Үкімет • 02 Тамыз, 2017

Межелі міндеттер Үкімет бақылауында

163 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу шаралары, сондай-ақ, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу мен қабылдау емтихандарының қорытындылары қаралды.

Межелі міндеттер Үкімет бақылауында

Міндетті медициналық сақтандырудан ешкім шет қалмауы тиіс


Жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов реформа 1 шілдеде бастау ал­ғанын және қазіргі уақытта Сақ­тандыру қорына жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жұмыс берушілердің жарналары түсіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, жүйе жұ­мы­сында болуы мүмкін ақау­лар­дың алдын алу мақса­тында МӘМС енгізудің тәуе­кел­дерін басқару бойынша іс-шаралардың кешенді ведомствоаралық жос­пары бекітілгенін атап өтті. Жос­пар мемлекеттік және жер­гі­лік­ті атқарушы органдар­дың ақпараттық-түсін­діру жұ­мыстары, МӘМС жүйесінің қар­жылық тұрақтылығын қам­та­масыз ету, ақпараттық жүйе­лер және оларды ықпал­дас­тыру, нормативтік құқық­тық актілерді әзірлеу дейтін 4 бөлімнен тұрады.


Министрдің мәліметінше, әрбір тәуекел бойынша оларды жоюға қажетті іс-шаралар анық­талған. Ал МӘМС негіз­гі нор­мативтік-құқықтық акті­лері келісуден өтіп жатыр. Бұ­дан өзге, МӘМС ақпараттық жүйесін құру мақсатында мем­лекеттік органдар, Әлеу­мет­тік медициналық сақтан­дыру қоры және «Азамат­тарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы бір­лескен жұмыс жүргізуде. Са­лымдарды өздерінің орнына мемлекет төлейтін тұлғаларды есепке алу «Төлемдерді өң­деу­ді ұйымдастыру» авто­мат­тан­дырылған жүйесі не­гі­­зінде 14 санат бойынша жүр­гі­зіледі. Оған Еңбек жә­не ха­лықты әлеуметтік қор­ғау ми­нистрлігінің 5 ақпарат жүйе­сінің мәліметтері мен Ішкі істер, Білім және ғы­лым және Денсаулық сақ­тау министрліктері база­ла­ры­ның мәліметтері ықпалдас­тырылады. Нәтижесінде, бар­лық ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің «Тіркелген халық тіркелімі» жүйесіне жүктеледі және азаматтардың МӘМС жүйесіндегі мәрте­бесін анықтау үшін барлық меди­циналық ұйымдарға қол­жетімді болады. Мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларынан «түсіп қалуы» мүмкін азаматтар үшін өтініш түрінде ХҚКО арқылы өзінің нақты санатқа жататынын растау мүмкіндігін жасау ұсынылуда. Елжан Біртанов сондай-ақ, МӘМС енгізудің осы кезеңінде Денсаулық сақ­тау министрлігі, басқа да мүд­делі мемлекеттік органдар, облыс әкімдіктері түрлі мақ­сатты топтармен кеңінен ақ­па­рат­тық-түсіндіру жұмысы жал­ғасып жатқанын жеткізді. 


Отырыста МӘМС енгізу та­қырыбында «Әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ак­цио­нерлік қоғамы басқар­масының төрағасы Е.Бах­мутова, Маңғыстау облысы­ның әкімі Е.Тоғжанов, Ақ­мо­ла облысының әкімі М.Мыр­залин және Атырау облысы әкімінің бірінші орынбаса­ры С.Лұқпанов қосымша баян­дап, өңірлерде жүзеге асу жайын хабарлады.
Ал мәселені қоры­тын­дылау барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыруды енгізуді одан әрі жал­ғастыру бойынша бірқатар тап­сырмалар берді. Үкімет бас­шысы Денсаулық сақтау, Ақпарат және коммуникация­лар министрліктеріне облыс­тардың, Астана, Алматы қала­ларының әкімдіктерімен бірге жұмыс берушілер, кәсіп­керлер және өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған азаматтар ара­сында ақпараттық-түсін­діру жұмысын жанданды­руды тапсырды. Бұдан өзге, Мемлекеттік кірістер коми­те­тімен бірге жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жарналарын төлеу бойынша апта сайын мониторинг жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ, Пре­мьер-Министр табыс­тары төмен немесе жоқ аза­мат­тарға баса назар аударуды тап­­сырды. Оған бейресми сек­тор жұмысшылары, тіркел­меген жұмыссыздар, мәрте­бесі жоқ тұлғалар жатады.

