Қазақстан • 02 Тамыз, 2017

Тарихи-көркем ой тағылымы

671 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлттық сана мен үрімдік жадтың ұйытқысы және оның деңгейін анықтайтын өлшем – тарихи көркем ойлау жүйесі. Көркем ойлау дәрежесіне көтерілмеген ұлттың даму үдерісінен қашанда бір босаңдық байқалып тұрады. Сол босаңдық қандай да бір «бәсекеге қабілетті» рухани құлшынысы мықты ұлттың өзінің «ұлттық кодына» селкеулік түсіреді. Ол селкеулік бара-бара үлкен тектік түйткілге әкеп тіреуі мүмкін. Бұл – табиғи және заңды үдеріс. Мұны өзінің даму жолындағы тарихи көркем ойлау мен саралау деңгейін тұрақты тұжырыммен бекітіп алған қазіргі алпауыт империялар бүгінгі күннің өзінде бұл бағыттағы саралаулар мен бақылауларын, болжалды зерттеулерін бұрынғыдан да бетер ықтиятты жүргізіп отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» туралы толғамы да кемелденген ел көсемінің ширек ғасырдан астам уақыттан бергі ел туралы екшелген ойларының, яғни, кешегіні ескеріп, бүгінгіні парықтап, ертеңді тарихи көркем ойлау жүйесі арқылы саралаған сара пікірі. Ал тарихи-көркем ойлау жүйесі қоғамтану ғылымындағы ең жоғарғы категория болып табылады.

Тарихи-көркем ой тағылымы

Ұлттық өміріміздің осындай шешуші кезеңінде жалпы тарихи тағдырымыз бен рухани тамырымызды салыстыра отырып талдап, ең қиын кезеңді тақырып ре­­тін­де ала отырып, шынайы ма­ғы­насында тарихи көркем ойлау деңгейінде барынша терең талдаған зерттеу әфсаналар бар. Соның алғашқыларының бірі және бірегейі – шығармашылық мұратына тарихты тәмсіл еткен ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» трилогиясы. Мұнда қоғам­тану ғылымының бар­лығына: мемлекеттануға, саясат­тануға, құқықтануға, та­рихтануға, психологияға, философияға, әдебиеттануға, тілтануға, мәдениеттануға, дінтануға қатысты барлық мәнді мәселелердің өзекті түйткілдері мен түйіндері ғылыми нысана ретінде қо­йылып, көркем ой саралау тәсілімен тартымды са­­ра­ланған. Оған қазақ қоғамының барлық қырты­сындағы мүше­лерінің осы «Ұраным – Алаш!..» туралы татымды да тар­тымды пікірлер білдіруі дәлел.


Жалпы алғанда, ғалым мен жазушының бейнеті мен зей­неті үнемі қабыса бер­мейді. Кейде бейнеттеніп ат­қар­ған ісінің сапасы да кө­ңіл­ден шықпай, еңбегі еш кетуі мүмкін. Біз оны та­ри­хи ойлау жүйесі мен көркем­дік талап деңгейі деп атап жүрміз ғой. Бұл тұрғыдан алғанда Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық жолы – бейнет пен зейнеттің жолы. Қазіргі алпыстың ішін алқымдағандардың ішіндегі еңбекқоры да және қаламының қуаты таймағаны да осы Тұрсын. «Ұраным – Алаш!..» сияқты жанрлық тұлғасы мен мазмұны мән­ді де­рек­ті туынды қазақ әде­биет­тануы мен тарихтануында кездеспейтінін ашып айтқым келеді. Мұ­ны бұл монографиялық әф­са­намен таныс әр зиялы оқырман асылық айтты демей­тініне күмән­данбаймын. Алаш арда­герлерінің қиямет­қа­йыммен тең көрген азабы­на арналған «Ұраным – Алаш­тан!..» асқан әфсана әзірше жоқ. Мүмкін, түптің-түбінде дүниеге келуі мүмкін. Оған уақыт пен бейнет іздеген Тұрсын сияқты әрі ғалым, әрі жазушы керек. 


Тұрсын ысылған ғалым-­жазушы ретінде бұл әфса­насында гуманитарлық ғылым саласында қолданыста бар әдіс-тәсілдердің барлығын дамыта пайдаланып: мәселені қою, ойды дамыту, пікір қорыту, деректерді салыстыра отырып, оқиғаның мәнін ашу мақсатында баяндау үрдісін бірде жеделдетіп, бірде созып, бірде ойды үзіп тастап отырған. Ғылыми тезідегі әдеби тәжірибелер сол құ­пия құжаттағы әрбір пікірге оқырманның назарын аудару үшін, ойлана оқып, ұлты­мызды жегідей жеген же­гінің астарын кешегімен, бүгінмен, ертеңмен салыстыра қабылдауға мүмкіндік беру орайында қолданылған.


