ЭКСПО-2017 • 09 Тамыз, 2017

Ресей – EXPO-2017 Football Cup чемпионы

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған спорттық шаралар ішіндегі шоқтығы биігі EXPO-2017 Football Cup турнирі болды десек қателеспейміз. Бұлай деуге себеп, Астанаға өткен ғасырдың 90-шы және 2000-шы жылдары әлем жанкүйерлерін аузына қаратқан футбол жұлдыздары ат арытып келді. Мысалы, олардың арасында Эрнан Креспо, Жан-Пьер Папен, Нуну Валенте, Бруну Баштю, Сергей Кирьяков, Беньямин Лаут, Манфред Кальтц, Марко Дельвеккио, Манише және Анджело Ди Ливио сынды саңлақтар болды.

Ресей – EXPO-2017 Football Cup чемпионы

Жалпы, аталған турнирге алты ұжым, атап айтқанда «Әлем жұлдыздары» құрамасы, Пор­туга­лия, Италия, Ресей, Германия және Қазақстан командалары қатысты. Бұл командалар екі топқа бөлініп, финалға шығар жолдаманы са­рапқа салды. Нәтижесінде, өз топтарында ұпайды көп жинаған Ресей командасы мен «Әлем жұлдыздары» құрамасы финалда кездесіп, турнирдің бас жүлдесі үшін күш сынасты.

 Бұл сында ресейлік футболшылар 7:4 есебімен жеңіске жетіп, EXPO-2017 Football Cup турнирінің чемпионы атанды. Ресей құрамасы сапынан Роман Широков, Евгений Алдонин және Виктор Булатов сынды футболшылар қос-қостан гол соғып, командасының жеңісіне мол үлес қосты. Және бір голды Дмитрий Сенников салды. «Әлем жұлдыздары» сапынан француз Венсан Кандела, өзбекстандық Азамат Абдураимов және финн Яри Литманен мергендігімен көзге түсті.

Турнирдің қола жүлдесі Португалия құрамасына бұйырса, Қазақстан футболшылары төртінші орынға табан тіреді.
Жарыс қорытындысында, әр шептегі үздік ойыншылар анықталып, арнайы жүлделерге ие болды.  Ресейлік Роман Широков «Үздік жартылай қорғаушы», «Әлем жұлдыздары» сапында өнер көрсеткен украиналық Александр Шовковский «Үздік қақпашы», португалдықтар Фернанду Мейра мен Манише, сәйкесінше «Үздік қорғаушы» және «Үздік сұрмерген» атанды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Ресей құрамасының бұрынғы қорғаушысы, «Локомо­тив» клубының құрамында өз елінің екі дүркін чемпионы болған Дмитрий Сенников елордаға деген сүйіспеншілігін жасыра алмады. «Астана керемет ұнады! Әдемі және жас қала. Бұл жерде жұрттың футболды жақсы көретіні байқалып тұрды. Содан да болар, турнир өте тамаша өтті және зор қызығушылық тудырды», деп ағынан жарылды Ресей футболының жарқын өкілі.

Бұдан бөлек, әлем футболының жұлдыздары «Астана Арена» стадионында Ақкөл балалар үйінің, Маңғыстау футбол мектебінің, Қарағанды балалар үйінің және Астанадағы арнаулы интернаттың жеткіншектеріне арнап шеберлік сыныбын өткізді. Бұл игі шараға бас-аяғы 300-ге тарта бала қатысып, өмір бойы ұмытпай жүретін әсерге бөленді.
 

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»