Медицина • 04 Тамыз, 2017

Ен даладағы ертегі

437 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жетісудың Қарадаласында әлемдік талаптарға сай шипажай есік ашты

Ен даладағы ертегі

Қарадала дегенде, Қарадала...
Табиғаттан жанына шипа із­деп, денінің саулығын ойлап ем алуға, демалуға ынтығып тұратын алматылықтар, әйтеуір, Қарадала ай­ма­ғының емдік қасиеті зор жер ас­ты ыстық суына ынтызар. Мұн­­дай­да жолдың алыстығы да – 285 шақырым қашықтық аяқ­­қа тұсау сала алмайды екен. Өз­де­­рін магниттей тартқан шипалы ыстық суға (+56 градус!) бір тү­су­ді арман қылған алып шаһар аза­мат­тарының аптаның аяғына таман алып-ұшып Шонжаны бетке ұс­тайтынын құлақпен естіп, көзбен көріп жүрміз. Жер шарын­да бірегейлігімен атағы шыққан Ша­рын шатқалы мен ондағы өзен бойын қуалаған шаған тоға­йын бір көруге аңсары ауған шетел­діктеріңіз де солай қарай сапарлай қалса, Қарадаланың шипалы суынан бір ұрттап, ыстық су бассейніне бір сүңгіп шығуға әуес. Жер астынан буырқанып шығатын қайнар бұлақтың ең алдымен жүрек-қан тамырлары мен тері ауруларына ерекше емі барлығы баршаның басын шайқатып отырғаны да ақиқат. Медицина тілімен айтар болсақ, мұндағы гипертермальдық минералды су қоспасы қазақтың қасиетті дала­сының бірден-бір шипа берер сауық­­тыру мекеніне айналды. Суль­фат­ты-гидрокарбонатты-хло­­ри­д­ті құрамдағы минералды ыс­тық суға ерін тигізгеннің өзі неге тұрады?! Ал енді адам ағзасының сыртқы дене дертіне қарсы шипа бере­тін балнеологиялық емі өз алдына, айтса – жыры таусылмайды.
Ендеше, демалыс сайын үде­ре көшкен бұл халық нөпірі Қа­ра­далада қайда қонақтайды, қай­­дан ем алады? Шетелдіктер талға­мынан шығатын әлемдік стандарт­тар­ға сай шипажай бар ма мұнда?
Біздің білуімізше, қойнауы қа­сиет­ті емдік суға меймілдеп толған Қарадалада бір ұңғымаға бұрғы салдырудың өзі бұдан 5-10 жыл бұрын ғана 15 мың АҚШ доллары тұрған дейді. Қалтасында қаржысы бар азаматтар уақыт көшіне ілесіп, тым ықшам шипайжай болса да бір құдық қаз­ды­рып алудан аянып қалмағаны сон­дықтан. Алматыдан шыққан жолаушы Шонжа ауылынан өтіп, Қалжатты бетке ұстап, таспадай жолмен 50 шақырым жүр­генде көзі түсетін сол қанаттағы ір­кес-тіркес салынған жатаған пансио­наттар сол кезеңнің «туындылары», алыстан ат арылтып келгенде азаматтар аяқ суытатын қазіргі «жабайы шипажайлар». Соған қарамастан, аттары ағылшынша, қазақша аралас-құралас жазылған, ұзынды-қысқалы ғимараттары жап­­сарлас салынған бұл демалыс орындарынан қысы-жазы келу­ші бір үзілген емес. Қайран Қара­даланың жеті қабат жер астынан (300-350 метр) ышқына шыққан ыс­тық суының қасиеті-ай!
 
