Қазақстан • 02 Тамыз, 2017

Ауылда жас мамандар үлесі артып келеді

206 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтқан Елбасы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына үлкен міндеттер жүктеді.

Ауылда жас мамандар үлесі артып келеді

Жолдауда белгіленген міндеттер бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында ауқымды жоспарлар іске асырыла бастады. Мысалы, 2021 жылға дейін агроөнеркәсіп кешені экспортының көлемін 35 %-ға жеткізу, 90 мыңнан астам жеке фермерлік шаруашылықтарды біріктіретін 600-ден астам кооперативтер құру және 118,8 мың га суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Агроөнеркәсіптік кешенді 2017-2021 жылдарда дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста жыл басынан бері 473 ауылшаруашылық кооперативтері құрылды. Бұл кооперативерге 52 мыңнан астам ұсақ шаруа қожалықтары біріккен. Шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға өту бағытында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, инвес­тиция сомасы 18,5 млрд теңге болатын, қуаттылығы жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін «АK Kazyna» ЖШС-нің жобасы іске асырыла бастады. Ал «Ордабасы-Құс» ЖШС күркетауық етін өндіру мен өңдеудің өндірістік қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға жеткізу бойынша келісімге қол қойған. Мұнан бөлек, Шардара ауданында балық өнімдерін қайта өңдейтін екі зауыт, инвестиция сомасы 7,8 млрд теңге болатын түйе сүтін қайта өңдейтін зауыт салу жұмыстары басталған. Қытай инвесторларымен инвестиция сомасы 21,6 млрд теңгелік томат зауытын салу жобасы келісілді. Сондай-ақ, инвесторлар мың гектар аумаққа қарқынды жаңғақ бауын отырғызу жобасын жүзеге асыратын болады. Бұдан басқа, бірнеше инвесторлардың қатысуымен инвестиция сомасы 51,2 млрд теңге болатын 136 гектар аумақта өндірістік жылыжайлар салу жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. 

Міне, осындай ауқымды жобаларды жүзеге асыруда білікті мамандардың алар орны ерекше. Жасыратыны жоқ, жылыжайы көп оңтүстікте көкөніс өндірушілер шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Осы орайда, ауыл шаруашылығы басқармасы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-мен тығыз байланыс орнатып, қажетті мамандар даярлау бойынша ұсыныс жасауда. Жалпы, университетте бүгінгі таңда ауыл шарауашылығы саласының мамандарын даярлауға ерекше мән беріп келеді. Мысалы, «Ауылшаруашылық ғылымдары» жоғары мектебі 2003 жылы алдымен агроөнеркәсіп факультеті ретін­де ашылған болатын. Жаңа бөлім 6 маман­дық бойынша алғашқы жылы 80 талапкерді грант негізінде оқуға қабыл­да­ған. Жылдан жылға студенттер саны кө­бейіп, даярлайтын мамандық түрі сегізге жеткен. Қазіргі таңда факультетте 1250 студент бар, 300 түлек биыл біті­ре­ді. Факультеттің мүмкіндіктері молая түскесін университеттің басшылары мен ғалымдар өзара кеңесе отырып, факультетке жоғары мектеп мәртебесін беру туралы шешім шығарған болатын. Қазіргі таңда мектепте алты кафедра жұмыс істеу­де. Жоғары мектептің ең басты мақ­саты – тү­лек­терді жұмысқа қабілетті, өн­ді­­ріс­тен хабары бар, жан-жақты дайын ма­­ман­ға айналдыру. Мектептегі салалық ке­ңестің мүшелігінде кәсіпорын, зауыт, шаруа қожалықтарының басшыла­ры бар. Олар болашақта жұмысқа орналаса­тын жас маманның қабілет-қарымын бай­ыптап, тереңірек меңгеруі тиіс сала­ны көрсетуге кеңес береді. Яғни, өндіріс басшылары өздеріне немесе әріптестеріне қажетті мамандарды таңдау мүмкіндігіне ие бол­са, оқу орны ертеңгі күні жас маман­ның жұмыссыз қалмауын алдын ала қам­дай­ды. 

Бүгінгі таңда тек теорияны оқыту сапасыз мамандардың көбеюіне алып келетіні анықталып отыр. Сондықтан универ­ситет дуалды оқыту жүйесіне көшкен. Яғ­ни, теория мен тәжірибені қатар алып жүру, теориядан гөрі тәжірибеге көбірек мән беру көзделген. Бұл бағытта кездесетін қиын­дықтар да аз емес. Көптеген кәсіп­орын­дар, қожалықтар, зауыттар ішкі ша­руасына өзгелерді араластыра бергісі кел­мейді. Осы проблеманы шешу үшін «А­уыл­ша­руашылық ғылымдары» Жоғары мек­те­бінің студенттеріне Түлкібас ауданынан ар­найы 50 гектар жер балансқа беріліпті. Одан бөлек мектеп қосымша жер телімін жал­ға алған, сондай-ақ, жастардың уақыт­ша тұруы үшін арнайы база сатып алы­н­ған. Қажетті техникаларын түгендеп ал­ған жоғары мектеп тиесілі жерлеріне би­дай, арпа, мақсары, жоңышқа секілді дәнді дақылдар мен көкөністер егіпті. Студенттер егін басында жүріп, барлық процестерді, яғни жерді өңдеу, техниканы игеру, егінді суару, өсіру, зиянкестермен күрес, арамшөптерден тазарту секілді жұмыстардың барлығын мамандардың кеңесімен атқарған. Болашақ мамандар еккен өнімдерін күзде жинап алады. Студенттер жиналған өнімді де кәдеге жаратуда. Алынған өнімнің жартысы тұқым ретінде сақталса, қалғаны өңдеуші кә­сіпорындарға өткізілуде. Мал ша­руа­шылығына қатысты мамандықты мең­ге­ріп жатқан студенттер Жаскешудегі 13 жылқы, 14 ірі қара малға күтім жасап, мал басын көбейту бағытында жұмыс іс­теу­де. Егістік алқабынан бөлек оқу кор­пу­­сы­ның жанынан екі жылыжай салын­ған. 

«Университет жылыжайында болашақ ма­ман­дар жабық топырақта көкөністерді өсі­ру технологиясын үйренуде. Сондай-ақ, оқу орны қала іргесіндегі Қайнарбұлақ тұрғын алабынан 2,8 гектар жер алған. Ол жерді қоршап былтыр 1000 түп жеміс-жидек ағаштарын отырғыздық. Оның ішінде қарқынды сортынан 400 түп алма ағашы бар. Одан бөлек 300 түп жүзім егілді. Жаңғақ, шие ағаштарын да отырғыздық. Жеміс-жидек ағаштарын отырғызу, күтімге алу жұмыстарының бар­лығын студенттер атқарды. Сонымен қа­тар, екіжақты жасалған келісім аясында төрт мамандық бойынша студенттеріміз Қазығұрт ауданындағы «Амангелді» ЖШС-нің егістік алқаптарында өндірістік тә­жірибеден өтті. Серіктестікпен тығыз бай­ланыстамыз және біздің студенттерді жұ­мысқа шақыруда. Яғни, ауылға барып алған білімін ауыл шаруашылығын да­мытуға жұмсағысы келетіндер көп және оларға барлық жағдай жасалуда. Тү­­лек­те­ріміз ауыл шаруашылығындағы жас ма­ман­дар қатарын арттыра түсуде. Жал­­­пы, уни­верси­тет түлектерінің білікті де білімді жә­не сұ­ра­нысқа ие маман бо­лып шығуына бар­­лық жағдай жаса­луда», дей­­ді «Ауыл­ша­руа­шылық ғылымд­ары» жо­ға­ры мек­тебінің де­каны, биоло­гия ғы­лым­да­ры­ның кандидаты Әсет Жыл­қы­баев. 

Айтпақшы, Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 218 мың гектарға бидай егілген. Одан 401 мың тонна астық жина­лады деген жоспар бар. Мәселен, бір ған­а Қазығұрт ауданында 38 мың гектар ал­қапқа арпа-бидай егіліпті. Яғни, жас ма­мандар жылыжайларда ғана емес, та­м­шылатып суару сынды жаңа тех­но­ло­­гия­лар енгізілген бау-бақшаларда, ас­тықт­ы алқаптарда да еңбек етуде. Сон­д­ай-ақ, ауылдарда бір кездері күрт азайғ­ан мал дәрігерлері қатарын да жастар то­лық­тыруда.

Ғалымжан Елшібай,

"Егемен Қазақстан"

Оңтүстік Қазақстан облысы