Білім • 11 Тамыз, 2017

Жаңартылған білім оқушы мен мұғалімнің бірлігіне негізделген

1368 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Страте­гиясында «Бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген болатын. Содан бергі кезең ішінде білім сапасын арттыру, біліктілікті күшейту, сөйтіп ел тәуелсіздігін орнықтыруға ұрпақтың үлес қосу мәселесі алға жылжумен келеді. Әсіресе, өркениетті елдердегі 12 жылдық білім үрдісін біздің Отанымызда да орындау жайы біраз жылдан бері айтылып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл игілікті іс 2019 жылы 1 қыркүйекте 0+11 моделі бойынша іске қосылатын болады.

Жаңартылған білім оқушы мен мұғалімнің бірлігіне негізделген

«ХХІ ғасыр – білімді, білікті, бә­се­кеге қабілетті жастардікі» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың идея­сы оның «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 76-қадамында дәйек­теліп отыр. Онда «ЭЫДҰ елдері стан­дарттарының негізін­де адам капи­талының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беру­­ді кезең-кезеңімен енгізу, функция­лық сауаттылықты дамыту үшін мектеп­тегі оқу стандарт­тарын жаңар­ту, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» секілді міндеттер жүктелген еді.

Сол тапсырманың қарсаңында Білім және ғылым министрлігі 2014 жылдан отандық білімді дамыту жөнінде, әсіресе орта білім беру ісін заманауи қалыптастыру бойынша зерттеулер жүргізіп келген болатын. Соның нәти­же­сінде 76-шы қадамдағы көрсе­тілген тапсырмаларды орын­дау бойынша 2016-2019 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Оның негізі оқушының ой-өрісін дамытуға, ұлттық дәстүрді сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кіру ісі жүйе­ленген. Сол бағдарламаның аясында жаңартылған білім беру жұ­мысы жолға қойылып, ол бойын­ша төмендегі кестені орындау мін­дет­телген. Айталық, 1-сынып жаңар­тылған бағдарламаға 2016 жылдан көшсе, 2, 5, 7-сыныптар биылдан бастап кіріседі. Ал 3, 6, 8, 10 сыныптардың жа­ңар­тылған бағ­дарламаға енуі 2018 жылға жоспарланса, 2019 жылы 4, 9, 11-сыныптар жаңа бағдарлама бойынша білім алатын болады.   

Бұл жұмыстар бірден қолда­нысқа еніп жатпағанын да еске са­ла кетсек дейміз. Мәселен, 2015-2016 жылдарға негізделген, яғни 1-сы­ныптың білім жобасы 30 мектепте сынақтан өтіпті. Кезең-кезеңмен өтетін сыныптардың барлық білім бағдарламасы, сондай сынақ мектеп­терінде тәжірибе жасалып, жетістігі толықтырылып, кемшін тұстары қайта қаралып отырады екен.

Қазіргі кезде министрлік жаңа білім стандартын, сол секілді 1-11-сыныптарға арналған оқу бағдарламасын әзірлепті. Мұның нәтижесі қандай болады деген сұраққа келер болсақ, жан-жақты сынақтан өткен жұмыста елдегі оқу ісі баланың ой-өресіне, қабылдауына қарай жүргізілмек. Оқушының білімін бағалау ісі де бұрынғыдай қатып қалған қағида бойынша емес, жаңа тәсілмен атқарылады екен.

Түйіп айтсақ, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс айқындалған. Сабақ үстінде үйге тапсырма беру, әр баланың қабылдауына қарай тестілер әзірлеу жұмысы да оңтайландырылған. Мұндай талпыныс оқушының білімді еркін қабылдауына мүмкіндік береді.

Жаңартылған білім жүйесінің бағдарламасын бұрынғы оқу әдісімен салыстырсаңыз, көптеген өзгешеліктерді байқайсыз. Оның кейбіреуін алда айттық. Ең негізгі іс − нәтижеге байланысты анықталады. Осыдан кейін барып заманға сай білім моделін қалыптастыруға жол ашылатын да айта кетуге тиістіміз.

Ал осы жаңа бағдарламаға қажет мазмұны жетілдірілген оқулықтарды жасау үрдісі де бірте-бірте шешімін тауып жатқанын министрлік өкілдері нақты дәлелдермен алға тартты. Осыған дейін 1-сынып оқулықтары жаңартылған базалық кітаптармен толық­тырылып, ол өткен оқу жылында қолданыста болып, жаңалығымен танылған көрінеді.

Дегенмен, сол жаңа оқулық туралы биыл біраз әңгіме ай­тылғанын, оған тиісті мекемелер өз уәждерін келтіре оты­рып, өзгерістер енгізетінін, ал­дағы уақытта заманға сай «Әліппе» оқулығының оралатынын айт­қаны жұрттың есінде шығар. Әрине, жаңа дүние бірден судай сіңіп кетпейтіні белгілі. Түптің-түбінде ол да жетілдіріле келіп, бұрынғы оқулықтардай орнығып кететіні анық.

Биыл жаңа базалық оқулық 2-сынып оқушыларының қо­лына тиеді. Үшінші сыныпқа қа­жет оқулықтар 30 мектепте сынақтан өткізілуде екен. Қандай оқулықтар болса да білікті мамандардың сүзгісінен өтіп, жан-жақты сарапталып барып ұрпақ қолына тисе, артық ауыз әңгіме бола қоймайды. Ол білімнің баянды болуына, мұғалім мен ата-ананың көмекші құралына айналатынына өткен кезеңдердегі өмір тәжірибелері дәлел болады.

Уақыт талабына сай бастауыш сыныптарға жаңадан пән енгізілетін көрінеді. Олардың кейбіреулерінің базалық оқу­лықтары оқушылардың қолына тиіпті. Мұның бәрі 12 жылдық білім жүйесіне көшу жолындағы қадамдар екені түсінікті.

Енді мектепке дейінгі білім мен тәрбие туралы айтар болсақ, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекетімізде 9844 мектепке дейінгі мекеме болса, онда 859,7 мың бүлдіршін тәр­биелену үстінде екен. Сол тәрбие мекемелерінің 7053-і мемлекеттік және 2791-і жеке мектепке дейінгі ұйым болып есептеледі. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемеге тарту 85,8 пайыз болса, бұл көрсеткіш өткен жылы 81,6 пайызды құрапты.

Жеке мектепке дейінгі ұйым­дардың ең көп саны Оңтүстік Қазақстанда 110 бірлікті құраған. Басқа облыстарға келер болсақ, ол Қызылордада − 48, Алматыда – 40, Алматы қаласында 106 бірлік екен.

Мектепке дейінгі мекемелерде 84 мың мұғалім жұмыс істесе, оның 97 пайызы жоғары және кәсіптік-техникалық білім иелері. Өткен жылы 7600 тәрбиеші қайта дайындаудан, білім жетілдіру курстарынан өтіпті.

Бір сөзбен айтқанда, жаңар­тылған білім бағдарламасы ең бірінші, білім сапасын арттыруды көздесе, екінші, оқушы мен мұғалімнің, ата-ананың арасындағы түсіністікті терең­дете отырып, жұмыс жүргізуге негізделген. Бұл 2019 жылы іске асатын 12 жылдық білім беруге іргетас болып есептеледі. 

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»