Бұл азаматтар міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтан­дыру жүйесінен тыс қал­мауы үшін Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыстардың, Ас­тана, Алматы қалаларының әкім­дерімен бірге бірқатар мәсе­лені пысықтау керек. Мә­се­лен, осындай тұлға­ларды олардың жеке мәлімет­терін көрсете отырып, сәйкес­тен­діру тетігі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту мақсатында оларды жұмыспен қамтамасыз ету шараларын қолға алу қажет. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігіне «Мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң­ға жақында енгізілген өзгеріс­тер­ді ескере отырып, ағымдағы жыл­дың тамызының со­ңы­на дейін міндетті әлеу­мет­­тік ме­ди­циналық сақтан­ды­ру­дың нормативтік құқық­тық актілерін әзірлеуді жедел­де­туді тапсырды. 

ҰБТ ойдағыдай өтті


Үкімет отырысында қа­ралған келесі мәселе – жа­ңа форматта өткен Ұлт­тық бірың­ғай тестілеу қорытын­ды­лары. Бұл ретте Білім және ғы­лым министрі Ер­лан Са­­ғадиев биыл ҰБТ-ның жаңа формат бойынша жүргі­зіл­генін және екі рәсімге, атап айтқанда, мектептердегі бі­тіру емтихандары секілді қо­ры­­тынды аттестаттау және ЖОО-ға қабылдау емтиханы­на бөлінгенін атап өтті. Бұл формат Жапонияның, Из­раильдің және АҚШ-тың ха­лық­аларық тәжірибесін талдау нә­тижесінде әзірленген. 


«ҰБТ-ның мазмұндық бөл­і­­мінде логикалық ойлау дең­­гейін, базалық құзырлы­лықты және әрі қарай оқуға деген қабілеттілікті, яғни функ­­циялық сауаттылықты анық­тауға бағдарланған тес­тілер болды. Бұдан өзге, биыл алғаш рет тестілеудің онлайн-таратылымы іске қосылды. Бұл барлық ниет білдіргендерге Қазақстанның кез келген жерінен тестілеу үдерісін бақылауға мүм­кін­дік берді, сәйкесінше бұзу­шы­лық­тардың санын төмендетті», деді министр. Жалпы ҰБТ-ға 88 595 адам қатысқан, бұл өтінім бергендердің 95 пайы­зын құрайды. Тестілеу қорытындысына сәйкес рес­публика бойынша орташа балл 140-тың 80,5-ін құраған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 125-тің 81-і болған. 50 балдан тұратын межелік деңгейден 74 517 түлек асты, бұл – қаты­су­шылардың 84 пайызы. Ал кешендік тестілеу 17-23 шіл­де аралығында жо­ға­ры оқу орындарының 48 пунк­тінде өткен. Оған қатысуға 54 649 өтінім беріліп, іс жү­зін­де тес­тілеуге 50 416 адам қа­ты­сыпты. 50 балдан тұратын ме­желік деңгейден 21 078 адам немесе түлектердің жалпы санының 42 пайызынан асқан.


Межелік деңгейден өтпе­гендер тестілеуден қайтадан өте алады. Құжаттарды қабыл­дау 1-8 тамыз аралығында, ал тес­тілеу 19-24 тамыз ара­лы­ғында өтеді. Межелік дең­гей­ден екінші ретте де өтпей қалған жағдайда ЖОО-ға бір семестрге ақылы негізде оқуға мүмкіндік беріледі.  

