02 Тамыз, 2017

Қазақстан дипломатиясының қарымы

111 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекетіміз ширек ғасырдан астам мерзім ішінде талай қиын­дықтар мен сынақтардан өтіп, мол тә­жірибе жинақтап, еңсе тіктей біл­ді. Осы орайда Қазақстан дип­ло­матиясының жемісті жұмысын ерек­ше атап өтуге тиіспіз.

Қазақстан дипломатиясының қарымы

Тәуелсіздіктің алғашқы ке­зең­де­рінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің сыртқы саяси басымдықтарын айқындады. Қазақстан сыртқы саясатының бас­ты ұстанымы тату көршілік қатынас пен өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласпау, басқа мемлекеттермен тең құқылық жағдайында түрлі салаларда ынтымақтастықты дамыту, туын­даған мәселелердің бәрін бейбіт және дип­ломатиялық жолмен шешуге ұмтылу қағидаттарына негізделді. 
Біз өткен 25 жылда ғасырлар тоғысындағы сындарлы сәттер мен геосаяси қиындықтарға қарамастан, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында өзі­міз­дің ұлттық тәуелсіздігіміз бен тер­ри­ториялық тұтастығымызды то­лық сақтап қалдық. Сонымен қатар, әлем­дік державалардың қауіпсіздік ке­піл­діктерін алып, өз аймағымызда тату көршілік белдеуін құрдық.


Атомды бейбіт мақсатта пайдала­ну мақсатында Қазақстан әлем­дік қоғамдастық алдында бірқатар ма­ңыз­ды бастамалар көтеріп, олар­дың орындалуы жолында нақты іс-әре­кеттер жасауда. Бүгінде Аста­на халықаралық антиядролық қоз­ға­лыс­тың көшбасшысы ретінде стра­те­гиялық тұрақтылық пен әділетті әлем­ді қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отыр. 
Сонымен қатар, Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі саяси, қау­іп­сіздік, өркениеттік, эко­но­ми­ка­лық, экологиялық мәселе­лер­ге қа­тысты түрлі бастамалары әлем ел­дері тарапынан қолдау табуда. Бұл өз кезегінде еліміздің тар­тым­ды­лығын арттырып, жа­һанның же­тек­ші мемлекеттерімен жа­расымды ынтымақтастық орната білуіне оң ықпалын тигізуде. 


Қазақстанның сырт әлеммен сындарлы қарым-қатынас орната білуі экономикалық әлеуетіміздің артуына, сауда-экономикалық, сондай-ақ, ин­вес­­­тициялық байланыстарымыздың ны­ғаюына жол ашып отыр. Бүгінде әлемдік қоғамдастық біз­дің елімізді сенімді әріптес ретінде та­ниды. Мұның бір ғана дәлелі реті­н­де Қазақстан экономикасына 130 мил­лиардтан астам АҚШ доллары тар­тылғанын, азаматтарымыздың 69 ел­дің аумағына белгілі бір мерзім ара­лығында визасыз қатынай алатынын айтуымызға болады. Сондай-ақ, Орталық Азияға сырттан келген инвестицияның басым бөлігі, дәлірегі, 80 пайыздан астамы Қазақстанның еншісіне тиіп отырғаны көп жайтты аңғартады. 


Қазіргі таңда қай мемлекет болсын инвестициялар мен инновацияларға кеңінен жол ашуға мүдделі. Онсыз ел эко­номикасының қозғалтқыш күші әлеу­етті бола алмайды. Осы орайда іс­­тің орайын таба білуде әжептәуір тә­жі­­­рибе жинақтап, ел игілігі үшін бар ын­та-ықыласымен қызмет етіп келе жат­қан қазақстандық дипломатия саяси, сауда-экономикалық байланыстарды дамытуды уақыт талабына сай іске асыруда. Әсіресе, отандық диплома­тия өзіне жүктелген ауқымды мін­деттердің маңыздылығын түсіне оты­рып, Қазақстанның географиялық орналасуын, Қытай, Ресей және Орта­лық Азия елдерімен достық қа­ты­настарын тиімді пайдалануда. Сол сияқты, озық тех­нологиялардың қайнар көзі саналатын АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропалық одақ елдері бастаған көп­теген дамыған мемлекеттердің тың тә­жірибелері мен инвестициялық жә­не инновациялық мүмкіндіктерін ел пай­дасына асыруда шынайы кәсіби біл­іктіліктерін көрсетіп келеді. 


Жалпы, Қазақстанның әлем елде­рі­мен қарым-қатынастары теңгерімді жағ­дайда жүзеге асырылып отыр. Бұл ынтымақтастық өңірлік және жа­һандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қаруды таратпау ре­жі­мін бекіту, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, энер­гетикалық тепе-теңдікті сақтау мә­се­лелеріндегі өзара тиімді және тең құ­қ­ы­лы қарым-қатынасқа негізделген.
Қорыта айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің тұрақты дамуы үшін жағымды сыртқы ортаны құруды көздеген сындарлы саясатын жүзеге асыруда отандық дипломатия көптеген табыстарға қол жеткізді. Мұны біз аз уақыт ішінде жаңадан қалыптасып қана қоймай, кәсіби жоғары деңгейге көтеріле білген Қазақстан дипломатиясының айтулы жеңісі деп түсінеміз.

Нұрлан СЕЙДІН, 
саясаттанушы