Медицина • 03 Тамыз, 2017

Ұлттық спорт рухымызды асқақтатады

126 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ашыл­ған күннен бастап, елорда төрінде орналасқан «Қазанат» атшабарында ұлттық спорт түрлерінен күн сайын қойылымдар көрсетілуде.

Ұлттық спорт рухымызды асқақтатады

Оны Астанаға атбасын бұрған шетелдік қонақтар мен көрмені қызықтауға келген өз отандастармыз тамашалау үстінде. Осы орайда, көрменің соңына дейін жалғасатын спорттық шараны ойдағыдай ұйымдастырып, абыроймен атқарып келе жатқан Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Мұратбек Қыпшақбаевпен әңгімелескен едік.   

– Мұратбек Сұлтанбекұлы, өзіңіз басқарып отырған орталықтың құрылғанына да көп бола қойған жоқ, десе де, сіздер ЭКСПО көрмесін өткізу шарасына бір кісідей ат салысып жатырсыздар. Жұмыстарыңыз толық жүйеленді ме?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдар­дағы Жол­­дауында, «бұқара­лық спорт және дене шынықтыру­ды да­­мыту мәселесі ұлт саулы­ғын қам­тамасыз етеді» деп мәлім­деге­ніндей, осыдан жарты жыл бұрын ұлттық спорт түрлерін дамыту және оны ғылымиландыру мақ­сатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы құрылған болатын. 

Орталықтың жаңадан пайда болуымен ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі дәлме-дәл сай келді. Міне, екі айдай уақыт болды қаланың шетінде орналасқан «Қазанат» атшабарында ұлттық спорт түр­лерін – шетелдік қонақтар мен елі­міз тұрғындарына насихат­тау ісі­мен уақытпен санаспай айна­лы­сып жатырмыз. Басында аздап қобал­жулар болды. «Көш жүре түзе­леді» демекші, қазір жігіт­­тер­дің тақымы шыңдалды, бой­дағы алаңнан арылды, жаттығу жүйе­ленді, кімге болсын ұялмай өнер көрсететін дәрежеге жеттік. 

– Көрерменге ұлттық спорт­тың қандай түрлеріннен ұсынып отырсыздар?

– Қазіргі таңда орталық құзы­ры­на ұлттық спорттың 10 түрі қамты­лып отыр. Атап айтқан­­да, көкпар, бәйге түрлері, теңге ілу, аударыс­пақ, қазақ күресі, клас­сика­лық ат спорты түрле­рі­не жататын – конкур, үш сайыс сияқты түрлері бар. Осы­лар­дың ішінен ат үсті ойындары («жигитовка»), теңге ілу, аударыс­пақ, қыз қуу, жамбы ату түрлері бо­йын­ша ұлттық құрама мүшелері өз­дері­нің өнерін көрсетуде. 
Қойылым әрі кетсе бір жарым, екі сағатқа созылады. Шараға ұлт­­тық құраманың жастар және жас­өс­пірімдер тобы тартылған. ЭКСПО айдынында өнер көрсетіп жүр­ген де осы азаматтар. Көрменің алғаш­қы айында бір күнде екі дүркін көр­сетілім ұйымдастыр­дық. Қазір бұл кесте өзгерді. Қазір күніне бір дүр­кін кешкі сағат 18.00-де өткі­зіп жүр­міз. Бірақ сенбі-жек­сенді күн­дері бұрынғыдай екі мез­гіл өнер көр­сетеміз. Шабан­доздар қатарында ұлт­тық спорт түрлерінен еліміз чем­пиондары мен жүлдегерлері бар. 

– Болашақта ұлттық спорт түрлері бойынша әдістемелік оқулықтар жасау, оқу-жаттығу жиынын өткізу талабы қарас­тырылған ба?

– Әрине, онсыз болмайды. Айта кету керек, ұлттық спорт рухымызды асқақтатады. Ор­та­­лықтың жұмыс атқару жарғы­сында «оқу-әдістемелік құрал жасау» туралы бап жоқ еді. Жуық­та жарғыға өзгеріс енді. Бұдан бы­лай орталық оқу-әдістемелік құ­рал жасайтын мүмкіндікке қол жет­кізді. Оның сыртында келе­сі жылдан бастап мекеменің құзы­ры кеңеймек. Ұлттық спорт түр­лері бойынша өтетін барлық рес­ми жарыстар осы орталықтың құзы­рына берілетіні жайлы шешім­ді күтіп отырмыз. Нақтырақ айт­қан­да, ересектер, жастар мен жасөс­пірім­дер құрамасының ресми жарыс­тарын бақылайтын және өткі­зе­тін боламыз. Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық штаттық коман­далар және спорт резерві дирек­­циясы құрамындағы ұлттық спорт түрлері бойынша команда же­тек­шісінен бастап, барлық бап­кер­лер орталықтың қарамағына өтеді. 

Ал оқу-жаттығу жиынына келер болсақ, «Қазанат» атшабарында күнделікті өтіп жатқан шаралар бір жағынан ұлттық спортты наси­хаттау болса, екінші тараптан оқу-жаттығу жиыны деуге толық негіз бар. Қазақша айтқанда, «бір оқпен екі қоян атып» жатырмыз.

 – Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Бәзбір ұлттық спорт түр­лері­нен, мысалы, жамбы ату, аударыс­пақтан жылына бір рет өтетін ресми чемпионаттан басқа ешқандай жарыс жоқ. Қандай бір спортты дамыту үшін кем дегенде жылына үш-төрт турнир күнтізбелік кестеге қойылуы тиіс. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында шілде айының 27-28 күндері орталықтың ұйымдастыруымен теңге ілу, жам­бы ату және аударыспақтан «ЭКСПО кубогы» өткізілді. Оған бар­лық об­лыстар және Астана, Алма­ты қала­лары­ның командалары қатыс­ты. Жарыс Астана қаласында өтті.

Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»