11 Тамыз, 2017

Өңірдегі бірегей нысандармен танысты

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс бабындағы сапармен Ақтөбе облысына келді. Ол кемесінің баспалдағынан түскеннен кейін Ақтөбе халықаралық әуежайының қызметімен танысып, мұндағы ұшып-қону жолағының құрылыс жобасына қатысты сындарлы ой-пікірі мен ұсынысын білдірді. Аталған шаралар жергілікті билікпен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылдануда.

Өңірдегі бірегей нысандармен танысты

Әрі қарай облыс әкімі Бердібек Са­пар­баев бірінші вице-премьерді Ақтөбедегі мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларымен таныстырды.

Атап айтқанда, А.Мамин тек хок­кей­шілерді ғана емес, мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек бойынша болашақ чемпион­дарды дайындайтын «Олимп» хоккей модулінде болды. Айта кету керек, бұл – тәуелсіздік жылдарында салынған қысқы спорт түрін дамытатын алғашқы спорт ғимараты.

Келесі кезекте бірінші вице-премьер жаңа оқу жылында «Сымбат» жекеменшік мектебінің жанынан ашылатын ауылдан келген дарынды балаларға арналған интернатта болды. Сонымен қатар, А.Мамин Қазақстанда баламасы жоқ 110 орындық жетім балаларға арналған құны 1,6 млрд теңге болатын «Мейірім» әлеуметтік  үйін қарап шықты.

Өңір үшін маңызды болып табылатын нысандар салынып жатқан құрылыс алаңдарын аралау кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған нысандардың жүзеге асырылуы, ең алдымен, облыс бюджетіне түсетін салмақты азайтуға, қосымша жұмыс орындарын құруға, мектепке дейінгі біліммен қамтуды, сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға   айтарлықтай мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұдан өзге бірінші вице-премьер бірқатар ірі кәсіпорындардың қызметімен танысты.

Сонымен, жуырда ғана қуаттылығы жылына 50 мың тонна болатын мұнай-газ жабдықтары мен құбырлар шығаруды бастаған «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-де болды. Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды.

Елбасының халық тұрмысының деңгейі мен сапасын арттыру тапсырмасын орындау мақсатында өңірде ауылдық елді мекендерді газдандыру шаралары жүргізілуде. Осыған байланысты облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ арасында меморандумға қол қойылып, соның аясында Қазақстанда, яғни Ақтөбеде газ таратуды едәуір арттыруға мүмкіндік  беретін «АГРС 300» автоматтандырылған газ тарату бекеті салынды. Айта кету керек, соңғы екі жылда Ақтөбе облысының газдандыру деңгейі 60%-дан 87%-ға дейін артты.

Бұдан басқа, А.Мамин өз қызметін «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен ИИДМБ аясында жүзеге асырып отырған өңірдегі ірі жылыжай кешендерінің бірі «Грин Хаус Қазақстан»  серіктестігінде атқарылған жұмыстарға ден қойды. Жобаны жүзеге асыру облыстың жаңа піскен көкөністерге деген қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге, сонымен қатар, артық өнімді Ресейге экспорттауға мүмкіндік береді.

Жылыжайда Асқар Маминге Елба­сының азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету, өңіраралық кооперация мен суар­малы егіншілікті дамыту бойынша тапсырмасын орындауда өңірде қол­да­ны­лып жатқан шаралар туралы баяндалды.

Бүгін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Ақтөбе облысына жұмыс сапары одан әрі жал­ғасады.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