Қазақстан • 03 Тамыз, 2017

Әсия Радовичине: Елді сағынғаннан суретші болып кеттім

156 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күйіп тұрған күннің әсері ме, шаруамыз шаш етектен болмаса да шаршаңқырап отырғанбыз. Ұлардай шулап қоя берген ұялы телефонымызды керенау көтердік. «Астана ақшамы» газетінде бірге қызмет істеген әріптесіміз Аманғали Қалжан екен. Амандық-саулық сұрасқан соң аздаған бұйымтайын айтты.

Әсия Радовичине: Елді сағынғаннан суретші болып кеттім

«Қазір сізге Литвада тұратын су­ретші қазақ қызын күйеуімен қоса ер­тіп барсам қайтеді. ЭКСПО-ға ке­ліпті. Ұлттық музейде жеке көр­ме­сі өтіп жатыр. Қиырдағы қан­дас­та­ры­мыз туралы қалам тербеп жүр­ген соң хабарласқаным ғой»... 

Жасырып қайтейін, ізетті ініміздің ілтипатты сөзінен кейін шегінерге жер қалмаған еді. 

Сонымен қойшы, қонақтарды қошеметпен қарсы алып, жөн сұрастық.

– Қарағым-ау, Кеңес Одағына ба­ғынған кезінің өзінде бауырлас рес­пуб­ликалар арасында басқаша мен­т­а­литетімен ерекшеленген Бал­тық бойындағы елде қайдан жүрсің?

– Тағдыр тасының қалай қарай домаларын кім білген. Сол жақтың дәм-тұзы тартқан шығар, сірә. Әйтсе де төтесінен қойылған сұраққа тура жауап-
ты сәл кідірте тұрып, әңгімемді әріден бастайын. Түп-негізіміз сұрасаңыз, Шығыс Қазақстаннан. Туып-өскен тұрағым – Ақтөбе өңірі. Қа­лада тұрғаныммен Шалқардағы әжем­­нің ауылына жиі баратынмын. Сон­да көз жетпес көкжиекке көсілген кең даламыздың көркемдігіне қайран қала­тынмын. Жүгірген аң, ұшқан құсы­на дейін ыстық көрінетін. Бала жасымнан жан-дүниемді байытқан әдемі әсерлер әлі есімнен кетпейді. 

– Сурет салуға құштарлығың сол шақта оянған-ау, шамасы. 

– Мүмкін... Бейнелеу өнеріне ептеген ебім болса керек. Бірақ оған біздің отбасымызда ешкім мән берген емес. Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасында лауазымды қызмет істе­ген әкем де, саналы ғұмырын білім саласына арнаған анам да матема­ти­ка, физика, химия секілді негіз­гі пәндерді жақсы оқуға міндетті екені­міз­ді санамызға сіңіріп бақты. Сурет салу­ды еріккеннің ермегі ретінде ғана бағалады. Сондықтан мамандық таң­дауда аздаған адасу болды. 

– Қалайша?

– Мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыға тарттым. Ата-анамның ақылы­мен Қазақ политехникалық инс­ти­тутының автоматика және телемеханика факультетіне түстім. Оны тәмамдаған соң аспирантурада оқыдым. Ғылыммен айналысып, экономика саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғадым.

– Ойбай-ау, одан артық не керек?

– Дұрыс қой. Былай қарасаң, есем кеткен ештеңе жоқ. Есебім түгел секілді. Бірақ бәрібір көңілде бір қоңылтақсу бар. Неге? Білмеймін. Әйтеуір менің қалауым бұл еместей көрінеді. Ақыры, Ақтөбеге оралып азаматтық авиация ұшқыштарын даярлайтын училищеде саяси экономиядан сабақ беріп жүрдім. Бұйрықты қойсаңшы бұл, сонда үшінші курста оқитын Витаутаспен таныстым (Күйеуіне қарап күліп қойды). Егер осы оқу орнында жұмыс істемесем екеуіміз жолығыспас па едік, кім білсін? Көп кешікпей шаңырақ көтердік. Литвадан бір-ақ шығуымның себебі осындай. 

– Жат жұртты жерсіну жағы оңай тимеген болар.

– Ділі де, діні де бөлек ортаға бірден сіңісіп кету қиын соққаны рас. Рухани, этникалық ерекшеліктері өте көп екен. Бірақ келін болып түскеннен кейін кедергілердің бәрін жеңуге тура келді. Жергілікті халықтың мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен жақынырақ та­ны­суға тырыстым. Тіл үйренбей ісім­нің ілгері баспайтынын түсіндім. Ал­дымен жеке сөздерді жаттадым. Со­сын сөйлем құрадым. Сөйте-сөйте қа­тар­ға қосылдым. Қазір ешкімнен кем сөй­лемеймін. 

