Қазақстан • 02 Тамыз, 2017

Ғарыш айлағының экологиясын зерттеу ісіне үлес

3408 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ғарыш қызметі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, экономика мен телекоммуникацияның түрлі салаларының тиімді жұмысын, ғылымның дамуын қамтамасыз ететіні аян. Ғарыштық-зымыран қызметі (ҒЗҚ) табиғи ресурстарды пайдаланумен және қоршаған ортаға әсер етумен байланысты кез келген басқа да техногендік қызмет сияқты, Экологиялық кодекс нормалары мен қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын сақтау саласындағы қызметті реттейтін өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

Ғарыш айлағының экологиясын зерттеу ісіне үлес

Өткен ғасырдың 90-жыл­да­ры­ның орта тұсына де­йін зымы­рантасығыштарды ұшырудың қорша­ған ортаға тигізетін әсері жайлы ақпараттың мүлдем дерлік жоқтығы зымырантасығыш­тар­дың ажырайтын бөліктері тү­суі үшін бөлінген аумақтардың экологиялық жай-күйі мен то­пы­­ра­ғының лас­тануы туралы мәлі­меттердің 50 жылдан астам уақыт бойы болмауына әкеп соқтырды. Гептилдің түрлену механизмі мен оның ыдырауы туралы мәліметтер өте аз болды. Қор­­шаған ортадағы гептил мен оның уытты туынды заттарының экологиялық-гигиеналық норма­тивтері жоқ еді. Сондықтан топы­рақ­тың ластануы симметриялы емес ди­ме­тилгидразиннің (геп­тилдің) хи­миялық ыдырау өнім­дерін ескерусіз және табиғи орта­ның орнықтылығына баға берусіз, тек оның (гептилдің) бір ғана жуық­талған-жарамды деңгейі (ЖЖД) бо-йынша бағаланып отыр­ған. Демек, гептил төгілген топы­рақты тазарту оның тіршілік әре­кетіне зиянын тигізбей қой­майтын әдістермен жүргізіліп келді.

Ол кездері республикадан зы­­­­мы­­­­рандарды ұшырудың қор­­шаған орта мен халықтың ден­сау­лығына тигізетін әсеріне ны­са­на­лы, кешенді түрде зерттеу жүр­гізілмеді. Ресей тарапы беретін зымырантасығыштарды ұшыру нәтижелері туралы ақпарат ғарыштық-зымыран қызметінің қоршаған орта мен халықтың ден­саулығына тигізетін әсеріне баға беруге мүмкіндік бермейтін шектеулі көрсеткіштерден тұра­тын еді.
Қазақстан Үкіметі мен Ре­сей Үкі­­ме­­тінің арасындағы «Бай­қо­ңыр» ғарыш айлағын жалға алу-беру келісімшартында және Ресей­дің «Байқоңыр» кеше­нін жалға алуы жағдайында оның аумағындағы экология және табиғат пайдалану жөнінде жасасқан одан кейінгі келісімдерде ғарыштық-зымыран қызметін жүзеге асыру кезіндегі ұйымдастыру шарттары ғана тұ­жы­рымдалған. 

Республика үшін ғарыштық-зы­мыран қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету са­ла­сындағы өткір мәселелер 1999 жы­­лы Қарағанды облысында «Про­тон» зымырантасығыштарын ұшы­­ру кезінде орын алған екі апат­­тан кейін ерекше өзектілікке ие бола бастады. 
Бұл жағдай 2001 жылы «Ин­фра­кос-Экос» еншілес мем­лекет­тік кәсіпорнының құры­луына, кейіннен оның Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігі Аэроғарыш комите­тінің «Ғарыш-Экология» ҒЗО» респуб­ликалық мемлекеттік кәсіпорны ретінде қайта құрылуына негіз болды. Оның қызметінің негізгі бағыттары: «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырантасығыштарды ұшырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізетін әсерін бағалау жұмыстарын ұйым­дас­тырып, жүргізу, сондай-ақ, олар­дың жағымсыз әсерінің алдын-алу және оны азайту іс-шара­ларын әзірлеп жүргізу.

Кәсіпорын бұл жұмыстарды жү­­­­зе­­ге асыру үшін, ең алдымен, хи­­мия­лық-экологиялық зертхана құру қажет болды. Мұндай зертхана қор­шаған орта нысандарының зымыран отыны – гептилмен ластану деңгейін анықтауға арналған, ол кездері рес­публикада жоқ қажетті жабдықтармен, аспаптармен және өлшеуді орындау әдістемелермен жарақтандырылуы тиіс-ті. 

