Қазақстан • 10 Тамыз, 2017

Еңбек қауіпсіздігін елемеудің салдары ауыр

382 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көктемде облыс орталығындағы «КСП Стил» ЖШС-нде 21 жастағы жұмысшының қайтыс болғаны жайлы хабарланды. Кейін осы оқиға бойынша комиссия құрылып, тергеу жұмыстары жүргізілді.

Еңбек қауіпсіздігін елемеудің  салдары ауыр

Еңбек инспекторларының айтуынша, бұл жыл басынан бері өндірісте болған үшінші өлім оқиғасы. Сондай-ақ, 48 адам жұмыс басында жарақат алыпты. Осыдан бір жыл бұ­рын облыс орталығындағы «Неф­техим ЛТД» кәсіпорнының полипропилен сақтайтын цехында өрт болып, екі жұмысшы қаза тапқан-ды. 

Осы жуырда тағы бір жұ­мыс­­­шы мұнай-химия зауыты ау­­мағында биіктен құлап, мерт болды. Еңбек инспекторы Абы­лай Сабыровтың айтуынша, зауыт аумағындағы жөндеу жұмыс­тары кезінде 1984 жылы туған азамат 20 метр биіктіктен құлап кеткен. Мәселенің мән-жайы тексе­ру жұмыс­тарынан соң анық­та­лады. Қазір екі күннің бірінде осын­дай қайғылы жайлар есті­леді. Өңірде өндірісте жарақаттанудың жалпы еліміз бойынша жо­ға­ры деңгейде бо­луына себеп, кен-металлургиялық, энер­гетикалық, басқа да ірі өн­дірістік кәсіпорындардың негіз­гі үлесі облысымызда орна­лас­қа­нынан да болар. Бірақ, мәсе­ленің мәнісі басқада, яғ­ни кәсіпорындарда еңбек қауіп­сіздігінің сақталмауында болып тұр. Тіпті өндірісте жарақаттану соңы өлімге апарып соғатын жағдайлар соңғы кезде бірді-екілі оқиға емес, бірнеше адам зардап шеккен топтық түрдегі жазатайым оқиғаларға айналып, жиі қайталануда. 

Еңбек басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Ма­рат Қабжамитовтің айтуынша, бас­қар­мада облыс бойынша өн­ді­рістік жарақаттанушылық жағ­дайы­на орай уақытында кәсіпорындардың еңбек қауіп­сіздігін сақтау жұмысына тал­дау­лар жүргізіледі. Құқық қор­ғау органдарына жазатайым оқиға­лардың қалай орын алғаны жай­лы арнайы тексерулердің құжат­­тары жіберіледі. Жұмыс­шылары өндірістік жарақат­тану қауіп-қатерлеріне жиі ұшы­­рай­тын кәсіпорындар тізі­­­мі жаса­­ла­ды. Осылайша, 2016 жы­лы облыстағы «Қа­зақ­­стан Алюминийі» АҚ, «Майқайың­алтын» АҚ, «Кас­тинг» ПФ ЖШС, «Майкөбен-Вест» ЖШС, «ЕЭК» АҚ, «Каустик» АҚ, «Бога­­тырь Көмір» ЖШС, «Ком­­пания Нефтехим LTD» ЖШС, «KSP Steel» ПФ ЖШС, «Казхром» ТҰК» АҚ филиалының Ақ­су ферроқорытпа зауы­ты анық­­талды. Өн­дірістік жа­рақат­танушылық мә­селелері «Әлеу­меттік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қаты­нас­­­тарын реттеу» жөніндегі облыс­­тық комиссия отырыс­тарында да бірнеше рет қаралды. Отырыста «Каус­тик» АҚ, «Компания Нефтехим LTD» ЖШС, «Казхром» ТҰК» АҚ филиалының Ақсу фер­роқорытпа зауыты, «Май­кө­­бен-Вест» ЖШС, «Қазақ­стан Алюминийі» АҚ, «Пав­ло­дарэнерго» АҚ және «САЭМ-Павлодар» ЖШС бас­шы­ларының баяндамалары тыңдалды. 2014-2016 жылдары осы кәсіпорындарда 56 рет жоспардан тыс тексерістер де жүргізілді. Алдын алу шаралары шеңберінде жазатайым оқиғаларды ескерту мақсатында, еңбек қауіпсіздігі мәселелерінде қателіктерді анықтау 2016 жылда бекітілген кестеге сәйкес кәсіпорындарды аралау тәжірибеге енгізілген. 2016 жылда Еңбек кодексінің нормасын түсіндіру бойынша 121 оқыту семинар-кеңестер өткізілді. Басқарманың ресми электронды сайты «Сұрақ-жауап» айдарынан 2015 жылы 143 адам жауап алды, ал 2016 жылда 215 жүгінушілерге түсініктеме берілді.

 Ал облыстық прокуратура­ның мәліметінше, соңғы бес жылда өңірде 87 адам өндірісте көз жұмған. Өткен жылы 27 жұмысшы мерт болыпты. Облысымыз өндірістегі жарақат алу көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы орында тұрған көрінеді. Бірақ, жазатайым оқиғалардың себеп-салдарын анықтауда салғырттыққа жол берілген. Осындай жайлар­ға орай түскен сотқа дейінгі 162 тергеу ісінің тек 4-і ғана сот­қа жіберіліпті. Яғни, кінә­лілер жауапкершілікке тар­тылмаған. Осыдан 4 айдай уақыт бұрын облыстық еңбек басқармасы бастығының пара алу үстінде ұсталуы бұл салада талап пен тәртіптің әлсіздігін, өндірістегі адам факторына дұрыс назар аударылмайтынын байқатып қалды. Облыс прокуроры Серік Қараманов облыстық прокуратураның кә­сіп­орындардағы еңбек қауіп­сіздігінің сақталмау жайлары, жұмысшылардың өндірістік жарақат алуының себеп-салдары, кінәлілердің жауапкершілігі жайында өткізілген алқа мәжі­лісінде жоғарыдағы дерек­терді мысалға келтірді. 2015 жылмен салыстырғанда былтыр зардап шегушілер саны 164-тен 191-ге дейін артқан. 

