Қазақстан • 03 Тамыз, 2017

Ұлт ұстанымының ұйытқысы

536 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың «Болашаққа бағ­дар: ру­ха­ни жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласы қазақ елінің қо­ғамдық-саяси өміріндегі маңызы зор, елеулі оқиға болды.

Ұлт ұстанымының ұйытқысы

Білгенге бұл – ұлттық мүдденің ұлт мұрат­тарын айқындайтын жа­ңа идеоло­гия­лық тұжырымдама. Қазақ­стан даму­дың жаңа сапалық деңгейіне жетуді көздейтін стратегиялық бағ­дар­­л­амасын Елбасының «Қазақ­стан­­ның үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауынан кейін іске асыруға кіріс­кені баршамызға белгілі. Ұлт жоспарын орындау аясын­да әлем­нің ең озық 30 елінің қатары­на кіру  – үшінші жаңғырудың басты мақ­саты. Бұған дейін екі жаңғы­ру жүзеге асырылды. Яғни жаңа тәуел­­­сіз мемлекетті құру арқылы бірін­­ші жаңғыруды жүзеге асырса, «Қа­зақ­стан-2030» Стратегиясы арқа­­сын­да Қазақстан дамыған 50 ел­дің қа­тарына кірді. Осының өзі жүйе­лі дамуды қамтамасыз ететін мем­лекеттік саясаттың сабақтас­тығын танытып отыр.

Соңғы жылдары мәдениеттің ең негізгі өзегі – рухани салада тү­бір­лі жаң­ғырулар жүргізілген емес. Пре­­­зидентінің бұл мақаласы – елдің бүгінгі өмірінде ұлттың ұс­та­­ным­­дарын айқындайтын және қо­ғамдық сана­ны өзгерту жолдары­­ның жалпы ба­ғыт­тарын белгілей­тін дүниетанымдық-идео­логия­лық еңбек. Ұлттық тұтас­тық, мә­дениет, әдет-ғұрып пен салт-дәс­түр, рухани мұраларды сақтау, латын әліпбиіне көшу, білім беру­дің маңызын арттыру, мақсатқа же­ту­дегі прагматизм, саламатты өмір салты қамтылған мақала кіріспе және «ХХ ға­сыр­дағы ұлттық сана туралы», 
«Та­яу жыл­дардағы міндеттер» атты екі негізгі тарау мен қорытын­ды­дан тұра­ды. «Сананы жаңғырту­дың» мазмұ­нын негіздей отырып, жаң­ғырудың 6 бағытын белгілейді: Олар 1. Бәсекеге қабілеттілік; 2. Прагматизм; 3. Ұлттық бірегейлікті сақтау; 4. Білімнің сал­танат құруы; 5. Қазақстанның рево­лю­циялық емес, эволюциялық дамуы; 6. Сананың ашықтығы. Бұл бағыт­тардың барлығы өзекті және уақыт­тың талаптарына барынша нақты жауап береді. Екінші тарау – «Таяу жыл­дардағы міндеттер» бірінші кезекте Қазақстанның алдағы ұзақ­мерзімді дамуын айқындайтын стратегиялық сипатқа ие. Осы тарау­дағы негізгі жо­ба – қазақ жазуын латын әліпбиіне ке­зең-кезең­мен көшіру мәселесі. Ла­тын әліп­биіне көшу мәселесі тек бү­гін ғана қозғалып отырған жоқ. Бұл мәселе ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары қолға алына бастады. Яғни түркі дүниесінің ортақ әліпбиін жасау мәселесі Кеңестер одағының ыдырауы қарсаңында күн тәртібіне енген еді. Осы орайда алғашқы нақты шешім 1991 жылы 18-20 қазан күндері Ыстанбұлдағы Мармара университеті жанын­дағы Түріктану институты ұйым­дастырған «Қазіргі түрік әліпбиі» атты симпозиумда тілші-ғалымдар тарапынан қабылданған-тұғын. Осы жиында Әзербайжан, Қазақ­стан, Қырғызстан және Түрік­менстан сынды елдерден қа­тысқан 28 тілші ғалым Түркі дү­ниесі үшін 34 әріптен тұратын ла­тын негізіндегі әліпби жүйесін белгілеген болатын. Бұл жүйе 29 таң­бадан тұратын Түркия­ның әліп­биіне өзге түркі халықтарындағы дыбыстар үшін қосымша бес қаріп енгізумен ерекшеленді. Ол бес әріп: Ä ä, Х х, Q q, Ñ ñ, W w.

