Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

Мекке мен Мәдина жақындай түсті...

1165 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аса Қамқор, ерекше Мейірім­ді Алланың атымен бастай­мын! Алла бұйырса, санау­лы күндерден кейін 2500 отанда­сымыз қасиетті қажы­­лық сапар­ға аттанады. Жерле­стеріміз осы жылы да Ас­тана, Алматы және Шымкент шаһа­рынан тікелей рейспен Мек­ке мен Мәдина қалаларына ұшады. Биылғы жылдың бас­ты жаңалығы – Қазақстан қажы­ла­рының отандық «SKAT» әуе­компаниясымен тасымалдануы.

Мекке мен Мәдина жақындай түсті...

Чартерлік рейс, Алланың қа­лауымен, Мекке мен Мәди­на­ны не­бары 4-5 сағатта бағын­­дырады. Бұл – бүгінгі заманның зор жетістігі. Осыған дейін қажы­ларымыз Түркия, Біріккен Араб Әмір­ліктері арқылы ұшатын. Он­дағы әуежайларда 18-20 сағат аялдап, бір тәулікке жуық уақытын шы­ғындайтын. Енді, міне, Алла тағала отандас­тарымыздың жо­лын одан сайын жеңіл­детіп қой­ды. Таңертең елден ұшқан қан­дасымыз түске таяу, Алланың қа­­ла­­уымен қасиетті Қағбаны көру бақы­тына ие болады. Адам­заттың айшылық алыс жерді әп-сәтте бағындыруы – Раббымыздың біз­ге берген шек­сіз мейірімі һәм мүм­кіндігі деп айтар едік.

Кешегі Тілеуке Құлекеұлы (Шал ақын) бабамыздың:

«Мекке менен Мәдина жол­дың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі»,

– деп жырлағаны есімізде. Ал бүгінгі ХХІ ғасырдың техно­логиялық жетістігі Мекке мен Мәдинаны жақындата түсті. Ал­лаға шүкір дейміз.

Қажылық һәм рухани дайындық

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алла­ның салауаты мен сәле­мі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Кімде-кім Алла та­ға­ла ризашылығы үшін қажы­лық жа­саса, жаман сөзден, жаман қы­лық­тардан, күнәлардан сақ­танса, анасынан туылғандай пәк бо­лып қайтады», – деген.

Қажылыққа бармас бұрын ұлы құлшы­лықтың парыздары мен шарттарын, міндеттері мен әдептерін білу, қажетті дұғаларды мүмкін­дік болса жаттап алу, соған амал ету – өте ма­ңызды. Бүгінде облыстық мешіттер жанынан арнайы қажылыққа дайындық курстары ашылып, осы салаға машықтанған дін мамандарының дәрісі жүйелі өткізіліп келеді. Бұ­дан бөлек, Алматыдағы «әл-Мәдина» мешіті жанынан ашыл­­ған арнайы қажылық орта­лы­ғы тұрақты жұмыс істеуде. Орталықта болашақ қажыларға теориялық әрі тәжірибелік тұр­ғы­да дәріс ұйымдастырылып, қа­жы­лық амалдары жан-жақты түсіндіріледі. Қағбаны қалай тауап жасау қажет, ихрамды (ақ ма­таны) қалай орану керек, т.б. сұрақтарға практика тұрғысынан жауап беріледі. Мүмкіндігі бар кісі­лер­ге осы орталықтан арнайы дә­ріс тыңдауға кеңес береміз.

Қажылық алдында рухани дайындықпен қоса, денсау­лы­ғымызға да мән беріп, медици­налық тексеруден өтіп, алдын-ала қажетті ем-дом алғанымыз абзал. Өйт­кені, климат ауыстырған адам науқастанып қалуы мүмкін.

Жылдағы дәстүр бойынша, осы жылы да Қазақстан Қажылық Миссиясының құра­мымен 4-5 дәрігер қажы­лық сапарға аттанады. Бұдан бөлек, әрбір қажылық компаниясының жеке дәрігері болады. Олар Мекке мен Мәдинада қандас­тарымыздың денсаулығын бақылап, қажетті алғашқы ме­ди­ци­налық көмек көрсетеді. Қа­сиетті екі қаладағы Қа­зақ­стан Қа­жылық Миссиясы жанынан ста­цио­нарлық пункт ашылып, орталық отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл – жыл сайынғы қажылық маусымындағы дәстүрлі жұмыстарымыздың бір парасы.         

Қажылықтан кейінгі жауапкершілік

Қажылық – Исламдағы ұлы құл­шылық, бес парыздың бірі. Қа­жылыққа барған адам Құдайдың қонағы болып саналады. Алла қалаған пендесіне қажылықты нәсіп етеді. Халқымыз қажылық парызын өтеп келген кісіге ерекше құрмет көрсеткен. Оны қадірлеп, төріне шығарған. Бұл игі дәстүр қазір де жалғасын табуда.

