Аймақтар • 08 Тамыз, 2017

Ақ моншағын тағынған Алакөл

1121 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Әбіш Кекілбаев бір сөзінде «Адамзат бұрын жанарын тек алысқа ғана тігетін. Назарына тек тосын мен таңсық қана түсетін. Көкжиекке дейінгіні көзіне де ілмейтін. Асылдың бәрі алыста, таңсықтың бәрі тасада деп ұғатын», депті. Рас-ау, шетел аспаса, Қара теңізге түспесе, Дубайдың көк тіреген алып үйлерінде жамбастап жатып тыныстамаса кезекті демалысы құр өткендей, құрыс-тырысы жазылмайтын қазақ үшін туған ел мен туған жердің қадірі әлгі бір әдемі өлеңдерде ғана айтылатын: тасы – маржан, шөбі – кілем, шөңгесі – өлең секілді поэтикамен ғана өріле беріпті. Соңғы уақытта «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобаларының қолға алынуы – қазақтың жер деген ұғымға басқаша қарай бастағанын көрсетеді. Қазақстанның киелі жерлерінің картасын әзірлеу де соңғы күндері ауыздан түспейтін тақырыпқа айналды. Сірә, сөзден іске көшетін уақыттың келгені болар, соңғы уақыттарда, шіркін, осының бәріне берісі елімізден, арысы шетелден қонақтар келіп демалып жатса, туризм арқылы-ақ біраз дүниені игерер едік-ау дегенді қатардағы қазақ та жиі айта бастапты.

Ақ моншағын тағынған Алакөл

Ішкі туризмді дамытуға, өзге елді қызықтыруға, Құдайға шүкір, қазақта жер жетеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын ғана «Шіркін-ай, Ала­көлді неге пайдаланбаймыз, неге дамытпаймыз?!», деп байбалам салу сөз ұстаған кім кімнің де үй­рен­шікті гөй-гөйі болатын. Үй­рен­­шікті болғасын, айтылған сөз айтылған жерде, қақсауық кәрі­нің бос байбаламындай елеусіз қала бере­тін. Айта тұрып, өзіміз де он­ша құнттай қоймайтынбыз. Әйт­­се де, соңғы жылдары бұл тарапта әкімшілік тарапынан мәселе қозғалып, арнайы бағдарламалар жа­сал­ған. Әр істің басталуы да, нә­ти­­жесі де елдің көз алдында. Ала­­көлге қа­­тысты айтқанда, күні ке­ше ғана қол­дануға берілген Үш­арал әуе­жайының өзі неге тұра­ды! Бұл әуежайдың құрылысы бастал­ған 2015 жылы бұдан өзге де шаруалар қолға алынған. Одан бері де екі жыл өте шығыпты.

Енді бүгін қарасақ...

Алакөл туристік  аймақ­қа  айна­лып келеді екен. Алма­ты облыс­тық ішкі саясат басқарма­сының ұйымдас­тыруымен барған арнайы сапарда осыған көз жетті.

* * *

Талдықорған-Алакөл бағытын­дағы ең көп айтқан сөзі­міз – «жол тозыпты-ау» болған шығар. Алма­ты төңі­регіндегі кімді сөйлетсең де, осы жол мәсе­лесін айтады. Ал­­­­да­­­ғы күн­­­дерде әне-міне құры­лы­сы бас­талайын деп тұрған жа­ңа жол келер жылы Алакөлге асығу­шы­ларды көлдің ыстық құшағы­мен тезірек қауыштырады дейді. «Ертең жөнделмек жол болса, бұл азап­ты көрушінің соңы біз екен­біз ғой», деп, дәт бекітіп, күш жиып дегендей, алты жарым сағат­тық жолды артқа тастап, жетке­німізде... Алакөлде күн жанып, құйын ойнап тұр екен. «Жаңбыр бір жауса, ағаш екі жауып» дейтін бе еді бір жолау­шы? Біздікі де со­ған ұқ­сас кеп: күн бір күйдірсе, жел екі күй­діріп, апшыны қуырып ба­ра­ды.

Біз тоқтаған «Aquamarin resort» де­малыс аймағы – ат шаптырым жер­ді алып жатқан, халықаралық дең­гейде қызмет көрсететін осы маң­дағы алдыңғы қатарлы орталық екен. Қонақ үй көл жағасына орна­лас­қан. Десе де, көлді әлі көре қой­­ған жоқ­­пыз. Бір-біріне жалғас ті­зі­ле қал­ған медпункттен бастап би залына дейін салынған еңселі ғимараттар назарыңды алысқа жібере қоймайды. Жол үстінде бе­тіне мұ­нар қонақтап, көгеріп-сұр­ла­нып қана кө­рінген мақтаулы көл­дің ақ толқынына қол артпай, көр­дім дей алмайтының тағы анық.

Сөйтсек, бұл уақыт  – Алакөл­дің тол­қы­ны жағаны күше­не со­ғып, аса буыр­қанбаса да, біраз сер­­гіп алу­ға бел буған кезі екен. Біз келердің алдында ғана демалу­шыларды жағадан қайтарып, ба­рар жолды жауып тастапты. Жар­ты сағат өтпей, тыншығандай көрін­гесін, қайта ашты. Біздің табаны­мыз жағаға тиген шақта – көл әжеп­­тәуір жуа­сып қалыпты, содан да болар, әйгілі аққу-көбікті көре алма­дық. Біз естігенде, майда толқындардан туатын ұсақ көпір­шіктер көз ұшында мыңдаған аққу жү­зіп жүргендей көрінеді деп еді. Ала­­көлдің Алакөл атануы да сол «аққулар­дың» арқасы деседі. Ал суы – мақтаса мақтағандай-ақ. Жаға­лауда жүрген мыңдаған адам­­ның аяғы жабыла кешкенмен, тұны­ғын шайқай алмапты. Жа­ға­лау десе көз алдымызға құм елес­­тей­тін, бұл ара – ұсақ, қиыр­шықты, қап-қара малта тас. Көлдің құра­мында адам денсаулығына пай­далы йод пен тұз көп деген, бәл­кім соның әсері, сұлудың қара­шы­ғындай мөлдіреп жатыр. Тас тазарса – қараяды екен-ау деп ойла­дық. Сол тұста біздің бір әріп­тес әзілдеп айтты: «Біздің алда­ғы мін­дет – үш күн ішінде осы тас сияқ­ты қап-қара болу», деп. Кейін біл­дік, тастың қара болып көрі­нуі де алдамшы көрініс екен, ер­те­ңіне, түс әлетінде көрдік, өзінің әдепкі сұрғылт түсін тауыпты. Сөй­тсек, күннің әр мезгіліне орай көл келбе­тінің құбылуымен тастың түсі де өзгеріп отырады екен. Түс мез­гі­лінде көл көгілжім түске еніп, бар сұ­лу­­лығымен алдыңа тарты­лады. Бесін ауа көл бетін әл­сіз мұ­нар бүр­кейді де, көкжиек қы­зара бастағанда тарап кетеді екен. Тас­тың қара түске көшетін мезгілі осы мұнар­мен байланысты көрінеді.

Тереңге сүңгіп көрген жан бі­ле­ді, әдет­­те өзге көлдерде су­дың беті жылым­шы болады да, сәл терең­­десең, салқындап сала бере­тін. Ала­көл бұл жағынан тұрақ­ты екен, қалай сүңгісең де біркелкі тем­пе­ратурасын өзгертпейді. Аса асау бол­маса да, тынымсыз жаға­ны тепкілейтін де жататын тол­қын­дарының тынымсыздығы көл­ді ылғи да қозғалыста ұстайды. Тұ­нық­тығы да, бір келкілігі де сонысы­нан.

Тұрғылықты халық Алакөлге Шыңғыс ханның жорық үстінде тоқ­тап, қосын тігіп, еру болғанын аңыз қып айтады. Көкбөрі болып күн кеш­кен сонау бір замандарда айлап-жылдап жорықта болып, шайқастан қайтқан қазақ жауын­герлерінің жарасын жалап жазар қо­нал­қасы да – осы көл бол­ған десе­ді. Тіпті күні кешегі Екін­ші дү­ние­жүзілік соғыстан жараланып қайтып, жарақатының орны біт­пей қойған солдаттар да осы су­дан дәру тауыпты. Одақ кезінде салын­ған Ғарышкерлер үйі де жайдан жай салына салды деймісіз! Одақ кө­лемі емес, әлемдік ғарыш стансаларынан адамдар арнайы ке­ліп, ат байлаған әйгілі көл бү­гін де іздеусіз, сұраусыз емес. Ға­рыш­керлер қазір де ұшу кезінде ал­ған радиацияның әсерінен осы жаға­лауда жатып айығуды құп көреді. Адам денесінде өмір бойы сақталатын, зардабы әдет­тегі вирустардан әлдеқайда қауіп­ті саналатын радиацияның өзін жеңіл­детерлік қауқары бар су – қасиетті емей не?! Демек, Алакөлдің мүм­кін­дігі шексіз. Алдымен, мынадай сұ­лу көрініс, одан соң, әлгіндей емдік қасиеті кім кімді де мұхит асып келіп, апталап-айлап жатуға мәж­бүрлемей ме!

Алматы облыстық әкімдігі та­ра­пынан атқарылып жатқан ша­руа­лар да осы мақсатқа бір та­бан жақындата түсері сөзсіз. Олай дей­тініміз, осыдан төрт-бес жыл бұрынғы бос жатқан оң­тайлы жағалаудың талайында бү­гін­де тіршілік қайнап жатыр. Бұрын­дары, әркім өз білгенімен қонып, қа­лауынша шомылып, алаңсыз лас­тап, жөніне жүре беретін, шарап ішіп, шал­қып қайтатын аймақ – жақын маңдағы ағайынның ға­на маңдайына бұйырған еншілі сы­ба­ғасындай есептелсе, бүгінде республиканың әр түкпірінен ағы­лып келіп жатқандардың қарасы аз көрін­беді. Біз тоқтаған демалыс орнынан бөлек, қатарлас, иықтас ор­на­­ласқан қаншама заманауи үлгі­­дегі орталықтар мен Ақши ауы­­­лының тұр­ғындары шама шар­қын­ша жасаған арзандау қонақ үй­лер­ге түскен демалушылар арғы-бер­гі жағалауды қарақұрым кісіге тол­тырып-ақ жібереді екен.

Мұның бәрі «теңіздің дәмі там­­шы­сынан» де­­гендей, біздің бір ға­на ай­мақ­ты шамалап шолып шық­қан­дағы көргеніміз. Нақты мәлі­­мет­терге сүйенсек, Алакөлдің ай­на­­ласында орналасқан демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, ем­деу-сауықтыру орталықтары жә­не туристік кешендердің жалпы саны – 132-ге жеткен. Бұл көр­сет­кіш бір қарағанда жеткілікті кө­рі­нуі де мүмкін, бірақ, Алакөл ауда­ны аумағында жаз маусымы аса ұзақ бола қоймайды, сол себепті, демалушылардың дені қаптап келетін кез – жаз айлары. Мұндай кезеңде келушілердің бә­рін қабылдай алғанмен, кей реттерде орын таппай қалып жататын да жағдайлар болмай тұрмайды. Тап­са да, біраз сарсаңға түсіп, орын іздеп көп жүріп қалған тұ­ты­нушылар екінші мәрте келуге онша құмарта қоймасы анық. Сол се­бепті, кез келген жағалауда жет­кілікті жағдай жасалуға тиіс. Соңғы уа­қыттағы көлге деген құмарлық арт­қан. Айталық, 2015 жылы ша­ма­мен 150 мыңға жуық адам келсе, былтырғы көрсеткіш бұдан үш есе (452700) жоғары болған. Бір жыл­да осынша көрсеткішке өсу – көл тарихында бұрын-соңды бол­маған. 2014 жылдан бергі өсу көр­сет­кішіне көз жүгірсек (2014 жы­лы 91440 адам), көлге ерекше көңіл бөл­ген соңғы үш жылдың үл­кен нәтиже бергенін көреміз. Биыл­ғы демалушылардың саны 700 мыңнан асады деп жос-парланып отыр.

Сұраныс артқан жерге инфра­құрылым да көптеп салынады. Ал­маты облысының туристік әлеуеті инвесторлардың көптеп тартылуы­на ықпал еткен. Былтыр облыста жеке инвестициялардың есебінен 43 туризм нысаны қолданысқа берілсе, олардың 30-ы Алакөлдің жағалауына салынған. Биыл да 30 нысан іске қосылмақ (біразы жұмысын бастап үлгерген). Мұның сыртында көл жағасын абаттандыру, заманауи көлік жолдары, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар сияқты өзге де шаруалар қолға алынуда. Мәселен, биыл елдің ең көп келетін Ақши кенті аумағына қарасты көлдің сол жағалауында 15,53 шақырым, оң жағалауында 8,25 шақырым автокөлік жолдары қайта жаңғыртылмақ. Осы және өзге де жоспарлар ойдағыдай жүзеге асса келешекте аудандық бюджеттің 50 пайызын туризм саласы толықтырады дейді. Облыс бойынша бір жылда салынған 43 нысанның 30-ын жеке дара иемденген Алакөл үшін 50 пайыздық пайда әкелу де аса қиын шаруа емес сияқты...

* * *

Сапарымыздың екінші күні облыс­тық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік комуникациялар қызметі ұйымдастырған арнаулы шаралармен басталды. Не­гізгі тақырып – рухани жаңғыру. Об­лыстық аумақпен шектелмей, республиканың әр түкпірінен жиналған блогерлер басқосуын «BlogCamp Alakol summer school» деп атапты. «Жазғы мектептің» негізгі мақсаты − БАҚ пен әлеу­меттік желі арқылы елімізге ке­ңі­нен танылған мамандардың ше­бер­лік сағатын өткізіп, бүгінде ақпа­рат әлемінде белсенділік танытып жүрген жастарға үлгі беру. Салтанатты ашылу ашық күннің астында өтті. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, жақсы бастамаға сәттілік тілеген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастап, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек, Орталық ком­муникациялар қызметінің дирек­торы Артур Нығметов жә­не облыстық ішкі саясат басқар­ма­сының басшысы Рустам Алпыс­баев сөз сөйледі.

Алматы облысы әкімінің орын­­басары өз сөзінде қызық статистика келтірді. Айтуынша, 2008 жылы әлеу­меттік желі қолданушылары Алматы облысында небәрі 7,3 пайызды құраса, 2016 жылғы көрсеткіш – 88,2%-ға жеткен. Сегіз жыл ішінде осынша деңгейге өскен көрсеткіш облыс жұртшылығының интернет мүмкіндіктерін жеткілік­ті деңгейде пайдалана алатынын көрсетеді. Бұдан былай әлеу­мет­­тік желі арқылы ақпарат тарату­шылардың рөлі арта беретіні анық. Сол себепті, блогер атаулы не жазып, не қою керегін, әлеуметтік же­лі­ні қалай пайдалануды білуге тиіс. Сон­дықтан, бұл шеберлік сабақ­тар­дың маңызы жоғары.

Бұл тараптағы тізгінді бірінші бо­лып желіде 45 мың оқырманы бар Әлішер Елікбаев ұстады. Әлеуметтік желінің тарихынан бас­тап, бүгінгі күні қоғамдағы ма­ңызы мен ықпалы жайында; интер­нетпен жұмыс істеудегі қара­пайым, негізгі қағидалар, не жазу керек, қанша жазу керек деген әңгі­меден басталған лекциясында блогер белгілі адамдардың, сая­сат­керлердің сәтті посттарына тоқ­­талып, әлеуметтік желі арқылы рес­публикалық деңгейде қаралған мәсе­лелерге дейін сөз қылды. Оның ай­туынша, «әлеуметтік же­лі – әр адамның жеке ақпарат құра­лы». Жақсы жазсаң, ауқымды, бел­ді мәселелерді көтерсең – оқыр­ма­ның өсе түседі. Біздің ең көп сүрі­нер жеріміз жойдасыз көп жа­зу. Оның өзіндік ұстанымдары бар: қысқа, нұсқа, нақты жазу. Ең көп дегенде күніне 1-2 пост, апта­сына кем дегенде 2-3 пост жазбақ ләзім. Бір аптадағы барлық жазғаныңның асса біреуі өзің жайлы болуы мүмкін, қалғаны, қоғамдағы көкейкесті мәселелерге арналса, сен дұрыс жолдасың деген сөз. Сосын, әлдебіреулердің өтінішімен қандай да бір тауарды жарнамалау, жергілікті әкімдіктің атқарған шараларын жаза беру де блогердің беделіне нұқсан келтіреді. Әрине, жазу керек, бі­рақ, белгілі бір деңгейде.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның лекциясы біз көп мән бере бермейтін тақырыпқа арналыпты: «Google» ақпараттық жүйе­сін тиімді пайдалану. Құрылуы 1998 жылға барып тірелетін бұл жүйесіз бүгінгі ақпарат кеңістігін елестету мүмкін емес. Дүниенің қай бөлігінде де, қоғамның қай саласында да аса маңызға ие. Біз, әдетте, есімізге түсіре алмаған фразаларды, нақты бір цифрларды іздегенде «гуглить» етіп жіберетін жүйені – бизнесті, туризмді дамы­туға қалай пайдалану керек деген сұрақ төңірегінде нақты мәлімет­терге сүйене отырып, қызықты дәріс өткізді. Ол ғана емес, еліміз, оның ішінде әр өңір туралы қандай мәліметтер бар, қандай жетістігіміз орнала­сқан деген сұрақтың айналасында да көптеген статистика келті­рілді. Бір қызығы, осы лекцияға дайын­дық кезінде, саясаттанушы ешқандай статистикалық орталықтың мәліметіне сүйенбей-ақ, өзі зерттепті. Бұл тарапта ең алдымен мән берілетін дүние – тіл мәселесі. Қазақ тілді ақпараттың аздығы. Қазақстанның қай өңірін іздесеңіз де орыс тілді ақпараттар басым. Қазақ тіліндегі ақпараттар орта есеппен алғанда 10 есе аз болып келеді екен. Мәселен, «Алма­тинская область» деген сұранысқа 5,4 мил­лион, «Алматы облысы» де­ген­ге – 643 мың ақпарат шығады.

Біз жайлы білгісі келген жат ел­дік­­тер міндетті түрде туризмді қарай­ды. Қаншалықты жолға қо­йыл­ған, не бар, не жоқ? Міне, осы кез­де аталған жүйені пайдала­ну­дың маңызы артады. Мәселен, «Google» жүйесінде алғашқы он­дық деген ұғым бар. Ел көп іздейтін тақырыптар ең жоғарыға орналасады. «Бір қызығы, кей аймақ­тардың туризмін іздесең, жер­гілікті әкімшіліктің сайты, әкім­нің суреті шыға келеді. Бұл – біздің дұрыс жұмыс істемей­тіндігімізді көрсетеді», – дейді А.Са­рым. «Google» компаниясы­мен келісіп, алғашқы ондыққа ту­ризм­ді, Қазақстанның қасиетті орын­дарын, тарихын, соңғы жаңалық­тарын орналастыруға болады. Өзге ел­дің өкілі «Қазақстан» деп іздегенде, бәрі рет-ретімен шығып тұ­руға тиіс.

«Туризмді дамыту жол жөндеп, қонақүй салумен бітпейді. Турис­тер­ді тарту үшін – жарнама жаса­луға тиіс. Ал, жарнама дегеніңіз осын­дай қарапайым дүниелерден бас­тау алады. «Google» жүйесінде жағым­сыз ақпараттарды төмен түсіру деген опциялар бар. Компа­ния өкілдерімен келісе отырып, әр облыстың өңірлік коммуникация­лар қызметі осымен айналысуы керек» деп есептейді саясаттану­шы. Сонымен қатар, тағы бір қы­зық ұсыныс айтылды. Елімізге әлем­дік деңгейдегі танымал тұл­ғаларды шақырғанда жасалатын келісімшартқа: «Әлеуметтік желі­дегі жеке парақшаңда біздің ел ту­ра­лы (немесе белгілі бір нысан) бір ауыз жақсы сөз, үш-төрт сурет сала­сың» деген шарт енгізу ке­рек дейді. Себебі, бүгінгі негізгі жар­на­ма әлемдік тұлғалардың айналасында жүріп жатыр. Атақты футболшы Криштиану Роналдудың парақшасына 10 миллионнан астам адам тіркелген. Оны ары қарай бө­лісетіндерді қоссаңыз, нағыз жарнама дегеніңіз сол. Осын­дай ұсақ-түйек дүниелердің өзі елі­міздің әлем алдындағы беделін қа­лыптастыруға ықпал ете­ді. Ко­муникациялар қызметі айна­лысуға тиіс бір шаруа осы және өзге де заманауи тетіктерді пай­далануды игеру деп санайды саясаттанушы.

