Кино • 02 Тамыз, 2017

«Тарихымызда жолдарымыздың түйіскен жерлері көп»

430 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық театрының әртісі Әзиз Мурадилаев кино әлеміндегі жаңа есім емес. «Құрманжан датқадағы» Алымбек рөліне дейін де айыр қалпақты ағайындар кино-драматургиясының талай-талай марқасқа бейнелерін жасады. Ал оның жарқ етіп көрінген жұлдызды шағы жоғарыдағы тарихи тұлғаны сомдаған тұсы. ХVIII ғасырда қырғыз халқы бастан кешкен саяси үдерістер мен қоғамдық ахуалды Алымбек және Құрманжан датқалардың драмасы арқылы танытқан дүниені біз де тұшынып көрдік. Фильмнің премьерасына байланысты Алматыға келген Әзизбен кездесіп, сұхбат беру туралы уәдесін де алған едік. Арада аз уақыт өткенде «Әзиз Мурадилаев бауыр циррозы дертіне шалдығыпты. Тез арада донор керек» деген суыт хабар бізге де жетті. Қырғыз елі «Әзиз Мурадилаевқа көмектесеміз» акциясын ұйымдастырып, жиналған қаржыны оның денсаулығының түзелуіне жұмсалды. Алғашқыда Мәскеуде, сосын Ыстанбұлда ем алды. Қазір – Бішкекте, театрға қайта оралды. Қырғыз-қазақ көрермендерінің көзайымына айналған актер екі жыл бұрынғы уәдесін орындап, сұрақтарымызға ықыласпен жауап берді. Әріден толғап, әңгімесін бастады.

«Тарихымызда жолдарымыздың түйіскен жерлері көп»

– Науқас төтеннен кел­ді деп айта алмаймын. Дәрі­герлер бауырда ақау бар деген диаг­нозды 2009 жылы қойған еді. Жастықтың қызуы ғой, жанға батып, қинамаған соң жүре бердік. 2012 жылы «Құрманжан датқадағы» Алымбек датқаның рөліне кас­тинг жарияланған кезде бауыр циррозының үшінші кезеңінде тұрсыз деген еді дәрі­герлер. Алымбектің рөлі­не үміткерлер өте көп болды. Бірақ фильмнің режиссері Са­дық Шер-Нияз «Құрманжан – ұлттың анасы, Алымбек датқа ұлттың тұтқасы. Бұл фильмді қырғыз халқы көп күтті» деп бас кейіпкерлерді сомдайтын үміткерлерді ұзақ таңдаған ғой. Сол үшін ел ішіне де барған. Үміткерлердің бірі болып тіркеліп, алғашқы сынаққа қатыстық. Таңдау маған түсті. Құндыз бөрік киіп, сақал-мұрт қойған кейпіме қарап, режиссер «біз іздегенімізді таптық» деп қысқа қайырды. 
Аз уақыт ішінде дайындық басталып кетті. Кейін режис­сердің айтуынша, комиссия мүше­лері менің көзіме на­зар ауда­рыпты. Көзімнің тұң­ғиығынан мұң аралас арман көрген. Сосын жасым да Алымбек датқаның жасына келіп тұр екен. Сонымен түсірілім тобы қысқа мерзімде киноны аяқтап, ТМД елде­рінде, Ыстанбұлда, бірқатар Еуропа елдерінде таныстырылымы өтті. «Оскарға» ұсы­нылды. Арада бір жыл өтпей бұрыннан айналдырып келе жатқан ауру тағы да сыр білдіріп, қазан айында арнайы ұшақпен Мәскеуге жеткізіліппін. Ресейлік дәрі­гер­лер алғашында «донор керек» деген. Сол-ақ екен ел­де «Әзиз Му­радилаевқа көмек­те­семіз» деген акция ая­­сын­­да қар­жы жиналып жат­қа­нын жансақтау бөлімінен шығып, есімді жиғанда бір-ақ білдім. Кейін өз-өзіме кел­­ген соң анам әлеу­меттік желі­лер­де ме­нің атыма жазыл­ған ақ­жарма тілектер легімен таныстырды. Сенесіз бе, менің науқасым ТМД-дағы дос­та­рым мен тілеулестерімді ая­ғынан тік тұрғызған. Мәскеу, Алматы, Астана, Еуропада оқып, жұмыс істеп жүрген қан­дастарымыз елден жырақ жүрсе де қалыс қалмапты. Ел Президенті Алмазбек Атамбаев Президент қорынан операцияның алғашқы кезеңін бастау үшін 500 000 сом аударып, жағдайымды бақылауда ұстаған. 


– Былтырғы қараша айы­­ның ая­ғында Әзиз «Соң­ғы жан­айқай» спектаклінде бас­ты рөлді ойнайды деген ақ­парат тарады. 


