Алматы облысының орталығында Қала күні мерекесі аталып өтті
Бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан, осылайша бүгінде игі дәстүрге айналып кеткен аудан-қалалардың мәдениет күндерін Талдықорған қаласының жұртшылығы қорытындылады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне өткізілген осынау салтанатқа қаладағы барша білім ошақтары мен өнер ұжымдары, мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері, Талдықорған әскери гарнизонының жауынгерлері қатысты.
Бұл күні Талдықорған жұртшылығы қосарланған қуаныштың куәсі болды. Нақтырақ айтар болсақ, мерекеге орайласа халықаралық стандартқа сай салынған үлкен теннис корты пайдалануға берілді.
Салтанатты шараны облыс әкімі Аңсар Мұсаханов ашып, жұртшылықты жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.
Облыс басшысының сөзінен кейін еркін күрестен Атланта Олимпиадасының күміс жүлдегері Мәулен Мамыров облыс аумағында спортқа айрықша назар аударылатындығын айтып, облыс басшылығына деген ризашылығын білдірді.
Теннис орталығының лентасын қиғаннан кейін әжелеріміз қазақтың салт-дәстүрі бойынша шашу шашты. Содан кейінгі кезекте көпшілік үлкен теннистен арнайы ұйымдастырылған жарысты тамашалады.
Аумағы 13864 шаршы метрді алып жатқан теннис орталығында бір мезетте он екі адам теннис ойнай алады, ал көрерменге арналған орынға үш жүз адам сыяды.
Орталық алаңда ұйымдастырылған «Талдықорған кеше және бүгін» тақырыбына арналған көрме де мазмұндылығымен көз тартады. Жетісудың жауһар қаласының өткені мен бүгінгі жағдайынан мол мағлұмат беретін көрмені тұрғындар мен қала қонақтары қызыға тамашалады.
Талдықорғанда әлденеше ондаған ұлттың өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Соған орай бұл күні орыс, ұйғыр, неміс, грек, поляк, қытай, күрд мәдени орталықтары ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарынан көрме жасап, өнерлері мен салт-дәстүрлерінен үзінді көрсетті.
Әскери техниканың көрмесі де көпшіліктің ерекше назарын аударды. Бұған, әсіресе, балдырғандар мәз болды. Отан үшін құрбан болған боздақтардың рухына арнап жағылған «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою, тал отырғызу рәсіміне де орын беріліп, облыс әкімі Аңсар Тұрсынханұлы саябаққа өз қолымен көкжелек отырғызды. Саябақтың ажарын Талдықорған көркемсурет мектебі түлектерінің шығармашылық ізденісінен туған сурет туындылары аша түсті.
Мерекенің көңілді өтуіне қала мектептері мен балалардың шығармашылық орталықтарының ұжымдары да өзіндік үлестерін қосты. Орталық саябақта өткен асфальтта сурет салу жарысында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Қала күніне арналған балалардың жүрекжарды тілегі бояу тілімен өрілді.
Талдықорған қаласының әкімі Махаббат Бигелдиев болса қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше еңбегі сіңген бірнеше тұрғынға «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісін тапсырды.
Талдықорған жұртшылығы мен қонақтары осы стадионда халқымыздың өткен тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылымды тамашалады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.