1991-1993 жылдар аралығында ал­дымен Әзербайжан, сосын Түрік­мен­стан, артынан Өзбекстан латын графикасына көшті. Қазақстан мен Қыр­ғызстан бұл мәселені кейінге қал­дырды. Оның өзіндік себептері де болды. Қазақстанның геосаяси жағ­дайымен, көршілес орналасқан алпауыт мемлекеттердің ықпа­лымен де санасу керек. Осыны ескере отырып Қазақстан Рес­пуб­ликасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев латын графикасына өтуге жан-жақты дайындықпен келу керектігіне тоқталып, 2025 жылы Қазақстан латын әліпбиіне толық өтетіндігін мәлімдеді. Түркі мемлекеттерінде қабылданған латын графикасының тиімді жақ­тары мен кемшін тұстарын сара­лай отырып қо­ры­­тынды жасау қажет­тілігі назар­ға алын­ды. Бүгінде тілші-ға­лым­­дар ла­тын әліп­­биіне көшкен тұста қа­зіргі қазақ тілі­нің дыбысталу ерек­ше­лік­тері­не нұқ­сан келмеу жағын қарас­тыруда.

Латын алфавитіне өтуді қызу қол­даған ұжымның бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­ара­лық қазақ-түрік университеті бола­тын. 2002 жы­лы университет жанындағы Түрко­логия ғылыми-зерттеу институты ұйым­дастырған І Халықаралық түрко­логия кон­гресінде әлемнің жиыр­мадан ас­там елінен келген түрколог-ғалым­дар бас қосты. Осы кон­гресс қау­лы­сы­ның 5 тармағында «Латын­­шаға көшкен, көшетін түркі ха­лық­­тары­ның жазу таңбасы ортақ белгі­ге құрылып, бірін-бірі кедергісіз оқи алатын бағыт ұсталсын, бірақ ша­ма келгенше, ата жазу таң­балары негі­зінде жасау назарда ұсталсын», деп көрсетілген. Түркі жұртының мәде­ниетін өзара жақын­дастыру мақса­тында қолға алын­ған іс-шараның бұл бір парасы ғана. Бүгінде Халықаралық түрко­логия конгресі екі жылда бір рет Түркістан қаласында өтіп тұра­ды. Дү­ние жүзінің белгілі түрко­лог ғалымдарын Түркістанға шақы­рып, ке­лелі ғылыми кеңес өткізіп отыру үрдіске айналған.

2009 жылы өткен ІІІ Халық­аралық түркология конгресі «Бү­гінгі түрко­логияның өзекті мәсе­лелері мен келе­шегі (ортақ тіл, тарих және әліппе)» деп аталды. Бұл басқосу түркітану ғылымының өткені мен бүгінін саралап, келешекте атқаратын жұмыстары туралы өзекті мәселелерді шешуге ар­нал­ды. Конгресте ортақ тіл, тарих және әліппе жасау мәселелері қара­лып, кеңінен талқыланды. Түркі дүние­сінің жанашырлары өз ойларын ортаға салып, түркі дү­ниесінің өткен тарихын талдап, таразылады. Басты мақсат – бү­гінгі түркі халық­тарының рухани тұтастығын насихаттау. Сол кез­дегі Білім және ғылым ми­нистрі Ж.Түймебаев: «Түркология ғылы­мын жандандырып жатырмыз. Бұл салада тер төгіп жүрген ғалым­дарымыз жетерлік. Туыстас түркі халықтарының тілдерін зерттеуге атсалысып, халықаралық деңгейге шығуы қажет. Бүгінгі түркі ха­лық­тарының ті­лін­де қалыптасып отырған өзекті мәсе­лелерді бүкіл түркі әлемі болып шешуміз керек», – десе, ғалым Ә.Жү­­ніс­бек түркі тіл­та­нымының  ғы­лыми реформаны күтіп тұрғанын, ол реформаның фо­не­тикадан баста­лу керектігін қадап айтқан болатын.

Түркология ғылыми-зерттеу инс­ти­тутында қазір де Елбасы ма­қа­ла­сында айтылған идеялар насихатталып, айтылған бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыруда жос­парлы, жүйелі жұмыстар атқа­ры­лып жатыр. Дүйім түркі жұртының барлығына бірдей ортақ графикаға көшудің түркі мәдениетінің дамуына қосатын үлесі мол. Қазіргідей жылдам ақпарат алмасу дәуірінде түркі жұрты бірінің жазған ең­бек­терін бірі қиналмай оқи алатын деңгейге көтерілсе, түркі инте­грациясының қарқын алуына үлкен серпін берген болар еді.

Қорыта айтқанда, Н.Ә.Назарбаев­­­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» мақаласы тәуел­сіз Қазақ­стан­ды, қазақ елін дамытуға бағыт­талған өзекті мақа­ла екені дау тудырмас шындық. Атал­ған мақала халықты ұлт­тық құн­ды­лықтарды құрметтеуге, ту­ған жерді көркейтуге, қоғам үшін игі іс жасауға, жаңашыл ойлап, өн-бойы­мыздағы рухани құнды­лық­ты жаңғыр­туға үндейді.

Сердар Дағыстан,
Жұпар Танауова,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институты