Үш күннен бері Қазақ елінің қабырғасы қайысулы. Алтай мен Атырау арасы жалпақ жұртымыздың кәрісі мен жасына, данасы мен баласына бірдей айрықша сүйікті ақжолтай, қайырым мен мейірімнен жаратылған ақын қазасына аза тұтулы. Ұлттық поэзиямызды әлемдік деңгейге көтерген, қазақ жырының абыройын асқақтатқан аса көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев екінші өмірін бастау үшін мәңгіліктің төріне бет алып бара жатқан ауыр күндер бұл.
Алматы кеше Алаштың ақиық ақынын, ардақты азаматын ақтық сапарға аттандырып салды. Таңертеңмен өзінің мешітті ғалам үйінде мәйіті аруланып, жаназасы шығарылды. «Жұмақ төріне бөгелмей өтуге тиісті бір адам болса, ол біздің Тұмағаң ғой», деп мұңайды ақын інілері. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына сүйікті ақынмен қоштасу үшін келіп жатқан лек-лек халық. Мұңды музыка сазы қайғының ауырлығын жанға батыра сездіріп, тұма жырдың Тұманбайына деген қимас сағыныш толқынын тудырғандай.
Қаралы митингіні тебіреністі толғаумен ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин елді сүйген, өлеңді сүйген Тұманбай Молдағалиевтің өмірі халыққа, Отанға қызмет етудің, жырды көздің ағы мен қарасындай аялаудың үлгісі екенін қадап айтты. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау ауыр қазаға байланысты марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына жолдаған жеделхатын, Мемлекет басшысының сонда айтылған жүрекжарды сөзін жеткізді. Тұманбай Молдағалиевтің ұлттық поэзиямыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқандығы, оның сезім мен нәзік лириканың теңдессіз шебері екендігі, ақынның асыл мұрасы ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына құйылып, халқымыздың рухани байлығына айналғандығы атап айтылды.
Тұмағаң туған топырақ – Жетісу жұртының қимастық лебізін Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов жеткізді. Ел тәуелсіздігін жан-жүрегімен қуана, асқақтата жырлаған, жаны нәзік, пейілі кең Тұмағаң «Құстар қайтып барады» деп қалықтата әндетіп, өзі де қоңыр күзде мәңгілік мекеніне аттанып жүре беруі қандай өкінішті. Бірақ оның жылы жүзі, сабырлы қалпы көзден кетсе де, көңілден кетпек емес.
Тұмағаңның Алматыға арнаған өлеңдерінің өзі қалың бір том болар. Ол Алматыны сүйді, Алматы оның өзінің де, махаббатының да, жырларының да алтын бесігі болды. Азаттық бесігінің ұлы қаласы Алаштың ұлы ақынын ұмытпайды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов осылайша қаза қайғысының салмағын бөлісіп жатқандарын паш етті.
Қайғыны жеңілдетіп, көңілге жұбаныш болар жеделхаттарды жолдаушылар – Премьер-министр Кәрім Мәсімов, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстарының әкімдері Бердібек Сапарбаев, Бақытжан Сағынтаев және Бергей Рысқалиев, Қытай елінің бір топ қаламгерлері... Осылай жалғасып кете береді. Ақынын ардақтаған осындай елдік қасиет мынадай қайғы үстінде қазақ халқының ұлылығын тағы бір анық дәлелдегендей.
Тұмағаң соңғы айларда бой жасағандай айрықша белсенділік танытты. Мұқағали мен Қасымның мерейтойларына қатысты. Өскеменде «Шығыс шынары» мүшәйрасының құрметті қонағы болып, Абай атындағы арнаулы сыйлықты еншіледі. Емен-жарқын кездесулерде жыр оқып көңілін өрлетті. Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев қазақ поэзиясының классигін Алтай елі де ұмытпайды, ұмыта алмайды десе, ол да ақиқат. Ал, Жайықтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтығожа Ізмұхамбетовтің үшбу сәлемін жеткізе тұрып, өлең деп аталатын киелі өнерге жарты ғасыр бойы адалдығынан жазбай, қазақтың таңғажайып лирика мектебін қалыптаған Тұманбай ақыннан айрылуымыз туған әкеден айрылғаннан да ауыр соғатынын айтса, біз осы сөзге де құдайдай сендік.
Академик Серік Қирабаев режімге бағынбаған жаңа поэзия жасаған Тұмашының қазақ өлеңіндегі орны тіпті ерекше екендігін айтып, оның Мағжанды қайта тірілткен ақындық құдіретіне тоқталды. «Кешегі Әзербайжан Мәмбетов, Ақселеу, Қадыр сияқты, Тұманбай да алыптардың ізін басқан алыбымыз еді, жетімсіреп қалдық», деген Асанәлі Әшімов күйзелісіне де қосылмаған жан жоқ. Тұмағаңның студенттік күннен бергі досы, Астанадан жеткен үлкен ақын Нұрғожа Оразовтың: «Поэзия дейтін кереметтің лирика деген періштесі бар. Соның иесі – Тұманбай», дей келе, оқыған арнау өлеңі жиылған жұрттың сай-сүйегін сырқыратты.
Қазақ әдебиетінде Қадыр мен Тұманбай баяғы Ғабит пен Ғабиден абыздардай егіз жаратылған жандар еді. Екеуі құрдас, мұңдас, сырлас болатын. Қалжыңдары сондай жарасатын. Екеуі де қазақтың ұлы ақындары. Тұмағаң: «Қадыр не істесе, мен соны істеймін. Сыйлық алса, сыйлық аламын, кездесу жасаса, мен де елмен жүздесемін», дейтін. Енді, міне, Қадыр құрдасы дүниеден өтіп еді, Тұмағаң қимас достың соңынан өзі де асығыс аттанып кете барды. Шамасы, сағынған болар. Бұл да құдайдың бір құдіреті ме екен? Бұл әфсананы жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы елжірей езілген күйінішпен айтты. Тұмағаңның бала күннен бергі досы Қалдан Бастаубаев ақын атының Алаш тарихына алтын әріптермен жазылатынын жария етті.
«Жырым мені ешқашан өлтірмейді, Әнім мені ертеңге жетелейді», – деп жырлаған қазақтың алып ақыны Тұманбай Молдағалиев «Кеңсай» зиратында мәңгілік мекеніне табысталды. Одан соң асы беріліп, аруаққа құран бағышталды. Жыры мен әні ақын рухын өлтірмейтініне, періште Тұмағаңның нұры пейіште шалқитынына кеудеміздегі иманымызбен біз де кәміл сендік.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
_____________________
ҚОҢЫР КҮЗДЕ ҚҰСТАРМЕН ҚАЙТҚАН АҚЫН
Әбілмәжін Жұмабаев – жазушы: – Мынау пендешілік өмірде талай адамдармен кездесіп, қызметтес боласың. Біреулерімен дауласуыңа тура келеді. Ал біреулер өзінің адамгершілік қарым-қатынасымен мәңгі-бақи жадыңда қалады. Сондай адамның бірі Тұманбай болды. Ол – ақын, кітаптарын шығарды. Мен біраз жыл «Жазушы» баспасында директор болдым. Кітап шығаруға байланысты Тұманбаймен әркез араласта болдық. Біраз қаламгерлер кітаптарының көлемі, таралымы жөнінде дауласып жатар болса, Тұманбай бауырымыз жымиып қана күліп, өзіңе салмақ салар еді. Қолдан келгенше осынау ақиық ақынның керемет жырлары халыққа жетсе екен дедік. Кім біледі, кейде біздің жасағанымыз оның көңілінен шықпаған да шығар. Сонда да ол ренішке бармайтын. Нағыз азаматтың мінезін көрсететін. Оның есесіне жастарға қамқор болып, олардың кітаптарын шығаруға жанын салып жүрер еді.
* * *
Ислам ӘБІШЕВ, Өскемен қаласының әкімі: – Қадірлі Тұманбай аға дүниеден озды деген хабар жеткенде бүкіл Алтай елі есеңгірегендей күй кешті. Өйткені, Молдағалиевтің мөлдіреген жырларын сүйіп оқымайтын бұл күнде қазақ баласы жоқ. Былтыр ғана Тұманбай ағамыз өзінің құрдасы, жан жолдасы Қадыр Мырза-Әлімен Алтай өңірінде қонақта болып, сол кезде екі алыптың арасында айтылған әрбір сөздері, әрбір жарасымды қалжыңдары Шығыстағы жырсүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Биыл да осыдан бір ай бұрын ардақты жары Күлтай апамызбен бірге, өзінің артынан ерген ақын іні-қарындастарын ертіп келгенде де Өскемендегі саябақта, ашық аспан астында серпілтіп жыр оқыды, Өскемен көгін жырға бөледі. Сол жолы қазақтың алып жүректі, аса мәдениетті ұлымен соңғы рет кездескенімізді білмеппіз де. Біз ақын ағамызды, ақын атамызды ұмытпаймыз! Ұмыта да алмаймыз! Өзі жақсы көріп өткен халқының жүрегінде Тұманбай ақын мәңгі бақи жасай береді!
* * *
Аққұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын: – Қазақ халқының әдебиетіне жарты ғасырдан аса адал, қалтқысыз, ең нәзік сезімімен қызмет еткен, қазақ поэзиясының лирика мектебін қалыптастырып, кіршіксіз еңбек сіңірген алып ақынымыздан айырылу біз үшін өте ауыр оқиға. Қазақтың әр баласы оның жырын оқып өсті, өзін көріп есейді. Қазақ халқы Қадыр мен Тұманбай деп екі есімді ардақтады, екеуін екі алақанына салып құрмет тұтты. Екеуінің туған жылы да, әдебиетке келген жылы да, кітаптарының шыққан жылы да бір еді. Енді міне, досын, құрдасын аңсап кетті ме, өмірден өткен жылдары да бір болып отыр.
Тұманбай өмірден өтсе де, санадан өшкен жоқ! Егеменді елдің өнерін, әдебиетін, тілін құрметтейтін ұрпақ барда, Тұманбай жазып кеткен жастықтың әні шырқалып тұрғанда ақынның есімі де, артында қалған сөзі де қазақ халқының жадында жүре береді.