Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

Елбасы тапсырмалары ел өңірлерінің назарында

273 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұх­тар Құл-Мұхаммед Қызылорда облысына барды. Сапардың мақ­саты – Елбасы тапсырмаларының, соның ішінде Мемлекет басшы­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ла­сында айтылған басымдықтардың өңірде жүзеге асу барысын бақылау. Соған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед пен облыс әкімі Қы­рымбек Көшербаев «Қорқыт ата» мемориалды кешенінде болып, ор­тағасырлық Сығанақ қаласын қайта қалпына келтіру жұмыс­тарымен танысты. Одан бөлек, жергілікті шаруалармен кездесті, сондай-ақ, Кіші Аралды қалпына келтіру жұмыстарын көрді.

Елбасы тапсырмалары ел өңірлерінің назарында

Елбасы жоғарыда аталған бағ­дар­ламалық мақаласында «Қазақ­стан­ның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба дайындауды ұсынғаны белгілі. Осы бастаманы жүзеге асыруда Қызылорда облысының алар орны ерекше. Өйткені, бұл өңір рухани құндылықтар мен тарихи жәдігерлерге бай. Солардың ішіндегі ең бірегейі «Қорқыт ата» мемориалды кешені ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясындағы туристік нысандардың тізіміне енгізілген. Ұлы ойшылға арналған бұл тарихи ескерткішке қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 2014 жылы кешен қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде күллі түркі дүниесіне ортақ абыз Қорқыт баба жатқан жердің маңынан зиярат орталығы, қонақүй, мейрамхана, намаз оқитын бөлме, асхана және автотұрақ салынды. Соның арқасында «Қорқыт ата» кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, әлемнің әр түкпірінен келетін саяхатшылардың да рухни ордаларының біріне айналды. Әсіресе, шетелдерден түркі ха­лық­тарының өкілдері көп келетінін атап өткен жөн.

Сапар аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мемориалды кешен, музей және осы маңда орналасқан этно­ауыл жұмысына ерекше назар аударып, мұндай тарихи орындардың отаншылдық пен ұлттық бірегейлікті сақтап, нығайтуда маңызды рөлге ие екенін айтты.

«Тәуелсіз еліміз ширек ғасыр ішінде қарыштап дамып, Қазақстан әлем таныған абыройлы мемлекетке айналғанда Елбасымыз рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Оның мақсаты жас ұрпақты бабалар тарихынан тағылым алған елін, жерін сүйетін отаншыл рухта тәрбиелеу. Сондықтан «Нұр Отан» ұлт руханиятын түлетуге арналған Елбасы тапсырмасының еліміздің бар­лық өңірлерінде ойдағыдай жүзеге асуын ерекше назарда ұстай­тын болады», – деді партия Төраға­сының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұ­хаммед Сыр өңіріндегі республи­калық маңызға ие тағы бір тарихи жәдігер – ортағасырлық Сығанақ қа­ласына арнайы ат басын бұрды. Х ғасырдың өзінде Ұлы Жібек жо­лының бойында орналасқан бұл қала­ның ірі экономикалық, саяси және рухани орталық болғаны белгілі. Сондай-ақ, Сығанақтың Ақ Ор­даның астанасы және Қазақ ханды­ғындағы ірі шаһарлардың бірі болғаны да тарихтан мәлім. ХVІІ ғасырда қала бұрынғы қауқа­рынан айырылып, үздіксіз соғыс пен жоңғарлардың толассыз шап­қыншылығы Сығанақтың күйреуіне әкеліп соқтырды. Тарих тұңған бұл жәдігерді тыңғылықты зерттеу жұмыстары тек 2003 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында ғана қолға алынды. Археолог-ғалымдар бір кездері ірі елді мекен болған қаланың қираған үйіндісін асқан ыждағаттылықпен зерттеп, қаланы қоршап тұрған қорған қабырғаны, үйлерді және мешіт-медресені қалпына келтіру жұ­мыстарын қарқынды жүргізуде. Жобаның басты мақсаты – орта­ға­сырлық Сығанақ қаласының орнын ашық аспан астындағы музейге айналдырып, еліміз бен өңірдегі тарихи әрі рухани жерлердің қатарын көбейту.