– Зардап шеккендер Ақ­су ферроқорытпа зауыты, Қа­зақ­­­стан алюминий зауыты, «KSP Steel», «Кастинг», «Бо­га­тырь Көмір», Еуразиялық энер­гетикалық корпорация се­кіл­ді ірі кәсіпорындарда тір­келді. Алайда бірнеше жыл бо­йы аталған кәсіпорындарда об­лыстағы еңбек басқармасы тарапынан кешенді тексерулер жүргізілмеген. Сондықтан, өткен жылдың желтоқсан айында прокуратура уәкілетті мемлекеттік орган қызметіне талдау жүргізді. Талдау нәтиже­лері көрсеткендей, мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістік жарақат алу деңгейін азайту үшін шара қолданбайды. Ал еңбек басқармасы басшысының парамен ұсталуы да осы салада қалыптасқан жағдайлардың шынайы себептерінің жасырылуын дәлелдейді, – деді С.Қараманов. 

Еңбек инспекторлары болса жазатайым оқиғалардың орын алуына зардап шегушінің абайсыздығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу, жұмыс жүргізудің дұ­рыс ұйымдастырылмауы, ең­бек қауіп­сіздігі тәсілдерін оқы­тудағы, үйретудегі кемші­лік­тер, зардап шеккен жұмысшы мен жұмыс беруші тараптың еңбек қауіпсіздігі жағдайларына немқұрайды қараулары басты себеп, дейді. Сонымен бірге, еліміздің еңбек заңнамасының сақталуын және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бо-йынша жүктелген міндеттерді орындау үшін, әсіресе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай мемлекеттік еңбек инспекторларының санын көбейту қажет деп санайды. 

Өйткені, облыстағы 13303 кәсіпорындағы еңбек қауіп­сіздігінің сақталуын бақылай­тын мемлекеттік еңбек инспек­торларының саны бар-жоғы 5-ақ адамды құрайды екен. Ал  барлық тексерістерді жүзеге асыратын еңбек инспекторларының саны 12, сонда 5 инспекторға жүктелетін жұмыстың аз емес екенін көріп отырмыз. Бас­қа облыстармен салыстырып қа­рағанда да біздің еңбек инспек­торларының жүктемесі көп. Жауапкершілікті анықтау көп уақытты алатын, өзін ешкім кінәлі санамайтын өте күрделі процесс. 

Осыған байланысты, соңғы кезде шағымдар мен өтініш­тердің де саны көбеюде. Шағым­дар зардап шегушілер тарапынан олардың туыстарынан, сондай-ақ жұмыс берушілерден және олардың өкілдерінен түседі.Бұл бір. Екіншіден, тіпті про­курор­лардың айтуынша, өнді­рістегі жазатайым жағдай­лар туралы денсаулық сақтау орын­дарының еңбек инспекциясына хабарламаған 200-ден астам факті анықталған. Сотқа дейінгі 162 тергеудің басым бөлігін қылмыс құрамының болмауына байланысты тергеушілер тоқтатқан. Тексеру барысында прокуратура қылмыстық істі тоқ­тату туралы осындай 8 ше­ші­м­­нің күшін жойды. 

Жұмыс берушілердің еңбек жағ­дайын жақсартуға ниет білдір­меуі, жұмыскерлердің құқық­тық және техникалық сауатсыздығы жазатайым оқи­ға­­лардың негізгі себептері болып­ отыр. Кәсіпорындардағы жарақат алу статистикасы да аз емес. Прокурорлар бұл еңбек басқармасы шенеуніктерінің өз міндетін дұрыс атқара ал­мауы­ның салдары деп санайды. Бұдан бөлек, жұмыс берушінің өндірістік орындардағы төтенше жағдайларға жауапкершілігі заңнамада жетілдірілмеген. Прокуратура мамандары бұл мәселе жайында бұрыннан бері дабыл қағуда. 
Облыстық прокуратураның бірінші басқармасының прокуроры Ермағамбет Сағын­дықтың айтуынша, елімізде кәсіпорындарда мерт болып, жараланғандардың саны 2307-ден 1683 адамға дейін төмендеп отыр. Ал біздің облыста керісінше, 2015 жылы 164 адам жапа шексе, 2016 жылы бұл сан 191-ді құраған. 

Жалпы, тексерулер барысында еңбек басқармасында заңды­лық­тың бұзылғаны анықталды. Мемлекеттік органдар, денсау­лық сақтау мекемелері, ішкі іс­тер департаменті мамандары мен еңбек инспекциясы қыз­мет­керлерінің арасында өзара байланыс, әрекеттестік жоқ. Қылмыстық істер сапасыз тергелуде. Мәселен, 314 қылмыс­тық істің төртеуі ғана сотқа жолдан­ған, дейді прокурорлар.

Екіншіден, жұмыс беруші­лердің өндіріс орындарындағы төтенше жағдайлар кезінде жауапкершіліктен шеттеп қа­луы да үлкен мәселе. Бұл жұ­мыс­шылардың, адамның өмі­рі қорғалмайды деген сөз. Жер­гі­лікті прокурорлар өңірде ең­бекті қорғау мемлекет, жұ­мыс беруші және жұмыскер тарапы­нан өзіне тұрақты назарды талап ететін аса маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаға айналып барады деп дабыл қағуда.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

 Павлодар облысы