Айдалада ақ отау – «Жетісу Resort»
Іле Алатауының баурайынан басталатын Кетпен жотасы мен Іле ойпа­тының ортасындағы жазық­тағы жалғыз да жалпақ асфальт­талған бұл жолмен Қытай­ды бетке алып жыл жарым жүрмеген жанның тосын құбылысқа таңыр­қап қалар жайы бар. Әңгіме жер қой­науы­нан атқылап шыққан Қара­даланың қасиетті шипа суы хақын­да емес, оның шипасын дү­йім жұрт­қа дарытатын мынау бір ға­жа­йып ғимарат хақында! Ол қан­­дай ғимарат?! Аспан түстес көкпеңбек күмбездері көкке ұм­тыл­­­ған, жұмыртқадай аппақ биік қабыр­ға­ларына саф алтындай жо­лақ­тар жалатылып, қасиетті Көк туы­мыз­­дағы бейнеленген ұлттық ою­мен әсем өрнектелген, шынайы шығыс­тық үлгі­мен салынған ерек­­ше нысанның сұлбасы көш-көрім жерден көзге ұрып тұр. Бұл өңірде жаңадан ғана бой көтерген «Жетісу Resort (курорт)» санаторий кешені осы. Осы орайда, ә дегеннен дәл бүгін-ертең бұл шипажайға тең келе қояр, яки бәсекеге түсер шипажай Жетісу аймағында жоқтың қасы екенін бірден баса айтқымыз келеді. Жа­пан далада жалғыз өзі отау тіккен сәулетті де сәнді ғимаратты құм суырған ен даладағы араб шейхтары алтынмен аптап салдыратын зәу­лім сарайларға теңер едік. Өйткені, бірегей ғимараттың бас қақпа­сына бас сұққан сәттен бас­тап ертегілер еліне енгендей күйге душар боларыңыз хақ. Бүйірдегі авто­тұрақ­қа көлікті қалдырып аса зәулім ғимаратқа дейін 200 метр жаяу жүресіз. Ойланып, көрген білген­ге орай ой түюге уақыт жетеді. Мына­дай ғажап ғимарат­тың иесі кім, талғампаз сәулетші қай­дан келді екен? Ғайыптан та­йып, ерте­­гілер еліне түскендей хәл­де­гі мазаланатын жолаушының сан­сыз ой сауалына жауап іздейтіні де, міне осы аралық – 200 метр... 

Күн сәулесі һәм  Сұңқардың суы
Стахан Белғожаев – есімі ел­ге өте жақсы танымал ардагер инженер-құрылысшы. Иә, иә, кәдімгі күллі Жетісу өңіріне шамшырақ сәулесін шашқан Мойнақ ГЭС-ін өмірге алып келген даңқты кәсіпкер. Ен даладағы көздің жауын алатын асқақ ғима­ратты тұрғызарда Стахан ағамыз білікті инженер ретінде ең алдымен бірегей нысанның үш күмбезіне де ұзақ ғұмыр беру жайын ойластырыпты. Осы өлкеде туып-өскен бұл кісі – атақты қазақ инженері Стахан Белғожаев, Қарадала желінің «тілін» бала кезден жақсы білетінін бізге былай түсіндіріп берді.
– Бұл менің бастан-аяқ өзімнің конструкторлық идеямның арқа­сында салынған ғимарат кешені. Ойпатты жазықта кейде секундына 20-30 метрлік жылдамдықпен жел соққан­да өңірде оның екпініне төтеп беретін биік ғимараттар кем­де-кем. Сондықтан да, күмбез­дер­ді сан қырлы етіп қиыстырып, оның бетіне тиген дауылды желдің кедергісіз ағып өтуі жағын ойлас-тырдым, – дейді Стекең. 
Стахан ағаның айтқандары қа­зір­гі заманғы инженерлік ойлау-жобалау жүйесінің қуаты мен ғаламаттығын еске салады. Әлем­дік танымал «Дискавери» арна­ларына зейін қойсаңыз, аса бақуатты Араб Әмірліктерінде бой көтеріп жатқан зәулім құрылыс нысандарында ең бірінші кезекте жел өтіне қалай шыдас беретін жайы ескерілетін емес пе еді? Дүниежүзінің ең үздік ин­же­нерлері теңіз жиегінде неме­се құм суырған құла түзде биік үй саларда, желдің қайдан, қандай жыл­дамдықпен тұратынын зерттейді, зерделейді. Бұл орайда кешегі ке­ңес­тік инженер-маман Стахан Бел­ғожаев ағамыздың инже­нер­лік ой жүйесінің қазіргі заман та­лапта­рымен оп-оңай үйлесім тауып, кіріге кетуі тамсандырмай қой­майды! «Жетісу Resort» шипа­жайының осындайлық зәулім орда­сының небары бір жарым жыл ішін­де қиялдағыдай бой көтеруі де тиянақты кәсіби қызметтің тап-тұйнақтай етіп атқарылуын байқатады. Шипажайдың сол қанатында барлығы 30 мегаваттық күн батареялары құлашын кеңге жайып тұр. Ол аз десеңіз, тау қой­на­уынан сарқырай ағып келіп, жер қойнауына сіңіп кететін Сұң­қар өзенінің суын құбыр арқылы осы маңға бұрмақ ойы бар қарт инженердің. Сонда құбырды қуа­лаған адуынды тау өзені шағын су электр стансасының кішкене турбинасын шыр айналдырмақ. Ол қосымша 5 мегаваттық электр энер­гиясын береді. Қане, еске тү­сірелік, егеменді еліміз үшін сол бір қиын-қыстау кезеңде халық­­тың үмітін ақтап, Жетісуда электр шамының жарығын шашқан Мой­нақ ГЭС-інің атасы осы Ста­хан аға Белғожаев емес пе еді?! Елба­сының өзі келіп қуанышты сәтте су стансаның желісін өмір желісіне өзі қоспап па еді? 