Бұл құжаттарда тағдыр мен тарихтың талқысы тоғысқан, қым-қуыт қайшылықтар мен қарама-қарсы көзқарастар шарпысқан, ақыл мен арандату араласқан, тұлғаны қорлаудың, азапқа салудың неше түрлi амалдары қарас­тырылған, зорлап қойылған қол­дардың табы бар, ең ақы­рында олардың көзiн жо­йып жiберген үкімдер сақ­тал­ған. Олардың соң­да­рын­да тергеушiлердiң ай­бақ-сайбақ шимайы мен тұл­ға­лардың соңғы демi сiң­ген жауаптары қалды. Бұл мә­лi­­­мет­тер – адамның, же­ке тұл­­­ға­­ның қилы-қилы жағ­­дай­­­­дағы жан ­дүниесiн, ақыл-ама­­лын, мiнезiн ашып бере­тiн «ант мезгіліндегі» деректер. Х.Болғамбаевтың түр­ме тергеушісіне: «Қы­сым көр­се­туге келгенде сен­­дердің Германиядағы фа­шис­­тік тергеушілерден еш айырмашылықтарың жоқ», – деп жауап беруінің өзі Алаш қайраткерлерінің өр рухының түрме тылсымында да жасы­мағандығын көрсетеді.


Өкiнiшке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды. Осы жазалау жылдарының iшiнде олардың біразының шаңырағы ортасына түсiп, ошағының оты өшiп тынды. Олардың әйелдерi мен балаларының дені азапты жылдардың тауқыметiне төзе алмай – жүйке дертiне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ қалмады. Кейбір әу­леттер орыстанып, татарланып, өзбектеніп, шеркештеніп кетті. Ең үлкен қиянат та осы. Ай­туға да, жазуға да, мойын­дау­ға да ауыр ащы шындық. Әр тараудың соңына олардың ұр­пақтары туралы деректерді қысқаша баяндап өтеді. 


Үш томдық «Ұраным – Алаш!..» атты еңбектің жалпы сипаттамасында көрсетілген мазмұндық құрылымына жүгінсек, бұл тарихи үштаған, өзінің атынан-ақ көрініп тұрғанындай, ұлтымыздың рухани өмірінен ерекше орын алатын, ұзақ жылдар бо­йы халқымыздың арманды бейнесіне айналған Алаш ардагерлерінің жанкешті тағ­дырына арналған. Бұл Тұр­сын Жұртбайдың өмір­лік тақырыбының бірі әрі отыз жыл бойы талық­пай, жа­лықпай жинаған деректерінің негізінде өмірге келген, жа­зы­луының өзі он жылға со­­зыл­ған қияметті еңбегі. Со­нау сексенінші жылдардың қиын кезеңінде Қауіпсіздік комитетінің архивінде тәуе­келді күй кешіп, саусағына мүйіз біт­кен­ше көшірген, көз майын тауысқан тақырыбы. Алаш ардагерлерінің 1927-1930 жылдардағы, одан кейін 1937-1938 жылдардағы жа­зықсыз түрмеге жабылып, алды атылып, арты ит жеккенге айдалған, онда да ажал тыр­нағынан құтыл­май, ақыры қаза тапқан құрбан­дарымыздың тағдыры, олар­дың түрмедегі тергеулері мен тер­геушілердің, жалпы кеңестік жазалау саясатының қысымына ұшыраған қина­лыстары мен армандары, Қазақ елінің тәуелсіздігі жо­лын­дағы көрген азапты қияметі барынша шынайы әрі дәл деректермен, түрмедегі жауаптары мен хаттары арқылы нақты көрсетілген. 


«Жегі» атты бірінші кітап­тың «Жегілер жүйесі» атты бірінші бөлімінде («Ел жегісі», «Ер жегісі», «Жер жегісі», «Жан жегісі», «Жүйке жегісі» де­ген тарауларының аттары аңғартып тұрғанындай) жалпы отарлық жүйенің жазалау сая­сатының басты қылмыстық ұстанымдары – елді бодандас-тыру, тұлғаларды қудалау, жерді аннекциялау, азаматтық құқықтан айыру, тіл мен ділді, дінді жою, түрме қысымдары жеке-жеке талданып, нақты деректер арқылы олардың қыл­мыстық әрекеттері әш­кереленеді. Кеңестік идея­ло­­гиялық қысым мен сая­си жазалау, ұлт зиялыларын қу­да­лау мен қуғын-сүр­гінге ұшырату, ұлттық сана мен құндылықтарды жою бағытына арналған тұқым үзу (геноцидтік) мен халықтың жадын өшіру, әдебиеті мен мәдениетін рухсыздандыру тұрғысында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі басшылары мен мүшелерінің (жиыны 71 адам) үстінен жүргізілген тергеу істерінің барысы талдана келіп, автор осы бөлімде Біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасын жасайды. 


