Әлем • 02 Тамыз, 2017

Пхеньян райынан қайтар емес

116 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда Солтүстік Корея рес­пуб­ли­касы құрлықаралық баллис­ти­ка­лық зымыранын екінші мәр­те сы­нақтан өткізді. Алыс қа­шықт­ық­қа ұшатын зымыран­ды көкке сам­ғатқан КХДР кезекті рет яд­ролық қаруымен доқ көр­се­тіп, әлем тыныштығын бұзатын әре­кетке барып отыр.

Пхеньян райынан қайтар емес

Солтүстік Кореяның қитұрқы әрекеті туралы ақпаратты ең әуелі Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсихидэ Суга хабарлаған болатын. «Бұл ұшақтар мен кемелердің қауіпсіздігіне қа­тер төндіретін өте зиянды әрекет және БҰҰ қауіпсіздік қарарын өрескел бұ­зу. Біз Солтүстік Корея тарапынан жа­сал­ған мұндай бассыздыққа жол бере ал­май­мыз» – деді Ёсихидэ Суга өз мәлім­де­месінде. 

«РИА Новости» сайтының дерек­теріне сүйенсек, Ресей Қорғаныс мини­с­тр­лігі Корей түбегінен ұшырылған зы­мы­ранның бағытын бақылаған. Бұл жол­ғы баллистикалық ракета 681 метр би­ікке көтеріліп, 732 километр ұшып өтіп, Жапония теңізіне құлады. КХДР-дің бұл қадамы көрші мемлекеттерді ғана емес, бүкіл әлемді аяғынан тік тұрғызды. Өйт­кені, құрлықаралық баллистикалық зы­мыранды сәтті сынақтан өткізу – дөң­ге­ленген дүниенің кез келген нүк­те­сін бом­­балауға Солтүстік Корея оқ­тұм­сық­та­рының мүмкіндігі бар деген сөз. 

CNN таратқан ақпарат бойынша, Солтүстік Корея басшысы бүкіл АҚШ территориясы нысанада тұрғанын айтып дөң айбат көрсеткен. «Қару-жарақ маманының айтуынша, баллистикалық зымыран көлбеу траекторияда ұшырылса, АҚШ-тың маңызды әрі үлкен қалаларына қауіп төндіреді. Лос-Анджелес, Денвер және Чикаго нысанаға іліккен, тіпті оқтұмсықтар Нью-Йорк пен Бостонға да жетуі мүмкін. Ғылымдар ұйымы ма­маны Дэвид Райттың пікірінше, баллис­ти­­к­алық зымыран қан­шалықты ауыр оқ­тұм­сықты көтере алатынын нақты ай­ту әзірге қиын. Оқтұмсық ауырлаған сай­ын ұшу қашықтығы азаяды. Егер Сол­түстік Кореяның мәлімдегені рас бол­­са, Пхеньянның баллистикалық бағ­дар­ламасының қарымы ойлағаннан асып тү­седі», – деп хабарлайды CNN арнасы.

Бүгінде әлем басшылары Солтүстік Кореяның әрекетін айыптап, оған қарсы әрекет етуге шақырып отыр. Ресей Сырт­қы істер министрінің орынбасары Сер­гей Рябков Корея түбегіндегі ядролық мә­се­лені шешу мақсатында АҚШ-пен бір­лесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін жет­кізді. «Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бір­ле­се, әріптестік таныта отырып шешім қа­был­дайтынымызға сенімдімін. Біз осыған қатысты Вашингтонмен екіжақты байланысымызды жалғастыра береміз. Себебі, бұл өте маңызды мәселе», деді Сергей Рябков ABC арнасына берген сұхбатында. 

АҚШ Президенті Дональд Трамп өз ке­зегінде Солтүстік Кореяға қатысты мә­се­леде Қытайдың қол қусырып отыр­ғанын тағы айтқан. BBC агенттігінің ақ­паратына сүйенсек, Ақ үй басшысы твит­тердегі парақшасына Қытайдан кө­ңілі қалғанын жазыпты. «Қытай үкіметі ке­ңесшісі Виктор Гаоның айтуынша, Трамптың пікірінің пайдасы жоқ, сон­дай-ақ, АҚШ «ерке бала» секілді әре­кет етіп отыр. Солтүстік Кореямен шек­­тесіп жатқан әрі сол елдің ең үлкен эко­­номикалық әріптесі Қытай бұған дей­ін де КХДР-мен байланысын үзуге ша­қы­рылған болатын», дейді BBC. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Халей де Қытайды белсенді әрекет етуге ша­қырды.

Дегенмен, КХДР-дің қадамын Қытай да құптаған жоқ. Сенбі күні таратқан мәлімдемеде олар Пхеньянды Корея тү­бегіндегі жағдайды ушықтырмауға ша­қырд­ы. «Солтүстік Кореяның баллис­ти­ка­лық технология қолданып, зымыран ұшыруына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесінің нақты ережелері бар. БҰҰ Қау­іп­сіздік Кеңесі резолюциясын бұзатын жә­не халықаралық қоғамдастыққа бағын­бай­тын Солтүстік Кореяның әрекетін Қытай та­рапы құптамайды» – деп хабарлады Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілі Гэн Шуан. 

Солтүстік Корея құрлықаралық бал­лис­тикалық ракетасын сынақтан өткіз­ген­нен кейін іле-шала Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлесе баллистикалық оқу-жат­­тығу жиындарын өткізді. «РИА Новости» таратқан мәліметке сүйенсек, атал­­ған шара КХДР-дің әрекетіне жауап ретінде жасалған. Оқу-жаттығу жи­­ы­нында Оңтүстік Корея қарулы күш­­те­рінің «Хенму-2» зымыраны мен АҚШ ар­миясының «жерден жерге» бал­лис­ти­калық зымыраны қолданылған. Со­ны­мен қатар, АҚШ әкімшілігі де Солтүстік Кореяға өздерінің қаражаяу еместігін көрсетіп, екі В-1 бомбалағыш ұшағын Корея түбегіне жіберді. Бұдан бөлек АҚШ та­рапы баллистикалық зымыранға қарсы қор­ғаныс сынағын жасағанын хабарлады. CNN арнасының хабарлауынша, THAAD деп аталатын қорғаныс жүйесі әзірге құр­лықаралық баллистикалық зымыранды жойып жіберуге қабілетсіз. Алайда, атал­ған қорғаныс жүйесі орта қашықтықтағы бал­лис­тикалық зымырандарға қарсы тиімді қол­данылады. 

The Guardian газеті КХДР-дің кезекті мәрте баллистикалық ракета ұшыруы Ақ үй басшысы Дональд Трамптың сынға тү­сетін кезі келгенін көрсетеді деп есеп­тей­ді. Аталған басылым таратқан ақ­па­рат­қа сүйенсек, оқтұмсықтар Нью-Йоркке дей­ін жетуі ықтимал: 
«Солтүстік Корея ақпарат агенттігі баллистикалық зымыранның ұшырылуы АҚШ-қа «қатаң ескерту» деп жазады. Онда құрлықаралық баллистикалық зымыран 47 минут 12 секунд бойы ұшып, 998 шақырымды басып өтіп, 3724,9 метр би­іктікке көтерілген делінген. Ақпарат агент­тігінің айтуынша, Ким Чен Ын осы әре­кеті арқылы соғыс қаупі мен күшей­тіл­ген санкцияны желеулетіп «барабанын ұрғылап, байбалам салған» АҚШ-қа жасалған «қатаң ескерту» екенін білдіреді». 

Ал Солтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары баллистикалық зымыранды сәтті сынақтан өткізу елдің әлеуетін көр­сететінін жазады. «Хвасон-14» құрлық­арал­ық баллистикалық зымыранды екінші мәрте сәтті сынақтан өткізу біздің партия мен халықтың революциялық сенімінің ерекше көрсетілімі болды. Сондай-ақ, америкалық империалистер тізерлеп келіп кешірім сұрап, халқымыздың зи­ян шегуіне себеп болған Кореяға қа­тысты жаулық әрекеті мен саясатын тоқ­татпайынша соққы беруге әзір», – де­лін­ген «Нодон синмун» газеті таратқан ақ­паратта.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кореяның құр­лықаралық баллистикалық ракетасын сы­нақтан өткізуін Қазақстан тарапы да қатаң айыптайтынын мәлімдеді. «Мұндай әрекеттер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясын өрескел бұзып, әлемге қауіп төн­діріп, шығыс Азия мен ғаламдық дең­гейдегі жағдайды күрделендіреді. КХДР-дың жауапсыз саясаты ядролық қаруды таратпауға арналған жаһандық үрдіске кері әсерін тигізеді. КХДР-ді өз халқы мен бүкіл адамзат игілігі үшін ядролық қарудан бас тартуға шақырамыз», – делінген Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде. 

Қазақстан тарапы дөңгеленген дүниенің тыныштығы мен ынтымақтастығына қауіп төндіретін мұндай қадамды ешқашан құп­та­ған емес. Тіпті, еліміз ядролық қару қол­­данудан өз еркімен бас тартқан тұң­ғыш мемлекет. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан аймағы ядролық бомбалар сыналатын қауіпті аймаққа айналған-ды. КСРО тарағаннан кейін Қазақстан ядролық арсеналы бойынша әлемде төртінші орында тұрған болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев нағыз бейбіт ел екенімізді әлемге паш етіп, ядролық қарудан үзілді-кесілді бас тартты. Бұл – Елбасының көреген саясатын айғақтайды. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»