2002 жылы Алматыда ста­­цио­­нар­лық химия-экологиялық зерт­­­­ха­на құрылды. 2010 жылы Бай­­қоңыр және Жезқазған қа­ла­ларында осындай химия-эко­логиялық зертханалар құры­лып, Жезқазғанда екі КамАЗ авто­көлі­гіне орнатылған жылжы­ма­лы зерт­хана жасақталды. Со­ның негізінде республикадағы «Бай­­­қоңыр» ғарыш айлағының ға­­рыш­тық-зымыран қызметінің әсе­­ріне ұшыраған аумақтардың қор­­шаған ортасына баға беру бо­йын­ша экологиялық және гигие­налық зерттеулер жүргізуге, ға­рыш қыз­метін экологиялық норма­лау жүйесін құруға бағытталған ғылыми-қолданбалы зерттеулерді орындауға нақты мүмкіндік туды. 

Мұның бәрі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырантасығыштарды ұшырулардың еліміздің қор­ша­­ған ортасы мен халқының ден­­сау­лы­ғы­на ти­гізетін әсе­рі­не баға беру бойынша бірлес­кен Қазақстан-Ре­сей бағдарла­маларының іс-шара­ларын сәтті іске асыруға мүм­кін­дік берді.
Жоғарыда аталған жағ­дайлар­дың барлығы кәсіпорынның эко­ло­­гия­лық нормалаудың нор­ма­­тив­тік-әдістемелік базасын құру­да ғылы­ми зерттеулерді жетіс­тік­пен орындауы үшін қажетті мате­риалдық-техникалық және химиялық-талдамалық базасын да­мытуға, жоғары білікті кадр әлеуетін қалыптастыруға мүм­кін­дік тудырды.

«Байқоңырдың» ғарыштық-зы­мыран қызметін экологиялық нор­малау жүйесін құрудың өзек­тілігі ғарыш айлағы мен зымы­ран­тасығыштардың алғашқы са­ты­лары құлайтын аудандар рес­публиканың орталық бөлігінде орна­ласуымен, сондай-ақ, зымыран ұшырудың экожүйелерге көпфакторлық, аса ауқымды және қайталап әсер етуімен байланысты. 
Бұл жұмысқа қатысты негізгі ұс­та­ным профессор М.Қ.Наурыз­баев­тың редакциясымен жарық көр­­ген «Бай­қоңыр» ғарыш айлағы­ның ғарыштық-зымыран қызметін экологиялық нормалау жүйесі» ат­ты ұжымдық монографияда (2016 ж.) баяндалған. 
«Ғарыш-Экология» ҒЗО» рес­пуб­ликалық мемлекеттік кәсіп­орны зымырантасығыштар ұшы­ру­ларының әсеріне ұшыраған аудан­­­дарда көптеген жылдар бойы жүргізген зерттеулерінің нәти­желері «Байқоңыр» ғарыш айла­ғының экологиялық қауіпсіздігі ат­ласында» көрсетілген (ғылыми кеңес­ші – ҚР ҰҒА академигі Т.А.Мұса­баев). Атласта ұсы­ныл­­­­­ған сұл­­­ба­лар, графиктер, кес­­те­лер 1999 жылдан бас­тап зымырантасығыштардың ажырайтын бөліктерінің құлау аудан­дарының экологиялық ахуалын, ға­рыш айлағының нысандары­на іргелес орналасқан елді мекен­дердің тіршілік ортасы мен халқы­ның денсаулық күйін егжей-тег­жей­лі сипаттайды. 

Гептил мен оның туынды зат­тары топырақтың биология­лық белсен­ділігіне және фитоуыт­ты­лығына әсер етеді. Авторлар қолданбалы ғылыми- зерттеулер нәтижесінде Т-1 зымыран керосині мен гептилдің тұрақты және уытты түрлену өнімдерінің: гидразин, метилгидразин, нитрозодиметиламин, тетраметилтетразен, диметиламин, триметиламин, диметилформамид, метилтриазолдың топырақта болуының гигиеналық нормативтерін әзірлеп, олар мемлекеттік деңгейде бекітілді. Нормативтердің болуы уытсыз­дан­дыру жұмыстарының (топы­рақты отын компоненттері мен олардың ыдырау өнімдерінен тазартудың) тиімділігін бағалау­ға мүмкіндік береді, қоршаған орта нысандарындағы гептилдің химиялық түрлену өнімдерін өлшеу әдістемелерін жетілдіруге және апаттардың салдарынан қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигі­зілетін эко­номикалық нұқ­сан­­­ды ба­ға­лауға мүмкіндік бе­ре­ді. Зерт­­теулер нәтижелері ав­тор­­лар­дың «Топырақтағы 1,1-ди­метил­ги­дразиннің туынды заттарын ги­гие­налық регламенттеу» (2014 ж.) анықта­малық еңбегінде жарияланған.

Ғарыштық-зымыран қызметінің табиғи ортаның ахуалына тигізетін техно­гендік әсеріне баға беру үшін кә­­сіп­орынның «Ғарыштық-зымы­ран қызметінің әсеріне қарсы экологиялық тұрақ­тылық критерийлер жүйесі» (ЭТКЖ) стандарты әзірленгенін, қол­да­нысқа енгізілген. Бұл эко­логиялық норматив сыни жүк­те­­­мелердің деңгейін, яғни таби­ғи нысанға бір немесе бірнеше лас­таушының тигізетін әсерінің рұқсат берілетін ең жоғары дең­гейін анықтауға мүмкіндік береді.
Осы технология бойын­ша «Про­тон», «Зенит», «Союз», «Днепр» ға­рыш­тық мақсат­та­ғы зымыран­дарының алғаш­қы сатылары құла­ған 12 аудан зерттелді. Құлау аудан­­дарын­да ау­мақтар химиялық, механи­­калық және пирогендік жүкте­ме­­лердің деңгейлері бойынша, топы­рақтардың, табиғи сулардың, флора мен фауна өкілдерінің оларға қарсы тұра алу деңгейлері бойын­ша аймақтарға бөлінді. Құлау ауданда­рындағы қыстаулар мен оларға ір­ге­лес ау­мақтарда орналасқан елді мекендердегі тұрғындардың өмір сапасы мен денсаулық күйі ескерілген. Аталған жұмыстың нәтижелері бойынша «Қазақстан Республикасы аумағының ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне қарсы эколо­гиялық тұрақтылық критерийлер жү­йе­сі» монографиясы (2008 ж.) мен Жай­лаубай Жұбатовтың редак­циялық етуімен «Байқоңыр» ғарыш айлағы қызметінің эколо­гиялық қауіпсіздігі» атты ұжым­дық монография (2011ж.) жарық көрді. 

«Ғарыш-Экология» ҒЗО» РМК мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті «Физика-химиялық талдау әдіс­терінің орталығы» еншілес мем­лекеттік кәсіпорнында әзірленген заттардың массалық үлесін өлшеу әдістемелері жоғары дәлдігімен сипатталады. Мысалы, топырақтағы нитрозодиметиламинді өлшеу әдіс­те­мелері жал­пыға бірдей қа­был­­данған әдіс­темелерден 7 есе, ал тетра­метилтетразенді өлшеу әдістемелері 1,4 есе сезімтал. 
Авторлар топырақты Т-1 зымы­ран керосині мен гептилден хи­миялық және биологиялық та­зар­тудың экологиялық қауіпсіз үй­лестірілген әдістерін әзірлеп, қол­данысқа енгізді. Химиялық әдіс геп­тил­мен ластанған топырақты тотығу процесін жылдамдататын металдарды қолдана отырып, гидроперитпен тотықтыруға не­гіз­дел­ген. 
«Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштық-зымыран қызметін эко­логиялық нормалау жүйесін әзір­леу мен ендіру бойынша ғы­лыми жетіс­тіктер ғарыштық-зымы­ран қызметінің қоршаған ор­та мен ха­лықтың денсаулығына әсе­рінің дәрежесін анағұрлым жоға­ры деңгейде анықтауға мүмкін­дік береді. Және мұндай жетістік Қазақстан Республикасы Қорға­ныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министр­лігі Аэроғарыш ко­митеті­нің «Ғарыш-Экология» ҒЗО» РМК, әл-Фараби атындағы Қа­зақ мемлекеттік уни­верситеті «Фи­зика-химиялық талдау әдіс­терінің орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорны, «Орталық Азиялық экологиялық зерттеулер институты» ЖШС және «Aspan Tau LTD» ЖШС ғалымдарының бірлескен мақсатты зерттеулерінің нәти­жесінде мүмкін болды. 

Ғалымдардың Қазақстан Рес­­пуб­­ли­касының әл-Фараби атын­­да­ғы ғылым және техника саласын­дағы Мемлекеттік сыйлығына ізденуге арналған «Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштық-зымыран қызметін экологиялық нормалау саласындағы іргелі еңбегі отандық экологиялық ғы­лымның елеулі жетістігі болып табылады.

Мейірбек МОЛДАБЕКОВ,
ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы,
профессор

АЛМАТЫ