07 Тамыз, 2017

Ұлттың үні

464 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазаққа тәңірім даласындай кең тынысты үнді де берген. Сахараны сах­на етіп, аспандағы аққуға үн қо­сып жүріп, үмітін үкілеген жұрты­мыз­­дың бойындағы кемелдік пен ке­меңгерлікті арғы-бергі тарихи ке­зеңдерге көз жіберсең, ұғасың да тү­с­і­несің. 

Ұлттың үні

«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болады», деп Г.По­та­нин айтпақшы, халқымыз бар тір­лік-ты­ны­сын әуезді әнімен, нәрлі сө­зімен өрнек­теп отырған. Соның бір дә­ле­ліндей, «Ақбақай» әнінің сөзі «Ат қай­да Ақ­ба­қайдай шаппай желген, Қыз қай­да құ­дашадай көзі күлген», деп бас­та­лып барып, «Мыс та алтын, жез де ал­тын, алтын да алтын, Адамда сөз бол­майды айтылмайтын», деген жолдармен түйінделеді. «Аққұм», «Ардақ», «Сұр­жекей», «Қанатталды» секілді ән­дер­дегі құдіретті үн де бөлек естіледі. Бұл әндерді тыңдағанда дархан дала көз ал­дыңа келеді. Оның табиғатпен жарасым тапқан кейіптері де елестейді. Бұл – әуен мен сөз тең түскенде ғана болатын жайт. 
Бұлар – халық әуендері. Ал халық ком­по­зиторларының әндері де асқақ қой. Әсіресе, Ақан серінің «Қараторғайы», «Көк­жендеті», «Маңмаңгері», «Құла­гері», Біржанның «Жанботасы», «Адас­қағы», Абайдың «Сегізаяғы» – дара дүниелер. Сол алыптардың үнін өткен ғасырдың 80-жылдарынан былай қарай халықтық асқақ әуенмен жаңғыртқан Ақселеу Сейдімбек, Тұрсынғазы Рахимов, Тұрсынжан Шапайлар болды. Әрине, кәсіби композиторлардың жөні бөлек. 
Ал асқақ үнді әнді алты қырдың ас­ты­нан жеткізетін нағыз әншілер тың­дау­шысын сүйсінтпей қойған емес. Со­лар­дың бірегейі Әміре Қашаубаев еді. Ол 1925 жылы Париж қаласында өткен Бү­кіл дүниежүзілік көрмеге қатысып, «Ағаш­аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Бес қа­рагер», тағы да басқа әндерді айтып, бүкіл Еуропаны сүйсіндіргені тарих­тан мәлім. Кейін ұлы әншінің үнін Жар­қын Шәкәрімов тауып, Алматыға әке­ліп, халқымен қауыштырған тұста «Бес қарагердің» шырылы құлақтың құ­рышы­н қандырып, дән риза болып отыр­ған тұста, тума талант Жүсіпбек Елебеков бір қайырымына қосылып, көзіне жас алғаны бар. Жиылған жұрт та толқыған еді. 
Сол секілді, ұлтымыздың ұлы ән­ші­сі Күләш Байсейітованың тұнық дауы­сы тыңдаған адамның жан дүниесін те­бі­рентпей қоймаған. Бұл туралы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» де­ген кітабында әдемі айтқан. 1936 жы­л­ы Мәскеуде өткен қазақ көркем өне­рінің декадасында орыстың атақты әр­тістері, ерлі-зайыпты И.Москвин мен А.Тарасованың сүйіспеншілігін «Сіздің бұл актриса дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарда тұратын сахна шеберлерінің бірі екен», деп Сәбеңе жеткізе бастағанда бүкіл зал: «Жасасын қазақ халқы! Жасасын оның өрге басқан өнері! Жасасын қазақ халқының бұлбұлы – Күләш Байсейітова», депті. Жұрттың бұл қолдауы құлақтарына жеткенде олар: «Біз қателеспеппіз, Күләш шынында ұлы әнші екен», десіпті. 
Қазақ әнінің құдіреттілігін көрнек­ті қаламгерлер де мойындаған. Орыс­тың атақты жазушысы М.Горький, А.За­таевич жинап шығарған қазақ ән­дерімен танысқан соң: «Қазір менің алдымда қазақтың мың өлеңінен құрастырылған жинақ жатыр. Бәрі де нотаға түсіріліпті. Әуендерін байқап қарасам, адам жанын тебірентетіндей, болашақ Моцарттарға, Бетховендерге, Шопендерге, Муссорскийлерге және Григтерге таптырмайтын бай қазына екен», депті. Осының өзінен-ақ қазақ әнінің қандай екенін аңғару қиын болмаса керек. 
Қазақтың айтулы әншілері Манарбек Ержановтың, Дәнеш Рақышевтің, Бибі­гүл Төлегенованың, Жәнібек Кәр­ме­нов­тің таза үндері ұлтымыздың кең тыныс­ты екенін көрсетеді. 
Біз бұл ойды неге қозғап отырмыз. Себебі, қазақ халқында дәстүр деген әде­мі ұғым бар. Алдағы халық әндерінен бас­тап, халық композиторларының, кә­сіби сазгерлердің, кейбір әуесқой өнер­паз­­дардың туындылары – бәрі де үзілмей келе жатқан ұлт сабақтастығының өнер сабақтастығының дәлелі екенін назарға салу еді. Сол ұлы әншілердің үнін тәуелсіздік тұсында, биыл Димаш Құдайберген қайта жаңғыртып, әлемді өзіне қаратты. Бұл ұлт ұрпақтарының арасындағы алтын арқаудың жалғастығы, оқтын-оқтын қайталанып отыратын құбылыс екеніне көзімізді жеткізді. Ұлы Әміре Еуропаны дүр сілкіндірсе, оның дарынды ұрпағы Димаш миллиардтан аса халықтың аузын аштырып, көзін жұмғызып, өзіне баурап алды. 
Бір замандары Әміренің даусына тәнті болған француздардың бір көнекөз кейуанасы Димашты көріп, о дүниеге аттансам, арманым жоқ дейтін көрінеді. Бұған қалай серпілмейсің, сергімейсің. 
Димаштан кейін құлдырап кеткен қазақ әнінің беделі артты. Саналы тыңдаушы ойланып қалды. Бірақ ойдан-қырдан жинап, ән деп айтып жүргендер әлі айылын жия қоймаған секілді. Қалай десек те, бүгінгі жеңіл ырғақтағы ән ұлт руханиятына қосылған үлес, оны әуе­ле­тіп жүргендер шынайы жұлдыз дей ал­масақ керек. Уақыт елегі шынайы ән мен шын әншіні, «жұлдыздарды» анық­тап береді. Сондықтан да, ұлт үнін шы­ғаратын ұлт өнеріне өнер адамдары да, жалпы жұрт та талғаммен қараса, халық қазынасы ортаймайды, қайта тола түседі. 

Сүлеймен МӘМЕТ, 
«Егемен Қазақстан»