Руханият • 04 Тамыз, 2017

Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасы қазақ қоғамы үшін несімен маңызды?

14131 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бас­та­маларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы ке­рек» деген Елбасының қағида­ты қазақ қоғамы үшін бүгінде үлкен мәнге ие болып отыр. Өйт­кені, ұлттық діңгек рухани құнды­лық­тарды қорғаудан бастау алады де­сек, бұл ретте мәдени-тарихи қа­зы­наларымызды әлем жұртшылығына таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластырудың жауапты кезеңі келіп туғаны айқын сезіледі. Ал Қазақстанның өркениетті дамыған елдердің қатарына қосылуы тікелей осы жобаның жүзеге асырылуына байланысты екені тағы даусыз. 

Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасы  қазақ қоғамы үшін несімен маңызды?

Қазақ қоғамы сөз жоқ, жаңа тарихи кезеңге аяқ басып отыр. Саяси-экономикалық жаңғырулармен қатар, ел өмірінде өзге де елеулі оң өзгерістер орын алуда. Мәселен, мә­дениет саласында биыл қаншама айтулы оқиғалар өтті. Осы орайда біз ЭКСПО көрме­сі ая­сында бастау алған Дүние­жү­зі­лік «Астана» театрлар фести­валі, Пла­сидо Домингоның «Опе­ра­лия» халық­аралық байқауы, «Сах­надан сәлем» халықаралық театр фес­ти­ва­лі, «Еуразия» кинофестивалі тәріз­ді ірі жобаларды айрықша атап өт­кен болар едік. Қазақ мәдениетін, ұлт­тық құндылықтарды әлем жұрт­­шы­лығына паш етудің жаңа үлгісі де­геніміз міне, осындай құн­дылық­тарды бағалай білу және дамыту болса керек. Қазір «Жа­һ­анға жария етуге тұратын қан­дай мәдени жау­һар­ларымыз бар, олардың назары­на алдымен қай­сы­ларын ұсынғаны­мыз абзал, жалпы, қазір қай салаға кө­бірек мән берген жөн» деп, сан-са­паттық тұрғыдан саралап, бағам­дауға көңіл бөлінуде. Тағылымы мол тарихи және ерте заманнан ар­қауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүр­лерге негізделген асыл мұраларды жаһанға танытуға мүмкіндік берген ірі жобалар елдегі реформалардың жалғасы іспетті әсер етуде.

Жер бетіндегі бірде-бір ел қақпа-терезесін тарс жауып, томаға-тұйық өмір сүрмейді. Сол сияқты Қазақстанның мәдени көші де дамыған елдермен тығыз қарым-қатынас жасасуға бағыт­тал­ған деуге толық негіз бар.  Бұл ретте Елбасы ең алдымен, мақа­лада бәсекелестікке қабілетті болу мә­селесіне айрықша көңіл бөлгі­зеді. Қазақ қоғамы үшін бұл қазіргі таңдағы маңызды шарт-талап­тар­дың бірі екеніне мән бергізеді. Яғ­ни, мәдениет жаңа бағытқа бұры­лып, өркениет көкжиегіне бет түзеп барады, деген ойға табан тіре­теді. Қазақстанның әлемдік деңгей­ді бағындырған жекелеген өз тұл­ғалары аз емес, әрине. Жыл сайын өтетін халықаралық өнер байқау­ларында олжа салмайтын қазақтың баласы кемде-кем. Бірақ өкінішке қарай, классикалық музыкалық аспаптарда орындаушылар арасында, опера, балет өнері бойынша өткен халықаралық ірі байқауларда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан дүлдүлдерімізді жыға тани қоймайтынымыз жабырқатады. 

Олардың насихаты мен жарнамасы да соншалық көп болмағандықтан көптің тасасында елеусіз қалып қойып жатады. Мұндайда сирек тағдыр иелері арқылы тұтас бір халық туралы, елдік бет-бейне туралы пікір қалыптасатынын ұмытпағанымыз абзал сияқты.  Мысалы, күні кеше ғана тау бұлағындай сыңғыр­лаған әсем үнімен әлемді дүр сілкіндірген әнші Димашымыздың Қытайда өткен ән байқауындағы жеңісі күллі қазақтың көкейіне шаттық гүлін сеппеді ме? Таза таланттың жеңісі тек қазақтың ғана мерейі емес, адамзат баласының бәріне ортақ қуанышқа айналды. Таңдай қақты. Тапжылмай тамашалады. 

Бірақ қалай дегенмен де бұл ең алдымен, қазақ өнерінің өрлеуі, жемісі еді.  «Бізде де әлем мойындайтын мынадай тамаша жас тұлғалар бар екен-ау» деген ел ішіндегі асқақ сезімді оятып, болашаққа сенімді нығайтқан жеңіс еді. Ендігі жерде кім шынайы өнерді қолдайды, кім өз ісіне адалдық танытады, міне, сондайлардың жолы болады. Сол халықтың жұлдызы жарқырайды. Елбасының рухани жаңғырудағы алға қойып отырған тапсырмасы да соған негізделген – кез келген адам өсіп-өркендеу үшін заман ағымына ілесіп, үнемі жаңарып, жақсы қасиеттерін жетілдіріп отыруы қажет. «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта тірілтуіміз керек» делінген жолдар мен осыған қоса «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» дейтін тұжырымға кім-кім де ойлана мән берері кәдік. Қазіргі уақытта әлемнің бар назары біздің елордамыз Астанаға ауып отырған шақ. Еліміздің тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан ауқымды да маңызды оқиғаға әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар ағылып келуде. Барлық келушілер ЭКСПО-ның мәдени бағдарламаларына белсенді түрде қатысып, көрменің керемет мазмұнды шығармашылық бағдарламаларынан ләззат алуда. Қазақстан халқының бірегей өзіндік тарихи мұраларымен, оның қазіргі заманғы жетістіктерімен танысуда. ЭКСПО-ға арнайы салынған «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін күніне жүздеген адам келіп тамашалауда. «Нон-стоп» режімінде жұмыс істейтін «Этноауылда» қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің алуан түрі, ұлттық спорт түрлері, концерттік шаралар өтуде. Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеуде мұның  көмегі көл-көсір деп ойлаймыз. Бұл ретте Президенттің: «2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды айқындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ» деген ойына орайлас бағытты аңғарамыз. 

Ел жетістігін баяндайтын кинохикаят­тар мен тележобаларын құру бойынша «Мәңгілік Ел» кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Бұл алдымен, үздік мәдени туындыларды таңдап алу ғана емес, сонымен қатар мұны шетелдерде кеңінен таныстырудан тұратын ауқымды һәм көп тер төгуді қажет ететін аса маңызды іс. Бұл қазіргі аударма қызметі, сондай-ақ, театр, кино, баспа өнімдері, бейнелеу өнері, музыкалық шығармалар т.с.с түрлі саладағы мәдени жетістіктерді насихаттаудың арнайы сипаты. Ол бір, екі күнде, болмаса қысқа мерзімде атқарыла салатын, оңай өңгерілер олжа емес. Сондықтан да биылғы жылдың жүгі басқа кезден әлдеқайда салмақты, өйткені, Елбасы айтқандай, бұл жыл алдағы 5-7 жыл ішінде әлемге не таныстырғымыз келетіндігімізді анықтайтын шешуші кезең болып саналады. 

Біз өзімізді әуелі әлемге тәуелсіз ел ретінде танытсақ, енді мәдени-тарихи құндылықтарымызды, рухани қалыбымызды көрсететін кез келді. «Ол қандай ел?» дегенде, қай халық болсын ол елдің әуелі рухани байлығына назар аударары сөзсіз. Сол үшін сыртқа шығаратын жауһарларымызға жай қарай салуға қақымыз жоқ. Мысалы, қазақ жазушыларынан алдағы уақытта кімдердің еңбектерін  аударуымыз керек? Кімдердің жазғандарын аударсақ, әлем назарын өзімізге жалт қаратамыз? Сол сияқты драматургиялық шығармалар мен театр өнерінде паш ететін қандай жетістіктеріміз бар? Бүгінгі таңда қазақ әдебиеті кеңінен насихатталып жатыр деп айта алмаспыз. Оның үстіне шетелде кітап шығаруға барлық жазушының бірдей қалтасы жете бере ме? Бірақ соған қарамастан соңғы жылдары аудармада ауыз толтырып айтарлықтай табыстарымыз жоқ емес сияқты. Мәселен, бұл орайда қазақ қаламгерлері шығармаларының түрік, орыс тілдеріне аударылу жайына тоқталсақ та көп жайтқа қанығатын сияқтымыз. Солай дегенмен де, қазақстандық қаламгерлердің кітаптарына байланысты шешімін таппаған түйткілді мәселелер жеткілікті. Соның бірі, мәселен, қазір біздің кітап дүкендеріміздің сөресі шетелдік өнімдерден майысып тұр. Кітап дүкендеріне бас сұға қалсаңыз басым көпшілігі Ресейдің, басқаның баспа өнімдері екеніне көңілің құлазиды...

Қазір шетелдің кез келген галерея­сынан қазақ қылқалам шеберлерінің ғажайып туындыларын кезіктіруіңіз ғажап емес. Бірақ бұл отандық суретшілердің туындыларын жаһан жұртшылығына таныстырудың қажеті жоқ деген сөз емес.   Сол сияқты халқымыздың қолөнер туындылары – кілем тоқу, киіз басу, ат әбзелдері, әшекейлі бұйымдар сияқты кейбірі ұмыт бола бастаған баға жетпес құндылықтарымызды заманауи сұранысқа сай дамытудың тамаша сәті туып тұрғанын айта кетсек пе дейміз.

Кино өнеріне келсек, әрине, Америка, Ресей, Түркия, Қытай, Германия, Франция т.с.с. киноиндустриясы дамыған елдерге жету үшін отандық киногерлердің әлі қаншама тер төгулеріне тура келеді. Қазақ киносының қазіргі сыртқы тұрпаты моторы оталып тұрғанмен алға жылжығаны байқалмайтын машинаның әрекеті сияқтанады. Бір қарағанда, сан-сапаты мен шетелде өтетін түрлі фестивальдарға қатысуы жағынан ешкімге есе жіберіп қойған сәті жоқтай көрінгенмен, ал екінші жағынан «жаһанға жауһар туынды ретінде қай фильмді ұсынар едіңіз?» дей қалсақ, «міне, мынадай шоқтығы биік шоң туынды жоғары баға алуға лайық» деп, алшаңдай адымдауымызға әлі ертелеу-ау. Бұл жерде алдымызға түрлі пікірлер көлденең тартылуы мүмкін. «Қазақтың киносы қазақтың өзіне ұнаса болды емес пе, қалғандарын қайтеміз?» деп келте кесіп пікір айтушылар табылар, әрине. Себебі, кино өнері кеңестік кезеңде санамызға тек тәрбие құралы ретінде сіңірілді. Шын мәнінде бұған сол тұрғыдан ғана қарайтын болсақ, онда әлемдік көшке ілесу, нарық заңы талаптарына сай болу керек деген сөздер орындалмас жай бос әңгіме болып қала ма деп күдіктенесің. Сондықтан кино түсіруді тек экрандағы ойындардан ғана тұрады деу қисынсыз. 

Сапалы экрандық туындыға қол жеткізу үшін еліміз кәсіби білікті сценарийстерге, шебер режиссерлер мен операторларға зәру. Өкінішке қарай, әзірге қазақ киносы соңынан өзімізден басқаны ілестіріп әкете алмай жатыр. Мұның бәрі кәсіби мамандардың тапшылығынан. Мұндайда оның АҚШ экономикасын көтерудегі үлесі толағай Голливуд өнімдерімен, болмаса жылына түрлі жанрларда жүздеген фильм түсіретін Ресейдің алпауыт кинокомпаниялары туындыларымен иық тірестіруге қауқары қалай жетсін? Ал кейбір елдер кино өнерін ұлттық иммунитетті көтеретін құрал деп санайды екен. Жөн-ақ. Алайда «бір елдің шеңберінде қалып қоятын фильм түсіру біртіндеп қалып келе жатыр» дегенді желеулетіп, не таза батыстық, не таза еуропалық мәнге ие емес, дүбәра фильмдерге жұмсалған есіл ақшаға ішің удай ашығаннан басқа қолдан келер дәрмен жоқ. Көбіне бұларда тіл жұтаңдығы қынжылтады. «Біз өмірдің өзгермеген өз бейнесін көрсеткіміз келеді», «өмірде адамдар бір-бірімен ауызекі тілде осылай сөйлеседі екен» деп ана тіліміздің шұрайлы шүйгінін табанымен таптап, тілге құрмет көрсете алмай жүргендер шынайы өнердің көсегесін көгертеді деп кім айтты?! Солай дегенмен де басқа өнер түрлеріне қарағанда оның атқаратын миссиясы қай кезде де жеңіл болмаған. Бұл тұрғыда, жақында ғана ЭКСПО көрмесі аясында елордада өткен ХХV Еуразия кинофестиваліне қайта айналып соғуымызға тура келеді. 

Әлемнің әр шалғайынан бас қосқан дүлдүлдер ЭКСПО көрмесін, астананы тамашалады. Астананың рухани жүзіне қан жүгірді. Ерке Есілдің еңсесі тіктеліп, етегінде көк майсалы шалғын жайқалды. Еуразия кинофестивалінде қазақтың қос бірдей фильмі жүлдеге ие болды. Қуандық. Марқайдық. Толықметражды фильмдер байқауында режиссер Сәбит Құрманбектің «Оралман» фильмі, ал қысқаметражды фильмдер бәйгесінде Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Мейіржан Сандыбаевтың «Ит» анимациялық фильмі Гран-приді жеңіп алды. Кинофестивальге түскен фильмдерді бағалаған, сарапшылар тізіміне үңілсек, Сулейман Сиссе (Мали), Кирилл Разлогов (Ресей), Эльчин Мусаоглы (Әзербайжан), Русудан Глурджидзе (Грузия), Иман Камель (Мысыр), Киро Руссо (Боливия), Сергей Дворцевой (Ресей), Луна Ван (Қытай) сынды кіл дүлдүлдер. Олар қазақ киносына фестивальдың бас бәйгесін қазақтың көңіліне қарап бере салмаған болар-ау. Дедік. Сол баға төл өнеріміздің келешегіне деген кеудеміздегі сенім гүлін түлетті. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»