Ал «Жегі» атты екінші бөлімінде жеке-жеке тұл­ға­лардың (мысалы: «Кәрі көсем» тарауында – Ә.Бөкей­хановтың, «Бәйбіше-Тоқал трагедиясында» –Ха­лел Ғаббасовтың, «Дала қаш­қыны» тарауында» – Дінмұха­мед Әділевтің, «Сөз де ақ, өзі де ақ» тарауында – Міржақып Дулатовтың, «Байтұрсынов – баяғы Байтұрсынов» тарауында – Ахмет Байтұрсыновтың) тергеу барысындағы жауаптары, көрсетілген қысымдар, оған берілген жауаптың шын­дыққа жанасымы, түрме психологиясы, қысым бары­сын­да олардың өзін-өзі ұс­тауы, шығарылған үкімнің «қылмысқа жанасымы» өмірлік деректермен салыс­тырыла отырып талданады.


«Ұраным – Алаш!..» түр­ме әфсанасының «Тез» атты екінші кітабында – «Алаш» партиясы мен «Алаш­ор­да» үкіметінің ірі қайрат­керлері М.Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұха­ме­довтер, Ж.Ақбаев, Ә.Ерме­ков, Х.Болғамбаев, Ж.Айма­уытов, М.Жұмабаев, Қ.Ке­мең­­геров, Ж.Күде­рин, А.Бай­та­­сов, М.Тұрғанбаев, И.Қаш­қынбаев, М.Мұрзин, Ә.Бай­ділдин сынды 30 тұлға туралы бұрын-соңды белгісіз не қа­те пайымдалып келген тарихи оқиғалар – тергеу де­ректерімен, сондай-ақ, тінту кезінде тәркіленген хаттармен, құжаттармен салыстырыла отырып баяндалады.
«Талқы» атты үшінші кі­тап «Алаш» пар­тиясы мен «Алаш­­­орда» үкі­метінің 71 қай­­­рат­­­ке­рінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу істерінің негізінде жазылған «Жегі», «Тез» бөлімдерінің заңды жал­ғасы және қорытынды әф­са­насы болып табылады. «Талқыда» – жазушы-ға­лым Мұхтар Әуезовтің қы­рық жылға созылған қудаланды (1917-1961ж.ж.) өмірі мен шы­ғармашылық тағ­дыры, тұл­ға­лар талқысы Мем­ле­кет­тік қауіпсіздік комите­тінің архивіндегі «аса құпия құжат­тармен», сирек деректермен, өзара жазысқан хаттармен жарыстырыла талданып, кеңестік жазалау жүйесінің рухани тәуелділікке жүгіндіру мақсатында жүргі­зілген идеологиялық қы­сым саясатын жүйелі түрде тал­дайды.
Міне, «Ұраным – Алаш!..» түрме әфсанасының аталып көр­сетілген жалпы маз­мұн­дық және құрылымдық сипат­тамасынан-ақ бұл зерт­теу еңбе­гінің тарихи-көр­кем тұжырымдарға негіз­делген, дәл қазіргі күндері мемлекетіміздің алдына қойылып отырған «рухани жаңғыру» бағытының тамыр­ларын ашып көрсеткенін аңға­руға болады. Мұндай, бір адамның өміріне өзек тартқан, тақырыбы ауқымды, мазмұны терең, көлемді де пайымды еңбек қоғамдық ғылым саласында жылда дүниеге келе бермейді. Сондықтан да, «Ұраным – Алаш!..» түрме әфсанасы Мемлекеттік сыйлыққа то­лық лайық ғылыми ең­бек деп бағалаймын. Бұл – қазақ қоғамындағы аса маңызды орны бар Алаш қозғалысының тарих сахнасына шығуына 100 жыл толуына орай көрсетілген орынды құрметіміздің бірі болып табылар еді.

Серік ҚИРАБАЕВ, 
Ұлттық ғылым академиясының академигі, 
филология ғылымдарының докторы, профессор