Шипажай сырттан тағам тасымайды
Ертегілер еліне айналаған «Жетісу Resort» санторийінің бас ғимаратының төр балконына шық­са­ңыз, алдымен бас қақпа­мен тұспалдап отырғызылған бау-бақшаның қалың нуынан көзі­ңіз сүрінеді. Жеміс-жидегі уыл­жып тұр, бір жарым жыл ішін­де мұндай молшылық-шашу қиял-ғажайыптар әлемінде ғана кезде­сетін құбылыс! Тағы да бас шайқап таңданасыз! Ал атшаптырым аумақты алып жатқан жылыжайдың іші тұнып тұрған құт-береке, аста-төк – көк-сөк! Та­ба­дан жаңа шыққан он сан түрлі нан иісі бұрқыраған өз нау-байханасы мен қомды да қоңды фазендасы ше... Демек, шипажайға сырттан бір түйір де азық-түлік тасымалданбайды!
– Біздің брендіміз жер астыннан шыға­тын минералды ыстық суы­мыз болғандықтан, оның сапа­сы салыс-тырмалы түрде бағала­нады емес пе? – дейді Стахан аға Бел­ғожаев. – Бір ай бұрын құ­зыр­лы мекеменің сүзгіден мұқият өткізіп арнайы жасаған сараптамасы «Жетісу» жер асты суының емдік қасиеттері өзіміздің атақты Сарыағаштың суынан екі есе басым екен­дігін көрсетті. Мен мұны бәсекелестік тұрғыдан айтып тұр­ға­ным жоқ, ақиқаты солай: Қара­дала суының шипасы мен маңызын түсінген азаматтар бұл аймаққа онсыз да ағылып толассыз келіп жатыр ғой... 
Емделушілерге есігін ашқан шипажайда дәл қазір бас дәрі­гер-директордан еден сыпырушыға дейін барлығы 111 адам қызмет істейді. Демалыс орны 300 адам­ға арналған. Демалушыларға қыз­мет көрсететін медициналық құ­рал-жабдықтар, қондырғылар Германия мен Ресейден, Еуро­паның ең озық медициналық-технологиялық құрал-саймандар шығаратын зауыттарынан сатып алынды. Маман-дәрігерлерден тапшылық жоқ. Қызметкерлерге арналған барлығы 100 орындық жатақхана-қонақ үй салынып бітуге әзір.
Дала желімен тербеліп жайқа­лып өскен жасыл дарақ, қолдан төсел­ген шым құрақ-көк майса – небары бір жарым жыл ішінде тап-тақыр далаға жерсініп үлгерген мұндай ғажапты, тіпті аяқ астынан ас­паннан түсті десе де сенгіңіз-ақ келеді. Қаншама тер тамшылары төгілгені, қаншама өлшеусіз күш пен мөлшерсіз қаражаттың жұм­салғаны байқалып тұр, несін айтасыз?! Көкпен таласқан шыны күм­бездің астында көзің демалып, тынысың кеңиді. Зәулім бо­са­ғадан таңдап ұя салған қар­лығаштың шақалақтарына жем тасып қонақ таппай жүргенін көріп, құс екеш құс та жайлы жерге үйірсектеп алған екен-ау деп ой түйе­сіз! Президенттік нөмір мен коттеджде бір тәуліктік дема­лу мен ем алу бағасы 45 мың тең­ге тұрады. Стандарттық 39 нөмір­дің әрқайсысы – 24 мың тең­генің айналасында. Ең төменгі ал­ты эконом-класс үшін демалушы 16 мың теңге төлеуі тиіс. Бұл баға жоғарыдағы айтқан «жа­байы шипажайлардың» ең үздік нөмірлерінің бағасынан кем түссе таңданбаңыз! Шипажайдан шығып иықтағы Шарын шатқалы мен Шарын өзенінің жағасына квадро­циклмен, қажет десе салт атқа мініп серуендеу де демалыс бағдарламасына кіргізілген. Бұған, әсіресе, шетелдіктердің әуесі зор боп тұр! Бала біткен ши­па­­жай ау­мағындағы хайуанаттар бағындағы жан-жануарларды қолдан қоректендіріп мәз... Бұл да әлемдік тәжірибеден алынған үрдіс. Бәрінен да күмбез астын­дағы айнадай айдынға жер астыннан сарқырап кеп құйылған Қара­даланың минерал қоспалы ыстық суын айт! Дертке – дәру, жанға – ши­па! 
* * *
Бизнес әлемінде ұзақ жылдар бойы тірнектеп жиған-тергенін елінің қамы үшін төгу – екінің бірінің ғана қолынан келер ізгілікті іс! Ел азаматтарының денсаулығын түзеп, шынайы түрде тынығып демалуы үшін ғана қолда барын аяусыз шашып, еш таршылық жасамаған қазіргі заманның қаһарманы, атақты бизнесмен, «еліміздің халықтық Билл Гейтсі» осы біздің Стахан аға Белғожаев шығар! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сында көрсетілген «Туған жерге туың­ды тік» бағдарламасына ел­дің нағыз азаматы санатында ол осылай игі ниетпен жауап қат­ты. Бойына біткен данагөйлік тәм­сілдері мен парасат пайымда­рын нық ұстап, қазағының қа­мын ой­лаған ұлағатты жанның сали­қалы әңгімесінен де, атқарған іс-қимыл қарекеттерінен де осыны ұқтық. Стахан ағаның өз басы жер шипасын халықтың кәдесіне жарат­қанына қуанатын сияқты. Ақсақал осы жасында байлықты мансұқ етпе­генін де жасырмайды. Шын мәнін­де адал еткен ерен еңбектің арқа­сында ол айдаладағы тақырда ерте­гідегідей ғажап әлем жасады. Қара­даладағы «Жетісу Resort» шипажайына бір рет ат басын бұрсаңыз көп жайттан хабардар болар едіңіз, шіркін! 

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ
Суреттерді түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