтыған баяндама жасап, перзент парызын өтеген. Сондай-ақ, биыл Алаш қайраткерінің туғанына 126 жыл толып отыр. Алаш қозғалысының жетекшілері сапында қазағына қызмет еткен тұлғаға халқы мәңгі қарыздар. Қазақ мемлекетінің шекарасын белгілеуде өлшеусіз тер төккен Әлекең есімі ұмытылмасы анық. Бюст орнатудағы негізгі мақсат – бабаға деген сол биік құрметті таныту ғой. Бабаның ұрпақтары белсенділік танытып, барлық шығындарды көтеріп алған. Бұл орайда, Әлекеңнің ұрпағы, кәсіпкер Ержан Нұртазинге Қараталдағы ағайын дән риза. Әлімхандай ұл қазаққа әрдайым керек. Әлекең мүсінін күнде көріп өскен өскіндер арасынан бабаға лайық ұл шығарына сеніміміз кәміл. Елбасы айтқан, «туған жерге туыңды тік!» деген қазақ қағидасы осындай шарапатты шаралардан бастау алары сөзсіз.

Қызыларай қызықтары

«Той атынан тон тігіледі» дегендей, қара жердің ақ тозаңын көк аспанға көтеріп жатқан Қызыларайдың бірінші жаңалығы – қызық қарсаңында ашылған жастар саябағы мен балалардың ойын алаңы болды.
Бірлігі бекем бұл ауылда келер жылы спорт кешені мен мешіттің құрылысы да кезек күттірмей басталғалы тұрған көрінеді. Ауыл ақсақалдары әлеуметтік нысанның алғашқы кірпішін қалады. Салтанатты рәсімді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Рымбек Жүнісов және Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Мірәсілқызы арнайы жасады. Ал қыркүйекте ұялы байланыс жүйесі орнайды деп ел мәз. Бұның барлығы – осы жерден түлеп ұшқан жергілікті кәсіпкерлердің туған жерге деген тартуы. Арқаның асқар тауы Ақсораңның бауырын ен жайлаған қасиетті Ақжарық осылайша тоқсан жылдық торқалы тойын бастап кетті. Ауылдың арда азаматтарының, сондай-ақ Қызыларай ауылында туған барлық халық демеушілігімен ұйымдасқан той өз деңгейінде дәрежеленді. Аядай ауыл 21 ақшаңқан киіз үй тігіп,  алғашқы күні 1000 лоторея билеті ойнатылып, бас жүлдеге ту бие тігіпті. Атан өгіз, қошқар, серке жəне тоңазытқыш, теледидар сияқты 350-ге тарта тұрмыстық техника ұтысқа тігіліп, келген қонақтар сыйлыққа қарық болып жатты. Мерейтой танымдық конференциямен ашылды. Көлемді баяндамалар жасалып, ауылдан шыққан азаматтар ақжарма тілектерін арнады. Қазақтың сары тентек ақыны Қуаныш Мақсұтов тойға жырдан шашу шашып, Қызыларайға арналған əн байқауы өтті.  Мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруда әнші-сазгер Ерболат Серкебаев, әнші Балауса Әбдуалиева, журналист Аяулым Совет бастаған өнерлі жастардың өнегелі істері жұртты ерекше тамсантты. Алқалы жиын айналасында өлкетанушы Торғай Ақпанбаева  құрастырған «Қызыларай» кітабының, 90 жылдыққа арналған фильмнің және ән жинақтың тұсаукесері өтті. Ал Ақжарықтың екінші бетінде ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен саябақ ашылып, 450 түп ағаш егілді. Мерейлі  мерейтой одан әрі,  «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасымен сәнді жалғасты. 

Сол күні 90 жылдық тарихы бар Қызыларайдың топырағы тұлпар тұяғымен дүр сілкінді. Ондағы сілкінген топырақ, қазақтың талай дүлдүлі дүниеге келген, қайталап айтсақ арзымас ақын, әнші Әсет Найманбаев пен қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор Әлімхан Ермековті тудырған топырақ еді. Осы жерде айта кеткен жөн, сегіз қырлы сері Әсеттің, айтулы алашордашыл тұлғаның туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Ол той да бергісі аудан көлемінде, арғысы республика көлемінде ұлықталады деген үлкен үмітіміз бар. Қызыларайдың 90 жылдық торқалы тойын өткізуге ауыл болып атсалысқан. Дегенмен, осы мерейтойдың өз деңгейінде өткізілуіне қомақты қаржылай  үлес қосып, қолдау көрсеткен, елеулі еңбек сіңірген азаматтар той қарсаңында «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалімен марапатталды. Ол қатарда Т.Ақпанбаева, Б.Сыздықов, С.Қасымбеков, Е.Нұртазин, А.Майқыбеков, М.Әліпбергенов бар. 

– Осы жерде келесі жылы жастарға арналған спорт кешенін бастаймыз. Сосын ауыл ақсақалдары мешіт салып беруді сұрап отыр, мешіт кішкентай. Сондықтан мешіт салатын шығармыз. Тағы да әлеуметтік шаралар жасай береміз. Той жасаудағы басты мақсат – ауылды көркейту, – дейді қызыларайлық жеке кәсіпкер Серік Қасымбеков. Сонымен қатар, ауыл әкімі Шекер Төлепбекова айтқандай, – бұл енді Елбасымыздың ауылды көркейту, жаңарту жөніндегі жобасының игі істері деп ойлаймыз. Елден кеткен жан-жаққа, сыртқа көшіп кеткен азаматтар ауылымыздың көркеюіне, торқалы 90 жылдық тойға атсалысып, барлығы көмектесіп, ауылды көркейтіп жатыр, нағыз рухани жаңару мен жаңғыру осы шығар, – дейді.
Тойдың нағыз қызған тұсында Ойрантаудың бауырында ұлттық спорттың бірнеше түрінен жарыс басталып кетті. 40-қа жуық сәйгүлік қатысқан аламан бәйгенің бас жүлдесін Балқаш қаласынан келген шабандоз иеленіп, Елдос Науановтың бірінші келген ат иесі көлік мінді. Түйе балуанда жаңарқалық балуан Ақсұңқар Нүркеев бас бәйгені қанжығалады. Жалпы, Қызыларайдың тарихымен қатар табиғаты да көркем. Орталық Қазақстандағы ең биік Ақсораң шыңы осы ауылда екенін білетін бір топ шығармашыл жастар тойдың ертеңінде Арқаның төріне ту қадады. Және бір жаңалық, өлкенің осынау әсем жаратылысын суреттейтін жаңа бейнебаян бұл күні жұртқа таныстырылды. Серік Ақсұңқарұлы жырлағандай, «дүниежүзілік картада, жүрекке ыстық бір нүкте дейтін» Қызыларайды тағы бірде:

Атыңды ылғи аңыз ғып айтыпты өлең,
Соның бәрін бір жерге қайтіп терем?
Мен өзіңнен жүз рет кетіп қалып,
Жүз мың мәрте қайтадан қайтып келем, – деп біз де қимай аттаныстық. 

Мирас АСАН, 
«Егемен Қазақстан» 
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы