Кино • 04 Тамыз, 2017

Қазақ киносының қаршығасы

1026 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Бала кезім. Бірде ұйқыдан тұрғаным сол еді, сырттан түтін және майға шыжғы­рылып жатқан бауырсақтың иісі мұрныма келді. Есіктің алдына шық­сам, анам ошақтың басында бауырсақ пісіріп жүр екен. Осы көрініс көз алдымнан кетпейді. Сол ошақтың түтіні мен бауырсақтың иісі әлі күнге дейін мұрныма келеді». Бауыржан Рамазанұлының осыдан бес-алты жыл бұрын студенттер ал­дында айтқан осы сөздері есімде қалып қойыпты.

Қазақ киносының қаршығасы

Ұстазымның жанында қанша жыл жүріп, әңгімелерін тыңдасам да, жаңағы естелігін бұрын естімеппін. Ұлттық өнер, ұлт­тық кино туралы қаншама дәрістерін, сұхбаттарын ұйып тыңдап, мақалалары мен кітаптарын тұшына оқыдық. Бірақ олардың неліктен соншалықты әсер ету сырын сол жолғы әңгімесі ұқтырғандай болды. Сөйтсек, өнер туралы сөз қоз­ғайтын адамның өзінде, жүрегінің түкпі­рінде, санасының қатпар-қатпарында жа­ңа­ғыдай көрініс мәңгілік қалуы керек екен. Сол әсер, сол көрініс кейін есейіп, аза­мат болған шағында да адастырмайтын шамшырақ болып қала береді екен. Өнерге адал болудың сыры да сонда ма деп қалдым. Бала кезінен көзіне оттай басылып, жүрегінің түкпірінде тұмарындай сақтап өткен сол көрініс, сол иіс тұлға болып қалыптасуына, қа­зақ өнерінің шын жанашырына айналуына бір­ден бір себепші екеніне кәміл сенемін. 

Шын мәнінде, кейде көп адамның ісін жал­ғыз өзі атқаратын тау тұлғалар болады. Бірақ олар өте си­рек кездеседі. Өйткені, ондай-ондай атан жүгін жалғыз өзі арқалау үшін де үлкен жүрек, кең- пейіл, асқақ арман, ісі­не деген ғажап сүйіспеншілік, жанкештілік қа­жет. Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын бұл пәниден мәңгі мекеніне аттанған белгілі кинотанушы, киносыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану профессоры, ұлағатты ұстаз Бауыр­жан Рамазанұлы Нөгербек – қазақ киносы атты тұтас бір саланың бағына өмір бойы қыз­мет еткен, жүздеген адамның жүгін жалғыз өзі арқалаған сол ірі тұлғалардың бірі әрі бірегейі еді. 

Ұлттық кинематографияның даму кезеңдерін, жетістіктері мен кемшілік­терін, бағыт-бағдарын айқындап берген Бауыржан Рамазанұлының бүкіл саналы ғұмыры мен шығармашылық жолы қазақ киносымен тығыз байланысты болды. «Ертегілерге жан біткенде», «Қазақстан киносы», «Қазақфильм» экранында», «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» атты кітаптардың, «Қазақ киносының тарихы» оқулығындағы «Қазақ анимациялық киносының тарихы» бөлімінің, 280-ге жуық мақаланың авторы, еңбектері көптеген шет тілдеріне аударылған Бауыржан Рамазанұлының қазақ ұлттық киносына және оны зерттеу саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 

Бауыржан Рамазанұлы киелі Ұлытау жерінде дүние есігін ашты. Болашақ кино­та­ну­шының алғашқы киномектебі де сол ауылдан басталды. Әкесі Рамазан ауылдағы жалғыз киноклубта көрсетілетін фильмдерге ылғи да ұлымен бірге барып тамашалап, со­ңы­нан жаңағы фильм туралы пікір алмасып отыруды қа­лыпты әдетке айналдырады. Шын мәнінде, әкесі Рамазан болашақ кәсіби  киносыншының алғашқы рухани ұстазы болды. Бауыржан Рамазанұлының өзі кейін бір сұхбатында былай деп еске алады: «Әкем көрген фильмдер туралы менімен әңгімелесіп отыратын. Кейде дастарқан басындағы пікірталасымызға бірнеше сағат кететін. Екеу­мізге де қатты әсер еткен – «Төраға» («Пред­седатель») фильмі болды. Ал Григорий Козин­цевтің «Гамлет» фильмінен кейін, кине­матографистің оқуына барамын деп нақты шешім қабылдадым».  

Алайда, кино өнерін қаншалықты ұнатса да, әкесінің арманы – ұлының инженер ма­ман­дығын алуы болыпты. Ақыр соңы әкесінің келісімін алған болашақ кино зерт­теуші асқақ арманын арқалап, Мәскеудегі Бүкіл­одақтық мемлекеттік кинематография институтындағы (ВГИК) Сценарлық-кино­тану факультетінің «Кинотану» бөліміне оқу­ға түседі. Кинематография институтын 1971 жылы тәмамдаған Бауыржан Нөгербек «Қазақ­фильм» киностудиясындағы мультипли­кация бірлестігінің бас редакторы болып Алматыға оралады. Бұл елімізде енді ғана қанат қағып келе жатқан мультипликациялық өнердің алғашқы кезеңі еді. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмімен (1967 ж.) қазақ мультипликациялық киносының шымылдығын ашқан Әмен Қайдаров 1970 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында оқып жүрген ел жастарымен танысып, мультипликаторлар тобын құру мақсатымен арнайы Мәскеу қаласына келеді. 4-курста оқып жүрген Бауыр­жан Рамазанұлының қазақ анимациялық киносының атасымен  алғаш осы оқу орнында кездесті. Әмен Қайдаровпен кездесу алдында ғана бекітіліп қойған «Дзига Вертов және қазақ деректі киносы» атты дипломдық жұмысының тақырыбынан бас тартып, қазақ анимациялық киносы туралы тақырыпты таңдауына себепші болады. Алайда, бар-жоғы үш-төрт жылдың ішінде бес қана фильм жарық көрген қазақ мультипликациялық киносы туралы дипломдық жұмыс жазу оңайға түс­пейді. Бірақ материалдың жұтаңдығы болашақ терең зерттеулерге жол салған дипломдық жұмыстың жазылып шығуына кедергі болмайды.    

«Қазақфильм» киностудиясының мультипликация бірлестігінде жұмыс істеген он жыл ішінде фильмдердің редакторы бола жүріп, мақалалар мен ғылыми жұмыстар жазып, республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланады. Нәтижесінде қазақ мульти­пликациялық киносы үшін маңызы аса зор «Ертегілерге жан біткенде» атты сүбелі еңбегі жарық көреді. Егер Әмен Қайдаров осы өнердің негізін қалап, оның қалыптасуы мен дамуына орасан қызмет етсе, Бауыржан Нөгербек осы өнер туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазып, теориялық еңбектер жариялаған тұңғыш кәсіби кинотанушы болды. Бұл еңбектер ұлттық анимациялық киноның практикасы мен теориясының қатар өмір сүруіне мүмкіндік берді. 

Ұлттық дүниетанымды іздеуде кинотанушы ендігі назарын қазақ көркемсуретті киносына аударады. 1988 жылы «Үлгіден бас тарту» («Отречение от схемы») атты мақаласы жарық көреді. Онда 80-ші жылдары түсірілген фильмдердің көпшілігі шынайы өмірден алыс екені, сыртқы формализмге ұрынғаны, ұлттық ерекшеліктерге келгенде сыртқы белгілерден аса алмайтыны, керісінше, «Құлагер», «Интер­вал» секілді талантты шығармалардың сөреде қалуы сияқты т.б. өзекті тақырыптарды ал­ғаш­­қылардың бірі болып көтереді. Жалпы, Бауыржан Рамазанұлының шығармашылығы та­рихи-биографиялық фильмдер, белгілі кинематографистердің шығармашылығы мен өмірі, анимациялық кино, «жаңа толқын» киносы, көркемсуретті және анимациялық кинодағы экранды-фольклорлық дәстүрлер, кино­өндіріс, кинопрокат, кинофестиваль­дар, киномамандар даярлау, жас кинема­тографистердің фильмдері сияқты қазақ киносына қатысты барлық маңызды тақырыптарды қамтыды.

Б.Нөгербектің мақалаларындағы, зерттеу еңбектеріндегі, баспасөз беттеріне бер­ген сұхбаттарындағы тұшымды ой-пікірлері мен теориялық тұжырымдарының ұлттық кино өнеріміздің бүгіні мен келе­шегі үшін маңызы өте зор. Еңбектері шын мәніндегі қазақ кәсіби кинотеория саласының негізін қалады деуге толық негіз бар. Осы ретте қазақ көркемсуретті киносындағы фольклор дәстүрлерін тарихи-теориялық тұрғыдан қарастырып, ұлттық кино өнерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы тың көзқарас қалыптастырған «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фоль­клор­лық дәстүрлер» атты ірі теориялық ең­бе­гін ерекше айтуымыз керек. Осы еңбегі тек өз елімізде ғана емес, шетел киномамандары арасында да кеңінен танымал және олардың тарапынан өте жоғары бағаланды. Мысалы, ресейлік кинотанушы, өнертану докторы, профессор, әлемдік деңгейдегі танымал ки­но­­тео­ретиктердің бірі В.И. Фомин монография тура­лы пікірінде: «Автордың жоғары дең­гейдегі сараптамалық ойлау қабілеті, аса бі­лім­ділігі мен дарыны қазақ киносы туралы ірі кәсіби теориялық еңбекпен танысуымызға мүм­кіндік берді», деп жазды. 

Бауыржан Нөгербектің қазақ өнері мен мәде­ниетінің тарихында қалатын тағы бір орасан еңбегі – еліміздегі кинопедагогиканың қалыптасуына қосқан үлесі болды. Сонау 90-жылдардың басында Әмен Қайдаров, Камал Смайылов, Әкім Таразилермен қатар жүріп, кино мамандарын дайындайтын бөлімдердің елімізге аса қажет екенін дәлелдеп, сол маман­дықтардың ашылуының басы-қасында болып, алғашқы оқу бағдарламаларын дайындады. Нәтижесінде, КСРО тарап, оның құрамында болған әр республика өз алдына жеке отау құрып жатқан сол жылдары жоғары оқу орындарында ки­но мамандарын дайындайтын бөлімдер аш­пақ түгілі, кино өндірісін сақтап қалу-қал­мауының өзі екіталай болған көрші елдермен салыстырғанда, біздің жағдайымыз бө­лек­теу болды. Ең маңыздысы – Т.Жүр­­­­ге­­нов атын­дағы Қазақ мем­лекеттік театр және кино институтында (қазіргі Т.Жүр­­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­­­демиясы) кино мамандарын да­йын­­­­дайтын бөлімдердің ашылуы еді. Ба­уыржан Нөгербек осылардың ішіндегі алғашқылардың бірі болып ашылған кинотану мамандығына 11 шәкірт қабылдады. Осы жылы режиссер-аниматорлар бөліміне де студенттер қабылданады. Келесі жылы кинодраматургтер, кинорежиссерлер, телевидение саласының мамандарын да­йындайтын бөлімдер ашылды. Жыл өткен сайын киноға қажет мамандықтар бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатты. Дәріс беріп, маман тәрбиелеу ісіне белгілі кинематографистер тартылды және ең маңыздысы, киноға қажет барлық мамандықтарға жыл сайын шәкірт қабылдау дәстүрі қалыптасты. 
Ұлттық кинопедагогика тарихының қай­нар­­­­ көзі болған Бауыржан Рамазанұлы ке­­ңес үкіметі жылдары тек Мәскеудегі ВГИК-­те да­­йындалып келген, ал елімізде тұң­­­­ғыш рет 1993 жылы ашылған кинотану ма­­мандығының  жолға қойылуына өмі­рінің соңына дейін қызмет етті. Басты назар ау­дарғаны да – қазақ киносын қазақ ті­лін­­де жазып, зерттейтін мамандардың өсіп-жетілуі болды. «Қазақ киносы туралы шеттен келіп ешкім жазбайды. Өйткені, оны түсініп, талдайтын да сол ұлттан шыққан маман­ның өзі. Сондықтан, сендер қазақ киносы мен көрерменнің арасындағы көпір іспеттісіңдер», деп шәкірттеріне жиі айтып отырды. Қазақ киносы, кинематографистердің шығармашылығы туралы зерттелген еңбектер жазылса деп армандады. 
2010 жылы Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінде кино мамандарын дайындайтын бө­лім ашылды. Солардың бірі – Бауыржан Рамазанұлы қабылдаған кинотану бөлімі еді. Сөйтіп, кешегі Алматыда басталған ұстаздық жол енді Астанада жалғасты. Келесі жылы ашылғанына 25 жыл толатын қазақ кинотану мектебінің  негізін қалап, өзі оған өмір бойы қызмет еткен Бауыржан Рамазанұлының шәкірттері бүгіндері кинопедагогикада, киноөндірісінде, телевидениеде, радиода, ғылымда, кинофестивальдарда, т.б. салаларда же­місті еңбек етіп жүр. Шәкірттері үшін ұс­таз алдында тыңдаған дәрістері ға­на емес, қарапайымдылық, мейірімділік, іш­кі мәдениет, парасаттылық секілді  жеке басының қасиеттері де үлгі болып қалары анық. 

Қаншама сүбелі еңбектері мен елі­міз­дің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр­ген шәкірт­те­рі, құрметтейтін дос­тары мен әріптестері бар Бауыржан Рамазанұлы шын мәнінде тамыры тереңге жайылған бәйтерекке айналды. Жұбайы Гүлжихан Бекхожинамен бірге Саттар, Сәкен, Алтынай, Баубек  секілді ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйген бақытты ата болды. Әке-шешенің өнегелі тәрбиесін көріп өскен ұрпағы да бүгіндері қазақ руханиятына еңбек етіп, үлесін қосып жүр.  
Қазақ киносын тануда Бауыржан Ра­ма­зан­­ұлының еңбектері тек еліміздің ға­на емес, одан тыс жерлердің де мәдени кеңіс­ті­гінде атқаратын қызметі зор. Жақын­да ғана Астана қаласында өткен XIII «Еура­зия» халық­аралық кинофестивалінің жабы­луын­да Халықаралық киносыншылар Феде­рациясының (ФИПРЕССИ) Бас хатшысы, бел­гілі кинотану­шы, киносыншы Клаус Эдердің (Германия) сахнада ФИПРЕССИ Қазылар алқа­сының жүлдесін тапсырып тұрып: «Біз, еуропалықтар, Азия, соның ішінде қа­зақ, қырғыз киносы туралы сыншылардың еңбектері арқылы білеміз. Қазақ киносын Бауыржан Нөгербек арқылы таныдық. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден өтіпті. Сіздер үлкен тұлғадан айырылдыңыздар»,  деген сөзі соның бір айғағы болса керек.

Ұлттық өнер мен мәдениетке өлшеусіз еңбек сіңірген, соңында өшпес із қалдырған Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің қазақ киносы деп соққан жүрегінің тоқтағанына да қырық күндей болыпты. Ел руханияты тау тұлғасынан айырылды. Ұлытауда шыр етіп дүниеге келіп, сондағы шағын киноклубта әкесімен бірге фильм тамашалайтын кешегі жас өрім мәңгілік мекені – Ұлытауына қайта оралды. Алғашқы ұстазы – Әкесінің жанына...

 Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, 
кинотанушы, өнертану кандидаты