«Нұр Отан» партиясы Төраға­сы­ның бірінші орынбасары Сыр өңіріне жасаған сапары барысында Кіші Аралды қайта қалпына кел­тіру жұмыстарымен де танысты. Мемлекет басшысының бастама­сымен аймақта «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» атты «ғасыр жобасының» бірінші кезеңі сәтті жүзеге асырылды. Сол арқылы әлем бойынша ең ірі құрлықтық су қой­ма­ларының бірін қайта жандандыруға мүмкіндік туып отыр. Ауқымды жо­ба аясында қазірдің өзінде Ақлақ су торабы, Көкарал бөгеті, Айтек ке­шені және қорғаныс дамбасы салынды. Қазалы және Қызылорда су тораптары мен Шардара және Арнасай бөгеттерінде жөндеу-қалпына кел­тіру жұмыстары жүргізілді. Жоба­ның жалпы құны 86 млн АҚШ долларын құрайды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызы­лорда облысындағы ауыл шаруа­шылығының даму барысына да назар аударып, бұл сала бойынша өңірде Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізді. Қазіргі таңда облыста ауыл ша­руа­­шылығы саласының жалпы көле­мі 80 млрд теңгеге жеткен. Мемлекеттің қолдауы арқасында биыл Сыр елінде егістік аумағы 10 мың гектарға артқан. Мәселен, об­лыс­тың басты дақылы күріш егістігі бүгінде 90 мың гектарды құрай­ды. Бұл облыстың соңғы 20 жыл­дағы ең үздік көрсеткіші.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары облыс орталығында орналасқан «Жан-Арай» агроин­дус­триялық кешеніне барып, оның жұмысымен танысты. Аталған кәсіп­орында тәулігіне 150 тонна күріш өндіріледі. Сондай-ақ, мұнда күріш ұнын өндеу арқылы макарон өнімдері және түйіршіктелген жем-шөп (тәулігіне 80 тонна) дайындалады. Өндіріс орны мемлекет-жекеменшік әріптестігі тәжірибесі негізінде құрылған. Бұл жерде дайындалатын жем-шөп өнімдері облыс қажеттілігінің 60 пайызын қамтамасыз етеді. Өндіріс ошағы «Биз­­нестің жол картасы – 2020» мемле­кеттік бағдарламасының ар­қасын­да жұмысын бастады. Бағ­дар­лама бойынша кәсіпорынның сыртқы инженерлік желілерін жүргі­зу үшін 175 млн теңге бөлінген. Кешен­нің жұмысымен танысқан Мұх­тар Құл-Мұхаммед жергілікті ша­руа­­лар­мен кездесіп, ауыл шаруа­шылы­ғы саласына қатысты елімізде сәтті жүзеге асырылып келе жатқан тиімді тетіктерді тілге тиек етті.

Қызылорда облысында ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіру ісінде көпке үлгі болып отырған тағы бірі ірі кәсіпорын – «РЗА» акционерлік қоғамы. Бұл шаруашылықтың негізі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында қаланғанын атап өткен жөн. Белгілі кәсіпкер Самұрат Имандосов басқаратын шаруашылықта сүтті, асыл тұқымды голштино-фриз сиыр­лары өсіріледі. Бастапқыда кәсіпкер Венгриядан аталған мал тұқы­мының 650 басын алып келген екен. Бүгінде шаруашылықта 1600 бас асыл тұқымды сиыр малы бар. Мем­лекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдаудың игілігін көріп отыр­ған кәсіпорында қазіргі заман­ғы сүт өндеу және тауарлы-сүт өнім­дерін дайындау зауыты жұмыс істейді. Әр сиырдан алынатын сүт­тің жылдық көлемі – 8000 литр. Одан бөлек, бұл кәсіпорын 1 млрд теңгеден астам қаржыны құрай­тын бидай және жем-шөп дақыл­дарын өсірумен де айналысады. Шаруашылықтағы барлық технология толығымен Еуропадан, соның ішінде Германия, Ирландия және Голландиядан әкелінген.

Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қызылқұм» ЖШС ұжымымен кездесіп, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты тақырыбы – болашақтың энергиясы туралы сөз өрбітті. «Қызылқұм» ЖШС «Қаз­атом­өнеркәсіп» ұлттық атом компа­ниясы» АҚ-тың еншілес ұйымы екені белгілі. Ол жерде жылына 3 мың тоннаға дейін уран өндірі­леді. Бұл Қазақстандағы осындай өн­дірістік қуатқа ие алғашқы уран кен орны. Мұнда уран жерас­ты ұңғы­малы сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіріледі. Дәл осы әдіс МАГАТЭ тарапынан дүние жүзіндегі эко­ло­гиялық ең таза әрі қауіпсіз өндіріс ретінде жоғары бағаланды. Кен өндіру жұмыстарынан кейін бұл жер қолданыс аясында ешқандай шектеусіз мемлекетке қайтарылады. Аталған игі бастамаға салынған инвестиция көлемі 0,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық активімен кездесті. Онда мемлекеттік бағдар­ла­малардың жүзеге асырылуын­да нұротандықтардың рөлі кеңінен сөз болды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары қызылордалық әріптестеріне алдағы міндеттерді нақтылап, басым-бағыттарды айқын­дап берді. Соның ішінде мәде­ни туризмді дамыту мақсатын­да оны халыққа түсіндіру жұмыс­тарын күшейту, «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасының орындалуын ұдайы бақылауда ұстау, ҰБТ-ға қатыс­паған немесе сынақтан сүрінген мек­теп түлектерінің әлеуметтік бейімделуіне, яғни өмірден өз орын­дарын табуына қатысты жұмыс­тарды жалғастыру сияқты басым бағыттар айтылды.

Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылған Қызылорда қаласындағы Мемлекеттік рәміздер аллеясында болды. Үш гектар аумақты алып жатқан аллеяда Елтаңба, Әнұран мәтіні және биіктігі 60 метр болатын Ту орналасқан.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы