10 Тамыз, 2017

«Еркем» деп еркелетіп, «кенжем» деп кекілін тарайтын...

742 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәуір тегершігі тағы бір айналғанда осы күні шек-сілеміз қатып күліп отырған әзілімізге жай ғана езу тартып немесе мырс етіп, тіпті күлмей де қоюымыз бек мүмкін. Неге дейсіз ғой?

«Еркем» деп еркелетіп,  «кенжем» деп кекілін тарайтын...

Бала күнімізде дастарқанға жиналған әжелер өзара әзілдесіп, күлісіп жырғап отырушы еді. Сонда көбінің айтатын әзілдері, «анау Гүлсім байқамай қайынағасының атын айтып қойыпты, пәленнің келіні енесінің атын айтып қалыпты, сөзден сөз шығарып байқатпай аузына салып жіберген қайындары екен», деген секілді әңгімелер. Соған қарық болып күлетін. Тіпті мына бір оқиғаны біздің ауылда білмейтін адам жоқ. Құсайын деген ақсақалдың келіні автобуспен қалаға барыпты. Жолда бензиннің иісінен жүрегі айнып лоқсиды ғой. Аңғал келін сол оқиғаны айтып отырып, «жүрегім айнып, құсайын, құсайын десем құса алмаймын» деген екен. Айнала отырғандар ду күлгенде келіншектің беті памидордай қызарып кетіпті. Сол әңгіме тәмсіл боп елге тарап Құсекеңнің келіні Әймен бүкіл жұртқа танымал болып еді. Оны тіпті біздің ауылда апалар әлі айтып күліп отырады. Себебі өздері әлі күнге атасының, енесінің, қайынағасының аттарын атамайды. Тіпті кейбіреуі бір әрпі ғана өзге адамдардың аттарын да айтпайды. Мысалы, менің әжемнің аты – Жамбы. Анам сол кісінің аты айтылып кетеді деп жамбасты «шұңқыр жілік» дейді. Бір апайымның атасының аты – Тастақбай. Апайым және оның бүкіл абысындары «тас» деп айтпай, тас атаулыны «қайыршақ» дейді. Ол ауылдың тасты қайыршақ деп айтатынын бүкіл ауыл біледі. Қайындары қалжыңдағанда сондай сөздерді айтуға мәжбүр болатын әңгімеге тартып, байқамай айтып қалса мазақтап, әзілдеп жатады. Тіпті пысықтары сол айтып қалғаны үлкендерге жетпес үшін жеңгелерінен ауызбастырық алып та жатады.

Жақында Талдықорғандағы көші-қон бө­лімінде істейтін бір кісіден осы тектес бір әңгіме естіп, көңілім алабөтен әсер­ге бө­леніп еді. Талдықорғанның Қара­бұлақ кен­­тіне Қытайдан көшіп келген жас ке­лін­шек құжат шаруасымен қалалық кө­ші-қон­ бөлімшесіне барыпты. Бір кезде күйеу­і­нің фамилиясын айтуға тура келеді. Бірақ айтуға болмайды. Келіншек енді төрт жасар ұлына «атаңның атын айтып бере қойшы» дейді. Қырсыққанда ол да аузы үшкірейіп жар сүзетін бұқадай көзінің астымен (жа­тыр­қаса керек) полицияға қарап сызданып оты­рып алыпты. Жазып бере қойғанға өзі төте жазумен оқыған, Қазақстанға жаңа келген келіншек кирилше жаза алмаса керек. Кезегін соңындағыларға беріпті де ке­тіп қалыпты. 

«Сізге өтірік, маған шын, зым-зия жоқ болып кеткен келіншек ертесі 7 жастағы баласын ертіп келіп тұр. «Атамның атын мы­на бала айтып береді», дейді. «Сонда сен атаң атын айтқызу үшін ауылыңа қайта ба­рып, мына баланы алып кеп тұрсың ба?» дей­мін мен. «Иә, енді қайтем?» деп жымиып күледі. Ой, Алла! Не риза боларымды, не таңқаларымды білмей, мырс-мырс күліп ба­сымды шайқай беріппін», дейді әлгі көші-қон полициясы...
Жаңа түскен ке­лін сол әулеттің үлкен­де­рі­не ғана емес, кі­ші­леріне де ат қоятын. Қайын­сі­ңілерін «ер­кем» деп, кенже болса «кенжем», «ақ­кенже» деп шақыратын. Осы жәй ғана ат тер­геумен, қайын-қайынсіңілерін ерке­ле­тіп шақырудан қанша әулеттің келіні келген же­ріне тастай батып, судай сіңіп, берекесі артты екен деңізші!..

Өзгерген салтпен бірге қарым-қатынас, қарым-қатынаспен бірген болмыс, болмыспен бірге қалжыңдардың өзі «қайтыс» болады екен ғой. Әлдеқайдан құйындай ұйтқып соғып өтетін осындай бір ойлар келген кей сәттерде құсайын деп құса алмай қиналған Әйменге күлген әжелердің күлкісін сағынасың да қоясың...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»