– Ол рас. Спектакль әй­гі­лі әрті­с­іміз Сүйменқұл Чок­моровты еске алу апталы­ғында көрсетілді. Аталмыш қойылым менің сол кездегі көңіл күйіме дөп келді. Себе­бі, Сүйменқұл Чокморов тағ­дыр-талайына тап келген тау­қы­метті қасқайып тұрып қар­сы алды. Бар болғаны 53 жыл ғұмыр кешіп, дүниеден өтті. Бұл екінші жағынан «қырғыз интеллегенциясында таланты, харизмасы, сосын адами қасиеті жағынан Чок­мо­ровқа тең келетін тұлға бар ма?» деген драматургтың жан­ай­қайы болатын. Шы­ғар­­ма тек Чокморовқа ғана ар­налған жоқ. Қырғыз кине­ма­то­графиясындағы ұмыт қалған немесе еңбегі кеш бағаланған, «қырғыз кереметін» қалып­тастырған жанға деген нова­торлық-эстетикалық жанайқай болатын. 
Мәскеуде отаның алғаш­қы кезеңі сәтті өтіп, транс­план­тацияның алдындағы үзіліс­ті пайдаланып, елге кел­генмін. Ағза алмастыру – өте күр­де­лі іс. Ол тек сәттілікке ға­на ба­ғы­нады. Ота үстінде оянбай қа­луың да әбден мүмкін ғой. Өзім бала жастан білетін, тіп­ті тұлғасына қарап бой тү­зеген халық әртісін қырғыз елі еске алып жатқанда, аурухана төсегіне таңылып жат­қым келмеді. Тілеуімді тілеп отырған көпшілікке алғы­сымды театр сахнасынан айт­қым келді. Ресей хирургия ор­та­лығындағы емдеуші дәрі­ге­рім отадан кейінгі кезең­де шы­ғармашылық белсенділік те пси­хологиялық жағынан күш бере­тінін айтты. Сахна шы­мылдығы жабылған сәтте көрермен жарты сағаттай қол соғып тұрып алды. Кейін театр әкімшілігі сол күндердегі қойылымға көрермендердің өте көп жиналғанын және сонымен бір мезгілде елдің әр аумағында әншілер концерттер ұйымдастырып, жи­налған қаржыны менің ем-домым үшін акция есебіне аударғанын айтты. 


– Сіз Мәскеуде ем алып жат­қан кезде ана­ңызбен тіл­дескенімізде опера­ция­ның екінші кезеңі Ыс­тан­бұлда жасалатынын айтты. 


– Осы жылдың басында Түркиядағы ең беделді «Ме­мо­риал» клиникасында ма­ған екінші рет ота жасалды. Білесіз бе, оған дейін менде бауыр циррозының 4-кезеңі деген диагноз қойылғандықтан, ағзаны алмастырудан өзге жол жоқ деген уәжге өзімді мойынсұндырып қойған едім. Бірақ адамның емес, Алланың дегені болады екен. Маған ота жасаған түріктің атақты дәрігері, профессор-гепатолог Корай Аджарлы «Әзиздің бауыры 4-сатыдағы цирроз деген диагнозға қарамастан интенсивті түрде жұмыс істей бастады. Біз ағзаны алмас­тырамыз деген шешімнен бас тарта отырып, бауырды емдейміз» деген қорытындыға келді.


– Осыдан 3 жыл бұрын «Құрманжан дат­­­қаның» таныстырылымы өтті. Наурыз айын­да «Хабар» те­ле­ар­на­­сы арқылы көрсе­тілді. Фильмнің кассасы шы­ғынды еселеп жапты деген әңгіме бар ел ішінде. Сіз­діңше, киноэпопеяның феномені неде?


– Бұл сұрақтың жүз түр­лі жауабы бар. Олардың бар­лығы қисынды болып көрінуі мүмкін. Бірақ бір нәрсе ақиқат – адамдар тарихтан тірек іздейді. Дәл қазіргідей заманда бұл біздің халқымыз үшін аса маңызды. Көрермен Құрманжан датқаны да сондай сезіммен қабылдады. Режиссер мен көпшіліктің көз­дегені бір жерден шықты. Бұл фильм қырғыз киносының сатылап дамып келе жатқанын көрсетті. Мұны феномен деуге бол­майтын шығар. Себебі, фильмге пафос, саясат ара­лас­тырылған жоқ. Қырғыз ұл­тының қалауын кино тілінде көрсеттік. 
Қырғыздың Құрманжан датқаға деген ықыласы ерекше екенін білесіз. Жақында Президент жарлығымен Ма­нас­тан кейінгі «Құрманжан датқа» ордені белгіленді. Бұл ор­ден Қырғызстан тарихында пайда болған жаңа орден һәм «Манас» орденінен кейінгі марапат. «Құрманжан датқа» ордені бірінші болып Меркельге ұсынылды.

– Сіз журналистерге берген сұхбатыңызда «Құрман­жан датқа» Алым­бек бейнесі арқылы кинодағы өз бей­нем­ді де, тақырыбымды да тап­тым депсіз. Алдағы уақыт­та кино мен драматургия­ны қатар алып жүру ойда бар ма?