* * *

Естуіміз бойынша Алакөлдің жан­ға дауа, ауруға дәру болар кезі – таңғы сағат 4 пен 6-ның арасы деген. Күн шықпай тұрып, түн кө­бе­сі сөгіле судың бетін жұқа йод қабаты жабатын көрінеді. Сол себепті, көлге осы екі сағат ара­лығында қалай да түсу керек! Көлге бара қалсаңыз, осы бір сөзді естімей қайтуыңыз мүмкін емес. Кімнен сұрасаңыз да соны айтады: Алакөлде демалудың бір шарты осы. Халықтық сипат алу дегеніңіз осы болса керек.

...Шығыстың жүзіне қан жүгіре бас­тағанда аптығып көл жағасына біз де жеттік. Көз алдың түгел көк­жиек. Ал, одан сәл беріде жұрт Арал­төбе деп атайтын көл орта­с­ын­дағы төбешік күндізгідей мұ­нар­тпай, бар болмыс-бітімімен көз ұшында керіліп жатыр. Таңғы тыныш­тық деген сөзді көлге қарап се­зіну керек шығар, сірә. Бы­лай­­ғы кезде де аса асаулық та­ны­­та қоймайтын көл ұсақ тол­қын­­дарымен жағаны әлсіз ғана қы­тық­тайды. Тепкіленбейді, екі­ленбейді. Жай ғана сипай соға­ды. Жағадағы әлсіз толқын алыс­таған сайын болымсыз дірілге ұла­са­ды. Ары қарай аспаннан мон­шақ төгіп тастаған сияқты. Білі­нер-білінбес бүлкілдеп қайнап жат­қан­дай. Жағаны әлсіз ғана со­ғып, кері серпілген толқынмен бір­ге көлдің құшағына қойып кет­кің келеді. Тіпті, сонау қызарып жат­қан көкжиекке дейін су емес ма­мықтың үстімен қалқып, жетіп ба­ра салардайсың.

Көріктен шыққандай қыза­рып, күн де көрінді-ау, ақыры. Шығыс­тан емес, көлден шыққандай. Су­дың жып-жылы болып тұрғаны, түні­мен осы күнді құшағына қы­сып алып жатқан екен ғой деген ба­лаң қиял иектейді, бір түрлі. Дү­ние түгел қып-қызыл. Күн де, су да, ас­пан да, жер де – бәрі қызара бөр­тіп, тіршіліктің жаңа бір күнін бас­тады. Тіршілік жағалаудан бас­талады екен. Алакөлден басталады екен...

Айтары жоқ, көрерге көз, кес­телеуге тіл керек. Ақын болма­ға­ныңа өкінесің...

Таң қаларлығы, осы бір сәтпен ас­тасып, жүзі алаулап қаншама адам жүр жағада. Алакөлдің таңғы шағы да – өзінше бір базар екен.

Күні бойы көлдің осы сұлулы­ғын айтып, елдің құлағын аз қа­жа­ған жоқ шығармыз. Қайтар қар­саң­да, түс ауа жағаға тағы бар­дық. Мұ­нымды да көріп қал де­ді ме екен, әл­гі ел көп айтатын ақ­қу-толқы­нын жүз­діріп, жағадан бас­тап көз ұшы­на дейін ағара шай­қалып, шалқып жатыр. Енді кү­мән жоқ, Алакөлдің сим­волы – ақ­қу толқын. Аққу бар деп естідік, бі­рақ, сол аққуыңыз Ала­көлдің өзі мү­сін­деген аққудың жа­нында аса сұ­лу көріне алмайды-ау.

Қимай қоштастық. Алакөл ару – ақ моншағын тағынып, әшекейін жаса­нып, алыстан қол бұлғайды. Көз ұшында мың-миллион аққу жүзіп жүр...

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Суреттерді түсірген

Жеңіс ЫСҚАБАЙ