Мемлекетсіз азаматтық қоғам өмір сүре алмайды. Ал азаматтық қоғам дамыған жағдайда жеке тұлғаның негізгі құқықтары мен еркіндіктері заң жүзінде қамтамасыз етіледі, саяси жағынан қорғалып, үйлесімді даму үрдісі көрініс береді. Ел дамыған демократиялық мемлекетке айналып, азаматтар өркендеген азаматтық қоғамды құрайды. Жалпы, үшінші сектор – елдегі қоғамдық-саяси үрдістердің демократиялануына оң ықпалын тигізетін күш.
Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, азаматтық қоғамның негізі ретінде саналатын үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуына және дамуына саяси, құқықтық және әлеуметтік қолдау-көмектер мүмкіндігінше жасалып келеді. Олардың қоғамдағы рөлін арттыруға Елбасымыз да үлкен мән беріп отыр. Алғаш рет шақырылған Азаматтық форумға Мемлекет басшысының өзі қатысты, онда сөйлеген сөзінде Президент азаматтық қоғам институттарының елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудағы алатын орнына, сондай-ақ, саяси тұрақтылық пен этносаралық ынтымақты нығайтудағы рөліне жан-жақты тоқталған болатын.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да елімізде азаматтық қоғам институттарын әрі қарай дамытып, олардың жұмысын жандандыруға ерекше маңыз беріліп отыр. Осыған байланысты қолға алынған және іске асырылған жұмыстар аз емес. Рас, кез келген мәселенің заңнамалар аясында жүзеге асырылатыны, оның әрі қарай дамытылатыны белгілі. Бәсекелестікті, іскерлікті қажет ететін қазіргі заманда бірқатар өзге салалар сияқты азаматтық қоғам институттарының нығаюына, олардың қызметтерінің жандануына ықпалын тигізетін жаңа заңнама қажет еді. Осыны өз жауапкершілігіне алған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.
Бұл құжаттың маңызы үшінші сектор үшін ғана емес, еліміздегі өзге салалар үшін де зор болмақ. Өйткені, заң жобасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалауды енгізу қарастырылған. Оның ең басты ерекшелігі – ол тұрғындардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында іске асырылатын қызмет сапасы мен оған қанағаттану дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мұнда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жүзеге асырылатын қызмет көрсетулердің сапасы мен мазмұндылығына, шарттары мен бағалау критерийлеріне бірыңғай талаптар, яғни стандарттар енгізулер ұсынылып отыр. Бұған қоса, елімізде ҮЕҰ-ларға арналған гранттар мен сыйлықтар тағайындау мәселесі де қарастырылған. Міне, бұл үшінші сектор құрылымдары мен ұйымдарына мемлекеттік қолдау көрсетудің нақты көрінісі болып табылады.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, азаматтық қоғам саласы бойынша биылғы жылы 55 жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде осыған қатысты жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп келеді. Қолға алынған жобалардың тақырыптары алуан түрлі. Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау, патриоттық тәрбие, ҮЕҰ-ның әлеуеті мен олардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіне талдау жасау, радикалды идеологиядан зардап шеккен азаматтарды оңалтуға бағытталған іс-шаралар сияқты өзекті де өткір жобалар бар. Сондай-ақ, бұған тақырыпты қалыптастыру рәсімінен бастап мониторинг пен бағалауға дейін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа қатысты мәліметтер жинақталатын электронды ақпараттық ресурсты әзірлеу және оны енгізу мәселесін қосуға болады.
Биылғы жылы үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру шамамен 588 миллион теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда, қаржыландыру үш есеге ұлғайтылған. Сонымен бірге, гранттарды үйлестіру тақырыптары едәуір кеңейтілді, гранттар сомалары тұрғындардың атаулы жұмыс үшін бөлінетінін атап өткен жөн. Гранттық қаржыландыру тәжірибесін әрі қарай жетілдіру шаралары да қолға алынып жатыр. Ал тиісті гранттарды бөлумен өткен жылы құрылған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы үлгісіндегі қаржыландыру орталығы айналысады.
Ағымдағы жылдың маңызды жетістігінің бірі ретінде жыл басында гранттар бойынша конкурстық рәсімдердің өткізілгенін атауға болады. Нәтижесінде гранттық жобаларды іске асыру мерзімі ұлғайтылды. Өз кезегінде олар үшін бұл сапалы нәтиженің кепілі болып табылады. Осы жылдың бірінші жартысында ҮЕҰ-лар үшін мемлекеттік гранттар бөлу бойынша ақпан және мамыр айларында екі конкурс өткізілді.
Үшінші секторды нығайтуға байланысты қолға алынған игі шараның тағы бірі – гранттық қаржыландыру аясында ауылдық аудандарды қоса алғанда, еліміздің өңірлері бойынша халықтың қажеттіліктеріне бағалау жүргізіліп жатқандығы дер едік. Қазіргі кезде осы мәселеге байланысты кешенді зерттеу жүргізуге ұсынымдар әзірленуде. Сол кешенді зерттеу нәтижесі бойынша еліміз тұрғындарының қажеттіліктері картасы жасалады. Сондай-ақ, Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін бастау алған жобалардың қатарына Қазақстанның еріктілер ұйымдарының картасын құру жобасын да қосуға болады. Қазіргі кезде көпшілік арасында қызықты деп танылған бұл жобаға қатысты іс-шаралар ойдағыдай жүргізілуде. Жоба щеңберінде қазақстандық еріктілер ұйымдарының қызметі нақты көрсеткіштер бойынша талданады. Еріктілер ұйымдарының картасында үкіметтік емес ұйымдардың немесе бастамашыл топтардың және еріктілер ұйымдарының зерттейтін өңірлердегі қажеттіліктері баяндалады.
Азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған инновациялық жобаның тағы бірі – ҮЕҰ-ның мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін бағалау жобасы. Аталған жобада ҮЕҰ-ның еліміздің дамуына қосқан үлесін бағалау әдістемесін жасау көзделген. Әдістеме қанатқақты апробациялау үдерісіне негізделеді және тұрақты қолданудың нақты алгоритмі болады. Осы тұста атап өтейік, биылғы жылдың 1 наурызынан бастап үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасының infonpo.kz Интернет-порталы іске қосылды, сол бойынша ҮЕҰ-лар электронды портал арқылы өзінің қызметі туралы мәліметтерді толтырады, өз бетінше жүктейді және жаңғыртады. Мәліметтер базасында болған жағдайда ҮЕҰ-ларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша конкурстан өту кезінде қосымша балл беріледі. Сондай-ақ, infonpo.kz-ға тіркелу ҮЕҰ-ларға грант алу конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. Ал мәліметтер базасында тіркелмеген ҮЕҰ мемлекеттен гранттық қаржыландыруға үміткер бола алмайды.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, азаматтық қоғам институттарын дамыту мақсатында «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңға ҮЕҰ-ның өз қызметтері бойынша міндетті есептілігі жөнінде талап енгізіліп отыр. Бұл есептілік үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына ұсынылуы тиіс. Аталған норма әлемдік тәжірибеде бар және оны дамыған елдер қолданып келеді. Бүгінде ҮЕҰ-ның дерекқорына 3 мыңнан астам қазақстандық және шетелдік ұйымдардың тәжірибесі енгізілген. Ол ҮЕҰ-ның қызметі туралы ақпараттық қоғам және донорлар үшін ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар үшін келесі бір жағымды жаңалық – оларға сыйлықтар тағайындалғандығы. Сыйлықтар ҮЕҰ-ның институттық дамуына, ұйымның жарғысында көрсетілген мақсаттарына, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталады. Ал сыйлықтар он бес аталым бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда жақсы нәтиже көрсеткен ҮЕҰ-ларға беріледі. Қазіргі кезде конкурсқа қатысуға өтімдер қабылданып жатқанын да айта кетейік.
Еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі осы жылдың қаңтарында Үкіметте өңірлердегі жастарды дамыту бойынша инфрақұрылымды күшейту мәселесіне қатысты бастама көтерген болатын. Нәтижесінде Премьер-Министрдің тапсырмасымен облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері 2017-2020 жылдарға арналған жастарды дамытуды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Осыған байланысты жастар саясаты саласында бес негізгі басымдық анықталды. Олар – ауыл жастарының бос уақытын ұйымдастыру және әлеуметтенуіне жағдай жасау, қиын жағдайға тап болған жастарды дамыту және олар үшін «әлеуметтік лифті» құру, жас отбасыларды қолдау және бала тәрбиесіне көңіл бөлу, жастармен жұмыс істейтін кадр аппаратын дамыту және ведомствоаралық жұмысты үйлестіру.
Жалпы, «Мәңгілік ел» идеясының мәні де, маңызы да ерекше. Тәуелсіздігімізді баянды етуде, оны Мәңгілік елге айналдыруда азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы ауқымды. Өйткені, олар халықтың ұсыныс-пікірлерін, өтініш-тілектерін билікке жеткізетін қоғамдағы негізгі күш саналады. Мемлекет басшысының елімізде азаматтық қоғамды нығайтуға ерекше мән беріп отырғаны сондықтан.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»