ЭКСПО-2017 • 04 Тамыз, 2017

Жиһангездің жорығы

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Венгрияның «Аударыспақ-Хунгари» федерациясының президенті Иштван Бенцзе мырза ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін қолдау мақсатында атқа қонып, әуелгі сапарын Ақтау қаласынан бастап, жолай бірнеше облыстың жерін басып өтіп, екі жарым мың шақырым жол жүріп, алдағы аптада Астанаға ат басын тіремекші. Осы экспедицияның Қазақстандағы сапарын жоспарлауға атсалысқан Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі табиғат және экологияны ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкері Бекарыстан Мырзабаевпен хабарласқан едік. Біздің сауалымызға орай ол «Жібек жолы» экспедициясының сапар барысы туралы төмендегідей мәліметтерді айтып берді:

Жиһангездің жорығы

– Экспедиция тізгіні Иштван Бенцзенің қолында. Оның жанын­да жерлесі, фотограф-кино­­­оператор Ласло Цако бар. Ақтау­дан басталатын ұзақ сапар­дың алғашқы жолбас­таушысы Маңғыстау облыстық ұлттық спорт клубының дирек­торы Қанағат Сүйебаев болды. Олар Ақтаудан шыққаннан салт ат­пен Отпантау, Шетпе, Бей­неу өңі­ріндегі ескерткіштерді ара­лап, одан Үстірттің үстіменен Шал­қардың Бозой дейтін жеріне де­йін сегіз жүз шақырымды 10 тәу­ліктен астам жүріп өтіпті. Мен экспедицияға Ақтөбе облы­сына қарасты Шалқар ауданының Бозой деген жерінен қосылдым. Сол уақыттан бері мадияр бауырларыммен күні-түні бірге жүрмін. Талай ғажап өңірлерді тамашалап келеміз. Мадияр туыстарға атақ­ты батыр Есет Көтібарұлы кесенесін көр­сеттік.

Сонау Ақсақ темір зама­нында тұрғызылған Бал­ға­­сын кесенесіне соқтық. Бұл өлке ертеде әйгілі Орақ батырға қоныс болған жер. Содан Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы метеорит түскен Жаманшың атты жерге тоқтадық. Төрткүл дүние ғалымдары таңданатын өңірдің бірі осы. Мұнда метео­рит 700 мың жыл бұрын құлаған деп есептеледі. Әлемдегі жүз­ден астам меториттер ішінен көле­мі жағынан Тунгустан ке­йін­гі екінші орын алатын осы Жаман­шың метеориті. Қазан шұң­­қыр диаметрі бес жарым шақы­рым. Метеорит диаметрі 500 метр. Жер планетасының бас­қа бұрышында жоқ «Иргизит» деп аталатын құнды тастар тек осы Жаманшыңда ғана бар. Об­лыс, аудан басшыларының қада­ғалауымен әр елді мекендер­де венгрлермен кездесу жасалып отырды. Меймандарымыз құр­мет-сыйдан кенде болған жоқ. Сөйтіп, оншақты күнде Ақтөбе облысының Ырғыз, Шал­қар аудан­дарына қарасты 700 ша­қы­рымға жуық жерін басып өттік. Содан Ақтөбе шекарасынан асып, Қостанай облысына қарасты Торғайдың Ақшығанақ дейтін ауылына жеттік. Сол маңға таяу тұрған Әбілхайыр ханның зираты бейнетаспаға түсірілді. Одан Жангелдин ауданы, Міржақып Дулатовтың ауылы Қызбелге жеттік. Осы өлкеде венгрлердің 2012 жылы арнайы барып орна­тып кеткен, ағашқа өрнектеп жасал­ған түркілердің 9 метрлік биік ескерткіші тұр. Қызбелден Амантоғай арқылы Амангелді ауданына, одан Арқалыққа өттік. Арқалықтан соң Ә.Майкөтов атындағы ауылға аз аялдап, одан Қарағанды облысының жері Қара­қойын-Қашырлының жазық даласы арқылы, Құланөтпес өзе­ніне тірелдік. Құланөтпес ауы­лы тұрғындарының қолынан дәм таттық. Нұра ауданына қарай­тын Жанбөбек ауылындағы Қарақойын орта мектебінде бір әдемі кездесу өтті. Қазір Ақ­мола о­б­лысының Қорғалжын өңі­рін­деміз. Ендігі жоспар Есіл өзені бойындағы қалың тарихи ескерт­кіштерді асықпай аралау. Сөйтіп, бұйыртса, біз енді бір апта шама­сында Астанаға осы салт атты то­бы­мызбен бармақ­шымыз, – деді. 

Жолаушылар бас-аяғы 2,5 мың шақырым жолды салт атпен жү­ріп өткен. Орта есеппен тәулі­гі­не 70 шақырымнан жүріп отыр­­­ған. Иштван Бенцзенің бұл қазақ даласын төртінші мәрте ат­­пен аралауы екен. Осы сапар­лар­дағы мадияр туыстар көз­деген ең үлкен шаруаның бірі – бұған де­йін түсірілген бейнетас­паларды біріктіріп, бір үлкен тарихи-де­рек­ті фильм жасау көрінеді. 

Ендігі әңгімені, бұйыртса та­мыз айында Иштван Бенцзе мыр­­заның өз аузынан естиміз деген үміттеміз. Оған дейін ата­жұр­тын аралауға құмар мадияр туыс­­тардың сапары сәтті болғай деп тілейік.           

Төлеген Жәкітай