Бокс • 10 Тамыз, 2017

Балғын боксшыларымыз бірінші орында

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Филиппинде бокстан жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Бұл додада сәтті өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы жалпы­командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.

Балғын боксшыларымыз бірінші орында

Финалға шыққан қазақстандық сегіз боксшының алтауы Азия чемпиондары атанды. Атап айтқанда, Махмұд Сабырхан (48 кг), Бей­барыс Жексен (52 кг), Айтжан Әшірхан (54 кг), Ерасыл Жәкпеков (70 кг), Қуандық Мақсұт (75 кг) және Сағындық Тоғамбай (80 кг) алтын жүл­деге ие болды. Ал  Ақылбек Мұхтаров (46 кг) пен Бекзат Ерімбет (60 кг) күміс медальды місе тұтты.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы алты алтын, екі күміс және екі қола жүлдемен ең үздік нәти­жеге қол жеткізді. Екінші орындағы Өзбекстан командасында үш алтын және үш күміс медаль бар. Жапония құрамасы екі алтын, бір күміс жүлдемен үздік үштікке ілікті.

«Реал» – УЕФА Суперкубогының иегері
Футболдан УЕФА Суперкубогы үшін бол­ған кездесуде Чемпиондар лигасының жеңім­пазы «Реал Мадрид» (Испания) пен Еуропа лигасының чемпионы «Манчестер Юнайтед» (Англия) командалары күш сынасты.

Ойынның бірінші таймы корольдік клубтың басымдығымен өтті. Соның айғағындай, матчтың 24-минутында «Реалдың» қорғау­шысы Каземиро есеп ашты. Екінші таймның 54-минутында жартылай қорғаушы Иско есепті ұлғайтып, 2:0-ге жеткізген. Осыдан кейін «Манчестер Юнайтед» футболшылары есе қайтаруға жаппай ұмтылды. Бірақ, олардың ша­масы Навас қорғаған қақпаға бір гол соғуға ғана жетті. Голдың авторы – Лукаку (62).

Сонымен, Зидан басқарған «Реал» футбол клубы өзінің Еуропадағы ең мықты ұжым еке­нін кезекті жеңісімен дәлелдеді.

Әзірлеген 

Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