Аймақтар • 02 Тамыз, 2017

Хат қоржын

288 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқырман

Хат қоржын


Өнерде шекара жоқ


Жас кезде естігеніміз бар еді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Қытай Халық Республикасына гастрольмен  барып, қайтарында қытайлықтар бір апта ұстап, Қытай Коммунистік партиясының кезекті съезінің ашылу салтанатын ұлы композитор Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аштырған екен. Өнерде шекара жоқ деген осы.
Жастардың жанына жалын құйып, кәрілердің тәніне қуат беретін осы музыкамыздың қадір-қасиетін бағалап, қазақтың рухын биіктете беруге пайдаланып жүрміз бе? Әрбір салтанатты жиын, мәдени кештер осы күймен ашылып, осы күймен жабылып жатса қандай ғанибет!
Көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып, көңіліне нұр ұялатып жүрген Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасының таңғы хабарын «Ассалаума- ғалейкум, Қазақ елі» демей-ақ (тура бір шетелден келген делегацияның аэропорттан сәлем беруі секілді) «Сарыарқа» күйімен бастаса, таңнан жанымызға күш-жігер құйып, маужырап түнде ұйқыға бет алғанда  осы күймен ертеңгі күнімізге сергектік сыйласа, шіркін! Қайткенде, мұны дәстүрге айналдыру қажет. 

Нұрмахан НАЗАРОВ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері

Түркістан


Оқырман білгісі келеді


Қазір «Егемен Қазақстан» газетін егде кісілер де, жас білімгерлер де оқиды. Кітапханаларға барғанымда жастардың көбі газетті оқып, өздеріне қажеттілерін жазып алып жатқандарын көремін. Бұрынғыдай кітаптар көп тиражбен шықпайды, көп арналар шетелдік телесериалдарды көрсетеді, оқырмандар қажетті рухани дүниелерді ата газеттен алғысы келеді. «Егемен Қазақстан» газеті алдағы уақытта балабақшада, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында тәрбиеленіп, білім алып жатқан бүлдіршіндер мен жастардың тәрбиесіне  аса мән беріп, тұрақты мақалалар беріп тұрса екен. Газет бетінде өткен ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірлері, еңбектері туралы мақалалар жиі берілсе дейміз. Алаш қайраткерлері туралы мақалалар соңғы уақытта жиі беріліп тұрады, өте дұрыс. Алаш қайраткерлерімен қатар, алдағы уақытта Кеңес өкіметі тұсында үлкен лауазымды қызмет атқарған, халықаралық дәрежедегі сая­си қайраткерлер Т.Рысқұлов, Н.Төреқұловтың еңбектері туралы көлемді мақалалар беріліп тұрса. Т.Рысқұловтың халқына жасаған тарихи еңбегі мемлекеттік қызметте жүрген жастарға үлгі болар еді. Сонымен қатар, оқырман тарихи тұлғаларымыздың, би-болыстардың өмірлері, еңбектері туралы көбірек білгісі келеді. Оқырман ретінде газет бетінен салт-дәстүріміз, тарихымыз, дініміз, көші-қон, жастар тәрбиесіне  қатысты мақалаларды оқығымыз келеді. 

Қабыланбек МЕЙІРБЕКОВ

Тараз 


Бала тәрбиесіне мән беріңіз


«Бала тәрбиесі балабақшадан басталады» десек, онда  бала емес, үлкендердің әдепсіз қылық көрсетіп жүргеніне не дейміз? Астанадағы үш тілде білім беретін балабақшаның бірінде  мерекелік кеш өтті. Онда  қыз бен жігіт болып бірнеше жұп биледі, өлең оқылды. Кенеттен бір кішкентай қыздың жанындағы баламен кинодағыдай сүйісе кеткенін байқаймыз. Дереу бейнекамераға түсіріп алдық. Балаға отбасында, балабақшада дұрыс тәрбие бермегендіктен осындай жат қылықтар көрсетіп, өз бетімен кеткен жас буын­ды байқайсыз. 
Бұл дегеніміз – бүгінгі ұрпақтың санасын түрлі жат сериалдар мен батыстың бейәдеп кинолары жаулап алғандығының белгісі. Тіпті балалардың арасында бір-бірін басып озу бәсекесі пайда болған. Мәселен, ондағы балалардың ойыншықтары да ерекше, әрі қымбат. Кішкентай ғана машинаның құны 3900 теңге тұрады екен.  Ал балалар бір-бірінен асып түсу үшін сондай машинаның бірнеше түрін жинауы тиіс. Міне, бәсеке, міне көрсеқызарлық... Мұндай балалардан кейін қандай азамат тәрбиеленіп шығады? Осындайда баланы қарапайымдылыққа үйрететін, бір нанды бөліп жегізген қайран біздің балалық шағымыз еске түседі. Бесіктегі баладан  ат жалын тартар азамат болғанға дейін жақсы тәрбие беру – отбасындағы ата-анасы мен тәлім берер ұстазына тікелей қатысты. 
    
 Айман МҰҚЫШЕВА 

Астана

Жаманшың ба, әлде Жаманшыны ма?


 Планетамыздағы теңдесі жоқ табиғаттың ғажайып құбылысы – Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Жаманшың кратері жалпыға белгілі. Менің пікірімше, осы жердің атауы Жаманшың деп қате аталып жүр. Зерттеулер Жаманшың кратерінің осыдан 0,75-1,1 млн жылдар бұрын оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай ұшқан ірі метеориттің жерге қиғаш (көлбеу) түсуі салдарынан пайда болғандығын анықтады. Ойпаттың диаметрі  5-6 шақырым, түбі жайпақ, баурайы көлбеу, тереңдігі  700 метрдей.  Көрдіңіз бе, ғалымдардың өздері бұл жерді ойпат деп жазып отыр. Метеорит түскен жер ойпат болса, ол қалайша шыңға айналады? Негізінде бұл алып шұңқыр. Және де ол жерде өсімдіктер шықпаған,  жәндіктер де жолай алмаған.  Метеорит түскен жерге жергілікті тұрғындар барып, кратердегі  негізінен шыны тектес заттардың  зияндығын қолмен ұстап барып, көз жеткізген соң Жаманшыны деп атаған, бірақ та бертін келе ұрпақ алмасып, Жаманшыны атауы бүгінгі күнге «Жаманшың» деген атаумен жеткен. Бұл менің жеке болжамым. Ал тілші ғалымдар мен жер бедерін зерттеуші ғалымдар бұған не дер екен? 
                                                   
Нағашыбай БАЛМАХАНҰЛЫ, журналист

Ақтөбе 


Ала алмай жүрген ақшамды алдым


 Мен, жеке кәсіпкер Досбол Бекенбай биылғы жылдың сәуір айында Қызылорда қалалық прокуратурасына «Қызылордажылуорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының менің тиесілі ақымды төлеу жөніндегі сот шешімін жарты жылдан астам уақыттан бері орындамай отырғанын айтып, шағым түсірген едім. Осыдан кейін менің арызымды жедел қараған прокуратура шешімнің шұғыл орындалуына ықпал жасады. Нәтижесінде, тез арада аталған кәсіпорыннан өзіме тиесілі 675 мың теңге қаржымды өндіріп алдым. 
 Осылайша қалалық прокуратураның араласуы арқасында мен өзімнің конституциялық құқығымды қорғап, адал ақыма қол жеткіздім. Енді осы қалтқысыз қызметі үшін қала прокуроры Мұрат Досмағанбетов басқарған ұжымға алғысымды білдіргім келеді.

Досбол БЕКЕНБАЙ,
жеке кәсіпкер

ҚЫЗЫЛОРДА