Ұлық сапар мұсылман баласынан рухани һәм материалдық, жалпы жан-жақты дайындықты талап ет­се, қажылықтан кейінгі өмір де адам­ға үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Қажылықтан кейін мұ­сыл­манның өмірінде жақсы жа­ғынан үлкен өзгерістер орын ал­уы керек. Қажылыққа барған адам айналасындағы адамдарға үлгі көрсететіндей дәрежеге жетуі тиіс. Дініміз мұсылманнан осыны талап етеді. Ал халқымыз қажы­ның аузынан салиқалы сөз ес­тіп, бо­йынан көркем амалдар­ды көргісі келеді. Егер пенде осы дә­режеден көрініп жатса құ­ба-құп. Бұл өзге адамның Ис­лам­ға деген көзқарасын түзеп, иман­дылық жолына деген ынты-ықыласын, қызығушылығын арттырады.

Мұсылман бұл дәрежеден көріне алмаса – бұл діннің кемістігі емес, кемел дінді ұстана алмаған пенденің кемшілігі деп ұғу керек. Сондықтан мұсылман кез келген ортада сөзі мен іс-әрекеті арқылы өзінің асыл діні туралы жағымсыз ой қалыптастырып алмауға өте-мөте сақ болуы тиіс. Сол секілді қажылар да ұлық сапардан оралған соң «қажы» деген атқа сай өмір сүруге тырысуы ләзім. Біз отандастарымызды осы нәрсеге аса мән беруге үндейміз.

Бір ізгі ғұламаның: «Исламға пайда­ларың тимесе де зиян келтір­меңдер»,  – деген сөзін әрқашан қаперде ұстасақ көп жақсылыққа жол ашамыз. 

Қажылыққа бизнес көзімен емес, құлшылық тұрғысынан қарау қажет

Маған қажылыққа барып келген кісілер тарапынан қажылық компа­нияларының қызметіне қа­тыс­ты шағымдар мен өтініш хат­тар келіп түседі. Бас мүфти лауа­зымына тағайындалған сәт­­те қа­жы­лықпен айналысып жүр­­ген фирма жетекшілерінен қа­жы­­лықты бизнес көзіне айнал­дырмау­ды талап еттім. Ха­лық­тың қажылыққа деп жинаған қар­жысын оның өз игілігіне то­лық жұмсауды тапсырдым. Алай­да осы салада бірнеше жылдан бе­рі жұмыс істеп келе жатқан ком­пания басшыларының қажы­лық маусымында барынша табыс­қа кенеліп қалуды көздейтін әре­кет­тері байқалады. Әрине, біз нарықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Оны да ескеруіміз керек. Алайда, ақша табу – басты мақ­сатымызға айналып кетпеуі тиіс. Біз фирма өкілдерінен осыны талап етеміз. Оларға қажылыққа бизнес көзімен емес, құлшылық тұрғысынан қарауымыз қажет екенін әрбір жиналыста қатаң ескертіп отырамыз.

Мүфтияттың төл қажылық компаниясы ашылды

Қажылық саласындағы қыз­мет сапа­сын жоғары деңгейге кө­те­ру мақсатында Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқармасы жа­ны­нан арнайы «Tawaf travel» қажылық компаниясын аштық. Түркия, Малайзия, Индонезия, т.б. мұсылман мемлекеттеріндегі тәжі­рибеге назар аударсақ, қажы­ларға қызмет көрсету жұмысымен сол елдің мүфтияты, яғни мұсыл­мандар діни басқармалары айналысады. Ал бізде небары 2500 қажыға 20-ға жуық компания қызмет көрсетеді. Олардың отан­дастарымызға қызмет көрсе­ту дең­гейі де әртүрлі. Бірі біздің та­ла­бымызды орындаса, бірі өзі­не жүктелген міндеттерді то­лық атқара алмай жатады. Біз мүф­тияттың талабын орындай ал­ма­ған ондай фирмамен келісімшар­т­т­ы бұзуға мәжбүр боламыз. 

Биыл, Алла қаласа ҚМДБ-ның «Tawaf travel» қажылық компания­сымен 300 адам қажылық өтейді. Бұл көрсеткішті жыл сайын арттырып отыру жоспарымызда бар. Мақсатымыз – өзге фирмаларға «Tawaf travel»-дің қызмет сапасын үлгі ету, сол арқылы қажылықтың ұйымдастыру жұмыстарын жан-жақты жетілдіру. 

Қажылықтың сыйы...

Хазіреті Мұхаммед (оған Ал­­ланың сала­уаты мен сәле­мі болсын) былай дейді: «Кү­мә­нсіз, Ал­ла тағала сендерге қа­жылықты парыз етті, қа­жы­лықты орындаңыздар және кісі өз үйінен үлкен немесе кіші қа­жылық парызын орындау үшін са­парға шықса, аяғын адымдап жүр­ген сайын күнәлары денесінен ағаш­тан түскен жапырақтар се­кілді төгіледі. Ал, Мәдина қала­сына жетіп, менімен амандасса, онымен періштелер де қолын алып амандасады...».

Ал Алла Елшісінің тағы бір ха­ди­сінде: «Қабыл болған қажы­лы­қтың сыйы – жәннат», – делінген.

Алла тағала күллі мұсылман бауырлары­мыздың қажылық парызын толық орындап, отанына аман-есен оралып, отбасы, ағайын-туыстарымен қауышуын нәсіп еткей! Әмин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти