Тұрақты жалақы – басты мәселе
Ғабит Мүсірепов – облыстан алыс орналасқан ірі астықты аудандардың бірі. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «Червонное-Агро» ЖШС-нде болып, егіс танаптарын аралады. Серіктестік картоп, қырыққабат, сарымсақ, жасыл бұрыш өсірумен шұғылданады.
– Дұрыстап айналысса, теріскейде көкөністің кез келген түрін өсіріп, оңтүстік өңірлерге тәуелділіктен арылуға болады. Оған мына шаруашылықтың тәжірибесі айқын мысал. Бізде су қоры, құнарлы топырақ жеткілікті. Климаттық жағдай қолайлы. Алда көкөніс мөлшерін кем дегенде екі есе арттыру міндеті тұр. Осы іске агроқұрылымдар мен жеке шаруашылықтарды белсене қатысуға шақырамын. Сонда ішкі сұраныс та өтеледі, азық-түлік қауіп-
сіздігі де қамтамасыз етіледі. Елбасының сатып алулар жүйесін жетілдіру бойынша тапсырмаларын орындау – бәріміз үшін басты мақсат, – деді Құмар Іргебайұлы ұжым мүшелерімен кездесуде.
Бірқатар кемшіліктер атап көрсетілді. Тексеріс барысында кей егістік танаптарының септориоз ауруына шалдыққаны анықталды. Оның басты себебі химиялық өңдеудің жеткіліксіздігіне, агротехникалық талаптардың сақталмауына келіп тіреледі. Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдаланбайтын шаруашылық жетекшілеріне нақты шара қолданылатыны, бұдан былай талаптың қатаңдатылатыны ескертілді.
Ауылшаруашылық мәселелеріне арналған жиында аудан әкімі Владимир Дудовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша АӨК саласында 6,5 пайыз өсім бар. Жалпы өнiм көлемі 4,5 миллиард теңгеге жеткен. Алайда, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың талдауы ішкі мүмкіндіктердің толығымен жұмсалмайтынын көрсетіп берді. Барлық серіктестіктердің 20-ы ғана минералды тыңайтқыш сiңiрумен, 56-сы ғана мал шаруашылығымен айналысады. Бұдан кейін қандай жоғары нәтиже күтуге болады? Ауданда жұмыс істейтін «Атамекен Агро-Целинный» ЖШС-нің 39,9 мың, «Дружба» ЖШС-нің 24,9 мың, «Содружество» ЖШС-нің 22 мың гектар жерлері бола тұра мал шаруашылығына бет бұруды басы артық шығын көретін тәрізді. Барды малданып, қол жеткенге тоқмейілсу олар үшін үйреншікті әдетке айналған сықылды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко ауылшаруашылық кәсiпорындарында еңбекақының төмендiгiне нақты мысалдар келтірді. Айтпай ма, «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар?» деп. Шынында да қолайлы еңбек ахуалы жасалса, қалыпты әлеуметтік жағдай жасалса, 188 тұрғынның басқа жақтарға жайлы жұмыс, жоғары жалақы іздеп, қоныс аудармас еді. «Дружба» және «Краснознаменское-2» серіктестіктерінде орташа еңбекақы мөлшерінің 34-32 мың теңгеден ғана айналуы өлместің көрінісін көзге елестетеді.
Аудандағы әлеуметтік ахуалды бағамдаған өңір басшысы ауылдықтардың еңбекақысын 20 пайызға көтерудi және жұмыспен қамту бойынша тиiмдi жұмыстар жүргiзудi, ал агроқұрылым басшыларына тек қара басының қамын күйттей бермей жұмысшы-қызметкерлердің жағдайын жете ойластыруды тапсырды.
Айыртау ауданы Казанка ауылдық округiне аялдаған аймақ басшысының ауыспалы егiс жүйесіне, озық технологиялардың қолданылуына айрықша назар аударуы тектен тек емес. Өйткені, мұның алдында Қызылжар ауданы «Виноградов» агрофирмасында болғанда жалға берілген жер телімдерінің күтімсіздігінен арамшөп басып кеткенін ұшырастырған еді. Сол сияқты Есіл ауданы «Жанғали» шаруа қожалығында парлы алқаптар дұрыс өңделмеген. Спасов ауылдық округінде барлық егістік алқаптың 8,6 пайызы ғана парға қалдырылған. Алматы, немесе Астанада жатып басқаратын инвесторлар болса, көктемгі және күзгі науқандарда ғана төбе көрсетеді. «Кирилловка-Айыртау» ЖШС-нiң директоры Владимир Казаркин жергілікті тұрғын болғандықтан, ауылдықтардың мәселелеріне жете қанық. 14 мың гектар алқаптың 80 пайызына – бидай, 2,5 мың гектарына – арпа, 400 гектарға – рапс, 400 гектарға жасымық егілген. Орақ науқанына сақадай сай. Еңбека-
қы уақытылы төленеді.
Активпен өткен жиында ауыл шаруашылығы саласының ахуалы, туризм әлеуетін жаңғырту негізгі әңгіме өзегіне айналды. Майлы дақылдар алқабының 20 мың гектарға, ауыспалы егiстің көлемінің 77,8 пайызға жетуі оң бағаланды. 400 басқа арналған сүт кешенi, 100 басқа лайықталған мал фермасы, 400 басқа шақталған репродукторлы шаруашылық құру жоспарланған. Үш өндiрiстiк кооператив сүт жинаумен айналысады. Десек те, жергілікті туризмдi дамыту жайы әлі де кенжелеп келеді. Шалқар көлiнің жағасында орналасқан 24 демалыс орнының төртеуінде тие-
сілі жер телімдері әлі күнге дейін бос тұр. Нысандардың санитарлық жағдайы, материалдық-техникалық базасы қанағаттандырмайды. Монша, душ, ойын-сауық орны сияқты қосымша қызметтер қарастырылмаған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бiр ғимаратқа ғана электр жарығы тартылған. Демалыс үйлерiне су тарту қолға алынбаған. Егер кәсiпкер заманауи талаптарға сай кәсібін дамыта алмаса, онда демалыс базасын ашудың қажеті қанша?! Үкімет, жергілікті билік туризмдi ілгерілетуге барлық жағдайды жасап отырғанына қарамастан жағдай көңіл құлазытады, – дей келіп, облыс әкімі туризм саласы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Табыс көзі – төрт түлік
Ақжар ауданында орналасқан «Коцак» шаруа қожалығына Тамара Коцак деген іскер әйел жетекшілік етеді. Ол ширек ғасырға жуық егіншілікті кәсіп етсе, биыл 28 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алып, ендігі нәсіпті мал шаруашылығынан да айыруға көшкен. Заманауи техникалармен, себу кешендерімен толық қамтылғандықтан, еңбек өнімділігі жоғары. Тамара Ивановнаның баласы да, немересі де отбасылық кәсіпкерлікті жалғастырып жүр. Аймақ басшысы оның мектепке де демеушілік жасайтынын, басқа да қайырымдылық акцияларға белсене қатысатынын естіп, өзгелерге үлгі ете сөйледі. «Омбы-35» бидай сұрыбының өсірілу технологиясына жоғары баға берді. Оның гектар шығымдылығы 25 центнерден кем болмайтын көрінеді. Теріскейдің қатал ауа райына төзімді «Астана», «Астана-2» тұқымдарының үлесін, майлы дақылдар көлемін көбейтуге кеңес берді. Мәселен, Тайынша ауданы «Степноишим тәжірибе стансасы» ЖШС 16 мың гектардың үштен біріне майлы дақылдар сеуіп, ен пайдаға кенеліп отыр. Былтыр рапстың гектар берекелілігі 27 центнерге жетіп, әр тоннасы 125 мың теңгеге бағаланыпты.
Ақжарқын ауылындағы клуб үйі қалпына келтірілгелі мәдени, ойын- сауық шаралары жиі өтетін орынға айналыпты. Ұлттық би, домбыра, хор үйірмелеріне тұрғындардың қатысуы белсенді, дейді клуб директоры Сайлау Қойшыбай. Шығармашылық ұжымдар аудандық, облыстық байқауларда жүлделерге ие болыпты. Фельдшерлік-акушерлік қосын фельдшері Ирина Васильева асқазан жарасына, темір тапшылығы анемиясына, жүрек-қан тамырлары кеселіне шалдыққан 85 науқастың есепте тұратынын, олардың бәріне тұрақты ем-дом көрсетілетінін, профилактикалық тексеру жыл сайын өткізілетінін айтты. Аудан әкімі Серікбай Тұралинов әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жайлы баяндады. Ауылшаруашылық өнімдерінің тең жартысына жуығы егіншілік үлесінде. Былтырғыға қарағанда ауыл шаруашылығы саласының нақты өсімі 105 пайызды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері өскен. Иесіз жатқан жерлердің 25 мың гектары жыртылып, 10 мың гектары өңделген. Дегенмен, іркілістер де жоқ емес. Бірінші жартыжылдықта бір гектар үшін 1340 теңгеден салық жиналған. Жыл сайын ауылшаруашылық тауарын өндірушілер 100-150 миллион теңге салық төлемейтінін, 234 агроқұрылымның 44-і ғана мал шаруашылығымен шұғылданатынын, кей мемлекеттік бағдарламалар бойынша тапсырыс берілмегенін, инвестиция тартудан артқы орында тұрғанын ескерсек, орасан резервтердің барын аңғару қиын емес.
әлиханов ауданында облыс әкімі «Жолдасбай-Агро» ЖШС-нің астық өндірісін әртараптандырудағы тәжірибесіне ден қойды. 2600 0 гектар алқаптың 8 мың гектары майлы дақылдарға тиесілі. 4 мың гектар жер парға қалдырылған. Екінің бірі тәуекел ете бермейтін серіктестік жетекшісі Сүйіндік Жолдасбаевтың бұл әрекеті шынында да сүйсінтеді. Мұның сыртында бір мыңға тарта мал бар. Орташа еңбекақы – 110 мың теңге.
Жиын барысында бос жатқан жерлердің айналымға алынбағаны, кей шаруашылықтардың 23-30 мың мөлшерінде ғана жалақы төлейтіні, аудан орталығы Кішкенекөлде жарықтандыру мәселесі түйінді күйде қалғаны айтылды. Аймақ басшысы өз сөзінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектердің қайтарымы болу керектігін, кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын құруға мүдделілік таныту, ауылдықтар қамын бірінші кезекте ойлау қажеттігін атап көрсетті. Кадрлар тапшылығы, айлық жалақының төмендігі, ауыспалы егіс жүйесіне, тұрақты еңбекті қажет ететін мал шаруашылығына жете көңіл бөлмеу барлық аудандарға тән құбылыс екені белгілі болды.
Осылайша облыс әкімінің алдын ала жоспарланбаған жұмыс сапары көптеген кемшіліктермен қоса қолдағы мүмкіндіктер мен ішкі резервтердің молдығын да айқындап берді. Жүктелген тапсырмаларға аса көңіл бөлу қажеттігі, нәтижелері күзде тексерілетіні аудан әкімдері мен сала басшыларының санасына жететіндей ерекше ескертілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы