04 Тамыз, 2017

Жадыда жатталар жүз есім

582 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақтың маңдайы мен таңдайы» атанған Әбіш Кекілбайға жүгінбей тұра алмаймыз. «Бағалай білмегенге – бақ тұрмайды, қуана білмегенге – құт қонбайды» дейді абыз қаламгер. Барды бағалай білу, есімі алтын әріппен жазылуға лайық тұлғаларды екшеп, ел санасына сіңіру де басқа қонған бақты баптап ұстаудың бір амалы болса керек.

Жадыда жатталар жүз есім

Елбасы Н.Назарбаевтың ел газеті «Егеменнің» сәуір айындағы санында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерлердің есімін ел жадында сақтауға ықпалын тигізетін бір мәселе айтылған-ды. Мемлекет басшысы: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы», деген болатын. 

Президент пәрмен бергеннен соң көп ұзамай Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты жобаны қолға алды. Бұл жобаны басқаларынан ерекшелейтін тұстары жетіп-артылады. Оны іріктеу талаптарына қарап-ақ айқын аңғарарыңыз хақ. Мәселен, түзілген тізімге енетіндердің жас мөлшеріне, ұлтына, туып-өскен өңіріне, қызмет саласына шектеу қойылмайды. Сол сияқты, соңғы ширек ғасыр ішінде жұлдызы жарқ етіп жанған жандар ғана назарға алынады. Ер есімін анықтауға елдің өзі тікелей қатысады, яғни үміткер азаматтарды халық «El.kz» порталындағы «100 esim.el.kz» арнайы жобасына өзі ұсынады. Ұсынылған жандардың арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атануға лайықтарын таңдауға танымал қоғам қайраткерлерінен, ғалымдар мен шығармашылық өкілдерінен, мемлекеттік һәм бизнес құрылымдардағы белгілі адамдардан жасақталған жұмыс тобы да қатысуда. 

Осы жолдарды жазып отырып, жобаны жүзеге асырумен тікелей шұғылданып жатқан «El.kz» порталындағы әріптестерімізге хабарласқан едік. Олар осы игілікті іске жұмылған жұрттың қарасы қалың екенін айтты. Қазірдің өзінде порталда бес жүзге тарта өмірбаян жарияланыпты. Күн сайын жаңадан жарияланып жатқандарының өзі жүздеп саналады екен. Өмірбаяндардың арасында әлеуметтік салада еңбегі еленген тұлғалардың есімі жиі кездеседі. Спорт, мәдениет саласында жұлдызы жарқырай көрінген жандар да жеткілікті. Үміткерлердің қай өңірден, қандай салада нендей жетістікке жеткені туралы деректер берілген. Басқа сайттарда жарияланған, кейіпкерлердің табиғатын ашып, тұлғасын тани түсуге көмектесетін дүниелердің сілтемесі де топтастырылыпты.

Осы орайда, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» деген мәртебелі атқа лайық деген тұлғалардың қатарынан орын алуға әбден лайық деген азаматтардың есімін көкейімізде жаңғыртып көрген едік. Алдымен алты құрлыққа елдің абыройын шығарған Ермахан Ыбырайым, Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Ольга Рыпакова, Денис Тен, Қанат Ислам сынды саңлақ спортшылар тіл ұшына оралды. Жетімдердің жебеушісі, еміне шипа іздеп талай адамның алғысын арқалаған Аружан Саин сынды аруды да айналып өте алмасымыз анық. Тараздағы террорлық оқиға кезінде ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, жанын қиған «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың есімі де «100 есімнің» қатарында қашалуға әбден лайық деген сенімдеміз. 

Сол сияқты, белгілі журналист, тележүргізуші, «Ұлы қазақтардың тағдыры мен құпиясы» туралы деректі фильмдер топтамасының жүргізушісі Мая Бекбаеваның еңбегіне, кәсіби білім-білігіне ешкім дау айта алмас. Белгілі кәсіпкер, талай спортшының тынысын ашқан меценат Бауыржан Оспанов сынды Атымтай жомарттардың да жөні бөлек. Әлемнің театрларында өнер көрсетіп, талғампаз тыңдармандарын тәнті еткен, өнерімен ұйытқан Марат Бейсенғалиев, Алан Бөрібаев, Мария Мудряк сынды жұлдыздарымыз және бар. Жалпақ әлемді талантымен жаулаған, ерекше дауысымен баураған Димаш Құдайбергеновті бұл тізімге лайық емес деп кім айта алар?! 

Айта берсек, «100 жаңа есімге» сұранып, ә дегеннен көкейге тірелетін жандар аз емес екен. Тізім шектеулі екенін түсінеміз, әрине. Біздікі – хас таланттар тасада қалмаса деген тілек. Жарқырай көрініп жүргендер ғана емес, «Ел дегенде емініп, жұрт дегенде жүгініп қызмет» қылған, сол қызметінің қайтарымын күтпейтін қаншама қарапайым жандар бар. Бүгінгідей уақыт көз бен ойды ілестірмес қарқынмен заулаған кезеңде еліміздің «ең, ең..» деген жақсы мен жайсаңы «100 жаңа есім» жобасының арқасында жұрт жадында жатталып қалса игі.