Мемлекет басшысының атына Қазақстан ұйғырлары мәдени орталығының активі мен зиялы қауым өкілдерінен хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары А.Шардинов, профессор, театр сыншысы А.Қадыров, жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі А.Аширов, «Уйгур авази» республикалық газетінің бас редакторы Ю.Азаматов, Қазақстан ұйғырлары қауымдастығының төрағасы Т.Маметова, республикалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Мақсұтов, республикалық Ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры С.Сонуров, № 153 мектеп-гимназия директоры Ш.Умаров, профессор А.Абдуллаев, профессор К.Абдуллаева қол қойған.
Хатта былай делінген: «Семей ядролық полигонын жабу, елорданы Астанаға ұлы мақсатпен көшіру, болашақ ұрпақтар үшін Ұлттық қор құру, жастарды «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде оқыту, Еуразиялық экономикалық кеңістік құру идеясы, 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, жоғары деңгейдегі Астана Саммиті, әлеуметтік сипаттағы заманауи дағдарысқа қарсы шаралар – санап тауыса алмайтын осындай жетістіктің бәрі Сіздің бастамаларыңыз. Шын мәнінде, Елбасы бастамаларының барлығы қазіргі заманғы Қазақстанның қалыптасуында тарихи оқиғаларға айналды».
Авторлар Президент бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді ел алдындағы басым міндеттердің бірі ретінде қойып отырғанын, онсыз алға қойылған мақсаттарға жету мүмкін еместігін атап өткен.
«Сіздің бастамаңызбен құрылған, әлемде баламасы жоқ қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің еліміздің түрлі ұлт өкілдері арасындағы достықты, бейбітшілікті, тыныштықты сақтау мен нығайтуда зор рөл атқарды. Он екі жыл ішінде Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан қуатты азаматтық қоғамдық институтқа айналды», – деп атап өтілген хатта.
«Біз, Қазақстан халқы, елдегі тұрақтылық пен тыныштықты, өз болашағымыз бен біздің балаларымыздың болашағына сенімділікті тек Сізбен ғана байланыстырамыз. Біздің Отанымыздың Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында, бізге жасаған тұрақты қамқорлығыңызға шын жүректен өз ризашылығымызды білдіре отырып, Сізге сарқылмас жігер, ұзақ өмір, Өзіңізге және туыстарыңызға бақыт, Қазақстан халқына гүлдену тілейміз!», делінген жеделхатта.