– Қазақшаң ақсаңқырап қалған­дай ма, қалай?..

– Өзіңіз білесіз, Кеңес заманында қаланың балалары негізінен орысша оқитын еді ғой. Мен де солардың бірімін. Оның үстіне басқа ортада ғұмыр кешкен соң ана тілімнен ажыраңқырап қалғанымды жасырмаймын. Дегенмен тақыр-таза ұмытпағаным тағы рас. 

– Жарайды, өмір жолыңызға біраз шолу жасадық білем. Енді негізгі тақырыпқа қарай ойысып, бейнелеу өнеріне бет бұруыңыздың тарихын баяндасаңыз. 

– Бұл өзі қызығын айтып тауыса алмайтын хикая... Мен Литваға Кеңес өкіметінің «өлерінен» сәл ғана бұрын бардым емес пе. Горбачевтің қайта құруы қайрандап, адамдар тұрмысының әбден титықтаған тұсы. Оның аяғы қайда апарып соққаны әмбеге аян. Литва – Одақтан шығып, тәуелсіздігін жариялаған бірінші республика. Егемендіктің елең-алаңында елдің бәріне қиындау болғаны белгілі. Екі қолға бір жұмыс табылмайтын уақыт. Қол қусырып отыруға болмайды. Күніңді көруің керек. Алдымен Қазақстанда алған дипломдарымды ратификациялау қажеттігі туындады. Соның арқасында кандидаттығымның дәрежесі докторлыққа теңестіріліп, мәртебем өсіп шыға келгені. Соған қарамастан қолайлы қызмет қолға тие қоймады. 

Ұшқыш күйеуімнің тапқан айлығы тамағымыздан аспайды. Соның салдарынан 5-6 жыл төркініме жете алмай сорладым. Тіпті, телефонмен қысқа қайырып тілдесудің өзін қалтамыз көтере бермейтін. Елді сағынып еңі­ре­ген­де етегім жасқа толады. Көк те­ңіздей ту­лаған көңілімнің көксеуі кейінірек та­былғандай болды. Қараптан қарап қыл­қ­алам ұстауға аңсарым ау­ғаны. Ішкі шығармашылық ізденістер ар­насынан асқанын аңғардым. Осы уа­қытқа дейінгі тірлігім әншейін сияқ­тан­ды. Соның арасында сәті түсіп, Жол қатынастары министрлігіне әжептәуір қызметке тұра қалдым. Жағдайым жаман емес. Әйтсе де бәрібір бірдеңе жетіспейді. Үлкен толқу үстінде тағдыршешті таңдауымды жасауға тура келді. Бірде Вильнюстің орталығындағы дүкенге кір­іп, сурет салуға қажетті дүниелерді са­тып алдым. Мольберт, кенеп, бояу, қыл­қалам, тағысын тағылар. Ең қызы­ғы, не керектің бәрін өзім біліп тұрмын. Құдды, күнде осы кәсіппен шұғылданатын кәнігі шебердей. Міне, осылайша ойымды онға бөлген ертегі әлемінің есігінен ендім. Еңбек демалысымды пайдаланып, баяғы балғын кезімде көрсем де, көз алдымнан көл­бең­деп кетпейтін бір түсті кенепке түсіруге кірістім. Іштей өзімді қайрап қоямын: «Осыдан бар ғой, ойдағымды орындасам, қалғанын жүзеге асыру түкке тұрмайды». Ұзын сөздің қысқасы, айналасы жарты айда «Жастық шақта көрген түс» атты алғашқы картинамды жазып тастадым. Оны көрген күйеуім төбесі көкке жеткендей қуанды. Содан әсерленгенім соншалықты, шенеуніктік қызметті қиып, бірыңғай суретшілікпен шұғылдану жөнінде шешім қабылдадым. Кеңседегі бас­тықтарыма жұмыстан босатуларын сұрасам жібергілері келмейді. Кету себебімді айтсам сенбейді. Мен болсам алған бетімнен қайтпадым. Оны­мен қоймай көрмемді өткізуге дай­ын­далуым керек деп кергитінімді қай­терсің. «Алдыңнан ақ күн тусын! Көр­меңе шақыруды ұмытпағайсың», деді әріп­тестерім әзіл-шынын араластырып. 

– «Досқа – күлкі, дұшпанға – таба» болмай көздеген мақсатыңа жеттің бе, әйтеуір?

– Тоғыз ай толғатып, бес картинаны бітірдім. Жарым Витаутас жанын салып, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты. Нәтижесінде, қаланың ескі бөлігінде орналасқан «Лангос» галерея­сында тырнақалды туындыларымның тұсауын кестім. «Лангос» қазақшаға аударғанда «терезе» ұғымын білдіреді. Осынау символикалық атау менің сұңғат саласындағы жолымды ашты. Одан бері жиырма жыл өтіпті. 

– Кәсіби маман атанбай-ақ, абы­ройға бөленуіңіздің сыры неде?

– Білмеймін. Маған ол жағы жұм­бақ­тау. Арнайы білім алғаным жоқ. Ата­жұрт аңсары менің жандүниемді аст­ан-кестен етті. Қиялыма қанат байлады. Асқар биіктерде самғатты. Санамды жа­ңа сапалық деңгейге көтерді. Тылсым әлемнің әлдиін тыңдап, тербетілемін. Ұзын саны 21 картина жазсам да Суретшілер одағының мүшесі емеспін. Маған оның қажеті де шамалы. 

– Қызық екен... 

– Оған таңданбай-ақ қойыңыз. Өмірде әркімнің өз ұстанымы болады. Жалпы, бейнелеу өнерінің арғы-бергі тарихымен ертеден таныстым. Үйіміздегі кітапханамыз Мәскеуде жарық көрген танымдық кітаптарға бай-тұғын. Солардан оқып-білгендерім кәдеге жарады. 

– Жеке көрмелеріңді жиі өткізіп тұрасың ба?

– Ондай әдеттен әсте аулақпын. Көрерменге төрт-бес жылда бір рет есеп беруді дұрыс санаймын. Ыстанбұлда қойылған жұмыстарымды түріктер жылы қабылдады. Қанша дегенмен, түбі бір туысқан емес пе, әсіресе қазақ тақырыбына қызығушылық танытты. Ақпарат құралдарында жақсы баға берілді. 

– Тарихи отаныңдағылар еңбек­те­ріңмен таныс па?

– Ақтөбеде ұйымдастырған көр­ме­ме Ресей аумағы арқылы ескі жүк ма­шинасымен сегіз тәулік сапар ше­гіп, біраз дүниелерімді әкелгенім есім­нен кетпейді. Жерлестерімнің риза­шы­лық­қа толы жүздерін көргенде бастан кешкен барлық қиындықтарды ұмытып кет­тім. 

– Астанаға ат басын бұрудың сәті қалай түсті?

– Бұл ретте ЭКСПО-2017 көр­ме­сіндегі Литва Республикасының өкілі Ромас Янаускасқа рахмет айтуға тиіс­пін. Ол менің он картинамды таңдап, Литваның павильонына ілуге рұқсат етті. Кезінде Литвада Қазақстанның елшісі болған, бүгінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаевқа да алғысым шексіз. Бұрыннан таныс азаматтың маған қолдау көрсету мақсатында анасы бастаған бүкіл отбасын алып кел­ге­­ніне мәз-мейрам болдым. Жақсы адам­дар­дың жәрдемімен Ұлттық музейде «Тылсым әлем» атты жеке көрмемді ашуға мүм­­кіндік алғанымды үлкен бақыт санай­­мын. Аталмыш мәдениет ордасы басшысының міндетін атқарушы Жә­кен Қожахметұлы Таймағамбетовтің «Әсия­ның шығармаларында бейнеленген арғымақ аттың шабысынан оның туғ­ан жеріне, қазақтың байтақ даласына арналған сағынышын байқау қиын емес», – деген ағалық лебізін естігенде еріксіз көңілім босады. 

Мен сурет өнеріндегі белгілі бір бағыттарды ұстанбаймын. Өзімді тура мағынасындағы еркін суреткер санаймын. Салған суреттерімде Атамекен айшықтары айрықша орын алады. Орыс тілінде жазатын өлеңдерімде де осы үрдісті ұстанамын. Картиналарымның «Арғымақ», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды батыр» деп аталуы көп нәрсені аңғартса керек. Мен Балтық жағалауында жүрсем де Алатауымды естен шығарған емеспін. Арудай сылан­ған Астанамды айналамдағыларға ылғи мақ­тан етіп, айтып отырамын...

Әңгімелескен 
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»