Медицина • 04 Тамыз, 2017

Шалғайдағы Шұбартау. Жабылған ауданда қандай мәселелер бар?

619 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бір кездері Семей облысы, Шұбартау ауданының комсомол ұйымы бастама көтеріп, мектеп бітіретін жастарды қой шаруашылығын өркендетуге шақырған еді. Бұл бастама қолдау тауып, соның арқасында шалғайдағы Шұбартауға жарық келіп, теледидар қосылып, Аягөз бен Қарағанды бағытына күре жол салынғанын аға буын өкілдері жақсы білсе керек. Ал бүгінде кезінде мыңғыртып мал баққан Шұбартау өңірінде қой бағатын жастар қалмады дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Шамамен қырық бес жыл бұрын салынған жол да содан бері жөндеу көрмеген болар, сірә!

Шалғайдағы Шұбартау. Жабылған ауданда қандай мәселелер бар?

Жұртты шаршатқан жол 

«Айта, айта Алтайды, Жа­мал апам қартайды» демекші, Шұбартау өңірін үш күнге жуық аралағанда қай ауылға барсақ та жұрттан естіген ең әуелгі сөзіміз «жол» болды. Тұр­­ғындар жолдың жайын ай­та-айта шаршағандарын ай­та­ды. Аудан орталығы Ая­гөз бен бұрынғы Шұбар­тау ау­да­нының орталығы – Бар­шатастың арасы 175 шақырым екен. Осы қашықтықты тұр­ғындар 4-5 сағат жүретін көрі­неді. «Аягөздегі сағат 10-да­ғы жиналысқа бару үшін таң­ғы сағат 3-4 кезінде жолға шы­ға­мыз. Әйтіп-бүйтіп үйге жет­кенше ымырт үйіріледі. Ау­дан орталығына 250 ша­қы­­рым жердегі Емелтау ауы­лы­ның тұрғындарына тіпті қиын. Олар бізден де қашықта жатыр ғой. Жол жақсы болса, 175 шақырым дегенің 2 са­ғат­тық жол емес пе?!», дейді Бай­қошқар ауылының әкімі Саятбек Шымыров.

«Аягөз бен Баршатас ара­сын­дағы жолдың жағдайы барлығымызды алаңда­тады. Бұл мәселеге аудан басшы­лы­ғы дұрыс көңіл бөлмей отыр. Көңіл бөлсе, жылына жоқ дегенде 20 шақырымнан жөн­деп отырса, әлдеқашан бұрын­ғы аудан орталығы Барша­тасқа жеткен болар еді ғой», дейді Мә­дениет ауылын­да тұратын, ел мен жердің жағ­дайына қа­нық Совет Мұ­қашев ақсақал.

«Бұл жол науқас тұрмақ, сау адамды ауру қылады. Жұ­мыс­тың көбі аудан орталы­ғында бітетіндіктен, еріксіз баруға тура келеді. Барлық мекеме сонда ғой. Мына ірге­дегі 30 шақырымға жуық Бай­қошқар, 40 шақырым жердегі Малгелді, басқа да ауылдар­дан сырқаттанған жандар әуелі бізге, Баршатасқа келе­ді. Қолымыздан келген ем-д­о­мымызды жасаймыз, шамамыз жетпесе, Аягөзге жібе­реміз. Өздеріңіз ойлай беріңіздер», дейді Баршатас ауыл­дық ауру­ханасының учас­келік терапевті Салтанат Гай­сина. 

Осы өңірді бетке алар­да «Ең әуелі қай ауылдарға бар­ға­нымыз дұрыс?» деп жөн сұ­ра­ғанда «Шұбартаудың жайына қаныққыларың келсе, ең түкпірде, елдің шетінде, жел­дің өтінде жатқан Емелтау мен Жорғаға барыңдар», деп жол сілтеген-ді елдің жайын бі­­­­ле­­­тін ағаларымыз. Бірақ Жор­­­ғаға бара алмадық. Кезін­де өз алдына мектебі, шағын ем­­ха­­на­сы, 500-ге тарта тұр­ғы­ны бол­­ған елді мекенде бү­гінде бір ғана шаруа қожа­лы­ғы отыр­ға­нын естіп, Қара­ған­ды облы­сы­мен шекаралас Емел­тау ауы­лына баруды жөн деп шештік.

Иендегі интернетсіз ауылдар

Аягөзден гөрі Қарағанды облысы аумағына тақау ор­наласқан, табиғаты да өзгеше бұл ауылда 511 адам тұрады екен. Кезінде Шұбар­тау кең­шары ретінде дүркі­реп тұрған тұста мұнда 36 мың қой, 4 мың жылқы болып­ты. Бүкіл Шұбартау өңірі­нің жыл­қысы осы жерде ба­ғылыпты. Емелтау ауылының әкімі Рақым­бек Ыбырайұлы бү­гін­де ке­шегі ақтылы қойдан 5 мың­нан сәл асатын уақ жан­дық, алалы жылқыдан 400 бас қалғанын айтты. Ауыл тұр­ғын­дарының дені мал бағып, өз күндерін өздері көріп отырғанымен, біраз бөлігі елді мекен іргесіндегі Шарық пен Тасқора, Қарағанды облысына қарасты Саяқ кеніштерінде еңбек етеді екен. 

«Ауылдың талай адамдарын осы кен орындары ұстап тұр деуге болады. Қолдан кел­ген көмектерін аямайды. Мә­селен, Шарық кен орны ауыл тұрғындарынан етті – 1200, сүтті 100 теңгеден сатып алады. Мектептің 34 оқушысын ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Алтын өнді­ретін Тас­қора мен кезінде мәрмәр тас шы­ғарған Тасоба кеніштері қазір тоқтап тұр. Осы екі кен орнының жұмысы жанданса, халыққа әжептәуір көмек болар еді», деген ауыл әкімі сөз арасында елді мекенде әлі күнге дейін интернет пен ұялы байланыстың жоқтығын айтып қалды.

Облыс орталығы Өскеменнен 500, аудан орталығы Аягөзден 250 ша­қырым қашықтықта жатқан ауыл­дағы та­ғы бір түйткілді мәселе – кепілдік жа­йы. Емелтау ауылдық округінің бас маманы Өмір Жолдыбалин елді ме­кеннің 14 тұрғыны кепілдіктің ке­сі­рі­нен несие ала алмай отырғанын жет­кізді. 
«Бірі мал бордақылау алаңын аш­сам дейді. Енді біреуі тігін цехын, тағы бірі көліктерге қызмет көр­сететін орталық ашқысы келеді. Олар­д­ың кепілдікке қоятын техникалары да, қалада үйлері де жоқ. Банктер 2010 жылдан бергі көліктерді ғана ке­пілдікке алады. Ауылдағы құны әрі ке­т­се 300-400 мың теңгеден аспайтын үйлерді олар дұрыс бағаламай отыр», дейді ауылдағы шаруалардың құ­жат­тарын жинап, Аягөз бен екі ортада алаш­апқын болып жүрген бас маман.

Кепілдік, ұялы байланыс пен интер­нет мәселесі жалғыз Емелтауда ғана емес, бұрынғы Шұбартау ауда­ны­на қараған ауылдардың көп­ші­лі­гінде бас ауруына айналып отыр­ға­нын аңғардық. Емелтау, Өркен, Бай­қош­қар ауылдарында қалта телефоны мүл­де ұстамайды екен. Қалған ауылдар­да ұялы байланыс бірде ұстап, бір­де ұстамайтынын, интернеттің тек мек­тепте, оның өзі ілдәбайлап, әзер ұс­тайтынын, жылдамдығы өте төмен екенін тұрғындардың өз аузынан естідік. 

10 мың тұрғынға –  5 дәрігер

Шұбартауға арнайы ат басын бұрған соң бұрынғы аудан орталығы Баршатасқа соқпай кеткеніміз жарамас деп ауылдағы дәрігер, мұғалім қауымымен жүздесіп, ақсақалдармен тілдестік.

Кезінде 5 мыңнан астам тұрғыны болған Баршатас ауылында бүгінде 2281 адам тұрады. Бұрын 700-ге тарта оқушысы болған мектепте қазір 317 бала білім алып жатқан көрі­не­ді. Балабақшада 50 бүлдіршін бар екен. Ауыл әкімі Бақыт­жан Жұмаханов елді мекендегі мә­се­ле­лерді жасырмай айтып, соңғы жыл­дары халықтың көшуі бұрынғыға қарағанда саябырсығанымен, жас­тар­дың азайып, зейнеткерлердің кө­бейіп, демография мәселесінің қи­ын болып тұрғанын қинала жет­кіз­ді. Ауылда тұрақты жұмыс орын­дары аз болғандықтан, мектеп тү­лек­те­рі­нің көбінің туған мекен­де­ріне ора­л­ғысы келмейтінін тілге тиек етті. «Бар­ша­тас­та жұмыс табу қиындау болып тұр. Ауыл­дың кейбір тұрғындары ма­ңай­да­ғы кеніштерге барып жұмыс істеп жүр. Шұбартауда малдан басқа не бар?! Малмен шұғылданғысы келетін тұрғындар бар. Соларға көмектесейік деп «Баршатас агро», «Шұбартау агро» деген ауылшаруашылық коопе­ра­тивтерін құрып жатырмыз», деген ауыл әкімі Шұбартау өңірінде ор­на­лас­қан кен орындары жергілікті тұр­ғындарды жұмысқа көбірек алса, осы мә­селеге аудан, облыс басшылығы та­ра­пынан назар аударылып, көңіл бө­лінсе деген өтініш айтты.

Ал Баршатастағы жалғыз мектеп­тің директоры Гүлнұр Сиқым­баева оқу­шыларға заман талабына сай білім бе­руге тырысып жатқандарымен, интер­нет, компьютер секілді дүние­лер­дің жетіспеушілігі қолбайлау бо­лып отырғанын айтады. «Мек­теп­те оқушыларға білім беретін бар­лық жағдай бар. Мұғалімдеріміз де білікті. Бізді қинайтыны – ме­к­­теп­тің компьютерлермен дұрыс жаб­­д­ықталмауы. Бір ғана компьютер бөлмесі бар. Онда 18 компьютер ор­наласқан. Көбі ескірген. 100 бала­ға 3-4 компьютерден келеді. Тағы бір мәселе, бізде автомектеп жұмыс іс­тейді. Мұндағы айналдырған екі тех­никаның екеуі де тозып тұр. Осы жа­ғынан көмек болса, жаңа техника са­тып әперілсе, оқушыларымызды мек­теп бітіргенде дайын кәсіби маман ретінде әзірлеп шығарар едік», дей­ді мектеп директоры.

Бұрынғы аудан орталығындағы ха­лықтың біраз бөлігін жұмыспен қам­тып отырған мекеменің бірі – Бар­шатас ауылдық ауруханасы. Үл­кен­дігі облыс орталығындағы аурухана­лардан кем түспейтін ғимараттың көп бөлігі қаңырап бос тұрғанын байқадық. Бүгінде мұнда ұзын саны 50 адам еңбек еткенімен соның 5-уі ғана дәрігер. Мекеменің бас дәрігері Марат Өнербаев қазіргі уақытта ем­ха­нада хирург, окулист сынды ма­ман­дардың орны бос тұрғанын, мұн­дағы ультрадыбысты тексеру құры­л­ғы­сының ескіргенін айтып, жаңадан бе­ріл­­се деген өтінішін жеткізді. «Өйт­ке­ні, біз тек Баршатасқа ғана емес, Байқошқар, Емелтау, Мәдениет, Өркен, Малгелді, Қосағаш, Бидайық се­кіл­ді ауылдарға, ұзын саны 10 мың­ға жуық халыққа қызмет көр­се­теміз. Егер емханаға жаңа УТД құ­ры­лғысы қойылса, тұрғындарды 175 ша­қырым Аягөзге сабылтпай осы жер­де-ақ медициналық қызмет көр­се­тер едік. Өзі науқас адамды сонша жерге жіберу қаншалықты қиын еке­ні айтпаса да түсінікті ғой. Аяғы ауыр әйелдерді де Аягөзге жібереміз. Жа­рай­ды, олар аудан орталығында бо­сансын. Оған қарсылығымыз жоқ. Алай­да босанғанға дейінгі ме­ди­ци­налық қызметтерді осы жерде-ақ көрсетсек болмай ма», дейді бас дә­рі­гер. 

«Ақтоған» су бөгеті қайта қалпына келе ме? 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ха­лық­қа арнаған биылғы Жолдауында жер­ді пайдаланудың тиімділігін арт­ты­рудың маңыздылығына тоқта­лып, «Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гек­тарға жеткізу қажет», деген еді. Мем­лекет басшысы жүктеген міндетті жү­зе­ге асыруға бүгінде көп бөлігі иге­рілмей бос жатқан Шұбартаудың кең даласы әбден сұранып тұр деуге болады. Бұл өңірдегі көп жылдан бері ескерілмей, назардан тыс қалып келе жатқан мәселені Мәдениет ауылында тұратын Совет Мұқашев ақсақалдың аузынан естідік. Кезінде Шұбартау кеңшарының директоры, Көктал кеңшарында ферма мең­герушісі қызметтерін атқарған ақса­қал­дың айтуынша, Қосағаш ауылы маңындағы Бақанас өзеніндегі «Ақто­ған» су бөгеті Кеңес заманында Шұбартаудың бір емес, бірнеше ауыл­ын мал азығымен қамтамасыз етіп­ті. Сол кездері бес мың гектар су­армалы жердің игілігін бұрынғы аудан орталығы Баршатастың да халқы көр­ген екен. «Аудан тарағаннан кейін «Ақто­ған­­мен» қош айтыстық. Есігін, өзге де құ­ры­лғыларын көз алдымызда тонап, ме­таллоломға өткізді. Иесіз қалды. Иесіз қалғаннан кейін тозды, бүлінді. Одан кейін әкімдіктегілер жөндеген болды. Бірақ нәтиже жоқ. Өзен қатты тасығанда бұзып кетеді. Егер Үкіметтен қомақты қаржы бөлініп, осы тоған қалпына келтірілсе, төрт бір­дей ауыл – Баршатас, Қосағаш, Мә­дениет пен Бидайықтың халқы игілі­гін көрер еді. Бұл кезінде бүкіл Шұ­бартау ауданын сумен қамтамасыз ет­кен жер ғой. Шұбартаудың шаруалары жыл сайын қысқы мал азығын дайындау үшін қаңғып жүріп шөп шабады. Өзеннің бойындағы дайын тұрған суармалы жерді неге қалпына келтірмеске?!», дейді Совет ақсақал. Мәдениет ауылдық округінің әкімі Бауыржан Мұқашев су бөгетінің жобасын жасау үшін 5 миллион теңге көлемінде қаражат қажет екендігін айтады. Оның айтуынша, су арнасын қайта қалпына келтіру үшін 200 миллион теңге шамасында қаржы керек. Бұған әрине, аудан мен облыстың шамасы жетпейтіні анық...

Түйін

Шұбартаудағы халықты толғандырған ең үлкен мәселе жол екенін айттық. Түйткілді мәселені шешу бағытында аудан тарапынан қандай жұмыстар атқарылды? Алда нендей жоспарлар бар? Бұл жөнінде Аягөз аудандық мәслихатының хатшысы Сейілбек Ысқақов қысқаша айтып берді.

«Бұл өңірдің негізгі проблемасы - республикалық маңыздағы «Қарағанды-Боғас» бағытындағы Аягөз бен Малгелді ауылының арасындағы 245 шақырымдық жол. Жергілікті тұрғындар жолдың азабын көптен бері тартып келеді. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутатты Нұртай Сабильянов та талай мәрте көтерді. Аудан басшысы да бұл шаруамен шұғылданып жүр. Осы өңірдің тумасы әрі осы жақтан сайланған депутат ретінде өзім де жол мәселесін үнемі назарда ұстап келемін. Былтыр Шұбартаудың жолдарының біраз бөлігіне топырақ төгілді. Биыл осы жолдың 10 шақырымына (Аягөзден шыққаннан кейінгі 50 шақырымнан 60 шақырымға дейінгі аралық) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс басшылығы да бұл мәселеден хабардар. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов бұл жолдың жағдайын жақсы біледі. Ол кісі биыл Баршатасқа дейінгі жолға жамау жұмыстары жүргізілетінін айтты», - деген аудандық мәслихат хатшысы Шұбартау өңіріндегі интернет, ұялы байланыс, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерге алдағы уақытта да қозғау салынатынын жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы 

Суреттерді түсірген автор