Аймақтар • 02 Тамыз, 2017

Кедергісіз өмір келешегі

166 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресми статистика бойынша, елімізде 600 мыңнан астам мүгедек бар көрінеді. Әйтсе де, біз оларды көшеден өте сирек көреміз. Мүмкіндігі шектеулі жандар үйден шыға алмайды. Өйткені, олар өз бетімен аяқ киімнің бауын байлап, тамақ іше алмайды, тіпті қарапайым дүниелерге қол созып, ала алмайды. Бұл жандарға қалай және кімдер көмек бермек? Сондықтан Мейкатон ТОМ:Kazakhstan ұйымдастырған шаралар еліміз үшін әлеуметтік мәнге ие.

Кедергісіз өмір келешегі

С.Торайғыров атындағы Пав­­лодар мемлекеттік универ­сите­тінде «Мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған» өнертап­қыштар марафоны өтті. Мақсаты – мүгедектер үшін кедергісіз өмір жасау. Марафонға еліміздің жо­ғары оқу орындарынан келген 8 командаға біріккен студенттер, жа­ңа­лық жасаушы инженерлер, өнер­тапқыштардан тұратын қазақ­стандық мейкерлер тобы қатыс­ты. Осы шара барысында қаты­су­шылар жеңіл жүре алатын арба­лар жасау жобасын жүзеге асы­ру­ды, автоматтандырылған тамақ­тандырушы, маман­данды­рыл­­ған пернетақта сияқты басқа да құралдар ойлап та­бады. Бұл құрыл­ғылар мүмкін­дігі шек­теулі жан­дардың өмір сапасын жақ­сартып, сенім­ді­лікке жете­лейді. Ұйымдасты­ру­шы­лардың ай­туынша, мейкатонның басты айыр­машылығы, қажетті жабдық­тарды жасаған кезде оларға шын мәнінде мүмкіндігі шектеулі жандар қолғабыс етіп, өздері үшін жасалатын бұйымдардың кем-ке­тігін түзеп, тіпті кейде же­тіл­діретін тұстарын айтып, көмек береді. Аталған про­тотип­тер шын мәнінде пайдалы әрі қол­­жетімді құралға айна­луы мүмкін. Ал, мей­керлер ко­мандасы сәтті стар­тапы бар әлеу­меттік кәсіпкер­лерге айналмақ. 


Tikkun Olam Makers жобасы аясында өтіп жатқан өнер­тап­­қыш­тар марафонында Ма­хамбет Өте­міс­ұлы атын­дағы Батыс Қазақ­­стан мемле­кеттік универ­си­те­тінің студенттері мүмкіндігі шек­­теулі жандарға арналған та­мақ­тану құ­рыл­ғысын таныс­тырды. Тамақ­тану құрылғысы жүйке жүйесі зақымданған жан­дарға арналған. Олардың қолдары дұрыс ұстай алмайды, денелері толық жетілмеген. Сол себептен қолдың көмегінсіз автоматты түр­­де жұмыс істейтін арнайы құ­рылғы ойлап тауыпты. Ал, өнер­­тапқыштар марафоны­на қатыс­қан жергілікті студент­тер бол­са, мүгедек жандар үшін жаса­ған еден жуатын құрыл­ғыла­рын таныстырды. Құрыл­ғыға құ­быр­ларды шарнирмен бі­рік­тіріп, оның табандарына еденде таймас үшін резина кигізеді. Оған еден жуатын жұмсақ қосымшасын орнатады. Өздігімен жүріп-тұра алмайтын адамдар соған сүйе­ніп тұрып-ақ, еден жуа алады. Астана, Тараз, Өскемен және Се­мейден келген студенттер бірінші топтағы мүгедек Галина Сычеваға арнап жасанды аяқ құрастыруға кірісті. Астанадағы Назарбаев университетінің робот техникасы мамандығы бойынша білім алатын студент Айкөркем Жұмажанның айтуынша, Галина Сычева про­тез­ді қайтадан жеңіл материалдан жасап беруін өтініпті. Ол студенттермен бірлесіп, титан мате­риалынан жасанды жұмсақ про­тез құрылғысын жасады. Пав­ло­дарлық Дмитрий Куричев зағип жандарға арналған шкаф жа­саған. Шкафтың тартпалары батырма арқылы өздігінен айна­лып тұрады. Студенттер өздері жасаған жобаларын қорғап шыға­тынына үмітті. Өйткені, мүгедек жандардың өмір сүруіне аса қажет жобаларға қаржылық қолдау көр­сетіледі. 


Мейкатон кезінде әр коман­даға бекітілген тізімге сәйкес, про­­­тотип әзірлеуге қажетті жаб­дықтар беріледі. Мүмкіндігі шек­теулі жандарға прототиптерді әзір­леуге қажетті құралдарды бү­кіл әлем бойынша зерттеу жұ­мыс­тары мен стартаптарды қолдап келе жатқан Bosch Global. BOSCH компаниясы ұсынып отыр. Неміс компаниялар тобы – өндіріс пен автомобиль технологиялары, қаптау технологиясы мен құ­рылыс тауарларын өндіретін жетекші компания. Әлемнің 60 елінде 440 еншілес кәсіпорны та­быс­­ты жұмыс істейді. 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жат­қан мейкатонның мақсаты – қолжетімді бағадағы және прототип ретінде болашақта жаппай өндіру үшін пайдаланылатын пайдалы құрал жасау. Мейкатонның ерек­шелігі – прототиптерді әзір­леу кезінде өнертапқыштарға мүм­­кіндігі шектеулі адамдар, оңал­­ту мамандары, психологтар, өнертабыстарды саудаға шығара алатын мамандар, әлеуметтік кә­сіп­­керлер көмектеседі. Дайын өнім­дер мүмкіндігі шектеулі адам­­дарға сыйлық ретінде бері­леді. 
– Мүмкіндігі шектеулі жан­дардың өмірін жақсартуға арнал­ған «ТОМ: Kazakhstan» жобасы Қазақстанда алғаш рет өтуде. 2014 жылдан бері АҚШ, Арген­тина, Ұлыбритания, Израиль, Бра­зилия, Канада, Австралия мен Вьет­намда ұйымдастырылып келеді, – дейді Тель-Авив универ­ситеті кәсіпкерлік орталығының директоры Елена Донец.


Марафон қорытындысында Валерий Литвиновтың командасы жасаған жобалары 1-орынға шықты, Д.Куричев жасаған «қол­жетімді» шкаф 3-орын алса, жер­гі­лікті студенттердің тағы бір жобасы еден жуғыш 2-орын иеленді. 

Фарида БЫҚАЙ, 
«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы

Суреттерді түсірген  Руфина ТОРПИЩЕВА