Үкімет • 02 Тамыз, 2017

2020 жылға дейін төрт халықаралық әуе бағыты іске қосылады

181 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкіметтің бапасөз орталығы кеше «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шараларына арналған брифингтер легін экономика тақырыбында жалғастырды. Онда «Индустрияландыру және экономикалық өсім» деп аталатын үшінші институттық реформаның іске асырылу барысы қаралды.

2020 жылға дейін төрт халықаралық әуе бағыты іске қосылады

Жиынға Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов, Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев, Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев, Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев қатысты.

Ұлттық экономика вице-министрі Р.Дәленов министрліктің «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша төрт қадамды іске асыруға жауапты екенін атап өтті. Оның үшеуі салық пен кеден саясатына және біреуі монополияға қарсы жұмыспен байланысты. Ұлт жоспары аясында аталған бағыт бойынша қолданыстағы салық режімдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Салық және Кеден кодекстерінің жаңа жобалары әзірленді. Салық тұрғысынан мемлекет тарапынан бизнесті әкімшіліктендіруді жеңілдету, несиелеуді ынталандыру, сондай-ақ, геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар салу көзделген. Сонымен қатар, салық консультанттары институтын, дистанциялық аудит және салық несиелерін енгізу жоспарда бар.

«Кедендік бақылау туралы айтсақ, мұнда декларациялау кезінде электронды технологияларды енгізуге, кедендік операцияларды орындау кезінде автоматты ақпараттық жүйелерді қолдануға және бақылаудан өту барысында «бір терезе» тетіктерін белсенді пайдалануға басымдық беріледі», деді Р.Дәленов.

Вице-министр сонымен қатар қазір елімізде шағын бизнес салық төлеудің бірнеше әдісін таңдай алатынын атап өтті. Сондай-ақ, шағын бизнеске тиянақталған шегерістің жаңа режімі ұсынылатынын, ол айналымы көп, бірақ пайдасы аздар үшін тиімді екенін жеткізді.

Ал Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі А.Айдарбаев өз кезегінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында құрылыс саласында жүргізілген реформалардың арқасында рейтингіміз жақсарғанын атап өтті. Ұлт жоспарын іске асыру аясында «бір терезе» қағидаты мен құрылыстың рұқсат құжаттарын алудың үш сатылы қағидаты енгізілген. Құжаттарды алу мен эскиздік жобаларды бекіту мерзімдері 40-60 күннен 17-6 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Құрылыс салуға рұқсат беру электронды түрде хабарлама беруге алмастырылды. «2020 жылға қарай жобалау-сметалық құжаттардың 90 пайызға дейін сараптамасын жеке нарық жүргізетін болады. Бүгінде бұл көрсеткіш 60 пайызды құрайды. Бұдан өзге, Еурокодтарға арналған жаңа нормативтік база енгізілген, 2019 жылдың соңына дейін осы жүйеге толықтай ауысу жұмыстары жүргізілмек.

«Құрылыс саласындағы реформалардың нәтижесінде Қазақстан Doing Business есебі бойынша 2015 жылдан бастап өз орнын 130 сатыға жақсартты, яғни, 152-ден 22-орынға көтерілді», деді А.Айдарбаев.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыра отырып еліміздің көлік-логистикалық әлеуеті де кеңейген. Бұл ретте, вице-министр Ұлт жоспарын іске асыру аясында Алматы маңынан халықаралық авиациялық хаб құру үшін Мемлекет басшысы жоба операторын – «МГ Холдинг» компаниясын анықтағанын хабарлады. Компания жобаны іске асыруға Сингапурдан инвестициялар тартумен айналысады. Бұдан өзге, «Эйр Астана» әуе компаниясы белсенді дамып жатыр, оның паркі 31 ұшақтан тұрады, олардың орташа жасы 6-8 жыл. «2020 жылдың соңына дейін Airbus А320neo тобының 10 әуе көлігін, 2019 жылы – екі Боинг 787 ұшағын жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ «ҚТЖ» компаниясы «Эйр Астанамен» бірлесіп жүк әуе компаниясын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр», деді А.Айдарбаев.

Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығына көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Астанадан Франкфуртке, Лондонға, Дубайға, Сеулге, Бейжіңге және Парижге тікелей әуе қатынастары іске қосылғанын хабарлады. 2017 жылы тоғыз жаңа халықаралық әуе бағыты, олардың ішінде – Астанадан Делиге, Варшаваға, Хельсинкиге, Будапештке, Бейжіңге, Ереванға, Киевке, Батумиге және Минеральные Воды қаласына әуе қатынастары ашылған. 2019 жылы Токио мен Сингапурға, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йоркке әуе қатынасы бағыттарын ашу көзделіп отыр. Жалпы, Инвестициялар және даму министрлігі Ұлт жоспарының 17 қадамы бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»