МӘМС – Ұлт жоспарында көзделген міндет


Үкімет отырысынан кейін баспасөз орталығында Ден­­саулық сақтау министрі Ел­жан Біртанов пен «Әлеу­мет­тік медициналық сақтан­дыру қоры» КЕАҚ басқар­ма төра­йымы Елена Бахму­то­ваның қатысуымен баспа­сөз мәслихаты өтті. Онда «100 нақты қадам» Ұлт жос­­парының іске асырылу ба­рысы туралы айтылды. Ұлт жоспарының негізінде бас­пасөз мәжілісінде Ден­саулық сақтау ми­нистрі Елжан Бір­танов Қазақ­стан­дағы міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жұмыс­тары туралы толығырақ айтып өтті. Бұл мәселе Ұлт жоспарының 80-қа­дамы бойынша жүзеге асы­рылып жатқаны белгілі.  Соны­мен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі Ұлт жос­­­парының 81-қадамы – «Ж­е­кеменшік медицинаны да­мыту, медициналық меке­ме­лерге корпоративтік басқа­руды енгізу», 82-қадамы – «Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігі қасы­нан медициналық қызмет сапасы бойынша бірлескен комиссияны құру» тапсырмалары аясында да ауқымды жұмыстар атқаруда. 


МӘМС жүйесіне биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер қатысып жатыр. Ал алдағы 1 қаңтардан бастап жарналарды төлеуге өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да қосылады, сондай-ақ, мемлекет жарна төлеуден босатылған халықтың 14 санатын, соның ішінде бірін­ші кезекте халықтың әлеу­меттік қорғалмаған тобын сақ­тан­дыратын болады. Жалдамалы жұмысшылар жүйеге 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылады. Сонымен қатар, барлық азаматтар сақтан­ды­рылғанына немесе сақтан­дырылмағанына қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алатын болады.  


«Қор жеткілікті түрде ау­қымды, ол барлық шұғыл әрі жедел медициналық кө­мектен, онкология, туберкулез, психиатрия және аса қауіпті жұқпалар секілді әлеу­меттік маңызы бар ауруларға көмек көрсетуден, сондай-ақ, санитарлық авиациядан тұрады. Бүгінгі таңда тізім бекітілген. Бұдан өзге, бар­лық азаматтар ауруға қарсы ал­дын ала егуден өтуге құқы­лы, сонымен қатар, 2020 жыл­ға дейін барлық өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дар, яғни әлеуетті сақтанды­рыл­майтындардың барлығы амбулаториялық-емханалық көмектің барлық кешенін алып, тегін дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етілетін болады. Бұл халықтың барлық тобы ме­­­ди­­циналық көмек алу ке­зін­­де еш шектеу көрмеуі үшін жаса­лып жатыр»,  деді Е.Бір­та­нов.


Өз кезегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ак­цио­нерлік қоғамының бас­қарма төрайымы Елена Бах­мутова МӘМС қорын қалып­тастыру кезінде неліктен жи­нақтаушы жүйесі қол­да­нылмайтынын түсін­діріп берді. Е.Бахмутова МӘМС жүйесі жинақтаушы емес екенін және жекелеген адам­­ға жұмсалуы мүмкін нақты ақша сомасымен шектел­ме­генін мәлімдеді. «Мұнда ын­ты­­мақ­тастық қа­ғидасы қол­данылады, яғ­ни жинақ­таушы жүйесін қол­данған жағдайда, 2 669 теңге көлемінде ай сайынғы ауда­рымды төлеуі тиіс адам жы­лына шамамен 32 мың теңге жинай алуы мүмкін. Өз кезегінде, асқын­баған босану шамамен 82 мың теңге тұрады, ал айтарлықтай көп таралған қолқа қан тамырын шунттау операциясы шамамен 1,8 млн теңге тұ­рады. Осылайша, аталған қыз­меттерге жүгіну үшін жи­нақтау қорындағы сома жет­кіліксіз болар еді», деді Е.Бах­мутова.
Осыған орай, оның айтуынша, ынтымақтастық жүйесі адамға өзінің сал­ған жар­насының немесе ауда­­рым­дарының сомасына қарамас­тан, өзіне қажетті меди­цина­лық көмек көлемін алуға мүм­кіндік береді. Айт­қандай,  меди­циналық сақтан­дыру жүйесі туралы аза­маттардың ақпа­рат­тан­ды­рылуын арттыру мақ­­сатында 21 шілдеден бастап мемлекеттік және орыс тілдерінде ыңғайлы интер­­фейспен және нашар еститін азаматтарға арналған нұсқа­сымен қордың жаңа веб-сай­ты іске қосылыпты. Әлеу­меттік медициналық сақтан­ды­ру жүйесіне қатысты барлық ақ­парат сол сайтта топтас­ты­рылған.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»