Мәдениет және спорт министрлігі мен ШЫҰ бастамасымен қолға алынған жеңіл атлетика жарысын биыл құрылғанына 25 жыл толатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің форумымен бірге өткізу жоспарланған. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаевтың айтуынша, ШЫҰ-ның бірінші марафоны былтыр Қытайдың Куньмин қаласында өткен екен. «Оған 15 мың адам қатысқан. Ал екінші марафон ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтпек. Бұл жолы ұйымдастырушылар шарада 5000 адамды қамтитын болады. Оның ішінде мың адам шетелден келмек. Сондай-ақ, ШЫҰ-ның әрбір елінен 30 кәсіби спортшы тарту көзделген.Тіркеу жұмыстары арнайы ашылған сайтта 15 шілдеде басталып, жүргізілуде», дейді ол.
Баспасөз мәслихатында марафонның ресми түрде жүгіру аймақтары таныстырылды. Олар – арнайы символдық 2017 метр, бұл қашықтық EXPO RUN деп аталады; әуесқойлар үшін 10 шақырым; толық марафон – 42 шақырым 195 метр. Жарыс желісі Астананың сол жағалауындағы басты көшелерді қамтиды. Старт ЭКСПО көрмесінің автотұрағы аймағынан, яғни «Mega SilkWay» сауда орталығы жағынан 27 тамыз күні басталады. 42 шақырым 195 метрге қатысушылар сағат 7:30-да, 10 шақырымға қатысушылар 8:00-де, 2017 метрге қатысушылар 8:30-дан бастап жүгіреді.
Үміткерлер марафонның ресми «www.scomarathon2017.com» сайты арқылы тіркеле алады. Содан кейін қатысушыларға сайт арқылы тіркеу нөмірлері беріледі. Сондай-ақ, ресми сайтта ақпараттық-жарнамалық материалдармен (фото, видео, афиша) және тіркеу ережелерімен оффлайн түрде танысуға болады.
25 және 26 тамыз күндері ЭКСПО көрмесінің оңтүстік қақпасы жағынан тіркеуден өткен қатысушыларға бастапқы пакеттер беріледі. Онда жүгіруге арналған жейде мен әрбір қатысушының жеке нөмірі бар. Пакеттерді тарату кезінде танымал марафоншылардың қатысуымен шеберлік сағаттары өтеді. Олар әуесқой жүгірушілерге марафонға қалай дайындалу керектігін көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтатын болады.
Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Эльдар Табановтың айтуынша, 10 шақырымға жүгіретіндер 3000 теңге, 42 шақырым 195 метрге жүгіретінде 5000 теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс. Ал 2017 метрге жүгіру тегін. Сонымен қатар зейнет жасындағы және мүмкіндігі шектеулі жандар тегін қатыса алады.
Асхат Райқұл,
"Егемен Қазақстан"