– Драматургия жаныма жақын, залдағы көрерменнің ықыласы жүрегіңе жұмсақ нұр себелейді, арманыңды қанаттандырады. Ал кино... Егер мүмкіндік болса, кино саласында тарихи тақырыптарға барғым келеді. Орталық Азия­дағы қазақ, өзбек, қырғыз және түрікмен бір-бірімен қатар қонған, ауылы аралас, қойы қоралас ел. Біздің бір-бірімізден енші алғанымыз кеше ғана ғой. Тарихымыздың бетін «қаттырақ аршып жіберсек», түбіміз де, тарихымыз да бір туысқан халық болып шығамыз. Ендеше тарихи тақырыптарда біздерге неге күш біріктірмеске? Төл тарихымызда жолдарымыздың түйіскен жерлерінің көп екенін кешегі «Құрманжан датқада» көрдік. Тереңдейін десек, өзге елдің тарихы. Аттап өтейін десең, оқиға же­лісі үзіліп калады. Бұл, әсіресе «Құрманжан датқаны» түсіргенде байқалды. Егер, Алымбек датқаның тағдырын зерделей берсек, оның өмірінің қазақ тарихымен ұштасқан тұстары өте көп. 


– Сіз «Құрманжан датқа­дағы» Алымбек дат­қа­­ның тұлғасына қан­дай да­йын­дық­пен кел­ді­ңіз? Себебі, күрделі де жұм­бақ тұлға. Ол туралы дерек­тердің өзі бір-біріне кереғар...


– Біз, қырғыз-қазақ тарихын таста емес, жадында сақтаған халықпыз ғой. Алым­бек датқа – қүрделі тұл­ға. Оқиға желісі дайын бол­ғанмен, оны бойыңа сіңі­ріп, толғатып, өзіңнің Алымбегіңді өмірге әкелу оңай емес. Сөй­леу мәнері бөлектеу драмалық образ. Айтарын іс-әрекетімен жеткізеді. Датқаны толықтай ашу үшін 2 сағаттық фильм аздық етеді. Себебі, ол Қоқан билі­гі кезінде өмір сүрді. Бар өмірі аттың үстінде, қылыш­тың жүзінде өтті. Қырғызды азат, озық ойлы ұлттардың қатарына қосуды армандады. Кинокартина негізінен Құрманжан датқа туралы бол­ғандықтан Алымбек тұлғасы толыққанды ашылды деп айта алмаймын. Ол жайлы жеке тарихи-драмалық киноэпопея керек.


– Біздің елдеріміздің театр, кино саласындағы бай­ла­нысы кейінгі кездері үзіліп кал­ған еді. Қырғыз актер­ларынан тек Әзиз Бей­шен­алиевті ғана көре­міз. Ал қа­зақ-қырғыз актерлары қа­тыс­қан киноларды бәріміз сағына бастадық. 


– Сүйменқұл Чокморов қа­зақ-қырғыз киносының ба­ғына жаралған жан еді ғой. Жастай кетті. Соңғы бірер жыл­­­да жақ­сы дәс­түрді жалғас­тыруда талпыныс бар. Қыр­ғыз актері Әзиз Бейшен­алиев қазақ режиссері Саты­балды Нарымбетовтің «Мұста­фа Шоқайында» басты рөлде ой­нады. Қазақ ағайындары ара­сынан «өзіміздің әртіс табылмады ма?» деген пікірді де ес­тіп қаламын. 
Өткеннің өнегесіне көз жү­гіртіп көріңізші. Сүйменқұл Чокморов «Көксеректе» қалай ойнады? Сондағы кішкене бала Құрмаш – Қамбар Уәлиевтің қазасына қырғызда жыламаған жан қалмады. Қырғыз актері Талғат Нығматуллин екі елдің ортақ баласы болып кетті. 1968 жылы «Қазақфильм» мен «Қырғызфильм» кино­студияларының «Қараш-қа­раш оқиғасы» бойынша түсірген кинотуындыда бас­ты рөлді біздің Сүйменқұл Чокморов жандырып ойнады. Болат Шәмшиевтің «Мергендеріндегі» қырғыз қызы Айтұрған Темірованы қазақтың Әлиясының аузынан түсіп қалған сыңары емес деп кім айта алады? Ара­да ширек ғасыр өтпей жатып біз неге бөтен болып кеттік? Өзбекстан кешегі КСРО ке­зінде Орталық Азия ел­дері киноиндустриясының орта­лығына айналған еді. Қазақ-қырғыз режиссерлерінің ортақ туындылары талай елде жүлде алды. Бізге алдыңғы буын ағалар дәстүрін қолға алатын кез жетті. Киноның тағдырын прокат шешетінін ескерсек, бұл жағдай киногерлердің пайдасына шешілер еді. 
Кинода қаржы да жағдай­ды оңалта алмайтынын кө­ріп отырмыз. Еуропадағы да­мы­ған елдердің өзі киносын әлемдік нарыққа шығара ал­май отыр. Демек, жеке-дара ештеңені шеше алмай­мыз. Сол себепті қазақ, өз­бек, қыр­ғыз актерлары бас қос­қан, ортақ тарихымыздан сыр шертетін кино түсі­руге тағ­дыр мүмкіндік бер­се екен деп тілеймін. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА
 АЛМАТЫ – БІШКЕК – АЛМАТЫ